Қайран, кітап!

келешегің не болар екен?

Өтеш ӨТЕУЛІҰЛЫ

 

Тамырымыз ауылға мықтап байланған соң жиын-той мен қаза­ға жиі барып тұруға тура келе­ді. Әр барған сайын ауыл­дағы тіршіліктің өзгеріп, ересек кісілердің талқаны таусылып, өмірден өтіп,  жас балалардың жел­кілдеп есейіп келе жатқа­нын байқаймыз. Бәрінен де қара ормандай алдымыз­дағы ағалар­дың қатары сиреп қалғаны жанға батады. Сол ағаларды аңсап, шаңырағында қалған әпке-жең­гелер мен кейінгі ұрпағына сәлем бере барғанда іздеген жанның орны үңірейіп бос қалғанын сезесің.

Кешегі қиын-қыстау кезеңде ауырт­палықты көп көріп өскен бұрынғының адамдарының кісіге деген ілтипаты, көңіл алдарқатары бөлекше еді. Елмен араласудың, көпшіл болудың жақсы қасиеттерін емін-еркін меңгерген ағалар­дың бітім-болмыс, мінез-құлқы, жалпы, бөлекше жаратылысын енді кезіктіру қиын да болар. Сол ағалардың біз үшін ерекше қасиеті – жас кезінен кітаппен достасуы, бар өмірі кітап оқумен өткені десе болады. Шаңыра­ғындағы бір бөлмені кітапқа арнап, дүние емес, кітап жинаумен өтті.

Көзі тірісінде сол бөлмеде оңаша отырып, кітап туралы, оқыған-тоқыға­нынан көңілге түйгені туралы ұзақ әңгіме-дүкен құратынбыз. Кітаптан оқығаны мен өмірден түйгенін байла­ныстыра отырып, ұзақ-сонар сырласу­шы едік. Елдің көпшілігі тапқан-таянғанын кітап жинауға арнаған сондай заман болды ғой. Енді міне, сол ағалардың көп уақы­тын өткізген бөлмелердегі тұтас қабырғаны алған кітаптары сөреде сықиған күйі шаң басып тұр.

Беттері жиі ашылып, парақталып тұрмаған соң мұқабалары мен беттері әбден сарғайып кеткен. Кейінгі ұрпағының ол кітаптар­ды қолына алып, ұқыптап оқып шығуға төзім-жігері мен құштарлығы жетпей­тін болу керек. Жаһандану дәуірінде «тапқан пайда­мыздың бірі» елдің кітапқа деген құштарлығын жоғалтып алдық емес пе? Ағамыздың бөлмесінде отырғанда оның ұлынан: «Әкеңнен қалған кітаптарды оқып жүрсің бе?» деп сауал қойғанымда қырықтың қырқа­сына шыққан ұлы үнсіз қалды. Оның орны­на анасы: «Оның кітап оқуға уақыты жоқ қой», — деп жауап берді. «Әкесі қалай уақыт тапқан?» деген сауалыма тағы да жауап қатпады. Қонақ күтетін бөлмедегі диванның аяғына кітаптарды қабаттап қойғанын көріп, ағаның өмірінде тірнек­теп жиған қазы­насының келешегі бұлыңғыр екенін сездім. Сол рухани мол қазына ағаның көзі ретінде жеңге­міздің тірі кезінде сақталып тұрып, одан кейін келген жас келіндердің сарайға шығарып немесе отқа тамызық етіп тастайтынына күмән жоқ. Ол үшін ешкімді жазғыруға да болмас. Тірі жан көзден таса болған соң көңілден де жырақтайтыны белгілі. Әр нәрсе өзінің кезінде қызық болар. Ауыл­дағы өмірден өткен ағалардың шаңырағына соққан сайын олардың бөлмелерінде жиналып тұрған, кейінгі ұрпағына қажетсіз болып қалған кітаптарды көріп, көңілім жабырқап қайтады. Екі-үш мәрте ағала­рымды аңсап барып, көңіл түкпірінде сақталып қалған асыл бейнелері біртіндеп сартап сағынышқа айналды. «Ағаңның орнына келіп тұр, өзі болмаса да көзіндей болған балалары бар», — деп дастархан жайып бәйек болып күткен жеңгеміздің сөзіне бас изеп, сыртқа шығамын. Аңқылдап қарсы алып, сөзің жараса­тын сол асыл ағаларды қайтып кездес­тіре алмайты­нымды ойлағанда көңіл біртіндеп суый  бастайды екен.

Шалғай ауылдардағы кітапханалар да жекеше­леніп, бұзылған клубтармен бірге құрдымға кетті. Ауыл түгілі аудан орталықтарында да кітап дүкен­дері жоқ. Жақында сексеннің сеңгіріне шығып, дүниеден өткен кітапқұмар, өмірлік алданышын кітап­тан тапқан, өзі де көптеген кітап жаз­ған, туған жердің шежіресін көкейіне қаттап өткен, аудармашы, жазушы Дулат Тұранте­гінің шаңыра­ғына соғып, дұға оқып шықтым. Жан-жақты білімді, ауданда жауапты қызметтер атқарған Дулат ағаның үйіндегі кітапханасы да өте бай. Дүние жүзі әдебиетінің інжу-маржан­дарын тірнектеп жүріп жиып, үздік шығармаларын қазақ тіліне де шебер аудара білген, қоғамдық құбы­лысқа өзінің көзқарасын дер кезінде білдіріп отыратын, қиялы ұшқыр, ойы сергек  қарымды қаламгердің соңында қалған байлығы осы кітаптары еді. Ол ағаның кітаптары тұрған бөлмеде ұзақ отырып әңгіме­лескеніміз еске түседі. Кешегі Созақтан шыққан қалам­герлер Тәкен Әлімқұлов, Асқар Сүлей­менов, Төлеген Тоқбер­генов, Керімбек Сыздықов­тармен жақын рухани байланыста болған, Асекеңнің «Ауылда қалып қор болды-ау, сабаз» дейтін ағаның көзіндей болған кітап­тарының келешегі не болар екен деген ой көкейде тұрды.

Ауыл түгілі қалада да кітап жинау сән болмай қалды емес пе? Ересек қалалықтардың жиған кітаптары бір бөлменің қабырғасын толтырып тұр. Танымал ақын-жазушылардың жиған-терген қаржысына шығарған кітаптары да оқырманға жетпей тар бөлме бұрышы мен балконда жинаулы тұр. Олардың балаларының да кітап оқуға деген ынтасы төмен. Қазақтың ақиық ақыны Қадыр Мырза-Әлінің өмірінде жиған кітаптарын «КАМАЗ»-артып, туған жері Оралға алып кеткені туралы газетімізде жазған да едік. Соңғы кезде жарық көрген кітапта­рымды кітапхана­ларға өткізейін десем, ондағылар «Бұл кітаптарыңыздың элек­тронды нұсқасы бар ма?» деп сұрайды. Шіркін-ай, сонда жата-жастана, бетте­рін қайырып қойып оқитын кітаптың дәурені өтіп бара жатыр ма деген сауал көкейге оралады. Қоғамдық көлікте қолындағы ұялы телефонына шұқшиған жастарды кезіктіресің. Қайран, кітап, келешегің не болар екен?

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *