Қайран, Қабiрстан!

Алматыдағы 45 зираттың бүгiнгi жай-күйi қандай деңгейде?

«Бiз де сiздей болғанбыз, сiз де бiздей боласыз!»

Зират басындағы жазу.

«Өлiнiң қамын тiрi жер,

Тiрiлер бiрiн бiрi жер…

Тiрлiкте қашқан қадiрiң,

Өлгенде ғана бiлiнер…

Бiр күнi бiз де барармыз,

Сен аман болғай, сiрi жер!». Нұрлан Мәукенұлы.

Өтеш ҚЫРҒЫЗБАЙ

Қабiр күтуден артта

қалып келемiз

Алматыдағы Орталық зиратқа христиандардың пасха мейрамы қарсаңында барған едiк. Бұл күнi зиратқа келушiлердiң қатары әдеттегiден мол екен. Қолына күрек, сыпыртқы, шелек алғандар зират төңiрегiн тазалап, шарбақтарын ретке келтiрiп, гүл қойып, көрiктендiру жұмыстарымен қаурыт айналысып жатты. Орталық зират меңгерушiсi Ерболат Әпенұлынан:

— Бүгiн мұнда сенбiлiк ұйымдастырылып жатыр ма? —  деген сұрағымызға:

— Жылда пасха мейрамы қарсаңында қаладағы христиан дiнiндегiлер осында жерленген жақындарының зиратына күтiм жасау үшiн келедi. Орталық зират әкiмшiлiгi тарапынан оларға қоқыс шығаратын арнайы көлiк бөлiнiп, өзге де шаруаларына көмектесемiз. Үлкен ауладан жеке көлiктердiң кiруiне ұрықсат етiлмейдi! – деп жауап бердi.

— Қазiргi кезде Орталық зиратқа қаза болғандар жерлеуге қабылданады ма? – деген сауалымызға:

— Негiзiнен зиратқа қаза болғандар қабылданбайды. Бiрақ iшнара жерлеу рәсiмдерi өтiп жатады. Олар бiр кезде ерi қайтыс болып әйелiне, немесе керiсiнше, балалары заңдастырып алып қойған бос орынға  жерлеп жатады, — дедi зират меңгерушiсi.

Орталық зираттың ауласынан кiрген бетте ортадағы жол бойымен шамалы жүрген соң-ақ өмiрден өткен қазақтың жайсаңдары мен марқасқалары, мемлекет және қоғам қайраткерлерiнiң басына орнатылған еңселi ескерткiштерi, аты-жөндерi жазылған құлпытастар мен шарбақтар, көрнекi жазулар кезiге бастады. Ұлы Абайдың: «Өлдi деуге сия ма ойлаңдаршы, Өлмейтұғын соңына сөз қалдырған» деген өлең шумақтары тасқа қашалып жазылған кемеңгер Мұхтар Әуезовтiң ескерткiшi көзi тiрiсiнде халқымыздың маңдайалды ұлдары мен қыздарын төңiрегiне қауымдап жүрсе, о дүниелiк болғанда да айналасына жинақтап алған екен. Әлiби Жәнкелдин, Дина Нұрпейiсова, Ахмет Жұбанов, Қасым Аманжолов,  Мұқан Төлебаев, Қалибек Қуанышбаев, Елубай Өмiрзақов, Күләш Бәйсейiтова, Шәкен Айманов, Ғарифолла Құрманғалиев, Қажым Жұмалиев, Қапан Мусин, Iлияс Омаров, өзге де туған халқы үшiн бүкiл өмiрiн  арнаған ардақты ұлдары мен қыздары бiр қауым ел болып жатыр. Зират меңгерушiсi осында 200-ден астам қазақтың танымал тұлғаларының сүйегi жатқанын айтады. Ауылдық жердегi бiр зираттың басынан: «Бiз де сiздей болғанбыз, сiз де бiздей боласыз!» деген сөздi оқығанымыз бар едi. Иә, бұл дүниеде мәңгiлiк ештеңе жоқ. Қазақтың маңдайалды ұлдары мен қыздары жатқан зират iшi көптен берi күтiмсiз жатыр. Зираттардың ара-арасына жол салу, қоршауларын ретке келтiруге жоғарыдан қаржы бөлiнiп, жүйелi шаруа атқарылуы тиiс.

Христиан дiнiндегiлер пасха мейрамынан кейiн тоғыз күннен соң келетiн «Родительский день» аталатын күнi де ата-ана зиратына барып, күтiм жасауды берiк дәстүрге айналдырған. Зираттың төңiрегiн ретке келтiредi, шар­бақтарын жөндейдi, құлпытасын түзетiп, гүл отырғызады. Көршi Қытай елiнде де сәуiрдiң басында «Қабiр күту күнi» тұрақты өткiзiлiп келедi. Бұл күнi елдiң бәрi тайлы-тұяғымен зираттың басына барып, көрiктендiру-көгалдандыру жұмыстарын жүргiзедi. Осы тазалық, абаттандыру жұмыстарын атқару арқылы аруақтардың рухына деген өздерiнiң құрмет сезiмiн бiлдiредi, ата-анаға деген сағыныш сезiмiн басады. Бәрiнен де елдiк дәстүр, өткендi есте сақтауға деген ниет осылайша ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келедi. Бiздiң елiмiзде де 22-маусымда аталып өтетiн «Зерде және нала күнi» болып белгiленгенiмен бұл күнi зират басына барып, күтiм жасап жүрген жандарды сирек кезiктiремiз. Осының бәрi ұлттық идеологиямыздың әлi күнге нақтылы өмiрден берiк орын алмағанынан болса керек. Кейiнгi жастар дүниеден өткен ата-анасының басына баруды мүлде естен шығарып барады. Ислам дiнiнде жерленген адамның басына күмбез орнатып, үлкен етiп құлпытас қоюды, шарбақпен қоршауды құп көрмейдi. О дүниелiк болған адам уақыт өте келе жер бетiнен жойылып кетуi тиiс. «Ат тұяғындай жерде бес адамның сүйегi жатыр» деген сөз бостан-босқа айтылмаса керек. Алматының көне тарихына көз жiберсек, шағын қаланың шет-шетi қорым болған да, кейiн ауқымы ұлғайған соң әлгi зираттардың орнына құрылыстар салынып кеткен. Көнекөз қариялар қаланың орталық бөлiгiндегi 28-гвардияшы-панфиловшылар саябағындағы христиан шiркеуiнiң айналасы мен «Саяхат» автобекетiнiң төңiрегi қорым болғанын айтады. Уақыт өте келе қажеттiлiкке байланысты ескi қорымдарды жою үшiн Үкiметтiң арнайы қаулысы қажет. Бiрақ ата-бабасы жатқан жердiң ойранын шығарып, құрылыс салып немесе малдың аяқасты етiп, ит ойнаққа  айналуын кез-келген дiндегi жандардың қаламайтыны анық. Адам сүйегiн өртейтiн криматорий салу, күлiн мұхитқа себу сияқты амал-шарғылардың бәрi осындай мақсаттардан туындап жатса керек. Бiрақ мұсылман халқы өздерiнiң ата-бабалары жатқан жердi киелi орын санаған, басына тас қойып, шарбақ орнатқан. Ата-баба басына белгi қойып, жазу қалдыру кешегi Күлтегiн заманында да болғанын тарихи жәдiгерлер дәлелдейдi.

Зират меңгерушiсi Орталық зиратта қабiрдiң басына орнатылған шарбақтарды, қымбат темiрлердi ұрлау, құлпытастарды қиратып кету  оқиғаларының кездескенiн де айтып бердi.

Орталық зиратқа жерленген биылғы жылы туғанына 150 жыл толатын даңқты күйшi Дина Нұр­пейiсованың басына жақындай алмай тө­ңi­регiнде бiраз айнал­шықтап жүрдiк. Күй­шiнiң зиратына бара­тын жалғызаяқ жолға шарбақ қор­шаулар түсiп жа­былып қал­ған. Күләш Бәй­сейi­тованың басына бару да жол­дың бекiтi­луiнен қиын­дық ту­ды­рады. Зираттың шеткерi қорым­дары­ның шарбақтары құ­лап, темiрге жазыл­ған адамдардың аты-жөнi өшiп, айналасын қу­раған бұтақтар басып, қараусыз жат­қа­нын байқау қиын емес. Соңынан келiп тұра­тын жақындары бар зиратқа баратын жал­ғызаяқ жол сақ­талған да, бiразына жол жоқ. Бәлкiм, «Өл­дiң — өштiң» деген осы болар!?

Кiсi өлiмi де коммерция

көзiне айналған

Ажал – даусыз, ол тек Алла-тағаланың белгiлеуiмен ғана болады. «Араңызда өлiмдi белгiлеп, пiшiп қойған бiзбiз…» деген аят бұл сөзiмiздi нақтылай түседi («Уақиға» сүресi, 60-аят). Құран аяттарының мәлiмдегенiндей, ажалдың уақыты еш өзгермейдi. «Әрбiр үмбеттiң ажалы бар. Ажалдары келген кезде олар бiр қадам алға да баса алмайды, бiр қадам кейiн де шегiне алмайды» («Аграф» сүресi, 34-аят). Ажал осы өмiрде адамның талқаны таусылғанын бiлдiрсе, өлiм ақырет өмiрiнiң басталуын бiлдiредi. Демек, екеуi бiрiнен кейiн бiрi жалғасып жатқан құбылыстар. Құранның көптеген аяттарында өлiм мен ажал жайлы: «Барлық жандар өлiмнiң дәмiн татады, амалдарыңыздың сыйлығын қиямет күнi аласыздар. Сол кезде кiм оттан ұзақтатылып, жәннатта орналастырылса, мiне, сол мұратына жеткен болады. Бұл дүние тек қана алдамшы, өткiншi бiр қызық» («Мұнафакун» сүресi, 10-11-аят).

Сонымен Ислам ұғымы бойынша Алла-тағаланың жарлығымен соңғы дәмi таусылған кiсiнiң тәнi қалады да рухы Барзақ әлемiне аттанып кетедi. Ұлы Абайдың: «Бiреудiң кiсiсi өлсе қаралы ол», «Өлсең орның қара жер сыз болмай ма?» деген өлең шумақтары қазаның кiм-кiмге болса да оңай соқпайтынын аңғартады. «Өмiр бар жерде өлiм бар» демекшi, Алматыдағы қаза шыққан шаңыраққа дер кезiнде жәрдем қолын созып, қайғысына ортақтасатын Алматы қалалық әкiмдiгiнiң Салттық арнаулы қызметтер көрсету комбинаты қала аумағындағы 45 зираттың барлық күтiмiне, суландыру мен  көгалдандыру, қоршау мен жол салу, қаза болған кiсiнi арулап, жер қойнауына тапсыру iсiне тiкелей жауапты мемлекеттiк мекеме болып табылады. Осы комбинатта он жылдан астам қызмет етiп келе жатқан  директордың орынбасары Серiкхан Аязұлы ИСАЕВ-пен әңгiме барысында қаза болған кiсiнi жерлеуге қатысты бұрын-сонды өзiмiзге беймәлiм болып келген көп жайттарға қанықтық.  Жаман айтпай жақсы жоқ, қайғы жамылған шаңырақтың алғашқыда сасып-салдырап, не iстерiн бiлмей, абдырып қалары анық. Мұндайда қара жамылған жандардың қасында жөн-жосық бiлетiн көзi ашық жанашыр кiсiлер болса жақсы. Қаланың жағдайымен жақсы таныс емес жандар мұндай қысыл-таяң шақта алаяқтардың арбауына оп-оңай түсiп қалады. Қаза шыққан үй иелерi әуелi сол жердiң учаскелiк полициясы мен учаскелiк дәрiгерiне телефон шалып, хабарлауы тиiс. Олар келiп кiсiнiң ажалы неден болғанын анықтап, «Өлiм туралы актiнi» рәсiмдейдi. «Қаза болған кiсiнi неғұрлым ертерек жер қойнына тапсырған ләзiм» деген шариғат салтымен жерлеу мәселесiне келгенде бұл ақыреттiк рәсiмдi барлық рет-тәртiбiмен атқаратын Райымбек даңғылының №235 үйiне орналасқан Алматы қалалық Салттық арнаулы қызметтер көрсету комбинатына қарасты Орталық зиратта  2-33-71-23 телефонында кезекшiлiк жұмыс iстейтiнiн жұртшылықтың бәрi бiрдей бiле бермейдi. Осы қысылтаян сәттi тиiмдi пайдаланып қалғысы келген учаскелiк полиция мен учаскелiк дәрiгер қаза болған кiсiнi жерлейтiн қаладағы толып жатқан жекеменшiк ком­паниялардың бiрiнiң қызметiн ұсына қояды. Әрине, олардың бәрi бiрдей болмаса да көпшiлiгi жекеменшiк компаниялармен тығыз байланыста жұмыс iстеп, өздерiнiң тиiстi үлестерiн алады. Қайғы жамылып, не iстерiн бiлмей отырған үй иелерi олардың ұсы­нысымен көп ойланбастан келiсе салады. Қалалық салттық арнаулы қызметтер көрсету комбинаты бiр кiсiнi жерлеуге 46300 тенге алатын болса, жекеменшiк компаниялар 150-180 мың тенге сұрайды. Ақшаға құныққан жекеменшiк компаниялардың iшiнде  кiсiнiң қазасын естiген бойда табытын арқалап жетiп келетiнi де бар  көрiнедi. Қалалық салттық қызмет көрсету комбинатында қаза болған кiсiнi жуып-тазалау, дәрiлеу, арнайы көлiкпен жеткiзу, көр қазып, жерлеу рәсiмдерiнiң бәрi талапқа сай рет-ретiмен жүргiзiлетiн болса, жекеменшiк компанияларда қажеттi құрал-жабдық, дәрi-дәрмектiң жетiспеушiлiгi, арнайы көлiктiң болмай, кез-келген автомашинаны жалға алуынан тиiстi талаптар түгел орындала бермейдi. Қалалық салттық арнаулы қызметтер көрсету комбинаты бұдан бөлек көшеде қазаға ұшыраған қаңғыбастар мен бомждарды, ауруханалардан шығатын адам мүшелерi «биоқал­дықтарды» арнайы ыдыс­қа салып жерлеудi де өз мiндетiне алған. Ал, қаладағы жекеменшiк ком­па­ния­лар болса өзде­рiне көк тиын түспейтiн ондай жұмыстардан бойын ау­лақ салады. Қап­­та­ған жекеменшiк компа­ния­лар өздерiнiң ай сайынғы төлейтiн салы­ғынан басқа комбинат пен зираттарға бiр тиын да пайда алып келмейдi. Олар қаза болған адам­ның жақын­дарымен келi­сiм­шартқа отыру арқылы қомақты табыс табады. Елiмiз егемендiк алғалы кәсiп­керлiк пен бизнестiк қыз­метке кең жол ашы­лып, жекеменшiк компа­ния­лар қалайда табыс табу­дың соңына түскелi берi олардың қызмет сапасын қадағалап жатқан құзырлы орын тағы жоқ.

Бомждар бейiтi оқшау жерде

Алматы қаласына қарайтын қырық бес қорымның ең үлкендерi —  Орталық, «Кеңсай-1», «Кеңсай-2», Рысқұлов даңғылының төменгi жағындағы және барлық дiндегiлер жерле­нетiн жер көлемi қомақты 670 гектар алқапты алып жатқан «Боралдай» және ауқымы шағын 41 зират бар. Ел тығыз қоныс­танған «Шаңырақ» пен «Көкқайнар» «Каменка» мен «Дружба» ықшамау­данында, «Медеу» шатқа­лында, Талғарға шығатын жолдың бойында да зи­рат­тар бар. Ауқымы үлкен Орталық және Рысқұлов даңғылының бойындағы зираттарда Ұлы Отан соғысының ардагерлерiне арналған төрт «Даңқ» аллеясы орналасқан. Солтүстiк зиратында да Ұлы Отан және Ауған соғысы ардагерлерiне арналған «Даңқ» аллеясы бар. Осы қорымдар қарайтын аудандық әкiмшiлiктер тарапынан аллеяларға күтiм жасау естен шығып кетiп жатады.

Ертедегi қорымдар туралы нақтылы деректер жоқ, оларды мұрағаттардан табуға болады. Қаладағы зираттарға қанша адам жерленген, олардың жас мөлшерi туралы есеп жүргiзiледi. Осы зираттардың барлығына басие  Алматы қалалық салттық арнаулы қызметтер көрсету комби­натында штат бойынша жалақы алып 152 адам жұмыс iстейдi. Мұндағы жұмысшының айлық жалақысы орта есеппен 20 мың тенгенiң көлемiнде. Сондықтан да болар бұл жерде жұмыс iстеуге қызығушылар көп емес.  Комбинат қаза болған кiсiлердiң барлық жерлеу рәсiмiн жүргiзедi. Қайтыс болған адамның бiрiншi кезекте құжаттарын дайындайды. «Өлiм туралы актi» комбинат журналына тiркеледi. Осының негiзiнде жер бөлiнiп, көр қазылады. Iшкi лақаптың бетiн жабатын арнайы плиталар, зиратты қоршайтын шарбақтар, құлпытастар, ескерткiштер дайындалады. Комбинат жұмысшы-қызметкерлерiнiң тарапынан зираттарды көркейту-көгалдандыру және тазалық жұмыстары жыл бойы жүргiзiледi. Жер қыртысына қарай көр де әртүрлi әдiспен қазылады. «Кеңсай» зиратында жер қыртысының бекемдiгiне байланысты тiк жарма етiп қазуға жол ашылған. Үлкен зираттарда бiр кiсiнi жерлеуге орта есеппен 46300 тенге, қала шетiндегi шағын зираттарға 5-6 мың тенге жұмсалады. Бұл күнде қалада қаза болғандар «Кеңсай-1» зиратында бос орын қалмағандықтан «Кеңсай-2» қорымына жерленiп жатыр. Бұл зиратта да 20 гектардай бос орын бар. Ол толған жағдайда Алматы облысының аумағынан зират үшiн жер сұрауға тура келедi. «Боралдай» зиратының тең жартысында, «Кеңсай-2» зиратының 60 пайызында жол салу мәселесi толық шешiлмей отыр.

Қазаға ұшыраған жан, оның жанашыр жақыны болсын-болмасын жер қойнына тапсырылады. Ел тығыз қоныстанған үлкен қалада тұрмыс-ахуалы әр алуан жан­дар өмiр сүредi. Көшедегi қаңғыбастар мен бомждарды жерлеуге де қала бюджетiнен қаржы бөлiнедi. Олар «Боралдай» зиратына бөлек жерленедi. Олардың басына тас орнатылып, аты-жөнi жазылмайды, шарбақпен қоршал­майды. Тек басындағы ағашқа нөмiр жазылады. Ол нөмiр комбинат журналына, қаза болған аурухана мен мәйiт­ханада тiркеледi. Осы нөмiр бойынша ол адамның аты-жөнiн анықтап алуға болады. «Боралдай» зиратына жерленген бомждардың соңынан iздеушiлерi келiп, сүйегiн ауылдарына алып кетiп те жатады. Iздеушiсi жоқ жандарды  мәйiтханада сақтаудың да белгiленген уақыты бар. Сол уақыт бiткен кезде қаза болған жанның сүйегi «Боралдай» зиратына жерленедi. Сол мәйiтханада жатқан жақынын тиiстi салтымен жерлеуге қаржы таппайтын жандар да кездеседi. Ауруханалардан шығатын адам мүшелерi «биологиялық қалдықтар» да арнайы ыдысқа салынып, дәрiленiп, әбден залалсыздандырылып барып, жерленедi.

Райымбек даңғылының бойын күңiрентiп тұрғандар –

жекеменшiк фирмалар

Осы Алматы қала болғалы, кешегi кеңестiк кезеңде де қайтыс болған кiсiнi жерлейтiн жалғыз комбинат жұмыс iстеп келдi. Жақыны қаза болған жан қысылғанда осы комбинаттың қызметiне жүгiнетiн. Қара жамылған жанның қайғысына ортақтасып, дер кезiнде жәрдем қолын созудың сауапты iс екенi белгiлi. Зираттарды қамқорлыққа алу, суландыру мен көгалдандыру, жол салу шараларының бәрi комбинаттың мiндетiне жатады. Комбинаттың темiрден шарбақ, құлпытас, ескерткiш, табыт жасайтын, азагүл мен лента дайындайтын арнайы бөлек-бөлек цехтары да ұзақ жылдар жұмыс iстеп келген. В.Храпунов қаланың әкiмi болып тұрған кезiнде солардың көпшiлiгiн бөлшектеп  сатып жiберген. Содан барып қалалық салттық арнаулы қызметтер көрсету комбинатының толық қуатында жұмыс iстеу қабiлетi төмендеп кеттi. Тек бiр жекеменшiк фирманың қатарында қалып қойды. Алматыға шығыс пен оңтүстiк бағыттан қонақтар ағылып келiп жатқан Райымбек даңғылының бойында зираттың басына қойылатын ескерткiш пен құлпытастар жасап сататын жекеменшiк құрылымдар қаптап кеткен. Бұдан жетi-сегiз жыл бұрын құлпытастар жасап сататын осы орындар алынып тасталған болатын. Уақыт өте келе бастапқы орындарына қайтып келiп, үлкен даңғылдың көркiн кетiрiп-ақ тұр. Тек, Райымбек даңғылының бойы емес, қаланың көп аймағынан, тiптi, жеке үйлердiң ауласынан да осындай цехтар жұмыс iстеп жатыр. Екi жыл бұрын «Алматы Ақшамы» газетiнiң бетiнде «Райымбек даңғылының бойы күңiренiп тұр» деген тақырыпта мақала жазып, бұл келеңсiздiк туралы орынды мәселе көтерген едiк. Табыс табудың соңына түскен жекеменшiк фирмалар әзiрге ешкiмге бой бермей келедi.

Дүние жүзiнiң өркениеттi елдерiнде қазаны ақыреттiк сапарға шығарып салудың қалыптасқан тәртiбi мен мiндетi бар. Ол үшiн мемлекет тарапынан қыруар қаржы бөлiнедi. Кезiнде елiмiздегi мұсылман зираттарын Арап елдерiндегi сияқты бiр үлгiге келтiру туралы әңгiме де қозғалған болатын. Бiрақ о баста  кiсi жерлеудегi орнатылған ескерткiштер мен күмбездердiң, құлпытастар мен маңдайша жазулардың көлемi мен биiктiгi әралуан болып келуiне байланысты ол мүмкiн болмай тұр. Ондай жағдайға келешекте жаңа зираттар ашылғанда ғана қол жететiн болар, бәлкiм!?

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *