«ҚАЙНАР» ҰЛТТЫҚ ҚҰНДЫЛЫҚТАРҒА БАСТАЙДЫ

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында білімді, көзі ашық, көкірегі ояу ұрпақ тәрбиелеуге ерекше мән берді. Осы бағытта  елімізде жоғары деңгейлі бірқатар университеттер, жоғары оқу орындары, зияткер­лік мектептер жүйесі қалыптасқаны да ақиқат. «Табысты болудың ең іргелі, басты факторы білім екенін әркім терең түсінуі керек. Жастарымыз басымдық беретін межелердің қатарында білім әрдайым бірінші орында тұруы шарт. Себебі, құндылықтар жүйесінде білімді бәрінен биік қоятын ұлт қана табысқа жетеді». Мемлекет басшысының бұл тұжырымы әрбір жоғары оқу орнына, ұлт болашағын ойлайтын әрбір зерделі азаматқа бағдар болар нақты аманат дер едім.

«Қайнар» университеті  мен үшін  қашан да қадірлі орта, қасиетті мекен. Бұл білім ордасында жұмыс істеген   жылдарымда аталмыш  оқу орны­ның өзге оқу орындарынан айырмашылығы қандай деген сауал мені  жиі мазалаушы еді. Сон­дай ой-толғаныстың мән-мағынасын, маңызын бағамдау, танып-білу кездейсоқ бір оқиғадан бастау алады десек, еш қателеспейміз.

Әлі есімде, бірде студенттермен дәріс жүргізіп жатқанбыз. Кенеттен есік қағылып, рұқсат сұрап бір жігіт кіріп келді. Жүзі жылы ұшырап кетті, сөйтсек, біздің бұрынғы осы оқу орнын тамамдаған студентіміз екен. Сөйлесіп, өткен-кеткенді сұрап, мәз болып жатырмыз. Бір кезде: «Апай, мен сіздерді арнайы іздеп келдім. Өзіміз оқыған аудиторияға кіріп отырдым. Бәрін, бәрін, студенттік шағымды еске түсірдім. Төрт жылғы өмірді еске алып, бір күліп, бір жылағым келді. Апай, білесіз бе, мен оқуды бітіргеннен кейін Қайнардай мейірімді оқу ордасын, осындай жылы ұяны кездестірген емеспін. Бұл жердің бір түрлі адамға жылы тиетін энергетикасы бар. Біз осы жерде өзімізді еркін, көңілді, тура өз үйіміздей көруші едік», – деп, жанарларына жас үйіріліп, толғана сөйледі. Сосын студенттерге қарап: «Қайнардың» қадірін біліңдер, ұстаздардың әрқайсысыңды өз баласындай көріп, қамқор болатын мейірімді бейнесін құрметтеңдер», – деп, жүрек сырын ортаға салды.

Әрине, мені осы кезде бір ғана нәрсе – оның «Қайнар» университетіне деген махаббаты, ұстаздарына деген шәкірттік сағынышы,  студенттік шаққа деген парасатты пайымдары қайран қалдырған еді. Университетін, дәріс берген ұстаздарын ұмытпай,   қадір тұтып, арнайы келіп  сәлем бергені қатты сүйсінткен сонда. Сол түлегіміздің өз университетін  шексіз жақсы көруіне не себеп болды екен деп, әлі күнге дейін ойланамын.

Адамның нені немесе кімді ерекше жақсы көруі кездейсоқ болмайды. Осы өмірде кездейсоқ еш нәрсе болуы да мүмкін емес. Егер тікелей өзіме қатысты жайттан бастасам, менің де байқаған­дарым аз емес екен. Мен осы оқу орнының алдында Алматы қаласы Білім департаментінде қызмет істедім. Қайнар университетіне алғаш келгенімде, ұжымдағы  жандардың қарапайым­дылығына, бір-біріне тілеулес болып, сұрақтарына жан-тәндерімен, ықыласпен жауап беріп жатқандарына куә болатынмын. Бұрынғы жұмысымда өзгемен сөйлеспек түгіл, оның сауалдарына жауап беруге мұршаң болмай, өз қағазыңды, шаруаңды бітіруге асығып, адами қарым-қатынастан тыс қалып, жеке әлемде жүресің. Өзгемен байланыс жасауға уақыт жоқ. Таңның атып, кеш болғанын да байқамай қалатын сәттер көп болатын. Ал «Қайнарға» келіп, адами коммуникацияның алаңына түскеніме өз басым риза болғанмын. Себебі, қазіргі заманда диалог ең әуелі әр адамға өз әлемін анықтап, өмірдегі оның құндылығы мен қағидаларын сезінуге жол ашады. Диалог арқылы әр жан өзінің ішкі жан-дүниесін ашып, оны басқаруға, өзін-өзі танып, өзгелерге де өзін танытуға мүмкіндік алады. Әлемдік философиялық конгресте (1968) «Диалог – тұлғаның адамгершілік қасиеттерді иемденуінің  ең басты тәсілі» деп тұжырым­далғаны  бекер емес болар. Осы тұрғыдан келгенде, басқаның ойымен, пікірімен санасу, өзіңді өзің билей білу, жаныңдағы адамдармен жақсы қарым-қатынас жасау өміріңді жақсы жағына өзгертеді. Әріп­тестеріңмен, студенттермен берік ынтымақ­тастықты, сыйласымдылықты қалыптастыратын да диалог деп ойлаймын. Ал бұл әдіс «Қайнарда» табиғилығымен әдемі орныққан. Жоғары билік иелері мен білімгерлер арасындағы түсіністік атмосферасы – осындай бір-бірін іздеуге, өзара түсінісуге, араласуға, бір-бірін риясыз сыйлауға жетелейтін тиімді әдіс. Олай болса, «Қайнарда» білім алатын әр студент бұл оқу орнында тек қана әдеби нормада жатық, образды сөйлеуге, өз ойын ашық, еркін айтуға үйренеді. Бұған өмірлік тәжірибеде көріп-байқап жүрген күнделікті өміріміз куә. «Қайнарға» үндемей, тұйық болып келген  білімгерлердің көп ұзамай-ақ топ алдында шешен сөйлеп кеткенінің де талай рет куәсі болдық. Сахна төрінде өз ойын, көзқарасын білдіріп, Алматы және облыстық қалаларда қарсыласының шаңын қағып алған, айтыстың шыңына көтерілген айтыскер ақындар да осындай «үндеместер» арасынан шықты. Мүмкін, «Қайнардың»  диалогтық,  ойды еркін айту дәстүрі білімгерлер бойында жасырынып жатқан бұлақтың көзін ашуға себепкер болған шығар. Қалай десек те, университеттегі  мейірім аурасы, дәстүрлі шеберлік дәрісі талайды көпке танытты, ал  студенттер өз жырларында оқу орындарының  жетістігін жылы сезіммен өзгелерге паш етті. Сол бір сәттерде білімгер жүрегінен шыққан «Қайнарға» деген шынайы ықылас, жақсы көру сезімі  аңғарылады.  «Биік, зор  ғимаратта болмаса да Қайнарым, Көңілім кең, өзге биік ордадан. Ұсынса да оқы деп сол жайларда, Кете алмаспын,   қарапайым Қайнардан. Себебі, ол – білімділер өлкесі, шәкірттерін ұлылардай ұстаған», деген Айбек шәкіртіміздің сайраған үні әлі құлағымда жаңғырып тұр…

Мен соңғы кезде дәріс жүргізу барысында  интербелсенді әдістерді қолданудың пайдасы туралы көбірек  мақала жазуға тырысамын. Қайнар аудиторияларында қарым-қатынасқа негізделген диалог арқылы жүргізілген дәрістер өз нәтижелерін беруде. Шығармашылық ойлау, ойлану, ойланту, қиял әлеміне шомылдыратын сәттерді ұйымдастыру, фантазияны ұлғайту, елестету арқылы жоба үлгісін құрастыру, проблемалық сауалдар қойып, өзіне керекті  жауабын алу сабақтары студенттердің ақыл-ойын дамытып, болашақ маман құзіреттіліктерін қалыптастырады. Мұндай дәрістер «Қайнарда» күнделікті жағдайда үнемі жүріп отырады. Біздің оқытушылар «Аш адамға балық берме, қармақ бер» және «Білімгердің бәрі қабілетті» әдісімен студенттердің білімді өздігінен талаптанып алуларына қолайлы  жағдай  жасауда. «Қайнар» оқу орнының өзіндік ерекшелігі де осыдан басталатын болуы керек.

Университет  оқытушылары қандай болса, білімгерлері де ұстаздарына ұқсап тұрады. Мына бір жағдай әлі есімде. ҚазҰУ-де дәстүрлі сайыс  – «Әуезовтану әлемі» жүріп жатқан. Қазылар алқасы студенттердің жауаптарын мұқият тыңдап, білімдерін сараптауда. Біздің топ шығар кезде жарық өшіп қалды. Студенттердің  жүздері құп-қу болып кетті, бізге жалтақтап қарай береді. Бұл сайыстың тапсырмасы бейнероликпен көрсетілуі керек. Жарық тез бола қоймады. Студенттер бізге келіп, тапсырманы көрініс түрінде қоямыз деп, 7 ми­нуттық сахна қойылымын сарапшылар алдында керемет көрсетіп берді. «Дұрыс, осылай кез-келген сәтте барлық нәрсенің шешілу баламасын ойланып жасау керек» деп, ризашылығымызды білдіргенде, «Біз «Қайнар» үшін, «Қайнардың» намысы үшін бәрін жасаймыз» дегені бар. Сонда өздері оқып жатқан оқу орнының студенттер үшін аса қадірлі болғанына тағы да көзім жетіп еді.

«Қайнарда» тағы бір қалыптасқан дәстүр бар. Ол – студенттердің шығармашылық, өнер, спорт жетістіктеріне байланысты берілетін төлемақы жеңілдіктері. Талай студент университет  ректорының грантын иемденіп, оқуларын тегін тәмамдап шықты. Қазақ өркениеті терминін тіл білімінде айналымға қосқан,  қазақ өркениетінің тарихын ғылыми еңбектері арқылы  Қазақстан жұртшылығына танытқан, Ұлы Жібек жолы бойымен  саяхат жасап, оның тарихи, мәдени және әлеуметтік-экономикалық жағынан маңызын ашуда қызмет жасаған  Еренғайып Сәліпұлы Омаровтың қарапайым отбасы мен әлеуметтік жағынан төмен саналатын жанұядан шыққан студенттерге жасаған жақсылықтары да ұшан-теңіз. Түлектеріміздің туған университетін сон­шалықты жақсы көрулері, бәлкім, ректорымыздың қиын кезде жасаған, қолұшын берген  қамқор­лығынан болар. Қалай болса да, түлектеріміздің  туған, түлеп ұшқан ұяларын қимастықпен еске алып, алыста жүрсе, сәлем жолдап, жақында болса, сәлем беріп келіп жататыны қуантады.

«Қайнарда» студенттердің танымдық-тәрбиелік, әдеби-этнографиялық  қабілеттерін дамытуға бағытталған әсерлі кештер, кездесулер жиі өткізіледі. Осындай сәттерде студенттеріміздің жүздері бал-бұл жанып, ризашылықтарын қуа­ныштан жарқыраған жанарларынан байқайсыз. Біздер,  ұстаздар қауымы да шәкірттерімізбен өткен тамаша кештердің талай рет куәсі болдық, сондай кезде өзіміздің ұстаздық  мамандығымызды мақтан етеміз. Түлектеріміздің  өз оқытушы­ларына деген мейірімі мен құрметі ерекше.  Мұның өзі универ­ситеттегі  оқытушылар мен білімгерлер арасын­дағы педагогикалық ынтымақтастықтың, жарасымды сыйластықтың қалыптасқандығын  дәлелдейді. Студент те  өзін жақсы көріп, жетіс­тігін бағалайтын білімді, әдістемелік шеберлігі қалыптасқан нағыз ұстаз бар жерде жылылық пен  мейірім бар екенін бірден байқап сезеді. Сон­дықтан да олар «Қайнарын» ұмытпайды. Ал біз туған білім ордасын, оқыту­шыларын шын жүре­гімен сыйлайтын, құрмет­тейтін  түлектерімізді мақтан тұтамыз.

Жиырма алты  жылдық тарихы бар «Қайнар» университетінің ұстаздар қауымы мен түлектері арасында осындай мейірімділік әліппесі мен отбасылық құндылықтар қалыптасқан. Мұның өзі «Рухани жаңғыру» бағдарламасының өзегі – ұлттық бірегейлікті сақтаудың, ұлттық сана-сезімнің көкжиегін кеңейтудің, жалпы, ұлттық код  пен ұлттық рухты жаңғыртудың басты шарттары дер едім.

 

Әнипа САҒИДУЛЛАҚЫЗЫ,

«Қайнар» университетінің профессоры.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *