Айдын көлдей ақылы

Сүйінбай – айтыстың ең биік шыңына шыққан, біртуар ақиық ақын.

Сүйінбай мен Қатағанның, Жамбыл мен Құлманбеттің, Үмбетәлі мен Нұриланың айтыс­тары  қазақ ауыз әдебиетінде ал­тын әріптермен жазылып қалары хақ. Өйткені, бұл айтыстарды әр буын өкілдері, сан ақын жырау­лар жаттап алып, күні бүгінге жеткізді.

Ал Сүйінбай мен Қатағанның айтысы, бұл — бүгінгі сөзбен айтсақ, халықаралық айтыс. Мұндай сұрапыл, орасан зор ғажап айтыс бұрынғы соңды болмаған. Академик жазушы Мұхтар Әуезов «Сүйінбай – айтыс өнерінің алтын діңгегі» деп баға берді.

Сүйінбай мұнда сұңқардай бұлбұл, тұлпардай дүлділдігімен қоса, арғы-бергі тарихты жете білетін шежіреші, көне аңыздарды жатқа айтатын жырау, жыршыл­дығымен бүкіл жиналғандарды таң қалдырды. Қазақтың үш жүзіндегі барлық руындағы ерлік, елдік қасиеттерін, ондағы ірі тұлғалар жайлы, ерекшелігі жайлы  айтқандары – бұл бірлікке, ынтымаққа шақыру. Бұл – ұлттық код, мәңгілік ел екенімізге үндеу емес пе?!

Енді осы Қатаған мен Арыстанбекті бір адам, бір ақын деп шатастырып келдік.

Ел аузында, жазба деректерде, «Сүйінбай мен Қатағанның айтысы» және «Сүйінбай мен Арыстанбектің айтысы» деген екі айтыс бар.

Кезінде Бақтияр Әбділдаев «Қазақ әдебиеті» газетінде «Сүйінбай мен Арыстанбектің айтысын» жариялады.

Біз, 2013 жылы бір топ ғалым жазушы­лар Қырғызстанға барып жамбылтану жөнінде үлкен «Дөңгелек үстел» өткіздік. Қыр­ғызстан Ғылым академиясының Шың­ғыс Айтматов атындағы тіл және әдебиет институтының ғалымдарымен кеңінен әңгімелестік. Сонда белгілі ғалым, фило­логия ғылымының кандидаты, Мемле­кеттік сыйлықтың иегері Батима Кебекова апаймыз анықтап тұрып былай деген еді:

— Сүйінбаймен айтысқан Қатаған мен Арыстанбек екеуі екі ақын.

Айтыстарын жазып алушылар бір- бірімен шатастырып жібергені қынжыл­тады. Мен өмір бойы қырғыз-қазақ ақын­дары байланысы жайлы зерттеп, жазып келемін. Міне, менің қолымда екі папка, біреуі — Сүйінбайдың, екіншісі — Жамбыл ақын­ның қырғыз елінен табылған, жазы­лып алынған өлең жырлары, айтыстары. Әлі еш жерде жарияланбаған мұралары бар, – деген еді: Көп ұзамай бұл ғалым апамыз Б.Кебекова қайтыс болыпты. Ал жинаған мұрасы, әлгі бізге көрсеткен екі папка қайда екен?

Сүйінбайдың 200 жылдығына орай ғалым Дархан Қыдырәлі басқа­ратын түркі әлемі ғылым академиясы Аста­нада әдемі де әсерлі ғылыми конференция ұйымдас­тырды. Сонда Қырғызстан Ғылым акаде­миясының академигі Абдылдажан Ахма­диев Қатаған мен Арыстанбектің екеуі­нің екі ақын  екенін және ол екеуі де Сүйін­бай­мен айтысқанын ғылыми дәлел­деп айтып берді.

Сүйінбаймен айтысқаннан кейін Қата­ған бірер жылдан кейін қайтыс болады, Сүйінбайға хабар берілмей, әбден кеш естиді. Кейін Қатағанның асына арнайы, боз биесін жетектеп барып, бүкіл асқа жи­налған дүйім жұртқа жоқтау өлең айтады.

— Алатаудың күнгейінен айтқан жыры теріскейін тербеткен Қатағанымды қалай қиып қара жерге бердіңдер? Ыстықкөлдің арғы бетінен айтқан өлеңін бергі бетіндегі ел-жұрты таңды таңға ұрып тыңдайтын қайран Қата­ғаным көз жұмғанда неге ғана хабар бермедіңдер? Екеуміз сұңқардың қос қанаты емес пе едік, міне, бір қанатым қырқылып, жер тоқпақтап келіп отырмын. Асыл сөзіңмен бастыны  еңкейтіп, тізеліні бүктірген Қатағаным-ай, ұлы  бірге бәйгеде тістесіп, үзеңгі қағысып келетін тұлпарым- ай, — деп Сүйінбай Қатағанды жоқтағанда бүкіл ел жел соққандағы селеудей теңселіп бүгіліп, жыламаған жан қалмапты.

Сүйінбай боз биесін сойып, алып келген үйін тігіп, бөлек ас беріпті.

«Арыстанның артында терісі қалады, ақынның артында асыл сөзі қалады»  деген осы емес пе?!

Сүйінбай – өрттей алаулаған, алғыр ақын болған. Оның өрісін кеңейтіп, биікке самғауына ерекше қамқор болғандар: Сұраншы, Саурық батырлар, Өтеп Итен бай, Сарыбай би. Осы жерде ерекше бір айтатын жәйт – Тезек төре мен Сүйінбай арақатынасын советтік даурықпамен жаңсақ түсіндіріп келдік.

Тезек төре Абылайханов – жеті атасы­нан бері хандық, сұлтандық үзілмеген, Жетісуды билеген әйгілі тұлға. Ол жанына ақын, жыршы, әнші жырауларды жақын тартқан, өзі де суырыпсалма ақын болған озық ойлы жан болған.

Міне, Сүйінбай   дарыны кеудесіне сыймай «не өлең болармын, не өлер болар­мын» деп домбырасын арқалап Тезек төреге келіп, айтқаны, төренің ақынды  әр қиырға салып сынағаны қандай ғаламат.

Атақ-даңқы жер жарған Тезек төренің өзін де, бала-шағасын да жер қаптырып, аймандай етіп өлеңімен сойып салады.

Тезек төре қатарынан асып туғандығын танытып, «Сен енді менің заманымдағы Бұқар жырауымсың» деп оң жағынан орын беріп әспеттейді.

Міне, содан бастап Тезек төре қырсығын кескен соң Сүйінбай-даңқы дәуірлеп жүріп береді.Тезек төре ірі-ірі жиын-той, астарға бір­ге апарады. Қырғыздарға Қатағанмен айтыс­қа дайындап апарған да осы Тезек төре.

Тезек төре орыс ұлықтарымен келісе алмай, Қытай  билеушілерімен байланысы бар деп, оны қамауға алғанын біреу білер, біреу білмейді.

Міне, сондай кезде Сүйінбай Жетісудың бар игі жақсыларын жиып, қол қойдыртып, мөр бастыртып, жоғары ұлықтарға  Тезек төрені босату жөнінде ұсыныс түсіреді. Өздері жиылып, губернатор кеңсесінен кетпейді. Ақыры алты айдай болғанда Тезек төре ақталып шығады.

Тезек төре қайтыс болғанда Сүйінбай­дан артық жоқтау айтқан ешкім болмай­ды.

Тезек төре жайында айтқан ілтипатты, ізгі өлеңдері советтің қызыл саясатымен жазылып алынбады, құртылды, жыртылды.

Бұл тұлпарды тұлпар, сұңқарды сұңқар таниды деген емес пе?!

Біз жас кезімізде Сүйінбайдың Тезек төре, басқа да атақты адамдар жөнінде айтқан өлеңдерін көнекөз қариялар мен жыршылардан талай естіген едік.

Жамбыл Сүйінбайдан бата алып, ғұмыр бойы өлең-жыр, айтысын бастарда ұлы ұстазына сыйынып алады екен.

Бата берген Сүйінбай

Жырдың тіккен туындай.

Айтқан маған ақылы,

Жырла деген батырды.

Есімде мәңгі сол қалған,

Ақындардың ақыны

Айдын көлдей ақылы

Жыр тұлпары Сүйінбай, – деген ұлы Жамбылдай шәкірт тәрбиелегені – нағыз көрегендік, данышпандық қой!

Сүйінбай – еліне пана, халқына дана болған абыз ақын. Оның ел билеуге араласқаны, би, старшын болғаны, көпке істеген шапағат қайырымдылығы жайлы тарих ғылымының кандидаты Дәуітхан Рахымқұлов зерттеп, газетке жариялады.

Біз Сүйінбай ақынның бірер қырын ғана әңгіме еттік. Ал Сүйінбай мұхит сияқ­ты сан қырлы, тұңғиық терең ақын.

 

Нағашыбек ҚАПАЛБЕКҰЛЫ,

жазушы.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Оқи отырыңыз!

Close