Қайда жүрмейін, өзімді қазақтың қызымын деп мақтанышпен айтамын

 

Бұл әңгіме осыдан бірнеше жыл бұрын болған еді. Кездесуіміз Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі, белгілі қылқалам шебері Раушан Момбекованың Панфилов көшесіндегі шеберханасында өтті. Өзін Айман Баладьие деп таныстырған белгісіз кейіпкеріміз Франциядан келген қонақ екен. Ол Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Ләззат Сүйіндікова апамыздың қызы болып шықты. Арада уақыт өткізіп, сол әңгімені жариялаудың сәті енді түсіп отыр.

– Айман ханым, туған елге қош келдіңіз! Қазақстанды сағынған боларсыз?

– «Өмірдің алды – ыстық, арты – суық, алды – ойын, артқы жағы мұңға жуық» деп Абай атамыз тегін айтпаса керек. Елу жастан кейінгі өмірдің арғы жағы күн бе, жоқ, әлде түн бе, түсінбей қалдық қой. Жасым жерортасынан асып кеткенде және Францияның оты мен суынан өтіп, осы ортада үйлі-баранды болғанда, туған жерге емешегім үзіліп тұр десем, өтірік айтқан­дығым болар еді. Оның үстіне Қазақстанда май жалап, жарқырап жүрген күндерім де болмапты. Адамды ортасы өсіреді, еңбек ұжымы тәрбиелейді. Менде сағынышпен еске алатын орта да болмаған екен. Бірақ Қазақ елі – менің Отаным, туған, кіндік қаным тамған жер. Сондықтан мен оған өгей емеспін. Өзінен шыққан, өзінен туған өзегімін. Мен үшін Қазақстан ең ұлы қорғаныс ұясы. Мен қайда жүрмейін, өзімді қазақтың қызымын деп айтудан арланбай­мын. Оны ұятқа қалдырмау үшін барымды саламын!

Туыссыз адам болмайтыны анық. Бірақ «мынау менің туысым, ет жақыным» деп ешкімді айта алмаймын. Ағайын танитын кезде оқу іздеп сыртта жүрдім, одан кейінгі өміріміз елден жырақта өтті. Өзім Көкшетау қаласында дүниеге келдім. Әкеміз Нұрмади Хусайы­нов Ұлы Отан соғысының ардагері бола­тын. Неге екенін білмедік, әкей аяқ асты­нан Алматыға көшеміз деді. Ол кезде дайын көлік қайда?! Алматыға ат арбамен көшіп келдік. Әкеміз 1984 жылы осы Алматыда дүниеден өтті. Мен 1969 жылы Чайковский атындағы өнер училищесін, 1972 жылы ағайынды Гнесиндер атындағы өнер институтын бітірдім.

Махаббат деген соқырдан да бетер. Мәскеуде көрмеде жұмыс істеп жүрген француз жігітіне күйеуге шығуым бүкіл өмірімді өзгертті. Күйеуімнің аты Даниэль Баладьие. Әлемнің 50 елінде болған. Кәсіби тұрғыда техникалық дизайнер. Біз 1973 жылы бас қостық. Араға жылдар салып, сіңілім Шолпан да қазақтар туралы кино түсіріп жүрген француз азаматы Реми Дорға тұрмысқа шықты.

– Кино демекші, Реми Дор өнер адамы болды ғой. Ал Шолпанның мамандығы қандай?

– Реми Дор – өз елінде үлкен ғалым екен. Франциядағы Орталық Азия аймағын зерттеу институтының директоры. Сол кездің өзінде бұл институттың Азия бойын­ша Алматы және Бішкекте бөлімшелері бар екен. Реми Дордың ұсынысымен Фран­циядағы зерттеу институтында қазақ бөлімі жұмыс істейтін болып шықты. Шолпанға келсек, ол тіл маманы. Мамандығына сәйкес, институтта, мектепте қазақ, орыс тілдерінен сабақ береді.

– Талпыныс жоқ кезде өмір шын мәнінде қараңғы. Білім жоқта кез-келген талпыныс соқыр. Кез-келген білім еңбек жоқта пайдасыз. Кез-келген еңбек сүйіс­пеншілік жоқ жерде жеміссіз. Франциядағы күндеріңіз қалай өтуде?

– Өмірдің қуанышы қайда тұрып, не істегеніңде емес. Мәселе адамның қоғамда өзін ұстауы мен қабілетіне байланысты. Әйтсе де ол – сезімтал адам үшін трагедия, ойлы адамға – комедия. Өткен өмір жолыма қарасам, өмірде бәрі де Тәңірінің жазуымен болады екен. Яғни пешенеңе жазылған тағдырыңнан құтыла алмайсың деген сөз.

Адам өмірдегі жолын өз қолымен жасауы керек. Өмір дегеніміз – әмбебап дүкенге ұқсас, онда өзің іздеген заттың бәрін табасың. Алайда, оның көңілге қонымсыз жері өтіп кететіндігінде. Жалпы, махаббат – байлықтан, даңқтан, даналық­тан, өмірдің өзінен де қымбат, себебі, ол өмірдің өзімен де санаспайды әрі өлімнен де қорықпайды.

Францияда 36 жылдан астам тұрып келемін. Осы уақыт аралығында күйеуім бірде-бір рет артық ауыз сөз айтып көрген емес. Екі қызым, олардан екі жиен немерелерім бар. Осының өзінен менің Франция еліндегі жағдайымның адам шошырлық еместігін көрсететін болар. Қыздарымның бойында да қазақтың исі бар. Үлкенінің есімі Стэфани-Ләззат-Жанн, кішісі – Гаэль-Деббора-Шолпан.

– Парижде қазақтар бар ма?

– Бар, бірақ олардың бәрі Түркиядан, Қытайдан келгендер. Араластығымыз жоқ.

– Қазақтардың басын қосып, түрлі мәдени іс-шаралар өткізу бойынша Қазақ­стан елшілігіне ұсыныс айтып көрдіңіздер ме?

– Бірде елшілікке барып тауым шағылып қалған. Себеп, менің құжатым­ның ескілігінен болған еді. Қолымдағы кеңестік кезеңдегі құжат болатын. Елшілік қызметкері құжатымды қолына ұстаған күйі «сіз ескі режимдегі адам екенсіз ғой», деп сенімсіздікпен қарады.

– Өнер адамының отбасынан шықты­ңыз. Өзіңіз де өнер адамысыз. Бойыңыздағы дарынды қалай пайдаланып жүрсіз?

– Париждегі үйімізде қазақтың 2 дом­бырасы бар. Ол төрімізде ілулі тұр. Үйіміздің айбары да, қасиеті де осы екі домбыраның бойында тұр. Менің бар арманым – қобыз тарту. Парижге келгесін үштік трио құрып, концерттер беруді дәстүрге айналдырдық. Оған француз Жан Француа Гонзалецті, орыс тілді Мария Керианиді тартып, қазақ, орыс, француз тілдерінде өнер көрсетуді қолға алдық. Ара-тұра студенттермен кездесулер өткізіп тұрамын. Оларға Е.Брусиловскийдің «Бо­зайғыр» күйін үйреттім. Өзім скрипкада, фортепьянода еркін ойнаймын.

 

Рахманинов консерваториясында концерт берген

 

Франциядағы ең құрметті адам – өнер адамы. Париждегі атақты Рахманинов атындағы консерваторияға түсерде мені әлемге әйгілі тұлға Леопольд Ауэрдің сүйікті шәкірті Алексей Андреев тыңдады. Музыка әлемінің әулиесі саналатын ұстаз менің өнеріме ризашылық білдіріп, Рахма­нинов консерваториясының қабырғасында сольный концерт беруді ұйымдастырды. Қайырымдылық бағытында өткен концерт туралы Париждің «Русская мысль» газетінде көлемді мақала жарық көрді. Онда қазақ қызы ретінде маған басымдық берілді.

 

Араға аз ғана үзіліс салып, Париждің жоғары академиялық симфониялық оркестрінде де өнер көрсеттім. Франция мәдениетінің ең озық залдары «Елисейские поля», «Гаво», «Плейэль» театр оркестрле­рінде бірде-бір әйел заты бұған дейін сахнаға шықпаған екен. Мен, қазақ қызы, осы тәртіпті бұзып, тыңнан жол салдым. Жерорта теңізінің Лазурный жағажайында да өнер көрсеттім. Нормандия камералық оркестрінде атақты дирижер Пьер Дювашеля­ның басқаруымен біраз жыл сахнада жүрдім. Осының бәрі қарапайым қазақ қызына берілген сый деп ойлаймын.

– Өмірдің нағыз құпиясы асыл арманда емес, оның көзге көрінетіндігінде. Қос құлыны, екі қызының бірдей француз аза­матына тұрмысқа шығуы Ләззат апамызға ауыр тимеді ме екен?..

– Адам баласының өмірінде өкініш тудыратын бір ғана нәрсесі – жіберген қателіктері мен адасулары. Алайда, риза болмауға себебі бар адамның өмірде мақ­саты бар. Мамамыз біздің барлық қайғыла­рымыз бен қиыншылықтарымызға қарап, бізге өмір сүрудің үлгісін көрсетіп берді. Бүгінде соншалықты нәзік жанның бойына сол құдіреттің бәрі қалай сыйды екен деп ойлаймыз. Ол тек қана жеке басының бақыты үшін өмір сүрген жоқ. Осы жолда адамгершіліктің ұлы заңын түсініп өтті. Байлықсыз да бақытты өмір сүруге болатынын бізге көрсетіп берді.

Жалпы, өмірде бәрі де Тәңірінің жазуы­мен болады, өз тағдырыңнан құтыла алмай­сың. Махаббат – байлықтан, даңқ­тан, өмірдің өзінен де қымбат. Ол – өмірдің өзімен де санаспайды, әрі өлімнен де қорықпайды екен. Бірақ адам өмірдегідей, махаббаттың соңында, рахат үшін емес, бейнет үшін өмір сүріп те жатады ғой… Біздің Шолпан екеуіміздің бірдей шет ел азаматына тұрмысқа шығуымыз ана­мызға оңай да тимеген болар. Бірақ ол әлденеге ренжіп, кейістік танытқан емес. Себебін түсінгендейміз. Жастайынан өмірдің де, тұрмыстың да небір тауқыметін тартқан ол, қыздарының сағын сындырмай, мен болмасам, бұлардың басынан кім сипайды деген оймен арпалысқандай. Кейін бәріне үйренгендей болды ғой.

 

Француз халқының тұрмысы да, мәдениеті де дамып кеткен ел ғой. Бұл елде адамға деген сыйластық, әсіресе, өнер адамына деген құрмет ерекше орында. Мамамыз осыны өз көзімен көріп кетті. Өзі елден әкелген қасиетті домбырасын қолына алып, Ренн қаласында көпшілік алдында концерт берді. Француздардың құрметіне бөленді.

 

– Адамның жер бетінде өзіне берілген уақыт аса пайдалы бола бермейді, ал өмірінің соңында бұған бағалы бірдеңе қосу одан да қиынырақ. Әркімнің арманы – «әдемі кету». Ләззат апай өмірінің соңғы жылдарын қалай өткізді?

– Соңғы кездері елді сағынып, көңілін мұң басып алды. Сағыныштан болар, кемсеңдеп, жылап та алатын. Францияға алғашқы келгеннен кейін араға 12 жыл салып, туған елге барып келді. Бұл оның соңғы келісі болды. Өнер адамы болса да, мұғалім болуды армандап кетті. Сарыар­қада дүниеге келіп, Петропавл қаласын­дағы мұғалімдер училищесін, Алматыдағы Чайковский атындағы музыкалық учили­щенің домбыра және ән айту класын бітірді. Алматыға келуіне ақын Жұмағали Саин ықпал етіпті. Өнер мектебінде жүріп, Жүсіпбек Елебеков, Күләш Байсейітова, Манарбек Ержановтардың сынағынан өтіпті.

– Бізден өміріміздің соңына дейін қалмайтын бір-ақ қайғы бар. Ол өзімізді-өзіміз сыйлау сезімін жоғалтудың қайғысы. Маған Ләззат апамыздың қайғысы – осы сыйластықтың иірімінде кеткен сияқтанады да тұрады…

– Өмірдегі оқиғалардың жақсы-жамандығы көп жағдайда біздің оларды қалай қабылдауымызға байланысты. Үлкен болудың тәжі – барша жұрттың сыйы мен құрметіне бөлену. Мұндай сыйға лайықты болған жан өмір драмасын сәтті ойнап шығатыны анық. Иә, өмір әрдайым байсалды, бірақ онда әрдайым байсалды өмір сүруге болмайды екен.

Мамамыз балалық шағын еске алмауға тырысатын. «Менде балалық шақ болған жоқ. Бес жасымда қол-аяғым семіп, бойымды тіктей алмадым. Содан байғұс әкем, жаңа сойылған қойдың ыстық терісіне орап, қол-аяғымды жазып алғаным бар» дейтін. Осының өзі бізге ауыр соғатын.

 

Мамасының әндерін нотаға түсірген

 

– Атақты адамдар өмірде қызғаныш тудырады, ал әруақтарға қызғанышсыз құрмет көрсетіледі. Неге екенін іздеп көрдіңіз бе?

– Біз талантты адамды жұлдызы жан­ғанда қолдап, қолпаштаймыз, ал басына іс түскенде табалап, сыртынан сөз айтамыз. Кейде осы жағымсыз әдет тек біздің халықтың бойында ғана бар ма деген ойға қаламын. Неге солай, оның жұмбағына бойлай алмадым.

Мамамыздың бойында өзіне деген сүйіспеншілік өмірінің соңына дейін салтанат құрды. Сондықтан да болар, ол өмірдің қысқа, өнердің шектеу екенін жаны сезіп кетті. Бар ғұмырын өзінен ұзақ болатын іске арнады. Өмір ауыртпашылығы шынықтырған адам бақытты, үш мәрте бақытты деп айтып отырушы еді. Білмедім, елге барып келгесін бізге ойындағысының бәрін төгіп салды. Оны және ренішпен айтты. Анамыз Сәкен Сейфуллиннің әндерін сүйіп айтатын. «Қазақконцертте» қызмет істеп жүргенде Сәкеннің «Тау ішінде», «Көкшетаудың биігін-ай» әндерін халық арасында көп насихаттапты. Содан қызғаныш білдірушілер, «халық жауының әндерін ел арасына таратып жүр» деп үстінен арыз ұйымдастырған көрінеді. Мамамыздың Қазақ радиосы қорында жазылып қалған елуге жуық әні бар. Ол кісі халық арасында әнші болып танылға­нымен, оның сазгерлігі де болатын. Ол туралы көп айтыла бермейді. Әсіресе, Қасым Аманжоловтың «Жан қалқа»,  Абайдың «Қыз сөзі» өлеңдеріне ән жазған біздің мамамыз болатын. Мамамыздың жалпы саны 50-ге жуық әндері бар. Мен кезінде оның көптеген әндерін нотаға түсірген болатынмын.

– Ләззат апай Алматыға келген соңғы сапарында «Түбі бір ораламын туған жерге, Францияда қалмаймын ғой…» деген екен. Адамның айтқаны емес, Алланың дегені болып, апамыз Франция топырағында тыныштық тапты…

– Иә, ол кезде мен Алматыда жүрген­мін. Туған жердің бір уыс топырағын алып бардым. Қазақстанға жеткізуімізге де болар еді, бірақ бізді туған жерімізде ешкім күтіп алмайтын еді. Адам өлгесін, қай жерде жерлендің бәрібір емес пе?

– Парижде мұсылмандар қорымы бар болар?

– Оған біз басымызды ауыртпадық…

– Ұзақ уақыт Францияда өмір сүріп келесіз. Француз бен қазақ мәдениетінің арасында қандай байланыстар бар?

– Мәдениет – табиғи болмыс. Ол – үнемі дамып отырады. Мәдениет – бір ұлттың, яғни мемлекеттің келешегі мен тағдырын белгілейді. Демек, қоғамды алға жетелеуші күш – мәдениет, басқа ештеңе емес. Нарық пен қоғамды шатастыруға болмайды. Рухани болмысынан айырылған қоғамда ешқандай арман да болмайды. Мәдениетсіз қоғам азғындауға барады. Мәдениет мемлекеттің көркеюі мен құлдырауын белгілейді.

 

Кез-келген халықтың іргелі, ұлтты ұлт етіп ұстайтын саяси, рухани, діни дәстүр­лері болады. Мәдениет факторымен санас­пай, мемлекеттің ішкі мәніне бойлай алмайсың. Француздар ең бірінші мәдениетке басымдық береді.

 

Бүгінде Еуропаның қай елі болмасын, Қазақстанды ең бірінші мұнайымен елесте­теді. Олар қазақ ұлтының салт-дәстүрін, бай мәдениетін аса жеткілікті білмейді. Сондықтан ұлтымыздың мәдениетін шет елдерге барынша таныстыра түсуіміз керек. Қазақтың ұлттық рухы ХХІ ғасырға сәйкес қайта түлеуі қажет. Еуропа қазақтың дәстүрлі мәдениетіне қызыға қарайды. Бүгінде Қазақстанның бәсекеге қабілетті мәдени ментальдігі қалыптасқан, заманауи мәдениет кластерлері дамыған. Біз оны біліп отырмыз. Сондықтан қазақ ұлтының салт-дәстүрі мен өмір сүру дағдысы туралы айта беру керек.

– Әңгімеңізге рахмет!

 

Әңгімелескен –

Ермек ЖҰМАХМЕТҰЛЫ.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Оқи отырыңыз!

Close