АЙБЕК ЕКІНШІ РЕТ «ӘЛЕМ БАРЫСЫ» АТАНДЫ

Нұрлан СҮЙІН

Алматыдағы Балуан Шолақ атындағы спорт сарайында қазақ күресінен «Әлем Барысы» — түйе балуандар арасындағы әлем чемпионаты өтті.  Тұңғыш Президент күніне орай және «Рухани жаң­ғыру» бағдарламасы аясында Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен ұйымдас­тырылған беделді бәсекеге 29 елдің балуаны қатысты. Шетелдік спорт­шыларға Қазақстанның бес балуаны төтеп берді. Ереже бойынша қатысушылардың салмағы 90 келіден жоғары болуы керек.

Тартысты белдесулердің нәтижесінде Айбек Нұғы­маров екінші жыл қатарынан «Әлем Барысы» атағына ие болды. Финалда білекті балуан жас спортшы Ерсұл­тан Мұзаппаровты жеңді. Үшінші орында ресейлік Роман Бобиков. Биылғы бірін­шіліктің жалпы жүлде қоры 20 миллион теңгені құрады. Оның ішінде 10 мил­лионы жеңімпазға тиесілі. 6 миллион екінші, 3 миллион теңге үшінші орын иегеріне табысталады. Дәстүр бойын­ша алтын, күміс және қола белбеулер де табысталды. Биыл алғаш рет «жеңіске деген талпы­нысы үшін» номинациясы бойынша 1 миллион теңге сыйақы таға­йындалды. Аталған жүлдеге жан­күйерлердің ыстық ықыласына бөленген тәжік­стандық Додахон Курона­лиев лайық деп танылды.  Жанкүйер­лер де жүлдесіз қалмады. Көрермендер арасында Renault Logan автокөлігі ойнатылды.

«Әлем Барысында» Қазақстан намысын бес балуан қорғады: төрт дүркін әлем чемпионы және Қазақ­стан Барысы жеңімпазы Айбек Нұ­ғымаров, жас та болса болаша­ғынан зор үміт күттіретін Айбат Сейтен және Ерсұлтан Мұзаппаров, биылғы Қазақстан чемпиондары Руслан Әб­діразақов және Нұрдәулет Жарыл­ғапов. Әбдіразақов пен Жарылғапов алғашқы айналымда жеңілсе, Сейтен екінші белдесуінде жеңіліс құшты.

«Әлем Барысы» осымен үшінші рет өтті. 2014 жылы алғашқы турнирге 35 елдің апайтөс балуаны қатысты. Олардың арасында дзюдодан әлем және Олимпиада чемпионы чеx Лукаш Крпалек, самбодан әлем чемпионы армениялық Гарибян Арутюн, дзюдодан әлем чемпио­натының жүлдегері неміс Раймунд Гирдц, кураштан әлем чемпионы израильдық Григорий Рудельсон, алыштан Азия чемпионы парсы Мухаммад Теймоури Сарах, Олим­пиада және әлем чемпионатының жүлдегері кубалық Оскар Рене Видал Брайсон және тағы басқа атақты балуандар боз кілемге шыққан еді. Тартысты бәсеке нәтижесінде алтын белбеу мен жүз мың АҚШ долларды кубалық Брайсон иеленді. Екінші орында Айбек Нұғымаров, үшінші сатыда ресейлік Максим Ширяев. 2014 жылы xалықаралық турнир ретінде тұсауы кесілген «Әлем Барысы» бүгінде қазақ күресінен абсолютті әлем чемпионаты деңгейіне өсті. Былтыр Астанадағы «Барыс Аренада» Айбек Нұғымаров «Әлем Барысы» атанса, қазақ балуанына ақтық белдесуде лайықты қарсылас бола алған грузин спортшысы Гурам Тушишвили еді. Ал үшінші орынға Ержан Шынкеев жайғасты.

Жарыстың ережесіне енгізілген кейбір өзгерістер де болды. Бұған дейін кілемде үш төреші: ортадағы және қапталдағы қос төреші болса, енді боз кілемде жалғыз маман төрелік етті. Сонымен қатар, жаттықтырушы бұрынғыдай төреші шешіміне қар­сылық білдіріп, қамшы лақтырмады, белдесу барысында күмәнді шешім туындаған жағдайда ғана видео қай­талау экранға шығарылды.  Барлық белдесулерді толықтай бас төреші Шалқар Жоламанов бақылады.

Әлемнің түкпір-түкпірінен қатысушылар Алматыға жарысқа бірнеше күн қалғанда жиналды. Олардың арасында дзюдодан биылғы әлем чемпионы Гурам Тушишвили (Грузия), қазақ күресінен әлем чемпионы Мухсин Хисомиддинов (Өзбекстан), моңғол ұлттық күресінің мемлекеттік «Лашын» атағының иегері Серік Бердімұрат және тағы басқа нәтижелі спортшылар болды. Айта кететін жәйт, биылғы чемпио­натқа қатысқан елдердің барлығы бұған дейін қазақ күресінің сайыс­тарына қатысып жүр, тек Норвегия елі алғаш рет ұлттық күресімізде бағын сынады.

Жарыс шарты бойынша барлық қатысушыларға қазақ күресіне арналған спорттық күртеше мен аяқ киім берілді. Балуандарға фотоссес­сия ұйымдастырылып, шетелдік төре­шілерге қазақ күресінің ережелері бойынша семинар өткізілді. 1 жел­тоқ­сан күні сағат «Alem Barysy» қатысу­шыларының салмақ өлшеу рәсімі және БАҚ өкілдерімен кездесу өткізілді.

Абсолютті әлем чемпионатын тікелей эфирде «Qazaqstan», «Qaz­sport», түріктің «TRT Avaz», Ресейдің «Матч! Планета» және «Бокс ТВ» телеарналары көрсетті.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *