АЙБАР МЕН НАМЫСТЫҢ ТҮЙІСУІ

Айтарлықтай жемісті нәтиже бермеді

Трамп–Ким кездесуінде  келісім жасалмады

 

Әшірбек АМАНГЕЛДІ,

«Алматы ақшамының» саяси шолушысы

Вьетнам астанасы Ханойдағы  27-28 ақпандағы АҚШ–КХДР басшыларының  келіс­сөзі  халықаралық қатынастағы  елеулі оқиға болғаны  анық. Бұған бейбітшілік пен тыныштықты жақтайтын  әлем жұрт­шылығы үлкен үміт артты. Мұндай жауапты кездесуге  сонау қияндағы  Америкадан мұхит асып, 13150 шақырымды 15 сағаттан астам уақыт  ұшақпен ұшып Дональд Трамптың және  Пхеньяннан  Вьетнам жері­не дейін 4,5 мың шақырым жолды пойызбен екі күн  жүріп Ким Чен Ынның  еріккеннен  келмегендері  белгілі.

Қалай айтса да, халықаралық  журна­листер  мен саясаттанушылардың  бағалау­ларынша  күні кешеге дейін  қырғиқабақ қатынаста  болып келген Құрама Штаттар  мен Солтүстік Кореяның қысқа уақытта жоғары дәрежеде екі рет кездесу өткізуі   ымыраласу мен түсіністік жолындағы  ілгері  қадам деуге лайық.

Өйткені,  2018 жылдың 12 маусымын­дағы Сингапур  саммитінде  қос тарап: осыған дейінгі тоң-теріс көзқарасты қойып, өз халықтарының  мүдделері мен ықылас­тарына қарай оң қарым-қатынас жасау, Корей түбегін  ядролық қарулардан тазар­тып, бейбітшілік пен тыныштықты қалып­тастыру деген сияқты маңызды мәселелерді қамтыған декларация қабылдады.

Осының арқасында түйіткілді  мәселе­лер толық шешілмегенімен,  Солтүстік Кореяның  ядролық сынақтар жасауы мен баллистикалық зымырандар ұшыруы тыйылды,  АҚШ пен Оңтүстік Кореяның бірлесіп әскери жаттығулар өткізуі  тоқта­ды.  Пхеньян мен Сеулдің  ынтымақтастық  ниет-әрекеті жандана түсті.

Қазіргідей  әлемдік геосаясат  онсыз да күрделеніп тұрған  шақта  айбарлы АҚШ та намысты КХДР да бір-біріне қару кезе­ніп, қорқытудан гөрі  диалог, келіссөздер арқылы  қарама-қайшылықтарды шешуге бола­тынына көз жеткізді. Ақ үй әкімшілігі мен Солтүстік Корея үкіметі едеуір күш салып, алдымен Сингапурде, сонан соң  Ханойда  Дональд Трамп – Ким Чен Ын   кез­десулерін өткізуі  осының  айқын көрінісі.

Көптеген танымал басылымдардың және сарапшы мамандардың пайымда­уын­ша, екінші  кездесу орны ретінде  Вьетнам астанасының  таңдалуы жәйдан-жәй емес.

Гонконгта шығатын The Standard газетінің жазуынша  КХДР ( Корей Халық Демократиялық Республикасы) мен ВСР (Вьетнам Социалистік Республикасының)  ұқсастықтары көп: екеуі де социалистік даму жолын таңдаған мемлекеттер, керек десеңіз,  1950–1953 ж.ж. Солтүстік Корея, 1964–1975 ж.ж. Вьетнам  – Құрама Штаттарға қарсы соғысқан. Бірақ та  жаңа тарихи кезеңде  ВСР  АҚШ-пен  қалыпты байланыс  орнатып,  тиімді сауда-эконо­ми­калық  қатынастар жасауға  ден қойған.

Ал Сингапурдың «The Straіts Tіmes» газетінің пікірінше,  Вьетнам мұндай халықаралық  саммиттерді өткізуден  бай тәжірибеге ие. Мәселен,  2017 жылы  АТЭС конференциясын, 2018 жылы  Бүкіләлемдік экономикалық форумның АСЕАН (Оң­түстік–Шығыс Азия  мемлекеттері ассо­циа­циясы)  мәселелері бойынша  бас қосуын табысты өткізген. Оның үстіне  Вьет­­нам АҚШ-тың қазіргі таңдағы  Оң­түстік-Шығыс  Азиядағы бірден-бір сенімді серіктесі.

Осының бәрін ескере келе,  АҚШ президенті Д.Трамптың  екінші саммит Ханойда өткізілсе, онда келген  КХДР  Мемлекеттік кеңесінің төрағасы  Ким Чен Ын  Вьетнамның  кейінгі кездегі  дамып-өркендеуін өз көзімен көріп, одан үлгі алса деген ниеті болған. Бұл жөнінде  ол  26 ақпандағы өзінің Twіtter парақшасында: «Кейбір елдер сияқты Вьетнам да гүлденіп, дамуда. Денуклеаризацияны құп алып, оны жүзеге асыратын болса  КХДР  сондай  елге айналады. Менің досым Ким Чен Ын үшін тарихта  сирек кездесетін  мүмкіндік туып отыр», – деп жазды.

Әдеттегідей  Трамп–Ким кездесуінің қарсаңында  ақпарат кеңістігінде және саяси сарапшылар  қауымында  әр түрлі болжам мен жорамалдар айтылды. Біреулер  саммиттің табысты өтуіне тілектестік білдірсе, екінші біреулер одан айтарлықтай нәтиже күтпейтінін айтып, тағы да сол декларативтік сипатта өтетініне шәк келтірмеді.

Бұған қатысты  25 ақпанда  Хошимин қаласында ресейлік «Валдай» клубы мен Вьетнам дипломатиялық академиясы ұйым­дастырған конференцияда Ресей Сыртқы істер министрі  Сергей  Лавров: «Вашингтон  бұрынғысынша Пхеньянмен  ультиматум қоюмен  сөйлесетін болса, онда ешқандай келісім  болмайды. Сингапурден кездесуінен бері айтарлықтай  нәтиженің болмауы соның  дәлелі», – деген пікір білдірді.

Тіпті,  Сеулден шығатын  байырғы Chosun Іlbo  апталығы: «Трамп  Жапония премьер-министрі Синдзо Абэмен оңаша кездескенде өзін  бейбітшілік жөніндегі Нобель сыйлығына  ұсыну жөнінде өтініш айтқан көрінеді. Ендеше, оның Ким Чен Ынмен екінші рет кездесуі  әлем жұрт­шылығына  жақсы көріну үшін осы мақ­сат­тағы геосаяси шоуы, амал-әрекеті болуы мүмкін», – деген көңілсіздеу болжам жасады.

Республикашыл Дональд Трамптың  саяси бақталастары Демократиялық партияның белсенділері де қарап қалмай, әр түрлі  «ақыл-кеңестер» айтып, сын ескерт­пелердің тезіне алды. Трамп оларға: «Демократтар  маған Солтүстік Кореямен қалай сөйлесу жайында ақыл айтпай-ақ қойсын. Онан да олар осының бәрін  сегіз жыл бойына билік басында демократ Барак Обама отырғанда неге жасамадық дейтін сұрақтың төңірегінде ойланып көрсін», – деген жауап қайтарды.

Әйтсе де,  оның: «денуклеаризация жөнінен  Солтүстік Кореяны асықтырмай­мын» дегеніне қарағанда  Ақ  үй басшы­сының ұстанымы бұрынғыдан жұмсарған сияқты көрінді. Өйткені, ол бұған дейін  «КХДР ядролық қарулардан толықтай бас тартуы керек. Сонда ғана біз  бейбіт келісімге қол қойып, екіжақты оң қатынас орнатамыз. Санкцияларды  тоқтатамыз», – деп келген. Өзінің қауіпсіздігіне сенімді кепілдік болмағандықтан  Пхеньян  ондай біржақты талапты орындаудан бас тартқан.

Сонымен, Трамп–Ким кездесуі қалай қалай басталды? Сингапур саммитінен  бір ерекшелігі  Вьетнамдағы ұшырасу екі күнге созылды.  Бұл оқиғаны жазып көрсетуге  әлем­нің 40 елінен 3,5 БАҚ өкілдері жина­лып, ең көп  журналист   АҚШ-тан  (500)  келді.

Келісілген күн тәртібіне сәйкес Трамп пен Ким бірінші 27 ақпан күні жергілікті уақыт бойынша 18.28  Sofіtel Legend Metropole Hanoі қонақүйінде  басталып, екеуі оңаша жарты сағаттай  сөйлесті. Сонан соң  бірге ас ішуге шықты. Екі бас­шының  тет-а-тет  жолығуында  не туралы  сөйлескендері айтылмады.

Кешкілік асқа:  АҚШ тарапынан Мемлекеттік хатшы Майк Пампео және президент әкімшілігі жетекшісінің міндетін атқарушы Мик Малвейни,  ал КХДР  жағынан  Корея  Еңбек партиясы төрағасы­ның орынбасары Ким Ён Чхоль мен  Сырт­қы істер министрі Ли Ён Хо қатынасты. Қос тарап та жақсы көңілде  дәм татып,  Солтүстік Корея  төрағасы  ара-арасында әзіл тастап  отырды.

Ким Чен Ынның сөзіне қарағанда, Трамппен  болған оңаша  кездесуде  өте қызықты да маңызды мәселелер талқы­ланған. Ал  Трамп келесі  күнгі бас қосу­дың  аса қауырт болатынын, оның қорытындысы бойынша  баспасөз конфе­ренциясы өткізілетінін  мәлімдеді.

Алғашқы күні  американдық «Washіn­gton Post» газеті тілшісінің: «Келісім жаса­ла­тынына сенімдісіз бе?» деген сұрағына  КХДР  президенті Ким Чен Ын былай деген: «Пәлен деуге әлі ерте. Алайда, мен тым сарыуайымшыл емеспін. Лайықты нәтижелерге қол жеткіземіз деп үміттенемін. Біз мұндай келіссөздерді өткізуге көп күш салдық. Енді жемісін көретін».

Күткендегідей  Трамп–Кимнің  екінші күнгі көзбе-көз кездесуі уақытылы  баста­лып,  жарты сағатқа созылды. Әрі қарай екі  жақтың кеңейтілген құрамдағы келіс­сөздері  өткізілді. Осының қорытындысы бойынша  «Ханой декларациясы»  қабыл­да­нады, делінген еді. Өкінішке қарай,  қан­дай да бір  келісім құжатына қол қойыл­мады.  Шамасы  екі  жақ та өз мүдделерін қорғап  кері шегінбеген. Әсіресе,  Пхеньян­ның  санкцияны  тоқтату талабы  Трамп­тың  шамына тиген тәрізді.

Оның үстіне саммит басталмас бұрын американдық делегация  мүшелері  Трамп­тың  Кимге қоятын  басты талабы:  КХДР-ның  ядролық бомбалардан, баллистикалық зымырандардан біржолата бас тарту және Корей түбегін  толықтай  денуклеариза­циялау  деп айтқан болатын.

Мұны  Мемлекеттік хатшы  Майк Пам­пео  да ядролық қарулар түбегейлі жойыл­май  санкциялардың  тоқтатылуы туралы сөз болуы мүмкін емес, онсыз АҚШ ешқан­дай компромиске  бармайды деп сездірген.

Ортақ   мәмілеге келе алмағандықтан  жайылған дастархан – түскі асқа қарамай  Трамп та, Ким де  Sofіtel Legend Metropole  мейманханасынан уақытынан бұрын  кетіп қалды.

АҚШ президенті Д.Трамп журналис­терге арналған баспасөз конферен­циясында  КХДР – Йонбедегі  ядролық  нысандардың  демонтаждалғанын және онда бұдан әрі  сынақтардың жүргізіл­мейтінін алға тартып, бізден санкциялық шаралардың алынуын талап етті. Бірақ біз оған көнген жоқпыз, деген түсінік берді. Сондай-ақ, ол АҚШ-тың алдағы уақытта  Солтүстік Кореядағы  ядролық нысандарға тексеру жүргізетінін,  келісім жасалмаға­нына қарамастан кездесудің  пайдалы  болғанын, тараптардың  түсіністікпен тарасқанын, өзінің Ким Чен Ынмен достық қатынаста болатынын  айтты.

Саммиттің соңында Ақ үйдің баспасөз хатшысы Сара Сандерс: «Кездесу  өте жақсы және байсалды  ыңғайда өтті.  Қазірше ешқандай  келісім жасалған жоқ.  Мәселені  талқылау үшін тараптар  алдағы уақытта да   келіссөздер жүргізетін болады», – деп  жиналғандардың көңілін аулағандай болды.

Американдық «Polіtіco» басылымының жорамалынша,  АҚШ пен КХДР делега­ция­лары  ең соңғы сәтке дейін декларация­лық келісімге қол қоямыз деген сенімде болған. Бірақ шешуші  сәтте жағдай  180 градусқа өзгеріп кеткен.  «Мұндай  нәтиже­сіз қадам-қарекеті арқылы Дональд Трамп өзінің  2020 жылғы келесі сайлауға  түсу  мүмкіндігін  біршама төмендетті», – деп жазды газет.

Осы сияқты әйгілі «Нью-Йорк таймс» және «Вашингтон пост»  газеттері  «Келіс­сөз сәтсіздікке ұшырады», «Трамп  Ханой­дан құр қол қайтты» деген секілді  айқай­лаған тақырыптар қойған мақалалар жариялап үлгерді.

Ал ағылшынның «The Tіmes» газетінің  пікірінше:  «АҚШ-тың Мемлекеттік хатшы­сы  Майк Пампео бастаған  дипломаттар­дың сегіз  ай бойы жұмыс жүргізіп, дайын­даған  кездесуінде  келісім жасамау еш ақылға сыймайды. Бұл – Трамптың жеңілісі».  Және де осы мақалада АҚШ президентінің  бұрынғы адвокаты  Майкл Коэнның  Конгрестік тыңдауда:  «Трампты – нәсілшіл, алаяқ және өтірікші», – деп айтқан  сөздері  келтірілген.

Кейбір дерек көздерінің мәлімдеуінше, Ақ үй әкімшілігі  Трамп пен Ким ортақ мәмілеге келіп,  декларациялық келісімге қол қояды деп жоспарлаған. Сондықтан сал­танатты  шараға қызу  дайындық жасаған.

Десе де, Мемлекеттік хатшы  Майк Пам­пеоның айтуынша,  Ханойдағы самм­мит қорытындысында  Солтүстік Кореямен  келісім жасамау туралы шешімді  Дональд Трамптың дара өзі қабылдаған.

Халықаралық қатынастағы мұндай  мәселелерге аса сақ қарап, абайлап пікір  білдіретін  ҚХР  (Қытай Халық Республи­касы) сол әдетінен жаңылмады. Елдің Сыртқы істер министрлігі: «Өткен бір жыл ішіндегі Корей түбегіндегі бетбұрыстың оңайлықпен келмегені күмәнсіз. АҚШ пен КХДР әлі де диалог пен келіссөздерді жал­ғастырады деп сенеміз», – деген мәлімдеме таратты.

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *