Қай жерді, қандай жерді басып жүрміз?..

«…Василий Николаевич деген орыс шалымен көп жылдар көрші тұрдым. Отызыншы жылдары Түрксіб құрылысына комсорг болып келген екен. Ол кезде комсорг ВКП (б)-ның байлаулы күшігі – қайда жұмсаса, сонда шабады.  «Есть!» дегеннен басқа жауап болмайтын кез.

1932 жылдың шілде айы болса керек. Күн ыстық. Аштықтан іші кепкен қазақтар Алматының әр жерінде теңкиіп-теңкиіп өліп жатады. Оларды көму керек. Ел індеттен қорқады. Санитарлық-эпидемиялық қызметте қаржы жоқ, көлік жоқ. Мұндайда салмақ комсомолға түседі. Комсорг Василий Николаевич парткомның бұйрығын орындап, ат-арбамен көше-көшеден өлген қазақтың мәйітін жинап, қазіргі ВДНХ-ға апарып, орға тастайды. Мұсылман зираты сонда. Орға тастамас бұрын өлген адам зираттың журналына тіркелуден өтеді. Ол үшін қалталарын ақтарып, құжат іздейді. Жарғақ шалбарлардың кейбірінің бауын кесіп жіберіп, сыпырып қалғанда, балақтарынан жерге сыңғырлап жарқ-жұрқ алтын-күміс бұйымдар, сырғалар мен сақиналар түседі екен.

– Япыр-ай! – деймін мен көршімнің әңгімесіне икемдік білдіріп, ондай бай болса, аштан өлгені қалай? Асханалар бар емес пе?

Сексеннен асқан шал маған тесіле қарап:

– Асхана мен ресторандарда шошқа еті сатылады деп мұсылман халық үркеді. Не, қазақтың ырымшыл екенін ұмыттың ба? – деп, мені кінәлағандай болады.

Мен сол кездегі қазақтың иман бүтіндігіне қайран қаламын. Сол бала мінезден әлі айырыла алмай отырған жай бар. Кім болса, соның алдауына түсе кетеміз.

Балақтарындағы алтын мен күміс өлгендердің өздерінікі емес те шығар, бәлкім, басқалардан, аштан өлгендерден алынған да болар.

Сол жылдары аштықты пайдаланып, Мәскеу мен Петербордан арнайы этнографиялық экспедициялар Сары-арқаға шығып, қазақ қыз-келіншектерінің әшекейлерін бір үзім нанға айырбастап алған. «Алтын-күміс тас екен, арпа-бидай ас екен» деген сөз соған саяды. Ресей мұражай­ларын­дағы, әсіресе, Эрмитаждағы бұйымдар кілең Қазақстаннан сөйтіп алынды десек. артық айтқандық емес».

 

Р.S. Сәбетқазы Ақатай кезінде «Қазақы «Эльдорадо» атты мақаласында осылай депті. Өмір бойына ақиқатты айтқан Сәбетқазы Ақатайдың осы деректі ойынан көп мәселенің шетін айтпай-ақ аңғаруға болады. Сәбең ВДНХ-ны айтып отыр. Мұндай жағдайдың қазіргі Панфилов паркінде орын алғаны туралы да тарихи деректер бар.

Алматы алапат аштықты, сұрапыл зілзаланы бастан кешкен қала. Арыстарымыз атылған жертөлелер де осы қалада.

«Қара жердің өзін де, қатты басқым келмейді» деп Сағи ақын айтпақшы, кейде осындай бір деректерді оқығанда, біз өзі қай жерді, қандай жерді басып жүрміз деп те ойлайсың. Бүгінде қаптаған ойын-сауық, сауда орындары, базарлар орналасқан жерлердің жиі өртке шалынуының да осындай бір сыры жоқ па екен.

Байқаған болсаңыз, Алматының кейбір тұстарында көлік апаттары жиі болатын да мәліметтер бар.

Айтпағымыз: не амал істеуге болады? Бәлкім, бір күн, жарайды бір сағат Алматыда аза тұту күнін жарияласа, бізді қойшы, бүгінгі, болашақ бейкүнә ұрпақтың алдын ашып, кінәсін жеңілдеткен болар ма едік. 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *