АЙ ТҰТЫЛҒАН ТҮН

Тұрсынғазы ӘЛПЕЙІСОВ

Төр алдында төбедей болып отырған Тұрдақын қария бүгін алабөтен ашулы. Бүйірлі көк шәйнектен кемпірі дәмділеп құйған құла қасқа үнді шайы да таңдайына татыр емес. Қою қара сұлу мұртын әдеттегісінше сылап қойып, кемпіріне ауыл арасының ұшты-қашты әңгімесін айту ойынан да аулақ.

– Смайылдың мұғалімдері неменеге шақырыпты? – деген Базаркүлдің сауалына да жауап бермей отырып-отырып, әлден соң:

– Е, сен оны қайте қояйын деп едің? – деп бір-қайырған.

Немересі әдетінше есіктен сүйретіліп кірді. Сумка­сын босағаға тастай беріп, өзінің жататын бөлмесіне өтіп кеткенін шал көзінің астымен бағып отыр. Ол жуынып келіп дастарқан шетіне жайғасқан соң ғана басын көтеріп:

– Иә, мұғаліміңе не дедің? Деректірге не айттың? – деді ызбарланып.

Смайыл қашанғы әдетінен тайған жоқ. Әжесі құйып берген кеседегі шайға екі қантты тастап жіберді де, күміс қасықпен ұзақ араластырды. Тек шайын бір-екі ұрттаған соң барып: «оқымаймын» дедім, – деді созалақтатып.

– Домбыра үйрететін Кеңес мұғалімге не айтып ең?

Немересі дастарқаннан көзін алған жоқ. Үнсіз отыра беруден жалыққандай:

– Күйді бұзып тартасың дедім, – деді әлден соң.

– Ол саған не айтты?

– Боқмұрын деді, ақымақсың деді. Сен мені түземес бұрын айнаға барып, түріңе қарап кел деді. Сақал-мұртың шыққанша төртіншіні бітіре алмай жүрсің сен безабраз деді. Сосын мен оған: «ішкішсің», – дедім. «Сақал-мұртың шықса да, әлі күй тарта алмайсың. Бекер ақша алып жүрсің», – дедім. Сол бойда ол мені деректірге сүйреп апарды. Деректір ағай ұрысқан соң мен: «оқымаймын», – дедім.

Осы жаңарақта ғана қара шал қаһарын немересіне төгейін деп отыр еді. Смайылдан мына сөздерді естіген соң ол райынан қайта бастады. «Жаңағылар: Кеңесі болып, деректірі болып, бар әңгімені маған бұзып айтқан екен-ау, ә? Қап! Білсем ғой жаңа… «Айнаға барып, түріңе қарап кел деп, баланы қорлауын-ай мыналардың! Қарап тұрмай безабраз деуін қарай гөр! Өзің безабраз! Осы айтқандарын білсем, жаңа деректірінің көзінше Кеңесті жер етер едім. Өзіме де обал жоқ, «шақырып жатыр» дегенге бала құсап жетіп барғанымды қарашы, сәл сабыр сақтамай!..».

Жаңарақта немересі оқитын мектепке барып келген соң қорадағы торысын жүгендеп, ер салып, қашаға қаңтарып қойған. Ондағы ойы ауылдың келесі бір шетінде тұратын ортаншы баласы Смағұл мен келіні Күләшқа барып: «Мына інілеріңе ақылдарыңды айтыңдар. Мұғалімдердің бетінен алуды шығарыпты. Оқыта-оқыта шаршадым. Бір кластан келесіге жылжитын емес. Төртіншіде табан тіреп отырғанына бәлен жыл. Домбырасын қойсын да, сабағын оқысын. Сосын мұғалімдермен сөйлесіңдер. Неде болса өз теңдерің ғой», – деп қайтпақ еді, ол ойынан тез айныды. Өйтпес те еді, Смағұлдың жайлауға малшы­ларды көшіріп жүргені есіне енді түсіп отыр. Сөйтті де, шал мектепке өзі беттеді. «Жаңағы сөзі рас болса, Кеңестің өзін деректіріне жетелеп барайын. Онсыз да өмірге өкпелі бейшараның кемдігін басқаны несі! Сені де оқыған азамат дейміз-ау! Онысымен қоймай «безабразы» не пәлесі, сұмдық-ау!..».

***

Смайыл өзінің бөлмесіне кірді. Жүзі жүдеу, көңілі пәс. Екі елі маңдайға біткен селдірлеу қасы тоқсан түйіліп, тоқсан жазылды. Кеңсірік тұсы ойқылау келіп, сосын сәл барып бітетін кішкене танауы біресе қусырылып, біресе ашылып, ентіге дем алады. Оның бір уыс қана бетіндегі көзге бірден түсетіні ерекше салпиып тұратын астыңғы ерні болатын. Үстіңгі ерні жұқалау келген, әдетте күлуге шақ тұрған адамның кейпін танытушы еді. Бұл жолы да біртүрлі өзіне жарамсыз шүршиіп кеткен. Өзінің дене бітіміне үйлеспейтін салалы, әрі он жасар баланікіндей жіңішке де нәзік саусақтары сыздағандай болған соң буындарын сықырлата бір қолымен бір қолын қысқылай берді. Кекіл шашы да ұйпа-тұйпа.

Ол өнебойы түгел көрінетін айнаның алдына барды. Жасы он жетіге келді дегенімен, қазір алтыншы класта оқитын өз інісі Сәкен де өзінен тұлғалылау көрінеді. Тіпті, төртінші класта өзімен бірге оқитын Болатбек бұдан бар-жоғы бір сүйемдей ғана аласа. Қалауыштай басқа қалқиған екі құлақ, қас пен көз, ауыз бен мұрын, маңдай бәр-бәрін табиғат ерекше зорлықпен сыйғызып қойғандай еді. Иығы қушиың­қырап тұратындықтан шығар, екі қолы денесіне жарасымсыз күйінде салақтап бос жүретін. Мұның денесіндегі табиғат дұрыстау жаратқан бір мүше болса, ол – сол екі қолы ғана.

Ол айнаға жақындай түсіп еді, мектептегі музыка пәнінің мұғалімі Кеңестің манағы: «Сақал-мұртың шыққанша әлі төртіншіні бітіре алмай жүрсің, сен ақымақ», – деген сөзінің шын екеніне көзі жетті. Бұрын неге байқамаған, расында да мұрты тебіндеп, сулығы кәп-кәдуілгідей қарауытып қалыпты-ау!

«Мейлі айта берсін, ол бәрібір домбыра тарта алмайды», – деп ойлады Смайыл.

Сөйтті де, кереуетте көлденең түсіп жатқан домбы­расын қолына алып, төр алдында біршама тұрып қалды. Оюлы текемет үстінде жататын құрақ көрпеге төсегі­нің басындағы ақ жастықты әкеліп тастай салды. Қабыр­ғадағы әкесі, шешесі, інісі Сәкен және өзінің үлкей­тілген суретіне ұзақ қарап тұрды да, терең күрсініп жіберді…

Әкесі совхоздың бір бөлімшесінде меңгеруші еді, кең маңдай, қою бұйра шашты, ақ сары жүзді, денесі мол пішілген жан болатын. Шешесі ашаң жүзді, көзі үнемі күлімдеп тұратын сіріңке қара келіншек еді. Сәкеңді жұрт әкесіне тартқан деседі. Шынында да есейген сайын әкесіне ұқсап келе жатқанын Смайыл да байқап жүр. Олар осыдан біршама жыл бұрын бірінен соң бірі дүние салған. Соның бәрі Смайылдың санасында көмескі ғана қалыпты. Жұрт жылады, бұл жылаған жоқ. Жылағысы келді, бірақ көзінен жас шықпаған еді. Бейіт басына апарып, ақымға енгізерде ғана атасынан:

– Ата, папамды қайда апарады? – деп сұрағаны есінде.

– Папаң ұйықтап қалды, балам, ұйықтады, – деп шал көзінен аққан жасын беторамалымен сүрте берген.

– Үйде-ақ ұйықтай берсе болмай ма? Үйде ұйықтасын, жерге көмбеңдер, үйге апарыңдар! – деп бебеулеген сонда.

Өздері есі дұрыстау емес шығар деп ойлайтын баланың санасының селт еткеніне ме, әлде үш күн бойы үн шығармай жүре-жүре әкесінің өлі денесі көрге кірерде құлындай шырқыраған Смайылды аяды ма, бейіт басында тұрған жұрт түгел күңіренген еді. Кейін екі жылдан соң шешесі қайтыс болғанда да атасынан:

– Апамды қайда апарады? – деп сұраған болатын.

Бұл кезде жауапты атасы емес, осы үйге күйеу саналатын Сәйбек беріп еді. Байсалды қария баланы шошытып алмаудың ең оңай жолын тапқан:

– Алдыңғы жылы папаңды ұйықтатып кеткен жерге апарамыз, балам. Папаң жалғызсырамасын деп алып барамыз, сен жылама, жарай ма, – деген.

– Папама шай қайнатып бере ме?

– Е, сөйтеді, балам…

– Жарайды, мен онда атам мен әжемнің қасында қала беремін ғой, – деп сол бойы көзіне жас алмаған. Қайта мұнан әлдеқайда кіші болса да Сәкен атасы мен Тоқтасын, Смағұл, Айса ағаларының қатарында тұрып алып, дауыс салып, жұртпен көріскен еді. Бұл бір шетте, келген кісілердің атын ұстап, үйге кіргізіп, қолға су құйып, көрші-қолаңдарға көмектескен болып жүрген. Сөйте жүріп: «Осы біздің Сәкенде ақыл жоқ. Атамдардың қасында тұрып алып, соншама өкіргені несі? Апам папама шай қайнатып беруге бара жатса, сонша жылайды ғой өзі. Қайта мына келіп жатқан кісілердің қолдарына су құйып, самауырға отын жармай ма?» деп іштей сөккен де еді.

Осының бәрін сәл ойлап тұрды да, төр алдына малдас құрып отыра кетті. Домбырасына ешкім тиіс­пеген көрінеді. Әдеттегідей күмбір үн екпіндеп құйы­лып барды да, тоқтап қалды. Сонан соң тек өзі ғана тарта алатын бір ырғаққа басты. Домбыра сылқ-сылқ күліп ала жөнелді. Сәлден кейін қос ішектен әлде­қандай өкініш мен өксік қатар естіліп, екі-үш қайырымға дейін мұңды әуез басып отырып алды.

Смайылдың шеке тамыры бүлкілдеп, көзі оттай жайнап, әлдеқандай өкінішті күймен біреуге кектеніп отыра берді.

Кенет құлаққа нәзік, сырлы әуен баяу естілді де, одан әрі үй ішін назды ерке саз қайта жайлап, қалық­тап барып, баяу басылды.

Ол домбырасын үйдің қабырғасына сүйей салып, жастыққа шалқалай құлай кетті. Сонан соң ауа жетпегендей көкірегін қарс айыра «уһ..» деді терең күрсініп. Төбеге тесіле қарап жатты да қойды. Қанша жатқанын білмейді, орнынан тұрғаннан кейін есін жинағандай болған. Көзінің алды дымқылданып қалыпты, жүрегі қауашақтай кеудесінен шығып кетер­дей бұлқынып жатыр. Үйдегі меңіреу тыныштықта тіпті сол бұлқыныс пен дүрсілді өзі де анық естіп отыр. Сол күйді тартса болды өстеді, жүрегі тыпыр­лап, өзінің де есеңгіреп қалатыны бар.

Бұл оның тұңғыш та соңғы күйі еді. Атақты күйші­лердің күйлерін ести сала қайталай беретін қабілетін жұрт жер-көкке сыйғызбай сақтайтын. Күйдің кез-келген дыбысын нақ басқаны былай тұрсын, оған өзінше әр беріп жіберетіні тағы бар. Бірақ жұрттың қолпаштауына есіріп көрген ол жоқ. Қайта: «Осылар өздері қызық! Бір естіген күй мен әнді жаттап алмайтындай несі бар? Бәрі де түсінікті емес пе?» деп ойлап қоятын.

Оған түсінікті сол сырлы дүниенің өзгелер үшін неге жұмбақ екенін Смайыл біле бермейтін. Жұрттың өзін сонша қолпаштайтынына таңырқайтыны да сондықтан еді. Өз мінезінің жұрт үшін таңданарлық екенін де, тіпті оны неге кемсіте беретінін де оның шаруасы болмайтын. Жыл сайын балалар кластан-класқа көшіп, есейіп кетіп жатады. Тіпті, өзімен алғаш мектепке бірге барған Назымгүлдер қазір оныншы оқып жүрген жоқ па? Ал ол төртіншіден әлі тапжыл­майтын емес. Олардың қайда асығып бара жатқан­дарын да ол түсіне бермейді. Үйге келсе, атасы: «Сабақ оқы!», – деп ұрсады. Мектепке барса, мұғалімдер: «Ештеңе білмейсің!», – деп кейиді. Кітапқа қанша үңілгенімен ештеңе түсінбейді. Құлағында әлдеқандай ызың, шуыл, сарын… Кітап бетіне үңілсе болды, бірде құлағына күмбірлеп «Балбырауын» естілсе, бірде адуындап «Адай», кейде ерке назға толы «Балжан қыз» сыңғырласа, кейде екпіндеп «Кішкентай» жетеді. Тіпті, ештеңе ойламайын дегеннің өзінде репродуктордан талай естіп жүрген «Елім-ай, елім-ай» деп шыққан зарлы дауыс жанына маза бермейді. Сонда ол қалай кітапқа үңіліп, сабақ оқымақ? Оқыса да түсінбейді. Мектепке барғалы он жылдың ішінде итшілеп жүріп төртіншіге жеткені де содан шығар. Бірақ оның себебін өз басы әлі ойланып көрмепті. Тек баяғыдағы біріншіге бірге барған өз құрбыларының, одан кейін де бір класта отырған талай балалар мен қыздардың зіңгіттей азаматтар болып кеткенін көрген кезде ғана бір қызғаныш ұялап жүрегінің шым ете түсетіні бар. Әсіресе, күніне бір көрмесе тұра алмайтын Назым­гүлді кездестіре қалса, соңғы кездері тіпті жүрегі бар болғыры өрекпіп, аузына тығылатын болып жүр. Қыз есейіп, әдемі болып кеткен. Анда-санда клуб алдынан Сейітбек екеуін көріп қалады…

Клуб, ауыл советі, совхоз кеңесі қатарына орналасқан екі-үш магазині бар көше осы ауылдың орталығы саналады. Оқта-текте апасы дүкеннен оны-мұны алуға жұмсайтын, жақында тағы бір барғанда клуб алдындағы нар теректің түбінде жарқылдасып, әңгіме-дүкен құрып тұрған Назымгүл мен Сейітбекті көріп тағы жасып қалды. Аяғын шідірлеп тастағандай жүре алмай, көзінің алды тұманданып кеткені бар. Өзінен-өзі қорланып, ол екеуі жаққа қарамауға қанша тырысқанымен әлдеқандай беймәлім күш еркінен тыс мойын бұрғыза берген. Ақыры қыз мұны байқап қалды да:

– Смайыл, ау Смайыл, – деп өзіне қарама-қарсы жүрді. Оның соңынан Сейітбек еріп келеді.

– Смайыл, қайда барасың? Бізбен бірге кино көрмейсің бе?

– Апам қант алып кел деген…

– Ештеңе жоқ, қантты апарып тастап, қайтып кел. Бірге кино көрелік.

– Жоқ, апам ұрсады.

– Қой, Назымгүл оның апасы ұрсады, – деп ерсі жымиып, сөзге Сейітбек араласты. – Жүр кеттік, жас баланы қинап қайтесің.

– Қойсаңшы, Сейітбек, – деп қыз жігітке жақ­тырмай қарады. – Смайылды ешқайсың түсін­бейсіңдер…

– Түсінгенде қайтелік?

– Тым болмаса қорламасаң етті.

– Қызғыштай қоритындай кімің еді бұл сонша? Назымгүл Сейітбекке реніш білдірді де:

– Жүр, Смайыл, – деп, оның қолынан ұстады. – Жүр, қантты екеуміз бірге алып, сендердің үйге барамыз…

– Назымгүл, – деді Сейітбек. – Киноны қайтеміз? Билет ше?

– Мен сенімен киноға бармаймын!

Сол бойы қыз Смайылды ертіп, магазинге кірді, сосын екеуі бірге оның үйіне келді.

Сол жолы оның қуанышында шек болмаған. Жүрегі бұлқынып, жарымжан кеудесін жарып шығып кете жаздап еді-ау! Екеуі жасты болғанымен, сырт қарағанда әпкесіндей көрінетін Назымгүлдің жетегінде үйіне арсалаңдап жетті.

Қыз мұнан бұрын да өзін көргенде ерекше ілтипат көрсететін. Содан кейін бе екен, күніне бір рет олардың кластарының тұсынан өтіп, Назымгүлге ұрлана қарамаса, көңілі көншімейтін.

***

Шал мектепке қайта соққанда музыка пәнінің мұғалімі Кеңес те, мектеп директоры да осында екен. Манағыдай емес, ашуы басылып, көңілі сабасына түскендей болған.

– Балаңыздың мінезіне адам түсінбейді, қария. Домбыра үйірмесіне қатысқалы, міне, сегіз-тоғыз жыл болды ғой, содан бері мені адам қатарына санаған емес. Тіпті кейде бүкіл оркестрге өкпелеп, домбырасын көтереді де, үйіне кетіп қалады. Бір емес, екі емес, осымен бәленбайыншы рет. «Күйді бұзып тартасыз», – деп шақиып шыға келетінін қайтерсің!

– Қарағым-ау, Тәңірі солай етіп жаратқан бір кемтар еді, соның сөзін көңіліңе ауыр алып, оны мұқатпай-ақ қойсаң қайтер еді! Оған: «Айнаға қарап кел» депсің, «ақымақ» депсің, «боқмұрын, безабраз» депсің. Ақылды екенің шын болса, қаршадай баламен ерегіспей-ақ қоймадың ба. Әй, шырағым-ай, бәленбай жыл оқыдық деп шіренгенде Тәңірдің еңбегіндейсіңдер, ал осындай бір жай шаруаға бола жарымжан неменің көңілін сонша жабырқатамысың…

Шал шын ренжіп қалғанын аңғартты. Сөзге араласқан мектеп директоры:

– Ақсақал, – деді байыппен. – Мен ойлантатын мәселе бұл екеуінің арасындағы араздық емес, мүлдем басқа нәрсе. Биылғы оқу жылы аяқталып та қалды. Бала класта тағы қалатын сияқты. Онымен бірге мектепке қабылданғандар биыл оныншыны аяқтамақ. Бойы өспей қалған демесек, Смайылдың жасы сізге де, бізге де мәлім. Менің айтайын дегенім, осы баланы мұнан соң қинамай-ақ қойсақ қайтеді?..

Шалдың шекесі солқылдап кетті. «Япыр-ай, ә? Шынымен бұл балаға оқу қонбағаны ма? Десе де, оқығалы бері он жыл болыпты, әлі күнге еш сабақтың шекесін қыздырмаған екен-ау! Енді қайттім?..».

Оның ойын тыныштықты бұзған мектеп директорының даусы бөліп жіберді.

– Шіркін-ай, домбыраны сұңқылдатқанда көзіңе жас үйірілтеді. Алматыдағы мамандарға хабарлайық дегенде: «Науқас, денсаулығы жоқ», – деп өзіңіз көнбедіңіз. Науқас екенін білеміз. Қаратпаған дәрігерлеріңіз де жоқ. Қайтесіз, туабіткен ауруға дауа жоқ деген сол. Артық айтсам, айыпқа бұйырмаңыз, бірақ мен сізге шындықты айтып отырмын.

– Дұрыс қой, қарағым, дұрыс қой, – дей берді Тұрдақын басын көтерместен.

Сол бойы торысын жетелеп, үйіне беттеді.

Өзі бір атадан жалғыз еді. Үйленді, еңбегіне қарай бірте-бірте дәулет те орала берді. Бір емес, арыстай төрт ұл сүйді. Бәрі де оқуға үйір, білімге құмар болып өсті. Қариялардан естуінше, бұл әулетте өнер қуған ешкім болмаған көрінеді. Әкесі, өз көзімен көрген атасы Боранбай да солай деп отыратын. Бірақ әулеттерінде қолына қағаз, қалам ұстамай, қара танымай кеткен ешқайсысы жоқ.

Немересі Смайылдың төрт-бес жасынан-ақ ән-күйге төгілген радиоқабылдағышқа құлағын тақап алып, аузынан сілекейі аққанша тыңдап отырғанын көргенде, жай балалық құмарлық шығар деп қана ойлап қоюшы еді. Алты жастан асқанда, Сәйбекті үйінде түстеніп отырғанда, сол үйдегі ескі домбыраны арлы-берлі аудастырып көрді де:

– Ата, шертіп көрсетіңізші, – деп Сәйбекке қадалғаны есінде.

Сәйбек ескіше оқып, аузында иманы бар кісі саналғанымен, жастай серік болған домбырасын реті келген жерде тартып отыруды күпірлікке санамайтын жан болатын. Баланың көңілін жықпай, әлдеқандай бір әуенді орындап тастады да, келесіне көшті. Сол кезде Смайылдың көзі оттай жайнап, аузынан сілекейі шұбырып, әуен ырғына қарай басын изеңдетіп отырғанын көрген атасының іші қылп ете түссе де, сырт көзге сыр бермеген.

Көп өтпей Смайыл үйге тоқтамай, құнжыңдап, Сәйбектікіне қарай кетіп қала беретін болған соң, бір күні артынан әдейі аңдыды. Шал Сәйбектің есік алдына жете беріп тұра қалды. Үйден домбыра үні естілді. Домбыра тартып әдеттенбеген адамның шалыс баса беріп отырғанын кәрі құлақ жазбай таныған. Ашық тұрған есіктен сығалағанда домбыраның басына қолы еркін жетіңкіремей отырған өз немересі Смайылды көріп Тұрдақын сенерін де, сенбесін де білген жоқ. Тартып отырған әуені баршаға белгілі «Бір бала» әнінің сазы еді. Бірақ тұсауы кесілмеген сәбидей шалыныса береді, шатаса береді. Дегенмен, нобайын келтіруін келтіріп-ақ қалыпты.

Сол күннен бастап Смайыл «Домбыра алып бер» дегенді шығарды. Сөзбұдайға салып көріп еді, немересі көзді ала беріп, Сәйбектікіне қашып кететінді жиілете берген соң, ақыры қалаға жолы түскен бір күні шал домбыра ала келген. «Әй, осы не тындыра қояр дейсің, көңілі жасымасын» деп ойлаған сонда да. Бірақ айналасы екі-үш айдың ішінде немересі ауыл арасындағы өлең, жырды домбыраға түсіруді қойып, радиодан бір естіген күрделі күйлердің өзін бұлжытпай орындап жүргенін көргенде Тұрдақын есі кете қуанды. Сонда да «ата-бабамызда жоқ кәсіп еді, бұған қайдан дарып жүр?» дегенді жиі ойлайтын. Ойлайтын да қоятын.

Бірінші класты орталай бере Смайыл тіпті науқасшыл болып кетті. Аяқ-қолы сыздайды, үсті-басына желікпе, есекжем, торсылдақ па, әйтеуір, бөрткен көп шығады. Дәрілеп те көрді, қойдың терісіне де салды, арасанға да апарды. Бірақ баланың науқасы сол баяғысынша созылып келеді. Кейде сөйлеген сөзіне, оқу қонбайтынына қарап ақыл-есінде туабіткен кемістік бар ма екен деп ойлайын десе, оның домбыра тартуына таңданып, олай деп тағы айта алмайды. Тіпті ауданға барып, атақты күйшілердің күйлерін орындаудағы шеберлігі үшін де бірнеше рет бірінші орынды алып қайтқаны бар. Оны былай қойғанда, осы үйдің алыс-жақын, туған-туыс, жекжат-жұрағаттарын жаңылыспай түгендеп отыратын да сол. Хабарласпайтындары болса: «Келмей кетті ғой, өздері аман ба екен?», – дейтінін қайтерсің. Ештеңеге қатты қайғыра да, кереметтей қуана да білмейтіндей болатыны шалды толғантады. Оның ең қайғыратын кезеңі домбырасының құлағын Сәкен бұрап тастаған сәттер. Ондай кездері қабағы ашылмайды, үйге кірсе де, тысқа шықса да біреумен ұрысып жүреді де қояды…

Шал үйге кіргенде домбырасын күрсінте өксітіп отырған немересін көріп, табалдырықта абыржып тұрып қалды.

– Тәйт! – деді Тұрдақын кенет даусы әдеттен тыс ащы естіліп. – «Тәйт! Ата-бабаңның аузы!.. Үйге жын-шайтанды ұялатып… Өйткенше, ел қатарлы әрекет істеп, сабақ оқысаңшы! Осы қу ағаш үшін естімеген сөзім жоқ! Он жыл еркіңе жібердім ғой, бәтшағар! Таста енді атаңнан қалса да! Мен қамшы ілетін шегеге апар да, қурап қалғыр қу ағашыңды зарлатпай іліп таста!

Лықсыған өкініш пен өксікке толы күй аяғына жетпей былдырап барып, тұншығып қалды.

– Бұдан кейін менің рұқсатымсыз қолыңа алып көрші!..

Көзі жасаурап қушық жауырын бала есінен мүлде айырылған жандай қарсы алдындағы өмірі өзіне қатты сөйлеп көрмеген атасына меңірейіп қарап қалған. Онсыз да өксік қысып отырған қушық кеудесінен «уһ!» дейтін әдеттегі үнін шығара алмай қыстығып барады.

Ақыры ол қыстығып барып «уһ» деп, көкірегі қарс айырыла күрсінді де, жастыққа шалқалай құлады, домбырасын төсек үстіне атып ұрғанын өзі де байқаған жоқ.

Сол бойы домбыра бірге қабырғадағы тобылғы сапты, қырғыз өрім қамшымен бірге қатарласа шегеге ілініп еді. Смайыл оны енді қайтып қолына алған жоқ. Осы үйге келіп-кетіп жүретін көрші-қолаңдар анда-санда: «Смайыл, айналайын, көңілімізді бір серпілтші», – дер болса, босаға жақтағы шегеде ілулі тұрған домбыраға жыламсырай көз тастайды да, сыртқа шығып кететін…

Бастауыш кластарында оқу жылы аяқталып, Смайыл каникулға шықты. Тіпті олай емес, қолына бесінші класқа көшті деген қағаз тиюін тигенімен, ол мектеппен біржола қоштасқан болатын. Ендігі тірлігі – үйдегі шал-кемпірдің уақ шаруасына қолғабыс етпек. Мұнан кейін ол Назымгүлді де көре алмасын сезді. Жақында қыз оныншыны бітіріп, алысқа оқуға аттанбақ.

Осындай мамыр айының бір кешінде қашаны жауып келу үшін тысқа шыққан еді, есіктерінің алдындағы орындықта құшақтасып отырған екеуді көзі шалып, сәл кідірді. Сөздері анық естіліп тұр.

– Қанша қалды? – деді қыз.

– Енді бес минуттай ғана бар. Сонан соң айдың тұтылғанын көреміз.

Бұл Сейітбек мен Назымгүлдің даусы еді. «Бүгін бәленбай сағат, бәленбай минутта Ай тұтылады екен» деген хабарды бұл естіген. Оның мәнісін түсінбесе де күндегіден ерекше бір құбылыс боларын сезді. Бірдеңеден құр қалатындай ауылдың үлкен-кішісі түгел далаға шығып алып, әлденені күтіп тұр. Сол қызықты бірге көру үшін Сәкен де жаңарақта көрші балаларына кеткен.

Ол Айға қарады. Табақтай Ай Қату тауының қарауытқан жоталарынан екі арқан бойы көтеріліп, бүгін ерекше нарттай қызарып тұр екен. «Тұтылғаны несі?!» деп ойлады ол. Сөйтті де, жаңағы құшақтасқан екеуге таянды. Сейітбек Назымгүлдің иығына қолын асып алыпты, бастары енді-енді болмаса түйісіп кеткелі тұр.

Оның кеудесін тағы да өксік қысты. Әдеттегіден де ащы бір өксік. Ол үйге жүгіре кіріп, атасының рұқсатына да қарамай, домбырасын көтера қайта шықты. Сол бойы ауланың төрінде отын жаруға қойылған үлкен дөңбекке келіп жайғасты, қос ішекті бар пәрменімен тартып-тартып жіберді. Қолы қатайып қалған ба, жоқ әлде осы жаңа ғана нәзік саусақтарында пайда болған түсініксіз дірілден бе, домбыра өз дегеніне бірден көне қойған жоқ.

Бойын тағы да ыза кернеп, қағып-қағып жіберді. Жоқ, жоқ, қос ішектің үстінде он жыл қатарынан жорғалаған нәзік саусақтары ескі сүрлеуден жаңылмапты. Сырғанап ала жөнелді. Дамылсыз сырғанады. Есік алдындағы екеу бұған жақындаған, бірақ Смайыл оларды көрген жоқ. Үйден атасы мен апасы да шығып, оған таяп қалған, оларды да байқамады.

Өзі іштей «Назымгүл» деп атаған жалғыз күйін өткенде Сейітбекпен киноға кірмей, өзін үйден ертіп алып келгенде қызға естірткен де еді. Сол күйді қыз жазбай таныды. Таныды да, Смайылдың мүсәпір түріне қарап, көзіне жас үйірілген. Смайыл бұл кезде нақышты күйдің бел ортасына жеткен. Күйге ілесіп, бүкіл жан-дүниесі езіліп барады. Бұл жолы көзінің алды тек дымқылданып сырғып, иектен өтіп, тамағын жуып бара жатыр еді.

Кенет ол күйді аяқтай бере орнынан оқыс атып тұрды да, қолы дірілдеп, бала жастайғы жалғыз қуанышы, жалғыз сырласы, жалғыз жұбанышын дөңбекке бар пәрменімен қойып қалды. Сындыра алмаған соң үстін-үстін тағы да екі-үш рет пергілеп өтіп еді, домбыра шанағы бөлек-бөлек болып опырылып түскен.

Бұл оның тұңғыш та, соңғы да күйі еді. Өкінішке де, жұбанышқа да толы күйі болатын.

Бұл кезде Ай да толық тұтылуға қалған. Тек орақ қырындай ғана бөлігі балқыған алтындай қызарып көрінеді.

Төңіректі қанкүрең бояуға малынған үрейлі қараңғылық басып алды.

Боранбай әулетіне біткен жалғыз мүгедек домбырашы өмірінде тұңғыш рет көзінен аққан жасқа ие бола алмай тұрған. Сол әулеттің маңдайына біткен тұңғыш домбыраның пәре-пәресі шығып, самауырға салатын жаңқаның арасында жатты.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Оқи отырыңыз!

Close