Ахметжан ЕСIМОВ: Универсиадада үздiк нәтиже көрсетiп жүргендердiң денi – Алматы жастары

Жандос БАЙДIЛДА

Алматы – өнер мен мәдениеттiң ғана қаласы емес, бiлiм мен тәрбиенiң және спорттың ордасы. Халықаралық жарыстарда жүлде алып, ағайынның атын оздырып жүргендер қаншама?ө өнерiмен өрге беттеп, бiлiмiмен бәйгеге түскен жастар Алматының атауын әлемге әйгiлеп келедi. Жастар бар жерде тiршiлiк бар. Сағым келешектiң келбетi бүгiнгi жастардың ой-өрiсi мен болмысынан, оның ұстанымы мен адами қасиеттерiнен немесе спорт атты додадағы жiгерлi мiнезiнен көрiнiс табуы тиiс. Әлемдiк жарыстарда биiктi бағындырғандар мен тұғырдан көрiнгендер оза шауып, суырылып алға шыққандар Алматының оғландары. Алматыдан талант үзiлген емес. Қайта жастардың ордасына айналған Алматыға дарыны мен таланты толыспаған жастар келiп, өз арнасына түсiп кетiп жатады.

Алматыда бiлiм және ғылым министрi Бақытжан Жұмағұлов пен Алматы қаласы Әкiмi Ахметжан Есiмовтiң қатысуымен өткен Бiлiм және ғылым министрлiгiнiң кеңейтiлген алқа мәжiлiсiнде алғаш рет жастар саясаты, дене тәрбиесi, мектептiк және студенттiк спорт саласын дамыту мәселелерi қарастырылды. Оған ҚР Парламент депутаттары, ҚР Президентi Әкiмшiлiгi мен Премьер-Министр кеңсесiнiң өкiлдерi, облыс әкiмдерi және орынбасарлары, облыстық бiлiм басқармасы басшылары, бiлiм мен ғылым саласында жұмыс iстейтiн өңiрлiк департамент директорлары, бiлiм беру ұйымдарының жетекшiлерi, 100-ден астам жоғары оқу орындарының ректорлары, колледж және кәсiби лицейлердiң, бала құқығын қорғау органдары мен жастар ұйымы өкiлдерi қатысуда. Отырыстың шымылдығын министр Бақытжан Жұмағұлов ашты.

– Жақында Елбасы Қазақстан халқы Ассамблеясының ХIХ сессиясында елiмiздегi жастар мәселесiне байланысты келелi әңгiме айтты. Мемлекет басшысы өз сөзiнде республикамыздың барлық өңiрлерiндегi әкiмдерге жастар мәселесiне көп көңiл бөлiп, ұсыныстары мен ойларына назар аударып, мейлiнше жағдай жасалсын деген едi. Бiз бұл жиынның жалғасын басқа да өңiрлерде жүргiземiз. Әйтсе де, бұл мәселе төңiрегiнде отырыстың шымылдығын халқының денi жастардан құралған Алматы қаласынан бастауды жөн деп таптық. Алматы – республикамыздағы ең беделдi қалалардың бiрi. Мұнда бiлiм алған студенттер өз мамандығы бойынша кез-келген мамандыққа оңай бейiмделiп кетiп жатады. Алматы жастардың арқасында жаңарып та, жасарып та отырады. Елiмiздiң әр өңiрiнен келген талапты да талантты буын маңдайалды ЖОО-ның тәжiрибелi мамандарынан дәрiс алады. Алматыда жастардың бiлiм алатын, спортпен шұғылданатын, қыдыратын, қызығатын орындары жетерлiк. Тiптi, Алматы қаласында 2009 жылы елiмiзде алғаш әкiмшiлiк жанынан Жастар саясаты басқармасы құрылып, барша республикамызға үлгi боларлық бастама әкелдi. Жақында министрлiк жанынан ашылған жастарға арналған арнайы бөлiм де Алматы қаласынан үлгi алу тұрғысында дүниеге келiп отыр. Сондай-ақ, биыл Алматы 2017 жылы — Қысқы Универсиаданы, ал, Астана 2017 жылы — Бүкiләлемдiк ЕХРО көрмесiн өткiзу құқығына ие болды. Осыған байланысты қос қалада әлемдiк стандарттарға жауап беретiн нысандар салынады, – дедi министр алқалы жиынның беташарында.

Асылы, Алматы қаласы тек Жастар саясаты басқармасын құру арқылы ғана емес, өзге де ерекшелiктерi арқылы өзге қалаларға үлгi көрсетуде. Мәселен, бұқаралық веложарыс, бұқаралық марафон секiлдi бастамаларымен елге танылды. Министр Алматы қаласы Әкiмiнiң осындай игi iстерге мұрындық болғандығын да тiлге тиек ете келiп, Алматы жайлы жылы сөздерiнен кейiн алқалы отырыстың кезектi сөзiн қала басшысы Ахметжан Есiмовке бердi.

– Алматы қаласында оқушыларды қоспағанның өзiнде 200 мыңнан астам студент бiлiм алады. Ал, 29 жасқа дейiнгi жастардың жалпы саны жарты миллионға жетiп жығылуы әбден мүмкiн. Алматы жастардың көптiгiнiң арқасында көп дүниеге қол жеткiзiп жүр. Мәселен, 2011 жылғы VII Қысқы Азия ойындарының бiр астанасы болды. 2017 жылғы Бүкiләлемдiк Қысқы Универсиада ойындарын Қытай, Франция сынды алпауыт елдердiң үздiк қалаларымен жарыса жүрiп жеңiп алды. Ендiгi ретте, Алатау ауданында кең көлемдегi спорт сарайы салынып жатыр. Универсиада Олимпиададан кейiнгi мәртебелi жарыс болғандықтан, Олимпиада қалашығы да дүниеге келедi. Универсиадаға дайындығымызды пысықтау үшiн әлi 5 жыл уақытымыз бар. Әйтсе де, осы бастан құрылыс жұмыстарын қолға алмасақ, қолымызды мезгiлiнен кеш сермеп қалуымыз да мүмкiн.

Бүгiнде қаладағы барлық ЖОО-ның спорттық жағдайын бақылауда ұстап отырмыз. Осы уақытқа дейiн Универсиада сындарына қазақ студенттерi алты мәрте қатысқан. Сол жарыстарда жүлде салғандардың денi Алматыда дәрiс алғандар. Алдағы уақытта да қала жастарының мәртебелi жарыста биiктен көрiнуi үшiн қолдан келгеннiң барлығын жасаймыз. Алматыда бiлiм алып жатқан студенттерге спортпен шұғылдануға жеңiлдiктер жасайтын боламыз, – дедi қала басшысы Ахметжан Есiмов.

Алқалы жиында Спорт және денешынықтыру iстерi жөнiндегi агенттiк төрағасының орынбасары Елсияр Қанағатов сөз алып:

– Әлемдiк тәжiрибеге қарағанда, спортпен шұғылданатын халықтың қатары 30 пайызға жеткенде ғана елде әлеуметтiк мәселелердi шешуге үлкен қадам жасалады. Осы ретте жалпы есеп бойынша елiмiздегi спортпен айналысатындардың қатары 20 пайыздан асты деуге болады. Елбасының Жолдауында көрсетiлгендей, 2020 жылға дейiн спортпен шұғылданатын халықтың саны 30 пайызды құрауы тиiс. Бiз Универсиада, Азиада сынды халықаралық жарыстар өткiзу арқылы сол меженi көздеп отырмыз.

2017 жылы бүгiнгi университет табалдырығында жүрген талантты спортшылар қызметкерге айналады. Сондықтан, болашақ чемпиондарды мектептен бастап тәрбиелеуiмiз қажет, – дедi өз баяндамасында.

P.S. Биыл да жүз мыңдаған түлек мектеппен қоштасты. Көздеген мақсаты мен жоспарын жүзеге асыру үшiн әртүрлi мамандыққа тапсырды. Әйтсе де, әр адамның бейресми мамандығы ретiнде спортпен шұғылдану да қатар жүруi тиiс. Сонда ғана өзiңiздi шымыр қылып, өзгелердi шынығуға мәжбүрлейсiз.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *