Ахметжан ЕСIМОВ: БҰЛ ЖАҒДАЙ – ҚҰҚЫҚ ҚОРҒАУШЫЛАРДЫҢ ҚЫЛМЫСТЫҢ АЛДЫН АЛУДА ЖЕТКIЛIКСIЗ ЖҰМЫС IСТЕУIНЕН

Айнабай МӘДИ

КешеАлматы қаласының Әкiмi Ахметжан Есiмов құқық қорғау органдары басшыларының басын қосып, шұғыл жиын өткiздi. Онда қала басшысы Iшкi iстер департаментi басшылығына 28-шiлдеде қызметтiк мiндетiн атқару кезiнде қарулы қарақшылар шабуылынан қаза тапқан қос полиция қызметкерiнiң отбасына материалдық жәрдем жасау қажеттiгiн тапсырды. Шаһар басшысы қала Әкiмiнiң орынбасары Виктор Долженковқа атыс кезiнде бүлiнген пәтерлердi қысқа мерзiмде жөндеудi жүктедi.

– Қылмыскерлердi құрықтау операциясы кәсiби деңгейде жүргiзiлiп, соның нәтижесiнде бандиттер жойылды. Жедел шараны ұйымдастырушылар мен бейбiт тұрғындар арасында зардап шеккен ешкiм жоқ. Алайда, қаламызда 2 сағат бойы атыс болуы – тосын жағдай. Бұл жағдай құқық қорғаушылардың қылмыстың алдын алуда жеткiлiксiз жұмыс iстеуiнен орын алды, – дедi қала басшысы.

 Болған оқиғаны саралай келе қала Әкiмi А.Есiмов құқық қорғаушылардан Алматыға келушiлермен жұмыс iстеудi күшейтудi талап еттi. Шаһар басшысы аудан әкiмдерiне қалалық IIД-мен, ПИК-пен бiрге, жалға берiлетiн пәтер қоры жөнiндегi ақпаратты жүйелендiрудi жүктеп, қоғаммен алдын алу жұмыстарына назар аудартты.

Әкiм Жол полициясы басқармасына Алматыға көлiкпен келетiндердiң тексерiлуiн бақылауды күшейтудi тапсырды. Статистикаға сүйенсек, күн сайын Алматыға сырттан 200 мыңдай автокөлiк келедi екен. Соның басым бөлiгi Алматыда тiркелмейдi. Ахметжан Смағұлұлы құқық қорғау органдарын бiрлестiретiн Қоғамдық кеңес құру мәселесiн қарастыруды тапсырды.

– Алматы – Қазақстанның ең iрi әрi бай қаласы. Содан да болар, бұл қалаға өзге өңiрлерден келушiлер көп, келе де бермек. Бiрақ, құқық қорғау органдарының жұмысы алматылықтардың өздерiн қауiпсiз сезiнуiне жағдай жасауы тиiс. Өткеннен сабақ алуға тиiссiздер, – деп қадап айтты қала Әкiмi.

Газетiмiздiң өткен санында (31-шiлде, №92) жарияланған «Талтүсте атылған оқ» атты мақалада полицейлерге қастандық жасалып, қала тұрғындары мен қонақтарын дүр сiлкiндiрген қарақшылық шабуыл жайында айтып, қандықол қарақшылардың алматылықтар еместiгiн сенiммен айтқанбыз. Солай болды да. 5йткенi, нағыз алматылықтар қылмысқа, қаныпезерлiкке бармайды.

Алматылықтардың ұйқысын бұзған қанды оқиғаға қатысушылар елiмiздiң шығысындағы бiр түрмеде «тағдыр тоғыстырғандар» екен. Олардың төртеуi – шығысқазақстандық болса, бесiншiсi – Жамбыл облысының Шу ауданының, алтыншысы – Алматы облысы Панфилов ауданының тумасы болып шықты.

Өткен сенбiде Алматының Түрксiб ауданы аумағында патрульдiк полиция қызметкерлерiне тұтқиылдан оқ атып, бiрiн өлтiрiп, бiрiн өлiмшi еткен (бұл полицей де сейсенбi күнi ауруханада көз жұмды) қандықол қарақ- шы топ дүйсенбiде «Ақкент» аумағындағы үйлердiң бiрiндегi жалдамалы пәтерде жасырынған жерiнде жойылды.

КЕРЕК ДЕРЕК

Қандықол қарақшылар жойылған соң «Ақкент» ықшамауданында 30 пәтердiң жалға берiлгенi анықталды. Бiрақ, тұрғындар туралы бұл ақпарат полицейлерде жоқ боп шықты.

Былтыр учаскелiк полицейдiң штаттық саны 123-ке артып, 50 адамнан жасақталған экологиялық полиция құру үшiн қалалық бюджеттен 296 млн. теңге бөлiнсе де, әлi күнге дейiн Iшкi iстер министрлiгi аталған штатты бекiткен жоқ.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *