АХМЕТ БАЙТҰРСЫНОВТЫҢ НЕМЕРЕСІ

Бұл естелік-мақалам аяулы анам, Қазақстанның халық жазушысы Сырбай Мәуленовтің жары Күлжамал Әміроваға арналады

Қасым МӘУЛЕНОВ,

заң ғылымының докторы,  профессор, ғылым саласы бойынша Шоқан Уәлиханов атындағы сыйлықтың лауреаты, Индиана университеті (Блумингтон қаласы, АҚШ) заң мектебі Фулбрайт бағдарламасының стипендиаты

 

Орыстың көрнекті ақыны, КСРО Мемлекеттік сыйлығы­ның лауреаты Константин Ваншенкиннің «Жена писателя – это, можно сказать, профессия. Но главное – как в любой семье. Просто жёны бывают любящие и не любящие. Так вот, истинная любовь к мужу – основное качество жены писателя. Не только уважение к его дару и делу, но понимание, долготер­пение. Вера и доверчивость. Жертвенность» деп жазғаны бар.

Анам Күлжамал әкем Сырбаймен танысқанда он жетідегі бойжеткен қыз еді. Қостанайдағы Ы.Алтынсарин атындағы мектептің 10-класында оқып жүрген кезі екен. Әкем болса жалаңаяқ құм кешіп, ат арбамен жар жағалап жүріп мақала жазатын, жергілікті газеттің Федоров, Пешков аудандарындағы жас тілшісі. Екеуі көңіл жарастырып, 1941 жылы шаңырақ көтереді. Келесі жылы үйдің тұңғышы Дүйсен өмірге келеді.

Сол жылы Сырбай  өз еркімен сұранып майданға аттанады. Офицерлік курстан өткен соң оны саяси нұсқаушы шенімен Волхов майданына, қоршауда қалған Ленинградты азат етуге жібереді. Әкемнің шығармашылық жолында майдан лирикасы ең алдыңғы орындарда тұрды. Оның бірқатар айтулы поэмалары да сол майдан даласында, нақтырақ айтсақ, Ленинград түбіндегі Синявинск шыңдары майданында туған. Олардың қатарында менің аяулы анам Күлжамалға деген сырлы сезімін білдірген өлеңдері де болған.

 

Қош бол, Тобыл аруы!

 

Менмін адал ар ұлы,

Қазғаным жоқ саған ор.

Қош бол, Тобыл аруы,

Қош бол енді, аман бол!

 

Сөніп қалған жалыны

Саған деген күз ішім.

Қош бол, Тобыл аруы,

Ай да тумас біз үшін.

 

Кірлеп босқа жанымды

Таға алмассың маған мін.

Таптағам жоқ арыңды

Алдағам жоқ, адалмын.

 

Қалдым аман жалыннан

Жауынсыз жаз өртенбей.

Қалдым аман ағыннан

Құшағында ерте өлмей.

 

Сен кездестің болып у,

Қайдан табам дәріні…

Қиын енді жолығу,

Қош бол, Тобыл аруы!

 

Сағыныш

 

Адамдық ізгі жүрек ары үшін,

Қорғасам қан майданда ел намысын.

Сарғайып атқан таңдай сәуле беріп,

Сақтаған сары алтындай сағынышың.

 

Сөнер өрт, түсер әлем қалыбына,

Жарыңның жадырарсың жанын ұға.

Соғыстың ызғарынан арылармын,

Жылынып жүрегіңнің жалынына.

(1942. Волхов майданы)

 

Сен мені ойладың ба?

 

Түсімде көрдім.

Тобылдың қойнауында,

Тобылғы ішінде көрдім.

«Жүрмеймін, көтермесең», –

Деп маған еркелейсің.

Өтірік кетем десем,

«Кетпеші, ерте», – дейсің.

Айтасың: «Ұрсып анам,

Жөнімді сұрады», – деп.

«Болдым-ау қырсық саған», –

Деймін мен жылағым кеп.

Сен мені жұбатасың,

Мен сені жұбатамын.

Кетпеген балалығы

Кейпіңді ұнатамын.

Сен мені ойладың ба?

Түсімде көрдім.

Тобылдың қойнауында,

Тобылғы ішінде көрдім.

 

Туған жер

 

Торғай бойы, Тосын жері

Бұйра құмның бөктері.

Жаз самалы жан тербетті

Қандай әсем көктемі.

 

Биік шыңның бауырында

Бұйра толқын бал бұлақ.

Бүгін мені қарсы алғандай,

Ағып жатыр сылдырап.

 

Құрбылармен әзілдесіп,

Ойнап-күліп күн ұзын.

Көк шалғында көтеремін,

Сырлы аяқтың қымызын.

 

О, достарым, туған жердің

Жүзі ыстық керемет.

Тұр ма әлде тас төбемнен,

Ғажайып нұр себелеп.

 

 

 

1943 жылдың 18 қаңтарында Ленинград шайқасы кезінде әкем ауыр жарақаттанып, оң қолынан айырылады. Госпи­тальдан ем алып, ес жиып, өз-өзіне келген соң, туған топырағы Қостанайға оралып, журналистік қызметін облыстық газетте жалғастырады.

Әрине, барлық кезде оның жанында менің анам, Ахмет Байтұрсыновтың немересі – Күлжамал Әмірова болды. Әкем өткен ғасырдың 40-жылдары өзін «халық жауының немересінің күйеуі» деген сылтаумен арлы-берлі сүйреген, әр басқан ізіне шам алып түскен Қауіпсіздік Комитетінің қаһарынан да сескенбеген, бой тасаламаған. Өйткені, ол үшін махаббат деген аяулы сезім, анама деген құрмет бәрінен биік еді.

Бала күнімде әкемнен атам туралы (Сырбай Мәуленовтің әкесі Тай Мәуленов) көп сұрайтыным есімде. Ал анамның әкесі, туған-туысы жайлы сұрау біздің отбасында жабық тақырып болатын. Нағашы атам Әмір Қалиев «халық жауы» атанып, Сібір жерінде ГУЛАГ-та қайтыс болған деседі. Тек 1997 жылдың аяғына қарай ол туралы нағыз шындықты білдім. Дәлірек айтсам, Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасына жолдап сұрау салған хатыма ресми түрде жауап алдым. Онда Ахмет Байтұрсыновтың немере інісі – нағашым атам Әмір Қалиевтің ақталғандығы туралы мәлімет көрсетілген болатын. Әмірдің әкесі – Қали Байтұрсынов Ахмет Байтұрсыновтың ең үлкен туған ағасы. Міне, шешем Күлжамал Әмірова осылайша Ахмет Байтұрсыновтың немересі болып келеді.

Нағашы атам Әмір 1929 жылы Қостанай округіндегі көтеріліске қатысқаны үшін түрмеге жабылған. Атамның одан кейінгі өмірі, тағдыры қалай болды екен деген сұрақ мені көп мазалады. Әмір Қалиевтің ақталғандығын растайтын, 1997 жылдың 29 қазанында мөрі басылып, біздің отбасы мүшелерінің қолына тиген ресми құжатта оның 1941 жылдың 8 қарашасында қамауға алынғаны, 1942 жылдың 9 желтоқсанында КСРО-ның НКВД жанындағы Ерекше кеңес шешімі бойынша Қылмыстық Кодекстің 58-бабы, 10-тармақшасымен еңбекпен түзеу лагеріне (ИТЛ) 10 жылға  айдалғаны, ал 1943 жылдың 16 мамырында НКВД-ның Ивдельск лагеріне (Свердловск облысы) жер аударылғаны туралы жазылған.

 

ГУЛАГ құрбандары

Қазіргі буын ГУЛАГ (Еңбекпен түзеу лагерлері мен жер аударылғандар қоныстарының және қамау орындарының Бас басқармасы) туралы тек естігендері, оқығандары бойынша ғана біледі. Осы бір қатыгез жазалаушы орган сталиндік режим кезінде құрылған болатын. 1930 жылдың аяғынан бастап ГУЛАГ КСРО-дағы ең ірі өндірістік бас комитетке айналған. Онда бас бостандығынан айырылғандардың, жер аударылғандардың еңбек күші мәжбүрлі түрде пайдаланылған. Ұлы Отан соғысы жылдарында да тұтқындардың және депортацияланған халықтың күші алып державадағы өндірістің барлық саласында кеңінен енгізілген.

Экономиканың әкімшілік-командалық жүйесі тұсында осы ГУЛАГ елдегі халық шаруашылығы жүйесімен де қоян-қолтық жұмыс істеп жатты. 1920-1930 жылдары Урал аймағында ашылған осындай мәжбүрлі түрде еңбекпен түзеу лагерлерінің көптеп ашылғанына қарамастан, 1937-1938 жылдары Свердловск облысының аумағында да лагерлер жүйесі құрыла бастады. Олар Ивдельлаг және Севураллаг деп аталды.

Әрине, түрме лагерлерінде қайбір жарытып тамақ береді дейсіз,  бір кесе быламықты талғажау ете жүріп бел қайыстырар ауыр жұмыстар істеген, жәй ғана қолды жуудың өзіне еш жағдай жасалмаған, оның үстіне қатал ауа райына төзе алмаған тұтқын­дардың көбі азып-тозып, жадап-жүдеп, әбден титықтап-ақ көз жұмып, өлім-жітім көрсеткіші жоғарылай бастады. Бірақ лагерь басшылығы жоғары жақтың бұйрығымен тұтқындардың көз жұму себептерін жасырып қалатын. Мысалы, 1942 жылы 28 күннің ішінде Севураллагта адам ағзасының тозуынан 896 тұтқын қайтыс болады. Ал Ивдельлагта 1153 адам о дүниелік болған.

НКВД жанындағы Ерекше кеңестің 10.02.1945 жылғы қаулысымен Әмір Қалиевтің жаза мерзімі 5 жылға қысқартылады. Бірақ нағашы атам бұл хабарды естіместен, тұтқында жүріп 1945 жылдың 3 қаңтарында қайтыс болып кетеді. Біздің аталарымыз қатысқан Қостанай даласындағы сол бір көтеріліс сол дәуірдегі Кеңес өкіметіне бойұсынғысы келме­ген қазақ ұлтының рухты мінезін көрсетке керек. Бұл көте­рілістер мемлекет және қоғам қайраткері Ахмет Байтұрсынов сынды Алаш азаматының есімімен де тығыз байланысты.

1929 жылы Ахмет Байтұрсынов Қостанай округіндегі көтерілісшілерге арнап жазбаша түрде мәлімдеме жасайды. «Орыс шаруаларына көп жеңілдік қарастырылған. Мысалы, жеке ауылшаруашылығы салығын, мәжбүрлеп нан жинатуды алып тастау және т.б. Жалпы, орыстар талап еткен құқықта­рына қол жеткізді. Ал біз, қазақтар, әлі күнге үреймен, қорқы­нышпен өмір сүріп келеміз.  Бұлай жалғаса берсе, біздің құр сүйегіміз ғана қалады. Сондықтан қазірден бастап халықты колхозға жазылмауды үгіттеу керек. Колхоздан кейін бәрі коммунхозға бірігеді, сонда өзімізден ештеңе де қалмайтын болады. Яғни жекеменшік деген ұғым мүлдем жойылады. Осы күнге дейін осыншама колхоз бірікті деп ақпарат таратып жатқан газеттерге сенбеңіздер. Бәрі жалған. Мұны коммунистер елдің ішіне іріткі салып, арандату үшін айтып отыр. Әр түрлі өкілетті органдардың және аудан агенттерінің сөздерін бас шұлғып мақұлдай бермей, олардан нан, басқа да тауарлар беруді талап ету керек. Осы жылы (1929 жыл) көздеген мақсатқа оңай жетуге болады. Өйткені, большевиктер көтерілісшілерге қысым көрсетейін десе жан-жақтан жаппай бас көтеріп жатқан қостанайлық орыс мұжықтарынан да тартынып отыр. Осы сәтті оңтайлы пайдаланып ашық әрекетке көшкен жөн. Бірақ аса сақ болған дұрыс, ешкімді мертіктірмеу керек. Әйтпесе олар қарулы әскер шығарып, халыққа сес көрсетіп таратып жіберуі мүмкін. Ол кезде ұйымдасу, бас біріктіру қиынға соғып қалады. Кеңес өкіметі көп ойланып жатпастан алдымен қатал заңдарын өзгерте бастайды. Сол тұста біз өкіметті өз қолымызға ала қоямыз», – дейді Алаш қайраткері. Міне, Қазақстан тарихында осы тектес әлі де аз зерттелген, терең зерделеуді қажет ететін тарихи деректер бар.

1934 жылы анамды ата-анасы Қостанайдан Алматыға жібереді.  Сөйтіп, шешем 1937 жылға дейін Ахмет Байтұрсыновтың отбасында тұрады. Сырқат Ахмет пен оның зайыбы Бадрисафаның жанында болып, екеуіне күтім жасайды. Шешем бала да болса сол кездегі НКВД жендеттерінің Ахмет Байтұрсыновтың үйіне жиі-жиі жасалатын тінту жұмыстарын ешқашан ұмытпағанын, бәрі көз алдында екендігін бізге әңгімелеп отыратын.

Олар дүние емес, дос жиды

1953 жылы әкем Сырбай Алматыға жұмысқа шақырту алады. Ол тұста біздің отбасында 5 бала және әжеміз Алмагүл болған. Ал тіршілігі қайнаған үлкен қалада 8 адамнан тұратын бір үйлі жанға баспана табу қиынның қиыны еді. Бірақ алған бетінен ешқашан қайтпайтын табанды мінезі бар анам Күлжамал Никольский базары маңындағы Мечников көшесінде орналасқан жер үйдің жертөлесінен орын табады. Үйдің иесі Катя есімді тәтей біздің отбасына дәл осы жерде он жылға жуық тұруға мүкіндік береді. 1955 жылы сол жертөледе мен өмірге келіппін. Ал 1958 жылы біздің ең сүйікті ініміз, кенжеміз Ғазиз дүние есігін ашады.

Бұрын мұнда сазгер Әбілахат Еспаев тұрған көрінеді. Есім енді кіре бастаған шақта көз алдымда қандай оқиғалар қалды дегенге келетін болсам, әр аптаның соңына қарай, яғни жұма сайын әкемнің достары – Мұзафар Әлімбаев, Әди Шәріпов, Жұбан Молдағалиев, Әбу Сәрсенбаев, Мұқағали Мақатаев, Жұмекен Нәжімеденов, Қабдыкәрім Ыдырысов, Қасым Тоғызақов, Серік Қирабаев, Ғафу Қайырбеков, Жәрдем Тілеков, Әнуар Әлімжанов, Қуандық Шаңғытбаев, Балғабек Қыдырбекұлы, Ғаббас Жұмабаев, Сафуан Шаймерденов, Тұманбай Молдағалиев, Шерхан Мұртаза және басқа да ағалар біздің үйге қонаққа келетін. Тіпті, кейбірінің дүйсенбіге дейін қонып қалатыны есімде. Анам Күлжамал олардың жейделерін жуып кептіріп, аяқкиімдерін сүртіп тазалап, ал біз шалбарларын үтіктеп беріп, дүйсенбі бәрін бірге сергек қалпында жұмысқа шығарып салатынбыз. Анамның жайған дастарханынан дәм татып, бір қабақ шытпастан ұсынатын кесесінен талай мәрте ыстық шәй ішкен осы жас ақындар мен жазушылардың көбі кейін қазақ әдебиетінің классиктеріне айналды.

Иә, менің әкем дүние жимады, дос жиды. Ол өмірдің бар өлшемі мен қадірін достықпен бағалайтын. Соның арқасында үйімізден бекзат кісілер үзілмеді. Осы өмірдің ішінде талай-талай тұлғаның қолдарына су құйдық. Жақсылармен болған әр күнің бір ғасырға тең екен. Біз үшін бұл өмір, өнеге, оқу, тағылым мектебі болды. Одан жаман болғанымыз жоқ. Бізге бұдан асқан университет болмады. Қазақтың біртуар тұлғаларының батасын алып өстік. Солардың шарапаты шығар, бүгінде әке жаққан отты әлі өшірмей келе жатырмыз.

Әдетте, аса дарынды адамдардың өмірде қарапайым, ұсақ-түйекпен ісі жоқ болатыны, пендешілік атаулыдан биік тұратыны, күйкі тірліктің ызыңын місе тұтпайтыны, шаруаға қыры жоқ екені белгілі. Әкем де сондай қызық жан еді. Өмірбақи газға от жағып, шәйнек қоюды білмеген, дүкенге аяқ баспаған, есікті де өзі ашпаған, тіпті өзіне кісі болып бір жейде сатып алмаған. Оны мұндай күйкі тірлікке араластырмаған, әрине, менің анам ғой.

 

Мейірім құшағында

 

Әкем базбіреулердей балаларын «өтірік» жақсы көруді де білмеуші еді. Кейбіреулер қонақта не болмаса басқа жерде отыра қалса болды отбасын, әйелін, балаларын мақтауды әдетке айналдыра бастайды емес пе. Ал марқұм әкем болса осындай жасанды, орынсыз мақтауға жаны қас болатын. Бізге деген мейірімін жыр жолдарымен жеткізуді мақұл көретін. «Біздің әулеттен бір академик шығар ма екен, осы» деуші еді. Ондайда анам «несі бар, ақын бар, енді академик те болар» дейтін. Бейбіт ағам өмірген келгенде әкем «Төр алдында орным дайын ба деп, жас Мәуленов келеді есік ашып» деп «Мәуленовтер келе жатыр» деген өлеңін жазған екен. Демек, біз де оның шабыт берушісі, қанаттандырушысы болыппыз. Соңғы рет төсек тартып жатқанда да «Жеті жұлдыз, жеті аспаным бар» деп қанаттанып, рухтанып, сілкініп-сілкініп сөйлегені бар. Осылайша перзентке деген ішкі сезім сырын, сүйіспеншілігін тежей алмаған сәттерде ағыл-тегіл жыр жолдары туатын.

Бала күнімнен әкемнің өзінің жазған өлеңдерімен қалай тынымсыз жұмыс істейтіні көз алдымда жатталып қалыпты. Әкеме өз жазғандары ұнамайтын болуы керек, өлең жолдары түсірілген ақ парақтарды лақтырып не жыртып тастайтынын жиі көруші едім. Ал анам әлгі қағаздарды алақанына түгел жинап алып, оларды ерінбей-жалықпай бір-біріне желімдеп қойып, күндердің күнінде уақыт өте келе сол қағаздарды әкеме көрсететін. Көрсетіп қана қоймай, кей өлең жолдарындағы мағыналы тұстарына пікірін қосып, қайта шабыттандырып қоюшы еді.

Иә, әкемнің өлеңдерінің ең алғашқы рецензенті анам болатын. Әкемнің анама айлы түндерде өлеңін оқып беріп отыратынын бала да болсақ талай көргенбіз. Біз осылай бір-бірін қадірлей, қолдай білген, риясыз сүйген ата-ананың құшағында мейірімнен кенде болмай өскен баламыз.

Әкем бір орнында отырып жұмыс істеуге дағдыланбаған кісі еді. Күн-түн ыңылдап, ойланып жүреді екен де, бір күні ақтарылады дейтін анам. Кейде табанасты отыра қалып, нөсер құйып өткендей селдетеді екен. «Мұндай сәттерде тордағы арыстандай арпалысып, әрлі-берлі теңселіп кететін, бір үйді бір өзі толтырып отыратын. Өлең шіркін кәдімгі таудан құлаған бұлақтай арындап, сарқырап төгіліп жататын. Осындай бір шырынды, шабытты шақтар Сырекең өмірінде көп кездесетін. Осындай сәтті көрген кім-кім де ләззаттанбай қалмаушы еді. Жазу мен оқуы мүлдем бөлекше жататын еді ғой. Өлеңді екпіндетіп, тасқындатып оқитын», – деген анам бірде.

«Қазақ әдебиеті» газетінде Әлия деген машинистка апай болыпты. Әкем өлең келгенде сол апайды үйге шақыртып алып диктовка жасайтын көрінеді. Менің ол кезде 6-7 жасар бала кезім. Бәрі тілімді қызық көріп сөйлете береді екен.  Әлия апайдың төбесі көрінгеннен, «раз, два, запятая апай келе жатыр» деп алдынан жүгіріп шығады екенмін.

Мен өзімді Сырбай ақынның ұлы еке­німді мақтан етемін! Ұлы Отан соғысы кезін­де қан майданда оқ пен оттың ортасында жүріп, мына біз үшін – Дүйсен, Жеңіс, Бейбіт, Ғазиз бен аяулы әпкелерім Бақыт­жамал мен Сақыпжамал үшін, көрер жары­ғы­мыз үшін тірі қалғанына мың мәрте риза­мын, осындай ата-ана берген тағдырыма ризамын!

 

Менің жеті балам бар

 

Менің жеті балам бар,

Жеті арқа тірер асқарым бар.

Менің жеті далам бар,

Менің жеті аспаным бар.

 

Мен жыласам – жеті жер бір жылайды,

Мен құласам – жеті аспан бір құлайды.

Жеті жүрек, құласам, әлсіз соғып,

Жеті жанар тұман боп бұлдырайды.

 

Ажал шіркін берсе де бір күн елес,

Маған батып келуі мүмкін емес.

Жеті жүрек өлуі мүмкін емес,

Жеті жанар сөнуі мүмкін емес.

 

Иә, біз бір құрсақтан жетеуміз. Ең үлкеніміз – Дүйсен Қаржы және жергілікті өнеркәсіп министрліктерінде істеді, басқарма басшысы болды. Жеңіс – инженер еді. Өкінішке қарай, үлкен ағаларым өмірден өтіп кетті. 2014 жылы кенжеміз әрі сүйіктіміз, заң ғылымының докторы, профессор, отставкадағы полиция полковнигі, қазақстандық танымал криминолог, ҚР Білім және ғылым министрлігі жанындағы «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» грантының иегері  Ғазизды да жоғалтып алдық.

Қазіргі таңда төртеу ғана қалдық. Үлкен әпкем Бақытжамал – энергетик, ҚазКСР Мемлекеттік Бас жоспарында, ҚР Президенті Аппаратында қызмет еткен. Сақыпжамал әпкемнің де ғылымда өз орны бар, экономика ғылымының кандидаты, профессор. Ағам Бейбіт те ҚазКСР Мемлекеттік Бас жоспарында із қалдырған, «Тұран Әлем» банкінде қызмет атқарды, бүгінде бизнеспен айналысады.

Анам Күлжамал – барлық саналы ғұмырын, ұйқысыз түндері мен жаймашуақ күндерін, жүрегінің жылуы мен мейірімін әкем мен бізге арнаған өте ғажап әйел. Анам әкеммен отасқан 52 жыл ішінде тек қана құрмет көргенін нық айта аламын. Әкемнің арқасында баспаған тауы, бармаған жері қалмады. Дүниенің төрт бұрышын аралап, әдейілеп іздесең де кезіктіре бермейтін атақты адамдармен талай мәрте мәртебелі орындарда, өз шаңырағында да дәм-тұздас болды. С.Норавчатов, С.Михалков, Н.Тихонов, В.Кожевников, Г.Некрасов, М.Кәрім, С.Құдаш, Б.Кербабаев, М.Тұрсынзаде, Д.Кугультиновтер төрімізде отырып ой толғады, сыр шертті, жыр оқыды.

Шешем табандылығының, әкемнің мұрасына деген жанашыр көзқарасының арқасында Қазақстан Үкіметіне де хат жолдады, министрліктердің де есігін қағудан, табалдырығын тоздырудан шаршамады. Облыстардың да, Алматы қаласы әкімдерінің қабылдауына да жазылды. Нәтижесінде елімізде әкем­нің атымен ашылған мектеп, көшелердің салтанатты жиындарының төрінде де өзі отырды. Мектеп ішінен Сырбай Мәуленов атындағы музейлердің ашылуына мұрындық бола білді. Әкемнің шығармаларының басын біріктіріп, бірталай кітап та басып шығарды. Анам, әсіресе, шефтік қамқорлығына алынған мектептердің оқушыларына көп көңіл бөлді. Бүгінгі таңда Сырбай Мәуленов атын иемденген үш мектепте бес мыңнан астам бала білім алып жатыр. Бұл – мен үшін де үлкен мәртебе.

Сөйтіп, екеуі тектілігіне тәкаппарлығы, сырбаздығына сұңғылалығы, нәзіктігіне мәрттігі қосылып шынайы өмір сүре білді. Мен бүгінде өзім де біраз жасқа келсем де, анамды да, әкемді де әлі күнге балаша тебірене іздеймін, сағынамын.

 

Біздің үйдің шырақшысы еді

Осы орайда әкемнің замандасы, жан досы болған Сәбит Мұқановтың жары – Мәриям Мұқанкелінінің марқұм анам туралы көзі тірісінде айтқан риясыз лебізін жаза кетсем, артық болмас деп ойлаймын.

– Күлжамал туралы айтсам, жүрегім нұрға толып кетеді. Ол әйелдің әйелі ғой. Әйелдің жақсылығы – еркектің бағы. Ең алдымен, сол бақ отбасында орнауы керек. Отбасыңның өмірі қал­пында болмаса, мейлі сен патша болсаң да ешқашан бағың жанбайды. Сырбайдың өзі қағазы мен қаламынан басқамен шаруа­сы болмаған, бір өзі жеті балаға татитын адам еді ғой, жарықтык. Үй шаруасымен ісі болмаған. Өзі момын кісі, бағына орай жақсы әйел кезікті. Талантты адам елге керек. Ал оның бабын келтірмесе тағы да бола ма? Міне, Күлжамал сол талант­тың жолына бар ғұмырын сарп еткен жан. Жарғақ құлағы жастық­қа тимей жүріп Сырбайдың ескерткіш-тақтасын ашты. Артында шаңырағын ұстап отыр. Өмірден талай жолдасымыз өтті ғой. Бүгінде біле білген кісіге солардың кейбірінің орны да жоқ. Сол үйде шырақшы болып шамын жағып отырса сол әйел ғой, дана ғой, шіркін! Сырбай кеткенмен артында балапандары қалды. Құдайға шүкір, бәрі де абыройлы. Солардың бәрін бір шаңыраққа үйіріп, ақылы да, қуаты да жетіп Күлжамал отыр. Басқа балалары секілді Қасымжан ұлының да ісіне сүйсініп отыра­мын. «Әке көрген оқ жонар» деген осы. Әкесін іздеп тұра­ды. Құдай жоқтаушысы жоктаң сақтасын. Бала болса Қасымдай болсын!

Кім өлмейді дейсіз. Бірақ соның орнын ұстап отыратын орманның иесінің бәрі Күлжамалдай болсайшы. Сол үшін де Күлжамалға алғысым шексіз. Күлжамалды айтқаным – Сырбайды айтқаным ғой. Сырбайдай халқының мәңгілік махаббатына бөленген марқасқалардың көтерген туын жықпай келе жатқан әйелдердің алдында басымды иемін! – деген әдемі естелігін қалдырып еді Мәриям апайым.

Менің де анамды айтқаным – әкем Сырбайды айтқаным ғой. Былтыр анам Күлжамалдың 95 жылдығына ас беріп, Құран бағыш­тадық. Ал 2022 жылы 17 қыркүйекте елімізде халық жазушысы Сырбай Мәуленовтің 100 жылдығы аталып өтеді деп отырмыз.

Егер сөз қадірі мен азаматын алақанына салып аялай білетін ел аман болса, ақын аты асқақтай берері сөзсіз. Әкемнің шығармашылығы келер ұрпақтың рухани қажеттілігін өтей беретініне де еш күмәнім жоқ. «Алматы ақшамы» газетінің барлық оқырманын біздің осы мерейлі күнімізге ортақ болуға осы бастан шақырамын.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Оқи отырыңыз!

Close