Ахаңның үйі – Алаштың ары

Айкерім РАЙЫСҚЫЗЫ

 

25 жыл заңдастырылмаған Байтұрсынұлы мұражайының келешегі кімнің қолында?

 

Алаштың ардақтысы Ахмет Байтұр­сын­ұлының 1934 жылдан 1937 жылға дейін тұрған үйі бүгінде мұражай. Қаланың қақ орта­сында орналасқан өзіндік ерекше кескінге ие ғимараттың терезелері ағаштан өрнектеліп жасалса, қабырғасы қаз-қатар кірпіштен қаланған, шатыры ою-өрнекті ағашпен көтерілген. Ағартушының өзінің атымен аталатын көшенің Жамбыл көше­сімен қиылысқан тұсында орналасқан мұражай-үйінің сырты бір бөлек, іші бір бөлек дастан секілді. Өйткені, тарихқа тұнып тұрған ғимараттың шертер сыры көп.

Халқының көзін ашып, көкірегін ояту үшін барын салған ағартушының мұражай-үйіне қарай беттеп келеміз. Осыдан 3-4 жыл бұрын ұжыммен келіп, ғимаратпен жеке танысқан болатын­быз. Десе де, мұнда бірінші рет келе жат­қан­дай күй кешіп, жүрек толқып тұр. Ғимараттың сыртқы қақпасынан ішке қарай ендік. Көп қабатты зәулім ғима­раттардан тұратын алып шаһардың қақ ортасында орналасқан жер үй баяғы қазақы үйлерге келетіндей. Ахмет Байтұрсыновтың араб қарпіндегі тұңғыш төте жазу әліпбиін жасағанын, «Қазақ» газетін басып шығар­ғанын білмейтіндер кемде кем болар. Сон­дағы жалғыз ойы – өз ұлтын ұйқыдан оятып, сауатын ашу. Бұл ретте ол өз басы­на төнетін қауіптің қаншалықты ауыр бола­тынын білсе де, ұлттың болашағын одан жоғары қойған. Біздің айтып отырғанымыз алаш ардақтысының бір ғана тұсы. Оның өзі үшін істеген ісі болмағанмен, ұлты үшін барған тәуекелін айтып тауысу мүмкін еместей. Әрине, осындай тұлғаның табаны тиген жерді басып тұрып, ұстап-тұтқан заттарын ұстап, көріп тұрып толқымай көріңіз. Мұнда бас сұққан әрбір адамды қызық­тыратын да сол ұлт көсемінің қолы тиген құнды жәдігерлер.

Бірақ өмірінде бес рет түрмеге түсіп, екі рет жер аударылып, қудаланған көсемнің артында қалған ауыз толтырып айтар­лықтай дүние жоқ. Мүліктен тек сандық пен қол чемоданы бар. Оларды отбасымен сыйлас болған туыстары мұражайға 1998 жылы  тапсырыпты. Мұражайдағы құнды экспонаттардың бірі де, бірегейі де сол қол сандық. Бұл сандықтың бүгінгі күнге аман-есен жетуіне ғалымның аяулы жары Бәдрисафа себеп болды. Ағартушы қамауға алынғанда жұбайының артынан бару үшін Бәдрисафа бұл сандықты сатып жібереді. Соның арқасында ол сақталып қалады. Ал сандықты сатып алғандардың отбасы араға бірнеше жыл салып бұл құнды жәдігерді мұражайға әкеліп өткізеді.

Сондай-ақ, мұражай ішінде ғалым өміріне қатысты барлық ақпаратты қамтитын кішігірім кітапхана бар. Жалпы, бұл музей қазaқ мәдениетінің тарихында еңбегімен бүкіл бір дәуірді алып жатқан алып тұлғaның өмірінен аз ғана сыр шертетін орын. Мұнда кітаптар жинағын, оқыған білім ордасының суреттерін, ғалымның өз қолымен толтырған «Өмірде­регін» (түпнұсқа) көруге болады. Құжатты ғалым Қазақ мемлекеттік университетінде профессор лауазымымен қызмет атқарған тұста толтырған екен. Мұражайда ілініп тұрған ғалымның түрмедегі кезіндегі суреті көпшіліктің көп аяңдап қалатын тұсы секілді. Өйткені, ол ағартушының соңғы суреті. Оны көрген жұрт Алаш көсемімен қоштасқандай әсер алғандарын айтатын көрінеді. Мұнда әйелі Бәдрисафаның генерал-губернаторға жолдаған жеделха­тының нұсқасын, өз қолымен толтырған өмірбаянын да көруге болады.

Негізінде Ахмет Байтұрсынұлының өзінің туған балалары болмаған. Аға-інілерінің балаларын бауырына басып, өз атына жаздырған екі ұл, бір қызы болған. Шолпан ақсары қыз болғандықтан, Ахметтің жұбайы өзі қалап, оны үш жасы­нан тәрбиесіне алыпты. Осылайша ағасы Кәкіштің ұлдары Аумат пен Қазихан, Мәшеннің қызы Шолпан Ахмет пен Бәдрисафаның балалары болып кеткен. 1929 жылы Ахмет түрмеге жабылған кезде, мұғалімдер семинариясын енді бітірген Аумат пен Қазиханды ел шонжарлары «халық жауының асырандылары» деп, ат құйрығына сүйретіп өлтірткен екен. Мұражайда осы секілді тарихи оқиғалар мен Ахмет Байтұрсыновтың бала кезіндегі оқиғалары деректермен сабақтастырылып, шынайы суреттелген. Онда ағартушының қиын өмір жолынан мәлімет беретін сар­ғайып кеткен ескі құжаттар, ақталғаннан кейін тұлғаға көрсетілген құрметтен хабар беретін томдықтар да бар. Мұндағы әйелі Бәдрисафаның, қызы Шолпанның сурет­тері де көптің көңілін аудартпай қоймайды.

Мұражай кіреберісіндегі тілек пен ұсыныстарға арналған кітапшаға ақын өмірімен танысудан алған әсерін, өтініш-тілегін жазып қалдыратындардың қатары көп. Одан мұнда ғалымдар мен журна­листер, шетелдік туристер, қала тұрғын­дары, сондай-ақ көбінесе мектеп оқушы­лары жиі келетінін аңғаруға болады. Алма­ты қаласындағы колледждер мен мектеп­тердегі тарих және әдебиет пәнінің мұға­лімдері мұражайда ашық сабақтар өткізіп тұрады.

 

Байтұрсынұлы қоғамдық қорына мұражай атағы қашан беріледі?

 

19 сотық жері бар мұражай-үйінің жалпы көлемі 160 шаршы метрді құрайды. Орналасқан жері қызықтырды ма, әлде жер көлемі назар аудартты ма, бүгінге дейін ғимарат мемлекет қамқорлығына өтпеген­діктен, табыстық мақсаттағы нысан салғы­сы келгендердің көзіне бірнеше рет түсіп, сүріліп кетуден аман қалыпты. Оған кезінде ғұлама ғалым Тұрсынбек Кәкішев араша түскен екен.

Бір жылдары қақаған қыста мұражай жылусыз да қалған. Дәл сол уақытта музейді шенеуніктер көруге келіп, жағдай­ды көріп, жылуын қайта қостырып беріпті. Мұражайға түсіп тұрған ешқандай қосым­ша қаражат көзі болмағандықтан, жылу, жарық жүйесі жаңартылмағалы, жөндеу жұмыстары жүргізілмегелі біраз болыпты. Мұражайға кіруден түскен азын-аулақ қаржы ай сайынғы жылу мен жарықтың ақысын төлеуге әзер жететін көрінеді. 26 жыл сонда жұмыс істеп келе жатқан Райхан Имаханбетке де еш жақтан айлық төленбейді екен. Ахметтанушының тегін жұмыс істеп жүргеніне сенбей, миығынан күлетіндер де бар көрінеді. Ал Райхан апай мұражайға қызмет етуін Ахмет Байтұрсы­нов­тың қызы Шолпан Ахметованың сенімін жоғары ұстағаннан, әрі ағартушыға деген шексіз құрметтен аттап кете алмай жүргендігінен деп түсіндіреді. Бір кездері Райхан Имаханбет «Халық конгресі» басылымында жұмыс істеп жүрген кезінде Шолпан ападан сұхбат алуға барыпты. Сол кезде ол кісі әкесіне қатысты барлық құжат­тарды, суреттерді, құнды қағаздарды жинап, Райхан апайға тапсырады. «Ертеңгі күні мұражайда директор болмассың, бірақ  бір бұрышында  кітапханасын басқарып отырып осыған иелік етемін деп уәде бер» деп табыстаған көрінеді. Бүгінде жоғары оқу орындарының бірінде ұстаздық етіп жүрсе де Райхан апай сол уәдесінде тұрып, мұражайды бір сәтке назарынан тыс қалдыр­май келеді. Түскен аз-маз қара­жатқа тұлғаның кітаптарын жаңартып, еңбектеріне қатысты жаңа деректерді іздейді.

 

1993 жылы әкімдік тарапынан шыққан шешімге сай Байтұрсынұлы қоғамдық қоры жеке мұражай болып бекітілуі керек болған. Десе де шаруа соңына жетпей, мұражай әлі заңдастырылмапты. Қасиетті орындар тізіміне кіргенмен, ғимаратты заңдастыру жұмыстары әлі жасалмады.

 

Өйткені, оған қамқорлық ететін құрыл­тайшы Серік Самыратұлы өз тарапынан қарсылық танытып отырса керек. 26 жыл бойы заңдастырылмаған ғимарат бүгінде көмекке мұқтаж. Десе де, бүгінде мұражайға иелік ететін Серік Байтұрсынов оны мемлекет қарауына беруге түбегейлі қарсы көрінеді. Оның сөзіне сүйенсек, Байтұрсынов мұражайы керек болса, оны басшылық кез-келген жерден аша алады. Ал бұл үй оған қалдырылған аманат. Сондықтан ол оны осы қалпында сақтап, өз ұлына тапсырмақшы көрінеді. Ал қызы Юлия болса, мұражайға кем дегенде екі экскурсовод пен техникалық қызметкер керек екенін, тіпті онда еден жуатын адам­ның да жоқтығын айтады. Ресейде мәдениет­танушы мамандығын алған ол бір кездері мұражайға келушілерге орыс және ағылшын тілдерінде саяхат жүргізгенін айтып, кейін күн көру үшін басқа жаққа жұмысқа орналасқанын жеткізді. Өйткені, мұнда оған да айлық төленбеген.

 

 

Райхан ИМАХАНБЕТ, ахметтанушы-ғалым:

– Меніңше, мұражай деген ешкімнің жеке мұрагерлік мұрасы болмау керек. Ол бүкіл Қазақстанның мұрасы. Сондықтан ол бір ғана адамға тиесілі болып, бір ғана адамның басқаруында болмауы тиіс. Осы жерде жалақысыз, демалыссыз жұмыс істеп келе жатқаныма 26 жыл болды. Байтұрсыновтарға ешқандай туыс­тық жақындығым жоқ. Десе де, өзіме артылған сенім мен жауапкершілікті аяқ асты ете алмаймын.

Бұл жер сатып алынбаған, тек сеніп тапсырылған. Бұл үкіметтің қызметтік үйі, кезінде Ахметке берілген. Одан соң мұнда қызы Шолпан апа тұрды. Одан соң бұл ғимараттың басынан түрлі жағдай өтті. Бұл үйді алғашында жеке меншікке алған кезде «шығармасын насихаттаймыз, мұрасын дамытамыз» деп алған.  Дегенмен, мұрасын дамыту тұрғысында ешқандай әрекет жасалмады.

Қалай ойлайсыз, жалғыз адам осындай ғимаратты ұстап отыра ала ма? Ойлап қараңызшы, мына кітаптар қойылған бір ғана әйнек сөрені тазалап шығуды. Ондай­лар мұнда көп. Ғимараттың сыртының жұмыстарын айтыңыз. Кеше даланың шөптерін шауып, жан-жағын жинап жүрсем, біреу «Аула сыпырушысыз ба?» дейді. Суғарып жүрсем, «Бағбансыз ба?» деп сұрайды. Мен қазір осы жердің бәрімін. Тастап кетейін десем, Шолпан апайға берген уәдемнен аттап кете алмаймын.  Оның үстіне өзім де ахметтанушы болып жұмысыма кірігіп кеттім. Әрі өзіме тиесілі бүкіл ғылыми атақты осы кісіден алдым.

Менің арманым мен мақсатым – мұражай үкіметпен қорғалып, үкіметпен қаржыландырылатын болса. Бүгінде өзге мұражайлардың барлығындағы жағдай сондай. Кезінде Иманғали Тасмағанбетов ғимаратты үкіметтік етіп, 12 штат бөлетін болған. Қазіргі қамқоршысына үкіметке өтеусіз қайтаруды талап еткен. Бірақ бұл іс тағы да аяқсыз қалды. Коммуналдық төлемдерді жалғыз өзім төлеймін. Сенсеңіз, бүгінде 5 түрлі коммуналдық төлем төлеймін. Қалалық әкімдік, Алмалы ауданының әкімдігі көмектесіп, ыстық су, суық су кіргізіп берді. Бірақ ол барлық мәселені шешпейді. Өйткені, ғимарат әлі күнге заңды түрде Ахмет Байтұрсынұлы мұражай-үйі ретінде тіркелген жоқ. Ғимараттың маңдайша­сын­дағы жазуды да демеуші тауып, жаздырып ілдім. Біз тек қоғамдық қор ретінде бармыз.  Бірақ ол мұражайды құтқармайды ғой. Өйткені, 12 ай бойы шөп өседі, қар жауады, жапырақ түседі, гүлдер отырғызу керек. Бұл айтып отырғаным тек бергі жағы ғана. Қамқорлығына алған адам жаны ашып қарау керек, болмаса қолұшын созған үкіметке берсе деймін. Ғимаратқа келіп-кетушілер бар, дәріс алуға келетін сту­денттер бар, ішкі-сыртқы техникалық жұмыстар бар, соның бәрін жалғыз өзім істеп отырмын. Жарыққа, суға ай сайын ақша төлеу керек. Қорды ұйымдастырған 3 құрылтайшы бар, соның бірі менмін. Сол үшін мен осыларды ұйымдастырып отырмын. Кезінде жұмысқа алған кезінде айлық төлейтін болып келіскенбіз. Мейлі, 26 жыл өтті ғой. Ең болмаса, айлық алма­сам да алғыс алсам деп едім. Ендігі менің жалғыз тілегім – ғимаратты мемлекеттік ету. Серік «Неге үкіметтің назарын ауда­расың? Неге киелі орындар тізіміне енгізесің?» деп өкпелі. Керісінше, жұрт­шылық үкіметтің назарын аудара алмай, сол тізімге кіре алмай жүгіріп жүр емес пе? Бұның алдында да «Тарихи-жергілікті маңызы бар» деген тізімге кірген болатын. Міне, арада қаншама жыл өтсе де әлі күнге мұражай заңдастырылмады.

Бұл жерді коммерциялық бағытта пайдалануға болмайды. Тек Ахмет Байтұр­сынұлының мұрасын насихаттауға, шығар­ма­шылығын дамытуға, Байтұрсын­ұлы атындағы шәкіртақы тағайындауға ғана болады. Өйткені, басынан бұл сондай бағытқа деп жасалынған жер. Яғни тағылым үйі болу керек. Балалар келсе, олар жұмыс істеу керек, оқушылар келсе, оларға көрсету керек. Қызы Юлия осы жерде істеген болатын. Келушілерге орыс­ша, ағылшынша түсіндірме жұмыстарын жүргізетін. Ол кеткелі біздің орыс пен ағылшын тіліміз ақсап қалды.

Ғимарат қасиетті орындар тізіміне кіргеннен бері қалалық әкімдік көмектесіп жатыр. Қала әкімінің қолдауымен бүгінде 3 кітап жарық көрді. Томдықтардың бәрін қайта шығарып жатырмыз. Қазақстан музейлері тізіміне де кірді.

Байтұрсынұлы саябағына да ескерт­кіш-тақта 13 жылдан кейін қойылған болатын. 25 жыл өтсе де әлі күнге мұражай тіркелмеді. Сол кездегі әкімдік тарапынан қабылданған шешім орындалмай отыр. Десе де, үміт үзгіміз келмейді. Араға 25 жыл салып, заңдастырылып жатса, мұражай деген атақ берілсе, «қоғамдық қор» деген­нен құтылар едік. Қор 1994 жылы құрылды. Ал әкімдіктің шешімі1993 жылы қабыл­данған болатын.

 

Мұрат, қала тұрғыны:

– Мұражайға өткенде ғана барып шыққанмын. Сөздің шыны керек, үйдің ауласына да, ішіне де жөндеу жұмыстарын жүргізу керек. Үй әбден ескірген, тек күтіммен ғана осылай сақталып тұр. Егер оның киелі орындар тізіміне кіргені рас болса, онда оған қуану керек. Өйткені, мемлекет қамқорлығындағы өзге мұражай­лардың бүгінде жағдайы жақсы. Мен өзім мәдениетке, тарихқа қатысты ақпаратты қалт жібермеймін, жаңалықты да солай. Үнемі қаламыздағы мұражайларды аралап көріп тұрамын. Сол үшін де олардың қай­сы­сының жағдайы қандай екенін білемін.

 

Данияр ӘЛИЕВ,

Алматы қалалық мәдениет басқармасы басшысының орынбасары:

– Алматы қаласында танымал тұлға­лардың мұражай-үйлері көп. Мәселен, Қонаевтың, Тілендиевтің және тағы басқа­лардыкі бар. Дегенмен, олардың бәрі дерлік мемлекет қарауында. Меніңше, ол дұрыс. Енді Байтұрсыновтың мұражай-үйі де мемлекет қамқорлығына өтсе дұрыс болар еді. Өйткені, ол әрі Қазақстанның киелі жерлерінің тізіміне кірген. Біз бүгінде осы мәселе төңірегінде жұмыстар жүргізіп жатырмыз.

 

КЕРЕК ДЕРЕК

 

1988 жылы алашорда­шы­лар ақталған тұста Бай­тұрсы­нов­тың балалары мен немерелері Ахметтің атына қоғамдық қор құрып, ақынның бір кездері тұр­ған үйін мұражайға айнал­ды­руды қолға алады. Алайда, бұл істі жүзеге асыру оңай­ға соқпады. Себебі, үй бас­қа біреулердің менші­гіне өткен еді. Дегенмен де, ақын ұрпақ­тарының бастамасы нәтижесіз қал­мады. Алматы қаласын­дағы көптеген көшелердің атауы өзгер­тілген тұста ғалымның үйі орналасқан осы бір көше Бай­тұрсын­ұлы деп ауыстырылады.

 

Музей-үй 1,5 қабатты, төрт бөлме және бір бөлмелі жертөледен тұрады. Үшеуі – көрме залы, бір бөлме – ахметтану дәрісханасы. Жертөле – музей мен қоғамдық қор қызметкерлерінің кеңсесі. Музей-үйдің қорында ғалым өмірі мен шығармашылығына қатысты 500-ге жуық деректі ресми құжаттар, 300-і мемлекеттік мұрағаттан алынған төлнұсқалық құжаттар, 12 жеке сурет, 27 ұжымдық деректі суреттер бар.

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *