Агенттік жұмысындағы ашықтық арта түсті

ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі ашық және жариялы түрде жұмыс істеуді қолға алды

Серік ЖҰМАБАЕВ

 

Алматы қаласының әкімдігі ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің қала бойынша департаментімен бірлесе отырып, «Ғылым ордасы» ғимаратында сы­байлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша Аза­маттық бастамашылдық конгресін өткізді. Қоғамды сыбайлас жемқор­лыққа қарсы іс-қимылға кеңінен тарту мақсатында өткізілген бұл іс-шарада азаматтық қоғам өкілдерінің осы саладағы ұсыныстары назарға алынды.

Осы жиын алдында ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Жұртшылықпен байланыс жөніндегі департаментінің директоры Арман Бердалиннің қатысуы­мен баспасөз конференциясы болып өтті. «Жаңа мүмкіндіктер аясында сыбайлас жемқорлыққа қарсы әрекет ету, агенттіктің жұмысындағы ашықтық пен жариялылық» тақырыбында өткен аталмыш жиынға ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Алматы қаласы бойынша департаментінің басшысы Айгүл Байханова, Сыбайлас жем­қорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросы Алматы қаласы бойынша департаментінің директоры Ержан Ибраимов қатысып, мемлекеттегі сыбайлас жемқорлықтың жәй-күйі, оның қоғамға әсері туралы ойларымен бөлісті.

Айта кетейік, ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі өз жанынан арнайы мониторингтік топ құрып, олар осы топпен бүкіл Қазақстанды аралаған екен. Агенттік қоғам белсенділерінің көзімен көрсетіліп жатқан мемлекеттік қызметтің қандай кемшіліктері бар, осал тұсымыз қайсы, жемқорлық көріністері нақты қай салаларда көп белең алғанын анықтап, оны жоюды алдына мақсат етіп қойған. Бұл жерде олар ақиқатты ашып айта алатын, еш нәрседен тайсалмайтын, кез-келген министрмен бір деңгейде сөйлесе алатын қоғам қайраткерлерін жұмылдырыпты. Сонымен қатар, әрбір облыстарда да осындай арнайы мониторингтік топтар құрылған көрінеді.

– Негізі, біз қоғамның өзін жұмылдыру арқылы жемқорлықтың алдын алуды ұйғарып отырмыз. Қазақта «Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» деген керемет нақыл бар. Мәселен, біз өткенде Солтүстік Қазақстан облысының активімен кездестік. Онда бүкіл деңгейдегі әкімдер, басқарма басшылары отырды. Біз жемқор­лықтың түбі үлкен қорлық екендігін айтып, тіпті Агенттіктің арнайы дайындаған бейнероликтерін көрсетсек те, арада үш-төрт күн өтпей жатып, сол облыстың бас­қарма басшысы парамен ұсталды. «Естіге айтқан тура сөз – шыңға тіккен тумен тең, есерге айтқан тура сөз – құмға сіңген сумен тең» демекші, біздер жем­қорлық жасауға болмайтынын қанша ескертсек те, өкінішке орай, кейбіреулер осыдан сабақ ала бермейді, – дейді ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Жұртшы­лықпен байланыс жөніндегі департамен­тінің директоры Арман Бердалин.

Қазір аталмыш Агенттік жемқорлық­пен күресті мектеп қабырғасынан бастап отыр екен. Бір миллионға жуық оқушылар бүгінде осы органның «Адал ұрпақ» деп аталатын еріктілер клубына жұмылды­рылыпты. Демек, жемқорлықпен күрес жүргізетін мекеме тәрбие жұмыстарын мектеп қабыр­ғасынан бастауды қолға алған. «Бәлкім, кейбіреулер бесіктен белі шықпаған балаға жемқорлық туралы айтып, миын ашытудың керегі не деп ойлауы мүмкін. Жоқ. Бүгін сыныптасының қаламын қалтасына салған бала ертең мемлекеттік қазынаға қол салуы мүмкін. Сондықтан біз балалардың тәрбиесін талбесіктен бастап қолға алуымыз керек. Мұндай жұмыстар ЖОО-ларда да, мемле­кеттік мекемелердің барлығында да жүргізіліп келеді», – деді Арман Бердалин.

Ендігі жерде Агенттік қызметкерлері халықтың өзін жемқорлықтың алдын алуға тартуды ұйғарып отыр. Осы ретте олар облыс орталықтарын ғана емес, аудан-ауылдарды да аралап, мемлекеттік қызметті дамытуда, жемқорлықты жеңуде халықтың пікіріне көбірек құлақ аспақ. Көтерілген мәселелерді ескере отырып, заңдардың олқы тұсына өзгерістер енгізуге тырысатын болады. Демек, олар халықтың ұсыныс-тілектерін ескеретін болады.

– ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі әрқашан халықпен ашық диалог жүргізуге дайын. Біз жеті темір есіктің арғы жағында жеті киіздің астында оралып жатқан жоқпыз. Егер нақты ұсыныс­тарыңыз болса хабарласыңыздар, пікір жазыңыздар. Қазір Агенттік төрағасы Алик Шпекбаевқа Қазақстанның кез-келген азаматы тікелей сұрақ қоюына толық мүмкіндігі бар. «Facebook» және «Telegram» әлеуметтік желілерінде төраға­ның жеке парақшасы бар. Сонымен қатар, Агенттік сайтында оның жеке электронды поштасы жазылған. Сондықтан кез-келген адам төрағаға тікелей өз ұсыныстарын айта алады, – деді аталмыш Агенттіктің жұртшылықпен байланыс жөніндегі басшысы А.Бердалин.

Шынында да, ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі үлкен жұмысты қолға алып отыр. Қоғам қайраткерлерімен, қарапайым халықпен бірлесіп жұмыс істеу арқылы жемқорлықты еңсерудің мүмкіндігі зор. Бұл ретте қоғамдық сананы жаңғырту арқылы ғана біз жемқорлыққа шынайы қарсы тұра аламыз. Енді «Мемлекетте жем­қорлық жайылып барады» деп дастархан басында талқылай бермей, жұртшылық та мемлекеттік қызметтегі теріс пиғылды әрекетті, олқылықтарды байқаса, бірден  Агенттікке хабарласуы керек. Бірлесіп жұмыс атқарғанда ғана іс нәтижелі болады.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *