АДАМЗАТТЫҢ ЕҢ АЛҒАШҚЫ АҚЫНЫ

(Эссе-трактат)

Серік АҚСҰҢҚАР

Қаламдасым Мейірхан Ақдәулетке. Неге арнағанымды ол ішінен біледі.

Автор.

 

Алғашқы ақын

Қазір анау-мынау емес, ғарыш пен компьютердің заманы ғой. Жаһанда ашыл­май жатқан құпия қалмай барады. Ғылы­ми-техниканың дамуы шырқау шыңына жеткен біздің заманның ғұлама ғалымдары Адамзаттың Алғашқы Ақы­нының қайдан шыққанын тауып, жаһанға жария ғып отыр. Адамзаттың алғашқы Ақыны ертеде ешкі жүні бөртеде, қауымдық қоғамда емес, бізге одан гөрі жақындау, құл иеленуші қоғамда пайда бопты. Ол да Гомер шыққан елден шығыпты. «Алтын шыққан жерді белден қаз» демей ме, қоғам алғаш рет құл һәм құл иеленушіге бөлініп, күйкі күн­көрістің күйбеңінен сәл де болса босаған, төрт құбыласы түгел бай-бағлан қамшының сабындай мына ғұмырда көз арбайтын сұлулық пен адамзаттың ақыл-есі ғана сезінетін ұлылық дегеннің бар екенін бажай­лай бастады. Біздің сөз еткелі отыр­ған алғашқы ақынымыз (оның алғашқы ақын болатынын о кезде ешкім білмейді, меніңше), құл иеленушінің тұла бойы тұңғыш баласы еді. Еркетай! Бетімен кеткен деуге де болады! Тірі жан алдынан шықпаған аусар, тентек! Бұ кезде, олардың шамалауынша, он үш-он төрт жаста болуы керек, әйтеуір, одан жас та, үлкен де емес. Зерттеушілер, тіпті, оның өмірінің кейбір деректерін тауып та алыпты. «Мектепте де жөнді оқыған жоқ бұ бала, – дейді академик атанып, ғылым-ілімнің соңына түскен сол ғұламалар, – ақындардың бәрі­не тән типтік жағдай бұл дейді, – әсіресе, арифметика, алгебра, геометрия сияқты сабақтар бұлардың қаршадайынан нервіне тиіп, жұлынын жұқартқанын олар дәл тауып отыр. Мұндай пәндер өтіп жатқанда ақын баланың екі көзі көбінесе кластас қызда­рында болған… Соларға тілін шыға­рып, ыржың-ыржың етеді, шашымен ойнай­ды, әппақ балтырына қолын да жүгіртіп жібереді… Мұны мұғалім де көреді, тәртіпке шақырғысы кеп, ұрсады. «Отырса – опақ, тұрса – сопақ» деп қазақ осыны айтады. Кеудесіне шабыт келіп ұя сала бастаған, болашақ адуынды ақын енді оларға көне ме? Текетірес басталады… «Неге сен өзің секілді мына балалардай жайыңа жүрмейсің?» деп әкесі ұрады, шешесі де ұрсады… Сыр бөлісер пенде жоқ. Император мен сенатор, тіпті, құл иеленуші өзінің әкесіне еліктеп, шараптан ауыз тиіп… Соның соңына түсіп, қызара бөртіп жүретін боп алды! Ешкім түсінбейді мұны. Ең өкініштісі, түсінгісі де келмейді…

Ол келе-келе қоғамға, адамға да патша көңілі толмай, Тәңіріден басқаға бас имей, өршіл өлеңдер жазуды шығарады. Баланың басына осы кезде оқшау ойлар, өр кеуде­сіне кекшіл сезімдер ұя сала бастаған-ды. «Жазушыны жалғанның жарығына шыға­ратын – бақытсыз балалық қой» деп, кім айтса да дұрыс айтқан! Енді оның ең алғаш­қы өлеңін оқыңыз, нанбасаңыз? – дейді ғалымдар. Оқиық.

 

Алғашқы өлең

О, Бостандық!

Мен құлдықты иттің етінен жек көрем!

Менің адами құқымды шектеген?

Мен туғанда-ақ тұншыққан ем бесікте,–

Меніңше, сонда-ақ, маған ауа жетпеген…

 

Жер тап-тар ғой, – себебі.

Қалай сезбей келгем осы мен оны?

Улап-шулап, қажытты ғой мыналар,

Ұшқан құсқа ілесіп,

Ұшып кеткім келеді,

Ғарышқа барып, қара жерге қайтадан,

Түсіп кеткім келеді!

 

Қанат байлап ұшар едім, ол да аса,–

Оңай болмас, Құдай бар ғой, – қолдаса?

О, Греция, сені тастап кетер ем,

Айдай сұлу аруларың болмаса?!

 

Үш-ақ шумақ өлең. Басында бұдан әлде­қайда көп болуы да мүмкін. Уақыт өте келе жоғалған немесе ел-жұрттың жадынан шығып, ұмытылған болар? Осы үш шумақ өлеңді он бес күн ойланып, он бес түн толғанып, жалғанның жарығына бір айда әзер шығарған деседі шежірешілер. Шыға­райын демеген, шығып кетіпті! Адамзат тарихындағы алғашқы жырдың жарыққа шығуы оңай болмағаны осыдан-ақ көрініп тұр. Қазіргі өлең жазудың техникасын әбден меңгеріп алған ХХІ ғасырдың ісмер ақындары бұған сенбейді, әрине… Сенбесе қойсын! Бірақ тарихи факт осы. Өлең әзер туады, ананың құрсағында тоғыз ай, тоғыз күн жатып, толғанып, жарыққа шыр-шыр етіп келетін баладай ғой ол! Жас ақын, алды-артына аңдап қарай қоймайтын асау ақын, жерден жеті қоян тапқандай, оны ең әуелі өзінің қыздарына оқиды.

Олар мұны естігенде ақыл-есінен айы­рылып қалды десе болғандай: «Қайта оқышы?», – дейді жалынып! Бұрын-соңды туасы еркек затынан мұндай жылы сөз естіп көрмеген әсем әйел заты осы жырға жан-тәнімен ынтызар болады. Бір емес, бірнеше мәрте қайталап оқып береді. Қыздар сол сәтте-ақ жаттап алады! Оларға да осы «бостандықтың» бір тылсым құдіреті жетпей жүрген болуы керек? Үйге келе сала әке-шешелеріне де оқып береді. Сонда олардың зәре құты зәр түбіне кетіпті дейді…

«О, Бостандық! Мен құлдықты иттің етінен жек көрем!» деген өлең күллі Гре­цияға аңыз болып жайылады! Әкесінің қол астындағы құл-құтанға барып оқыса олар: «Бостандық деген немене?!», – депті таңқа­лып… Ол кезде гректерде не көп, фило­софтар көп: «Бостандық деген… сендердің кісендеріңді шешіп, емін-еркін жіберу керек деген сөз!», – деп түсіндіріп көрсе, олар: «Қыртқан екен! Онда біз қайда барып күн көреміз?!», – депті… (олар әлі күнге дейін солай ойлап жүр!).

 

Ақсүйектер мен қарасүйектердің арасында

Бір күні бұл өлең жеті атасынан құл иелен­ген аристократтар мен сенатор, философтардың құлағына шалынады. Олар ішкі ойын сөзбен көркемдеп, нәрлі нақыш, сиқыр үнді ырғақ, сыңғырлаған үйлесіммен (Александр Блок оны кейін гармония деп атады) жеткізетін өзгеше бір адамдардың пайда болғанын сол сәтте-ақ сезіп, оған ерекше құрмет, сый-сияпат жасайды (біз­дің айтыс ақындарына жасағаны­мыздай, о кезде авто деген жоқ, астына ат мінгізіп, үстін үлде мен бүлдеге орайды, меніңше?). Құл иеленгеніне не бәрі 25–30-ақ жыл ғана болған жаңа ақсүйектер ғана ақынға мұрынын шүйіріп: «Құлдың бәрін шідерін шешіп, босатып жіберсек, жұмысты кім істейді?! Былшылдаған екенсің! Өлең дегеннен қандай пайда бар бізге?!», – депті… Тура біздің олигархтар сияқты!

Философтар: «Бұлар бізге, мүлде, ұқсамайды! Біз адамзатқа ақыл айтамыз. Бұлар ақыл айтпайды, азап шегеді!» деген көрінеді. Содан бері поэзияның дидакти­каға үш қайнаса сорпасы қосылмайтын көрінеді. Біріне-бірі мүлде кереғар. Поэзия – дидактика емес, дидактика – поэзия емес! Ақылгөй ақындар кейіннен шықты ғой? Қайдан шыққан?! Оны бір Құдай білмесе, тірі пенде білмейді әлі… Міне, мәселе қайда?

Филологтар мен археологтар көз майын тауысып қанша қадала зерттесе де, ақын­ның содан кейін жазған жырын таба алма­ды, архивтерде жоқ… Бірақ таяуда оның екінші өлеңін тауып алдым, қағанағы – қарқ, сағанағы – сарқ болып отыр. Ақын мұны Муза деген қызға арнап жазыпты.

 

Муза

Ерінің от екен ғой лапылдаған,

Жүре ме отқа қарсы ақылды адам?

Өртеніп кетеді ғой күлге айналып,

Жаныңа жанұшырып жақындаған.

 

Ділді де, тілді үйіріп балдай жалған,

Бір сәуле көзімді арбап алдайды алдан.

Мен де бір көзсіз соқыр көбелекпін,

Шарқ ұрып өлерінде шамды айналған.

Қаңқу мен өсекке де елең етпей,

Көп елдің гөй-гөйіне көне кетпей, –

Шарқ ұрып, сені айналып, лағып жүрмін,

Көзсіз бір шамды айналған көбелектей.

 

Ұшып ем талай түрлі гүлді айналып,

Көз көрмей, көңіл босап, тіл байланып.

Түбіне жүрегіңнің қона беріп,

Түбінде кетермін-ау күлге айналып…

 

Бұл өлеңді гректердің бәрі де жатқа айтқан деседі. Әсіресе, әйелдер қауымы. Бұған қарағанда, алғашқы ақын еркектер­ден шыққан! Біздің Есенғалидың «Әйелден ақын шықпайды, Әнші не күйші болмаса?» деп жүргені содан. Ол мұны өзі айтайын деп айтқан жоқ. Мұны бүкіл ғаламзат пен адамзаттың иесі

Ар-Рахмаан* – Әл-Мутәкәббир** – Әл-Хаалиқ ***– Әл-Баари**** – Әл-Мусау­уир***** –Жаһанды Жаратқан Жаса­ған Ие – Алла Тағала аузына салып отыр! Оған, меніңше, әйел ақындар буын­сыз жерден пышақ салып, тектен текке ренжіп жүрген көрінеді… Дұрыс емес онысы, мүлде!

Ақынның осы жыры әйел біткенді шарайнаның алдына алып келді! Бұрын өзінің әсем көркіне, Тәңірі өзінің тәңіри талғамына салып түнек жапқан жаһанға жарқырата жаратқан тұлға-бітіміне аса мән бере қоймай, қалай болса, солай жүретін әйелзаты ерінін – бүлдіргенмен, қасын – қарақатпен боянып, құлпырып шыға келген! Еркек біткен аң-таң, өздері де аң-таң… Әйел мен қоса Әлем де таңға­жайып күйге енді! Достоевский «Әлемді құтқаратын – сұлулық!» деген сөзді осы грек сылқымдарына қарап айтқан болуы керек деп, орыс филологтары шықты. Бірақ бұл пікір де аса көңілге қона қоймайды. Неге десеңіз, сол Достоевский айтқан сұлу­лық ормандай орыс жұртын да неше түрлі зымияндық пен зұлымдықтан құтқара алмай-ақ кетті ғой?

Пушкин мен Блоктың, Есенин мен Евтушенконың жан-дүниесін тебіренткен орман сұлулары Патша Романовтар мен Генсек Сталин, Хрущев- Брежневтер түгілі, демократ Елциндерді де дегеніне жүргізе алған жоқ. Міне, мәселе қайда жатыр?

Содан бастап, Суретші деген кісілер пайда болып, әйелдердің әсем бейнелерін сала бастады. Күліп отырған әйелдер, мұңайып отырған әйелдер дейсің бе, бәрі бар мұнда. Әрбірден кейін оларды тыржалаңаш қалпында бейнелеуге көшті! Сөйтсе, әлемде әйелдің денесіне жететін сұлулық жоқ көрінеді! Соны адамзат енді білді, әлгі алғашқы ақынның өлеңінен кейін? Ол болмаса, осы күнге дейін әйел мен еркекті айыра алмай, жүре берер ме еді, қайтер еді?

Ә дегенде Муза әйелдің, ер-азаматтың кеу­десіне асқақ күш, жан-тәніне Құдай­дың сиқырлы бір қуатын құятын құдіретті рухтың аты еді, кейін келе-келе ақындарға адуынды шабыт шақыратын поэтикалық терминге айналып кетіпті. Жәйдан-жәй «айналып» кеткен жоқ, біреулер «айналды­рып» жіберді!

 

О, Ұлы Мәртебелі Поэзия!

Ақындардың көктемнің көгіндей қаулап шығуы Грецияда ғана емес, құр­лық-құрлықта осыдан кейін басталды. Ел олардың өлеңдеріне ерекше ілтифат-құрметпен құлақ түріп, асқақ ой, шалқар сезімге бөленді! Әсіресе, әйелдер! Баяғыдан бойында бар хайуандық-тұрпайы сексуал­дық инстинкт енді адами, әдемі махаббат деген сезімге ұласып жөней берді. Греция Поэзия Патшалығына айналды! Құл иеленушілердің алтынмен аптап, күміспен күптеген мәрмәр залдарын ақындардың жауһар жырлары жаңғыртады!

Ақындардың тууы – маңдайында екі көзі ғана бар адам баласының үшінші төбе көзін ашты! Мидың саңлауынан Тәңірінің сәулесі түсті! Қап-қара түнекке малынған мына Дүние жап-жарық болып кетті! Грек философтары «Іңжілде «Ең бірінші пайда болған – Сөз! деген жоқ па?»  деп терең ойға батып отыр, Тәңірі бәрін біледі! Біз екі аяқты пенде, қоғамдық жануарлар, ақыл-ойымыз өте шектеулі, Жаратушы емес, Жаратқан Жалғыз Иенің санамыздың саңы­лауына төккен нұрын ғана сеземіз, Тәңірінің құпиясын бізден бұрын сезетін осы  ақын­дар!» деген. Гректерден қалыса қоймайтын қазақ та: «Ақын мен аққуды атуға болмай­ды, киесі жібермейді!» деген жоқ па?! Грек­тер мен қазақтардың өте-мөте ұқсас халық екеніне мыңдаған мысал келтіруге болар еді, әттең, уақыт болмай тұр.

Грецияны ата жауларынан көзінің қарашығындай аман сақтап қалған батыр-баһадүрлер өздерінің ерлігі туралы ерен қаһармандық жырларға есінен тана елтіп, өр кеудесін Күнге тосып, аяқтарын алшаң-алшаң басып, мағұмұрланып жүрді. Мына дүниеде еңсесі төмен түсіп, елге жау шап­қанда аяғының ұшына қараған ез, қояндай қорқақ болудан өткен қорлық жоғын сезді! Құл-құтанда ондай сезім болған жоқ, өлеңнің қара сөзден өзгеше өрнегін сезініп, өзегі өртену өз алдына, өмірдің зіл салма­ғын екі иығымен қайыспай көтеріп жүрудің өзі оңай болған жоқ-ты оларға.Тарихтың ұзына бойына көз салып, қыдыра шолса­ңыз, олардың тұқымынан ақсүйек те, батыр мен ақын да шықпағанын көрер едіңіз. Көрген соң, еріксіз көңіл құлазиды.

Рим сенаторлары: «Греция – гректердің Отаны! Оның ортақ қазынасына суық қолын сұғу елден безген оңбаған мен қайдағы бір қағылған, соғылған қайыршы­ның қарекеті! Гректің асын ішіп, астауын босату көрінгеннің қолынан келеді, оны ақындарша сүйіп, ақындарша алақанға салып, аялау керек!», – дейді! Бұлар, неме­не, біздің бүгінгі ұлттық береке, ырысы­мызды жегі құрттай қақшып жеп жатқан коррупция деген пәлекетті айтып отыр ма сонда? Ол сол заманда-ақ адамзатқа азу тісін көрсете бастаған ғой тәрізі?

Арқасына аруақ қонған грек халқы: «Әлемде Грециядай асқақ ел жоқ!» деді бір ауыздан! Есениннің «Если крикнет рать святая: «Кинь ты Русь, живи в раю!», Я скажу: «Не надо рая, Дайте родину мою!» дегені сықылды! Осы заманда адамның ақыл-ойы мен асқақ сезімі құзар шыңға көтерілді де, күнделікті күнкөріс пен ішіп-жем құлдырап төмен түсіп… Дүние Жалған 180 градусқа бұрылып, өзгеріп бара жатыр еді… Кейін көн тартқан қалыбына қайта түсті!

Бұл уақытта гректер қаптаған қантөгіс, соғыстардан әбден қажып, содан ақыл-есін жия алмай жатқан-ды. «Жесірімізді қарау­сыз қалдырып, жетімімізді қаңғырпайық, ұлы Грецияға обал болады ғой?» деген сөздер осы кезеңде айтыла бастады. Бара-бара гректердің өздері де ұмыта бастаған бұл сөз Алланың жазуымен, біздің қазақ поэзиясына көшіп келіп, ағаш уықты, киіз туырлықты қазақтың қара шаңырағында қалып қойды («Бір жаманы — шаруасын маңдытпаған, Бір жақсысы — қулықпен жанды ұтпаған. Бір жаманы — үйленіп жеңгесіне, Бір жақсысы — жесірін қаңғыт­паған…» (Қадыр Мырза Әли).

Поэзия дегеннің өзі біздің қазақ секілді көшпелі құбылыс, біресе гректен – қазақ­қа, қазақтан – орысқа, одан – французға, т.б. елдерге жөңкіліп көшіп жүре береді. «Айтылмаған ақиқат, ашылмаған жаңалық жоқ, мәселе соны өзіңше, өзгеше айта білуде жатыр ғой?», – дейді ақ маңдайы жарқыраған әдебиеттанушы ғалымдар.

 

Ескерткіш

Зерттеушілердің бүгінгі күні тапқан деректеріне сенсек, осы заманғы поэзияда­ғы тақырыптар мен идеялардың түп төркіні Балкан түбегінің оңтүстігін, Эгей теңіздегі аралдарды, Фракия жағалауын, Кіші Азияның батыс өңірін ала орналасқан Эллада Еллада) – б.з.б. ІІІ мыңжылдықтан б.з.б. І ғасырына дейінгі ежелгі грек мемлекетінен, тура осы ақыннан шыққаны белгілі болды. Мәселен, елдің бәрі білетін, әсіресе, ақындар қауымына өте-мөте таныс «Ескерткіш» деген бір тақырып бар. Ол да осы ақыннан шыққан, біздің бәріміз жақсы білетін Горацийден* емес! Ол соның жырын пір тұтқандардың біреуі ғана! Пушкиннің өзі солардан алып, «Я памят­ник себе воздвиг нерукотворный…» деген өлеңін жазған. Бұл оның классикалық туындысының бірі әрі бірегейі. Мұқағали­дың «Ескерткіші» одан, мүлде, бөлек: «Ал енді қоштасайық, сардар аға. Мен ертең кетем ұшып сардалама, Қыранның қыран­дығы – кең далада, Қыранның қырандығы – тауда ғана. Мен ертең кетем ұшып сар­далама. Қош боп тұр, қош есен бол, сардар аға! Сөкпей де өкпе­лемей қал балаңа… Ақынның ақындығы – атақта емес, Ақынның ақындығы – арда ғана. Айтатын арызым бар, аға, саған, Көңіл – кермек, бой – күйез тамашадан. Ақымақпын, кей-кейде арыма мен, Өз қолымен күйені жаға салам. Сен болған шақ бұлыңғыр, тұнжыр маған. Әйтсе де, аямапты құрғыр заман. Болат Пушкин тіріліп кете ме деп, Тұғы­рыңды болатпен шынжырлаған. Қарадым сенің қола мүсініңе, Қоланы да болады түсінуге. Мені тәңірім жаратқан табынуға, Сенің мәңгі қақың жоқ кішіруге. Ортасына сауықшыл түсіп көптің, Мастан­дым да, масайрап ісіп кеттім. Мұң шаға келіп едім – ұш! – дедің сен, Өзің ұш деп тұрған соң ұшып кеттім. Ұшып кеттім тауларға бұлт басқан, Төңкері­ліп теңізге тұныпты аспан. Теңіз бенен аспанның тыныштығын, Долы дауыл барады жұлып, қашқан. Хош бол, аға, әлемді тамсандыр­ған, «Тас мейманға» табиғи жан салдырған. …Меніменен сайрандар жел жоқ, бірақ Алатауым күтіп тұр қарсы алдымнан…».

Мынау Жұмекеннің «Абай ескеркіші» деген өлеңі: «Бір сенімі бар еді маған да елдің, «Ұлғайды арман», Мен-дағы алаң болдым. Ымыртта ымырт құсап қоңы­райып, Өзімді іздеп шығып ем – саған келдім. Кетті дейді жыр оңбай… құрсын бәрі, Сыншылар жүр том жазып, ырсыл қағып… Жүз мода өзгерді ғой, мың бір заман, түйе жүн күпі киіп тұрсың ба әлі? Қара шал-ай, қарашы мойын бұрып: Жырды алдым шау тарттырып, қойылды­рып. Басқа барар жерім жоқ, саған келем, Қалғанда сөзім жүдеп, ойым құрып. Таппаған соң өлеңмен жүрек емін, бір-ақ сілтеп қолымды жүрер едім: туатұғын сықылды бүгін-ертең мраморға жазылар бір өлеңім. Қажып келдім, қасыңа қалғиыншы, Не қарғыс, не бата айтшы… ал құйылшы. Сен маған туған жерім сияқтысың, Аңсағанда келетін шалдың исін…».

 

Гомерден бұрын һәм одан кейін

Гомердің алдында туу оңай ма, о да көретін көресінін көреді. Ол түгілі, біздің алдымызда туған Абай хакімді айтпағанда, кешегі Мағжан, Қасымдардың өзі не көрмеді? Алғашқы ақынның мына бір жарық жалғанға келуі сол екен, енді оны­мен жағаласып, қолөнерімен айналы­са­тындар мен базардағы бақалшы, саудагер, алыпсатарлардың арасынан да «О! Греция!» деп қызыл тілін безейтін өлеңшілер де шыға бастады. Өлеңдерінің төрт тарма­ғында да бір мін жоқ. Үйқасы да, теңеуі де алғашқы ақыннан бір де кем емес, құла­ғыңның құрышын қандырып, көңіл күйіңді тап басады. Сол кезде осылай тақпақ айтушылар мен олардың да талантына табы­нушылар қара құрттай қаптай жөнелді. Халық ақын кім, ақын емесі кім екенін айыра да алмай қалды (әлі күнге дейін солай болып тұр)…

Алғашқы Ақынның ата жауы сол кезде өз ортасынан, жаза алмайтын жазарман­дардан шықты! Ең алғашқы «әдеби орта» дегенді ойлап шығарған осы Ақын еді. Онда өлеңді жан-тәнімен сүйетін құл иеле­нушілер мен философ-ойшылдар, сенатор­ларлар мен сылқым әйелдерге дейін жүр… Александр Блоктың «около литературные женщины» деп жүргені сол кезде-ақ шыққан. «Около литаратурные мужчины» дегендер де көп еді, олар әлі де аз емес… Бәйгеге түскен хас жүйрік соңынан енте­леп келе жатқан ет жақынын қалдырып кетем демейді, – озып кетеді ғой?! Қалып қоятын – тұғырлардың өздері…

Бірақ біздің осы Алғашқы Ақынымыз­дың да оңып тұрғаны шамалы, қасындағы ит пен құстың бәрін бауырына тартып, өзіне ет жақын дос-жаран көріпті. Адам баласынан озып, алғашқы болып туса да, біздің Мағжандай «Ақында адамзаттан дос болмайтынын» білмеген! Мағжанның өзі соны заманының дауасыз дерті жүрегіне шауып, өкпесі өшерде әзер сезді-ау деймін? Сол ата-тегі нашар, айтар сөз, ағытар сыры да шамалы құлдан шыққан жазармандар Ақынға неше түрлі пәле жауып, Импера­торға барады: «Мынау Сізді менсінбейді! Сіздің саясатыңызға, мемлекетке қарсы!» – дейді! Біреулерге жазған удай ащы эпиграммаларын жинап алып: «Сіз туралы жазған өлеңі осы!» деп алдына жайып салады! Ашулы Император Ақынды өмір­бақи түрмеде отырғызуға бұйрады. Сол күні жалғыз Греция ғана емес, ақыл-ойы әлі толыса қоймаған бүкіл адамзат баласы Алғашқы Ұлы Ақынынан айырылған еді! Талант бәсекелесімен жарысып, озады. Дарынсызда бәсеке, жарыс деген болмайды: «күндес…» қана болады…

Олардың ауыл маңынан алысқа ұзай алмайтыны, қалың жұрттың аты-жөнін де жөнді біле бермейтіні содан.

Орыстың бүгінгі бір тегеурінді, ойлы азаматы Александр Невзоров: «Достаточно одной ошибки в ДНК, и получается ДНР» депті. Не деген керемет сөз еді! ДНК мен ДНР-дің арасы бір-ақ тұтам деп тұр! О, Сұмдық! Мына дүниедегі кесапат пен келеңсіздіктің, қара пәле мен қасіреттің бәрі адамның ата-тегіндегі бір иттіктен, шикі­ліктен күшіктеп жатыр. Әлемдік саясаттан бастап, әдебиеттегі халтураға дейін… Ататектегі осы бір шикілік кежеге­сінен кейін тартып, әлі күнге дейін адамзат дамуын кәдуескідей бөгеп, тежеп тұр! Халықтың түбіне халықсымақ – тобыр, ақынның түбіне – ақынсымақ дәлдүріш жетеді! Қолына қалам алған кісіге талантты жазушылармен араласып, сұхбаттасып, шама келсе, олардың өзімен бәсекеге түссе, соның ләззатына бұ дүниеде түк жетпейді. Суреткер болғысы келетін кісіге дәніккен дәлдүріштермен де бірге жүрген жөн болады. Соларды көріп, дарынсыз жазар­ман болғанша, талантты оқырман болудың қадіріне жетесің; бұл, әрине, ләззат емес, тағылым… Мен сондай талантты оқырман­дарды көп көрдім, әдебиет жөнінде әңгіме айтса, классиктердің өзін шаңқаптырады. Халық деген – осы. Ол Абайдың заманын­да да болған, бүгін де бар, ертең де туа береді. Бірақ ол кезде біз болмаймыз ғой?

Айтпақшы, совет өкіметінің адамзат тарихындағы айтулы істері көп-ақ. Оның бір қасіреті – 70 жыл бойы бар ісі өнер адамдарымен болды! Алдына салып, Ібір-Сібірге айдап жіберді, асып, атты… Оларға құл иеленуші қоғамның өзі істемеген айуандықтың бәрін істеді! Қандай қоғам болса да, ол – халықтың өмір сүру фор­масы болса, өнер – сол халықтың шыр-шыр еткен жан дауысы емес пе еді? Мейлі, ол феодальдық-патриархалдық, капита­лис­тік, фашистік, тоталитарлық, автори­тарлық қоғам бола ма, бәрібір! Кемеліне келген Батыста мұндай оңбағандық болған жоқ. Азуын Айға білеген Американың өзі «орта білімді» Иосиф Бродскийдің орыс әдебиеті туралы дәрісін ұйып тұрып тыңдады… Совет өкіметі осы болашақ Нобель сыйлығының лауреатын «ақын емес…» деп мойындамай қойған!

Коммунизмнің кіндік шешесі Карл Маркстің өзі «Ақындарды еркелету керек!» деген. Оны пролетариат көсемі Ленин де, Генсек Сталин де, Хрущев, Брежневтерде елең қылған жоқ. «Еуропаны кезіп жүрген… коммунизм елесінің» қасіретін осы өнер адамдары тартты! «Полит Бюро­ның Ахматова мен Пастернак қақындағы пікірі базардағы қатын-қалаштың өсегімен қалыптасты» деп жазды бір орыс жазу­шысы. Құм жиылып – тас, құл жиылып – бас болған қоғамның олардың өнерін саралап, бағалауға өресі жетпеді! Анасы­нан арда туғаны үшін жазықты болды бәрі… Шәмшінің әнін айтып жүріп, өздерінің, бала-шағасының тойларын дүркіретіп өткізді. Шәмшіні кісі деген жоқ! Сол әнді өздері жазғандай, аяқтарын алшаң-алшаң басып жүр әлі…

«Ақын өлтіру ойынының» (Жұматай Жақыпбаев) неше түрлісін көріп келеміз. Исраил Сапарбай маған бір әңгіме айтып еді. Бұл кісі Сыр-Ағамен (С.Мәуленов) сырласып, көп жүрген. Оған да Сыр-Ағаң тірі пендеге айтпаған жан сырын айтқан екен. Әңгіме Қасым қақында. Қасым соғыстан он екі мүшесі сау оралған көрі­неді. Қаршадайынан Сарыарқаның сары аязы мен ұйтқи соққан боранына төзіп, төтеп берген ақыннның асау жаны соғыс­тың не бір сойқанына сыр алдыра қоймап­ты. «Сен мұны біле жүруің керек», – деді. Менің Қарқаралыдан, Қасым топырағынан екенімді мегзегені…

Ол майданнан классик болып оралады «Дауылдай өртке тиген өлеңімен!» Ол да Моцарт секілді, қатарынан қара үзіп шық­қан жалғыз қара еді. Қасында ыржыңдап күліп, түртіп қашып, ішінен тынып… Сальерилері де жүрген.

Солар бір күні жиналып алып, Қаскеңе «мейірі түсіп…» қонаққа шақырады. Арақ деген аждаһаның Алаш даласына алғаш қобыз тартып келген кезі: «Қасеке! Біз саған тәнтіміз! – дейді, – талантыңа бас ұрамыз!», – дейді. «Сіз озып кеттіңіз! Біз қалып қойдық, – дейді, – Құдайға шүкір, қалсақ та қасыңызда жүрміз ғой?! Сізге еріп жүрміз! Осы кездесуімізді жуайық, бір шалқиық?! Ішейікші?!», – деседі.

Ішкізіп, ішкізіп… қысты күні Алма­тының сызды көшесіне тастап кетеді!

Өкпеге дерт сол күні жабысады. «Олар оншақты ақын еді, – деді Исраил көкем, аты-жөнін айтпаймын? Өлсем, өзіммен бірге кетеді… Ел ішін алатайдай бүлдіріп нем бар?! Онсыз да…».

Мен де қолқалап сұрамадым. Кім екендерін ішім сезеді… Мен де айтпаймын енді… Өлсем, менің де ішімде кетеді! Бірақ дүниеге бізден кейін келетін буын олардың кім екенін, меніңше, ішінен сезуге тиіс…

Осы таяуда, осы біздің тұсымызда, бір бітімі ерекше тума талант асылып өлді! Не болды?! Ел – аман, жұрт – тынышта сон­шама не көрінді оған?!. Баяғыда біреудің боданы болдық. Төңкеріс болды. Аштық болды. Репрессия болды. Енді не болып жатыр? Ешкім ештеңе білмейді… Ешкім ештеңе айтпайды!

  1. *Трактат – (лат. tractatus; этим. см. трактамент) – ученое рассуждение о каком-нибудь предмете. Словарь иностран­ных слов, вошедших в состав русского языка. – Чудинов А.Н., 1910.
  2. **Грекшеден еркін аударылған. Ертедегі гректердің ең алғашқы өлеңі осы десе болады (С.А.).
  3. *Рахмаан – Аса рақымды, Аса мейірімді. **Ар-Рахиим – Мейірбан, Ерекше мейірімді. ***Әл-Мутәкәббир – Тәкаппар, Аса жоғары. ****Әл-Хаалиқ – Жаратушы. *****Әл-Баари – Жоқтан бар етуші. ******Әл-Мусаууир – Бейнелеуші – Алла (арабша) – Әлемдердің Жаратушысы.
  4. *Гораций Флакк (лат. Quіntus Horatіus Flaccus) – ертедегі грек ақыны.
  5. *Гомер (др.-греч. ounpoc, VІІІ век до н.э.) — грек ақыны, «Илиада«, «Одиссея« дастанда­рының авторы.

(Басы. Жалғасы бар).

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Оқи отырыңыз!

Close