Адамның озатын ортасы – білім мен ғылым ордасы

Талғат МЕКЕБАЕВ, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ қызметкерлерінің «Парасат» кәсіподағының төрағасы

«Тегінде адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озады. Одан басқа нәрсемен оздым ғой демектің бәрі де – ақымақшылық» деген  ұлы Абай Құнанбаевтың кемеңгер ойын жүзеге асыратын орта –  ең алдымен білім мен ғылым ордалары. Осы орайда ұлт ұрпағына білім мен  ғылым үйретіп, ар мен мінез қалыптастыру ісінде көшбасшысы болып келе жатқан әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті бірден ойға оралады.

 

Қауымдастықтың  бауырластығы

Әр жылдың 25 мамыры – «Түлектер күні» деп белгіленгелі бері дәл осы күні білім ордасына жиналуды дәстүрге айналдырған түлектердің биылғы бас қосуы – университетіміздің 85 жылдық мерейтойымен тұспа-тұс келді. Бұл шараны республикалық ауқымда атап өтуге ҚазҰУ-дың «Түлектер қауымдастығы» мұрындық болды. Университетіміздің түлегі, ҚР Конституциялық кеңесінің төрағасы Қайрат Мәми басқаратын және  Президиум құрамына Олжас Сүлейменов, Мырзатай Жолдасбеков, Кенжеғали Сағадиев, Ақмарал Арыстанбекова, Арманжан Байтасов, Нұрлан Смағұлов, тағы басқа танымал тұлғалар кіретін бұл қауымдастықтың мақсаты – білім мен ғылым ордасын әр жылдары бітірген, еліміздің өсіп-өркендеуі мен дамуына зор үлес қосып жүрген түлектермен тығыз байланыс орнату және заман талабына сай маман даярлау жұмысын одан әрі жақсарту. Сондай-ақ, бұл ұйым оқу ошағының халықаралық кеңістікте беделін көтеруге  игі ықпалын тигізіп келеді. Алдағы уақытта да жаңа белестерді бағындыруға  сеп болары хақ. Қатары жыл сайын жаңа түлектермен толығып отыратын қауымдастықтың қара шаңырақпен бауырластығы одан сайын нығая түсетініне сенім мол.

 

«Университет 4.0» жобасы әлем назарында

БҰҰ-ның «Академиялық ықпалдастық» бағдарламасының жаһандық торабын қатарынан үш мерзім басқарып келе жатқан біздің қара қарашаңырақ университеттер дамуының «Университет 4.0» деген жаңа моделін жасады. Ол ұлы ойшыл әл-Фарабидің идеяларына және жоғары технологиялық, рухани-өнегелік платформаларға негізделген «al-Farabi University Smart City» тұжырымдамасы бойынша жүзеге асырылады. Университеттер дамуының әлемдік талаптарына сай келетін бұл жобаны БҰҰ штаб-пәтерінде өткен Өркениеттер альянсы форумында ректорымыз, академик Ғалымқайыр Мұтанов таныстырғаннан кейін, халықаралық ауқымда кеңінен таратуға ұсынылғанды – елімізге деген үлкен сенім. Оқу ордасының жаңарымдық-инновациялық тәжірибесін ескерген Әлеуметтік жауапкершіліктің бүкіләлемдік  университеттер желісі (USRN-University Social Responsibility Network) арнайы Work shop өткізеді. USRN-нің әр континенттегі әлеуметтік жауапкершілікте көшбасшы боп келе жатқан университеттерін біріктіретіндігін ескерсек, біздің білім ордамыз аса беделді осы ұйымдағы Манчестер, Кембридж, Пекин, Вашингтон, Сан-Паулу, тағы басқа әйгілі  университеттер қатарынан орын алғандығын және  ТМД елдері жоғары оқу орындарының сол желідегі жалғыз өкілі екендігін айрықша атап өткен абзал.

 

Әлемдік рейтингтерде алға жылжып келеміз

2010 жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқына Жолдауында «2020 жылға қарай қазақстандық екі жоғары оқу орны әлемнің ең үздік 200 жоғары оқу орындарының қатарына кіруі керек» деген міндет жүктеген болатын. Осы міндетті жүйелі түрде орындап келе жатқан әл-Фараби атындағы ҚазҰУ жыл сайын алға жылжып, беделді әрі  ықпалды халықаралық QS «World University Rankings» агенттігінің әлемдік рейтингінде дүние жүзіндегі ең озық 800 жоғары оқу орындарының ішінде бұрынғы көрсеткіштен 13 саты көтерілді де, алдыңғы санаттағы 207-орынды иеленді. Мұндай жетістікке жеткен Орталық Азияда біздің университет қана, ал ТМД елдері ішінде екінің бірі (біреуі М.В.Ломоносов атындағы  ММУ). Қазір университет ұжымы биылғы жылдың қорытындысы бойынша  ең үздік 200 ЖОО-ның  қатарына енуді көздеп отыр.

 

Біздің түлектерге сұраныс жоғары

Университеттің академиялық саясатының негізгі принциптерінің бірі – алғашқы оқу жылынан бастап, қажетті кәсіби дағдыларды қалыптастыруға мүмкіндік беретін білім алушылардың практикалық дайындығын жүйелі түрде жүргізу. Бұл бағытта соңғы бес жылда ҚазҰУ-да 20 мыңнан астам студент қызығушылық танытқан  бос орындар жәрмеңкесі 700-ден астам жұмыс беруші компаниялардың қатысуымен 23 рет ұйымдастырылды. 2019 жылы университет түлектер мен жұмыс берушілердің өзара әрекеттестігін одан әрі өрістету мақсатында «Жастар және мансап» деп аталатын алғашқы электрондық алаң – еңбекпен қамтудың ақпараттық порталын іске қосты. Бакалавриат пен магистратураны бітіргендердің 80 пайызы елімізде де, шет елдерде де жұмысқа орналасқан болса, ал PhD докторанттардың жұмыспен қамтылуы – 100 пайыз. Бұл деректер біздің түлектерге сұраныс жоғары екендігін көрсетеді.

 

Білім алушылардың  саны да, сапасы да  артып келеді

Соңғы бес жылда білім алушылар қатары екі есеге артып, олардың жалпы саны 28 мыңға жетті. Үміткерлердің басым бөлігі – «Алтын белгі» иегерлері, халықаралық және республикалық олимпиадалардың  жеңімпаздары. Шетелдік студенттер саны да  10 пайызға дейін өсіп, олардың саны 2000-ға жетті.

Университет замана талаптарына жауап беретін кәсіби құзыретті  де білікті мамандар даярлау мақсатында бұрыннан келе жатқан қажетті оқу бағдарламаларын жаңғыртып, жұмыс берушілердің сұранысына сай келетін жаңа мамандықтар қатарын көбейтуді білім берудің басым бағыты деп біледі. Осыдан бірер жыл бұрын Қазақстанның жоғары оқу орындарының  ішінде алғашқы болып постдокторантура бағдарламасын аштық. Бұл маңызды қадам қарашаңырағымыздың әлемдік деңгейдегі зерттеу университетіне айналуына және қазақстандық ғылымның жаһандық білім беру қауымдастығында бәсекеге қабілеттілігін арттыруына жол ашары сөзсіз. Осы орайда Кеден ісі мамандығы мен білім беру бағдарламасының Бүкіләлемдік Кедендік Ұйымының (БКҰ) аккредитациясынан өткендігін растайтын Сертификатын алған әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Орталық Азиядағы жалғыз ЖОО екендігін айта кетудің еш артықтығы жоқ. Бұл  туралы Брюссельде БКҰ Бас хатшысы Кунио Микурия мәлімдеген болатын.

Сол секілді, Қытайдың Гуйлинь университетімен туризм саласына мамандар дайындау жұмысы басталды. Лилль университеті бізге жаңа білім беру бағдарламаларын бірлесіп дайындауды ұсынды.

 

Біз де медицина мамандарын даярлаймыз

Осыдан төрт жыл бұрын дәрігерлер даярлайтын арнайы жоғары оқу орындарынан басқа университеттер мен институттар жанында медицина  мамандарын даярлайтын кафедра  тұрмақ, тіпті мамандық та, мамандандыру да жоқ еді. Біздің университет шетелдік тәжірибелерге сүйеніп, өзі секілді жоғары оқу орындары арасында тұңғыш Медицина факультеті, яғни қоғамдық денсаулық сақтау жоғары мектебін ашты. Аз жыл ішінде қоғам назарын өзіне аударып алған бұл факультет ғылыми-зерттеу және білім берудің медициналық-биологиялық кластерін құрудың екінші сатысын жүзеге асыруда. Бұл мақсатта болашақ медицина қызметкерлерінің теориялық білімін тікелей тәжірибемен ұштастыра отырып, кәсіби білігін жетілдіруі үшін  ҚазҰУ-ға Алматы қаласының №1 клиникалық ауруханасы берілді. Сондай-ақ, қалашығымызда Оңтүстік Кореядағы әріптестердің атсалысуымен заманауи диагностикалық орталық жұмыс істейді. Онда бакалавриат, магистратура және докторантура бағдарламалары бойынша медициналық кадрларды дайындау жүргізілуде.

 

COMSATS – біздің серіктесіміз

Карачи университетінде (Пәкістан) екі тарапқа ортақ ғылыми орталық – инновациялық ізденістер зертханасын Оңтүстік елдерінің ғылым мен техника бойынша тұрақты даму комиссияның (COMSATS) қолдауымен ашқан болатынбыз. Карачи университетінің Химия ғылыми-зерттеу институтымен, сондай-ақ Химия және биология ғылымдарының халықаралық орталығымен жемісті байланыс орнатқан 20 жыл  ішінде Қазақстанның  15 патенті рәсімделді, сонымен бірге халықаралық рецензияланатын журналдарда 70-тен астам мақалалар жарияланды. Атап өтетін жәйт, ҚазҰУ ғалымдары мен студенттері Карачи университетінде академиялық ұтқырлық бағдарламасы бойынша тұрақты тағылымдамадан өтіп, білім алып тұрады. ҚазҰУ мен Карачи университеті арасындағы өзара ынтымақтастық жөніндегі меморандум ғылыми кадрларды, халықаралық талаптарға сай білікті мамандарды бірлесіп даярлауға, сондай-ақ  фитохимия, биомедицина, өсімдік тектес шикізат негізінде дәрілік препараттар мен өнімдерді өндіру мақсатында жасалған ғылыми зерттеулер мен жобаларды  өндіріс орындарына ұсынуға бағытталған.

2015 жылы осы ұйымға кірген ТМД елдеріндегі жалғыз университетіміз Азияның, Африканың, Латын Америкасының және Орталық Американың 25 елінің белгілі жоғары оқу орындарымен  де, ғылыми зерттеу-білім беру орталықтарымен де ынтымақтастығын жылдан-жылға нығайтып келеді.

«Аl-Farabi-2» наноспутнигін ұшырдық

Айтпақшы, өзімізде жасалған «Аl-Farabi-2» қазақстандық наноспутнигін ұшырғанымызды  біз ғылыми-техникалық ізденістеріміздің маңызды жетістігі деп білеміз. Спутник Калифорния штатында Ванденберг әскери-әуе базасындағы космодромнан «Falcon 9» зымыран тасымалдағышы арқылы сәтті ұшырылғанын бүкіл әлем біледі. Штаттық режимде жұмыс істейтін, заманауи инновациялық технологияларды тоғыстырған «Аl-Farabi-2» спутнигінің негізгі компоненттері мен аппараттық тораптары қазақстандық патенттермен қорғалған. Ол ғылыми, технологиялық және білім беру міндеттерін шешуге, сондай-ақ ҚазҰУ ғалымдары тарапынан дайындалған кіші ғарыштық аппараттарға арналған борттық компьютердің электронды компоненттерін сынауға мүмкіндік береді. Сыннан өткен ғылыми-зерттеулер мен сынақтар нәтижелері Қазақстанның аэроғарыш саласы үшін де, университетіміздің шетелдік серіктестері үшін де құнды әрі өзекті.

Бұл – ҚазҰУ-дің ғарышқа ұшырған екінші наноспутнигі. Бірінші «Аl-Farabi-1» спутнигі ғарышқа 2017 жылы 15 ақпанда Үндістандағы Сатиш Дхавана атындағы космодромнан ұшырылған еді. Ғарыштық технологиялар, наноспутниктің жобасын жасау, құрастыру және ұшыру саласында ұлттық ғылыми мектеп қалыптастыру, осы салада жоғары білікті мамандар дайындау бойынша ауқымды жоба 2013 жылдан «UNIFORM» халықаралық консорциумы шеңберінде жүзеге асырылып келеді.

Ғарыш саласында жаңа техникалық құралдарды жасау – университет ғылымының басты бағыттарының бірі әрі бұл іс алдағы уақытта да жалғасын таба береді.

 

Ректорымыз – «UNION» президенті

Наурыз айында университет ректоры, академик Ғалымқайыр Мұтанов бастаған әл-Фараби атындағы ҚазҰУ делегациясы Ломоносов атындағы ММУ-де өткен «Университеттер, қоғам және адамзаттың болашағы» атты халықаралық форумға қатысты. Қазақстандық жетекші жоғары оқу орны басшысының «Жаңа буын университеті: 4.0 траекториясы» атты тақырыптағы баяндамасы форум қатысушыларының үлкен қызығушылығын тудырды. Қатысушылардың қатарында жетекші ресейлік және әлемдік университеттердің ректорлары, Жапонияның, Францияның, Германияның, Ұлыбританияның, Испанияның, Италияның, Грекияның, ҚХР-дың, Қазақстанның, Иранның, Мысырдың және басқа да елдердің халықаралық ұйымдарының өкілдері, көрнекті қоғам қайраткерлері болды. Академик Ғ. Мұтанов халықаралық тәжірибеге және жоғары технологиялы рухани-өнегелік платформаға негізделген төртінші буын университеті моделін қалыптастыру тәжірибесі туралы айтып берді. Форум қатысушылары ректорымыз тарапынан ұсынылған бұл модельді қолдады және оған өзекті әрі заман талабына сай деген бағасын берді. Университет жетістіктерінің халықаралық сарапшылар тарапынан құпталғанының нәтижесінде  ректорымыз, академик Ғалымқайыр Мұтанов «UNION» ЖОО-ның халықаралық қауымдастығының президенті болып бірауыздан сайланды. «UNION» («Universities Open Network») – әлемнің 35 елінің 100-ден аса жетекші жоғары оқу орындары кіретін білім-ғылым саласындағы жаһандық ұйым. Бұл ұйымның президенті конкурстық негізде сайланатындығын еске алсақ, ректорымыздың сайлануы да көп жетістігіміздің айқын айғағы.

 

Әлемдік саммит ҚазҰУ-да өткізілді

Халықаралық рейтингтер анықтаған ҚазҰУ-дың даму феномені – академиялық орталарда зор ықылас, үлкен ұмтылыс тудырды. Соның нәтижесінде  әлемдік университеттердің саммиті ҚазҰУ-да өткізілді. Оның жұмысына 800-ден астам президенттер мен ректорлар, ғалымдар мен халықаралық деңгейдегі сарапшылар 60 елден келіп қатысты. Олар білім берудің, ғылымның, алдыңғы қатарлы технологиялар мен рухани құндылықтардың интеграциясы шеңберінде университеттердің болашақ дамуының жаңа моделін жасауды талқылады. Мұндай беделді де салиқалы сарапшылар қатысқан халықаралық шараның бір ғана университет шеңберінде бір мезгілде өткізілуі – әлемдік тәжірибеде тұңғыш рет еді. QS World Wide-тың ұйымдастыру комитеті бұл оқиғаны әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің жаһандық ғылым-білім кеңістігіндегі ролінің өрлеп келе жатқандығымен және   халықаралық ауқымда жүзеге асырған бастамаларының нәтижелілігімен байланыстырды.

Біздің университеттің даму динамикасын қадағалайтын басқа да рейтингтер бар. Солардың бірі – еуропалық «Academic Ranking of World Universities-European Standard» («ARES») рейтингі. Бұл рейтингтің анықтауы бойынша әл-Фарби атындағы ҚазҰУ Қазақстандағы жоғары оқу орындарының көшбасшысы ретінде танылды. Еуропа ғылыми-өндірістік  Палатасы жүргізетін ЖОО рейтингі университеттегі сабақ өткізу сапасы, ғылыми-инновациялық ізденістері, түлектердің жұмыс берушілер сұранысына сәйкестігі, сонымен қатар студенттердің кәсіби біліктілігі мен  құзыреттілігін жетілдіру, оларды ғылыми-зерттеу машығына баулу, болашақ жұмыс берушілермен байланысын нығайту істерінің қаншалықты нәтижелі екендігін саралайды. 2011 жылдан бері жүргізіліп келе жатқан Халықаралық «ARES» рейтингіне  биыл қазақстандық 96 жоғары оқу орны қатысқанын және бұл рейтинг қорытындысын әлемнің ең беделді сарапшы агенттіктері де назарға алатындығын есе салсақ көп ақиқат айқындала түседі.

Сонымен қатар,  «UI Green Metric Rankingof World Universities» жаһандық рейтингінің қорытындысы бойынша біздің университетіміз әлемдегі экологиялық көрсеткіш тұрғысынан ең озық 200 университет қатарына енді. Былтырғы жетістігімізбен салыстырғанда, биыл 78 елден сарапқа түскен 700 жоғары оқу орнының бәсекесінде  172 орынға көтерілдік. Шындығында,  «КазНУ – Green Campus» жобасы аясында  университетімізде  экологиялық тұрғыдан тұрақты әрі жанға жайлы «жасыл» орта қалыптастырылуда.

 

Жанға жайлы «жасыл» орта

«ҚазҰУ – Green Campus» жобасы шеңберінде университетте тұрақты  және жанға жайлы «жасыл» орта жасалуда. Осылайша жел, күн, су және геотермальды, биогазды және сутекті энергетика сияқты энергия алудың әртүрлі жолдарын қолдана отырып, «жасыл энергетика» бойынша инновациялық жобаларды жүзеге асыруға арналған «Мини-ЭКСПО» болып табылатын «жасыл технологиялар» орталығы құрылды. Мұнда заманауи технологияларды және ғылыми инжинирингті қолдана отырып, мамандарды практикалық дайындау жүзеге асырылады.

Гидропониканы қолдану арқылы әсем гүлзарлар мен жеміс-жидек пен көкөніс  өсіруге арналған энергия қуаты тиімді пайдаланылатын жылыжай жұмыс істейді. Кереңқұлақ өзенінің аңғарын абаттандыру мақсатында  арналар  мен өзектерді тазарту мен  жасау-жабдықтау жұмыстары аяқталуда. Өзеннің суы жасанды «Аквапоника» экожүйесінде пайдаланылады.

Бұл орта, шын мәнінде, ұжым мүшелері, білім алушылар мен университет қонақтары, Алматы қаласының тұрғындары демалатын, қыдыратын, бос уақытын тиімді пайдаланатын жанға жайлы демалыс орнына айналды.

Сондай-ақ, «Аквапоника» сирек кездесетін ұсақ жануарлар мен балықтарды бағу, өсімдіктердің жаңа тұқымдарын өсіру, оларды көбейту бағытында тәжірибе жинау, кәсіби білік арттыру базасы болғандықтан, бұл жоба білім алушылар мен ізденушілер, жас ғалымдар тарапынан жоғары қолдау тапты.

 

Президент келді, Елбасы қабылдады

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев университетімізге арнайы келді. Келген сапарында  сандық технологияларды қызмет саласына, оқу үдерісіне   енгізу, бизнес-құзыреттерді дамыту кластері бағытындағы  жетістіктерімізбен танысты.

Ректор, академик Ғалымқайыр  Мұтанов Президентке университеттің ғылыми-зерттеу және білім беру бағытындағы  инновациялық қызметін, оның жетістіктерін егжей-тегжейлі баяндап, ҚазҰУ-ды көп ұзамай әлемдік деңгейдегі зерттеу университетіне айналдыру үшін ЖОО кешенді құрылымдық жаңартулар жүргізіліп, кластерлік әдіс негізінде факультеттер құрылғандығын, кафедралардың ірілендірілгенін, әрбір қызметкердің рейтингтік жетістіктері мен жұмыс нәтижесін бағалауға бағытталған үдерістік басқару жүйесінің  енгізілгендігін, соның нәтижесінде әл-Фараби атындағы ҚазҰУ 2011 жылдан бастап беделді және танымал «QS WUR» рейтингі бойынша 400-ден жоғары сатыға жылжып, биылғы жылы әлемнің ең  үздік жоғары оқу орындарының ішінде 207 орынды иемденгендігін жеткізді.

Сапар барысында Қ.Тоқаев МВА және DBA орталықтары, ислам қаржылық-кәсіпкерлік және қаржылық-биржалық технологиялар кіретін бизнес-құзыреттер дамыту кластерімен танысты. Сондай-ақ, студенттік кампус аумағында орналасқан «Керемет» студенттерге қызмет көрсету орталығын аралады.  Мұнда ол студент-жастармен кездесіп, әңгімелесті. Президентіміздің университетімізге арнайы іс-сапармен келуі – ұжымның әр мүшесінің болашаққа деген сеніміне серпін берді.

Осыдан кейін көп уақыт өтпей, Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ректорымыз Ғалымқайыр Мұтановты қабылдады. Кездесу барысында Елбасы университетімізді одан әрі дамытудың және халықаралық беделін нығайтудың маңыздылығын айта келе: «Университеттің беделін көтеру маңызды. Алдымызда жоғары оқу орнын зерттеу орталығына айналдыру мақсаты тұр. Білім сапасы мен профессорлық-оқытушылық құрамды дайындау деңгейін арттыруға назар аудару керек. Білім алушылардың жағдайын жақсарту үшін студенттік жатақханалар салу жөнінде тапсырмалар берілді», – деді. Сондай-ақ,  жүздесу барысында ректорымыз Әбу Насыр әл-Фарабидің 1150 жылдық мерейтойын атап өтуге қатысты білім ордасының дайындығы туралы ақпарат берді.

Жоғары деңгейдегі бұл жүздесу – Елбасының жоғары білім беру саласындағы көшбасшы университетке деген сенімін білдіріп қана қойған жоқ, сонымен бірге ұжымымызға үлкен жауапкершілік жүктеді.

 

ӘлФарабиәлем назарында

Әл-Фараби есімі – біздің университет үшін үлкен мәртебе. Біз оны ерекше мақтанышпен алып жүреміз, ұлы ғалым, ойшылдың қалдырған мұрасын ұдайы насихаттауға тырысамыз. Әл-Фараби тұжырымдамасын оқи отырып, университеттің миссиясын ізгілікті қаланың «билеушісі» халықтың тәрбиелеушісінің, тәлімгерінің, ұстазының рөлі арқылы қоғамның тұрақты дамуында интерпретациялауға мүмкіндік береді. Мұндай тәлімгерлікті заманауи университеттер жүзеге асыра алады және жүзеге асырулары қажет. Егер түлектердің бойында кәсіби біліктіліктермен қатар, адамгершілік құндылықтары да бар болса, адамзат өркениеті қауіпсіз әрі ізгілікті болары анық. Осы ретте әл-Фараби еңбектерінің таралуы – барлық елдер мен халықтар үшін өзекті әрі маңызды миссия.

«Әл-Фараби және әлемдік өркениет» атты халықаралық симпозиумды өткізудің дайындық жұмыстары басталды. Шығыс ойшылының мұрасын кеңінен насихаттау үшін оның еңбектері басқа тілдерге аударылып, басылып шығады.

Сонымен қатар, ҚазҰУ ғалымның мұрасын таныстыру және кеңінен тарату мақсатында жыл сайын халықаралық Фараби форумын өткізетіндігін атап өту керек. Шетелдік 10 жетекші университетте әл-Фараби орталықтары ашылып, қызмет етуде. Сонымен қатар, БҰҰ Өркениеттер альянсы мен «Рухани жаңғыру» бағдарламасының аясында ҚазҰУ «Ізгілікті қоғам азаматтарын қалыптастыру заманауи университеттердің миссиясы» атты халықаралық жобасын жүзеге асыруда.

Мұның барлығы ұлы философ және ойшыл Әбу Насыр әл-Фарабидің мұрасын насихаттау мен терең танытуға бағытталатын болады.

Қорыта айтар болсақ, біз барлық салада әрқашан алда болуға тырысамыз, ең бастысы біздің студенттеріміз бен түлектеріміз: «Мен – еліміздің үздік университеті ҚазҰУ түлегімін»  деп үлкен мақтанышпен  айтуға лайық болуы үшін аянбай еңбек етеміз.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Оқи отырыңыз!

Close