Адамгершілік мұраттары айқындалған

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты тақырыпта жасаған халыққа Жолдауында қазақ халқының мемлекет құраушы ұлт ретіндегі рөлін бекемдеп, этносаралық татулық пен дінаралық түсіністікті қалыптастыра беруіміз қажет екенін атап өткен.

Қазіргі таңда, әсіресе, демократиялық өзгерістерді іске асырып жатқан заманауи әлемде, дін мен саясат және олардың арақатынасы мәселесі туралы түрлі пікірлер айтылып жүр. Кейбіреулер саясат пен дінді қарсы кояды, көбіне дінді дәріптеп, саясат және оның қоғам өміріндегі рөлі туралы діни тұрғыдан төмен бағалауға бейім тұрады. Дін мен саясат бір-бірімен өте тығыз байланысты, олар табиғатынан шын мәнінде рухани дүниелер әрі қоғамдық тарихи құбылыстар болып саналады. Тегінде дін де, саясатта қоғам мен адамның тіршілік әрекетінің ең жоғарғы саласы – рухани саланың өнімі болып табылады.

Әлеуметтік институт ретінде саясаттың да қоғамдағы орны мен рөлі өте жоғары. Заманауи қоғамда саясат бірқатар аса маңызды қызметтерді атқарады. Олар: қоғамның тұтастығын және тұрақтылығын қамтамасыз ету; гуманитарлық қызмет; басқарушылық және реттеушілік қызмет; рационалдау қызметі; саяси әлеуметтендіру; қоғамның жіктері мен топтарының жалпы мәні мен мүдделерін білдіру; қоғам мен адамның әлеуметтік дамуын жаңарту қызметі.

Саясаттың аса маңызды қызметі – қоғамның тұтастығы мен тұрақтылығын қамтамасыз ету болып табылады. Бұл қызметті саясат қоғамдық прогрестің үрдістерін тану, білу және оларды жүзеге асыру үшін қажетті ресурстарды іздеп табу, осы үрдістер арнасында жалпы мақсаттарды тұжырымдау, болашақ жобаларын істеп шығару, әлеуметтік бағдарларды анықтау қабілеті арқасында жүзеге асырады. Міне, сондықтан қандай да болмасын қоғамның және қоғамдық дамудың тұтастығы мен орнықты даму қажеттігі дін мен саясатты өзара байланыстырады және олардың арақатынастарының сипаты мен мазмұнын айқындайды.

Қазіргі Қазақстандағы дін мен саясаттың арақатынасы өте өзекті болып келеді. Бұлар негізінен қоғам мен мемлекет мүдделерінің сұраныстары мен талаптарына сай өрістеуде. Аса қуатты әлеуметтік ресурстары арқасында дін қоғамның рухани өміріне, адамдардың адамгершіліктік санасы мен мінез-құлқына әсер етуге жеткілікті түрде қабілетті. Өзіне тән моральдық құндылықтық бағдарлар мен адамгершіліктік ережелер арқылы дін мемлекеттің қалыпты өмір сүруінің, өз қызметтерін атқаруының маңызды шарты болып табылатын қоғамның адамгершіліктік элементін тудырады. Сөйтіп, дін саясатқа, саяси күштердің өзара қатынастарына игі ықпал етеді. Қазіргі заманда оның әлеуметтік-саяси қатынастардағы төрешілік рөлінің маңызы арта түсуде.

Қазақстанда адамгершілік жауапкершілікті және жаңа уақыттың талабына төтеп беруге мүмкіндік туғызатын Қазақстан халқы менталитетінің жоғары руханилылығын нығайту қажет екендігі белгілі. Заманауи қоғамда ғылым да, дін де бұл орайда өздерінің мәдени тәрбие қызметтерін атқаруда. Бір жағынан, адамның рухани тірегі ретінде – дін, ал екінші жағынан, дүниені рационалды түрде түсіндіретін жүйе ретінде – ғылым мен саясат, осының бәрі қоғамдық менталитетті қалыптастыруда маңызды қызметтер атқарады.

Қазақстанның инновацияға, модернизациялауға бетбұрыс жасауы жоғары зияткерлік, адамгершілік, азаматтық мәдениетті талап етеді. Осы мәселелерді шешуде дін мен саясат және олардың өзара қатынас мәселелері өзекті болып табылады.

Шолпан ЖАНДОСОВА,

ҚР БҒМ ҒК Философия, саясаттану және дінтану институты

Дінтану бөлімінің меңгерушісі,

PhD докторы, қауымдастырылған профессор.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *