АДАМГЕРШІЛІК ФОРМУЛАСЫ

eraga3

Қали СӘРСЕНБАЙ

Бұл кісіні алғаш рет 1976 жылдың қоңыр күзінде КазГУ-де көрдік. Жур­налистика факультетінің бірінші курсына енді түскен кіл бота тірсек, тебін мұрт бозбалаға бұл кісі жаңылмасам телевидениеден дәріс оқыды. Университетті қызыл диплом­мен бітірген, Лениндік стипендиат болған. Сымдай тартылған, өзі де, сөзі де, көзі де өткір жап-жас жігіт. Әскерде борышын өтеп, өмір көріп келген жігіт­термен аракідік қалжыңдасып қала­тыны да есімізде. Көп ұзамай «Социа­листік Қазақстанға» қызметке ауысып, бұл кісіден едәуір уақытқа көз жазып қалдық. Содан арада оншақты жыл өткенде «Лениншіл жаста» табыс­тық. Редактор Сейдахмет Бердіқұлов­тың орынбасары, мен «қарақожалақ» кор­ректормын. Бұл баспасөздегі қадамыңа құт болған кәсіпті мансұқтау емес, ертелі-кеш баспаханадан шықпай, май исі бұрқырап жүретін «қарақо­жалақ­тың» сырын аға буын, орта буын өкіл­дері жақсы біледі. Сондықтан оған анықтауыштың қажеті жоқ. Тура екі жыл корректор болғаннан соң, секре­тариатқа ауыстым. Ауысты деген аты болмаса сол таныс иіс бәрібір сізді төңі­ректеп жүреді не болмаса әйтеуір бір жеріңе жұғып кетеді. Қалай болған­да бүгінде мұртымыз майланып жүрсе сол қара майдың да арқасы.

 

Егер бұл кісі сол КазГУ-де жүре берсе ендігі ғылым докторы, академик болып, ғылымда да оқ бойы озық оғланның бірі болар ма еді, алайда, оның маңдайына ақпараттың академигі болу жазып тұр екен. Бұл кісі деп отыр­ғанымыз, Қазақстан Республикасы Журналистика академиясының акаде­мигі, БАҚ саласындағы

ҚР Президенті сыйлығының тұңғыш лауреаты және Баубек Бұлқышев атындағы сыйлықтың иегері, баспасөздегі тұтас бір буынның ұлық ұстазы Ержұман Өтешұлы Смайыл.

 

Бүгінде ол тұста туысқан компар­тияның қылышынан қан тамып тұрған кезі еді деп айтсақ та, бізді адам қата­рына қосуға сол партияның парасаты жетіп артылған еді. Партияның бел баласы (пионер, октябрят тәрізді кенже балаларын былай қойғанда) комсомол­дың органы «Лениншіл жас» ресми­ліктен алыстау, әжептәуір еркіндігі бар басылым еді. Осы басылымға корректор болып орналасып, бақыттан басымыз айналып жүргенде бұл кісіге жолық­тыр­ған тағдырға да бүгінде іштей тәубешілік етіп қоямыз. Біз білгенде бұл кісі бір орнында отырып, жұмыс істеген адам емес. Жұмыс стилін, тәрті­бін, машығын айтып отырмын. Оның бойындағы әркімнен кездесе бермейтін қарапайымдылыққа кезікпегенде, сол тұста сәл бір кішкентай ғана лауазымды қызмет бұйырса, кісі боп кетер ме едік, кім білсін?! Ерағаңа кезіктіріп, құдай сақтаған екен дейікші.

Бұл кісі іңірде ия түн ортасы Бас редак­­тордың алдына баратын беттерді бір қараған соң, сол процесті баспа­ханада жалғастыратын. Бала-шағамен жағаласып бет қараудың қызығы тіптен басқаша еді. Телетаиптан тарсылдап түсіп жататын ленталарды да қайтара бір оқып, одан қала берді корректор да болып, кейде шыдас білдірмей ұбақ-шұбақ гранканы да оқып тастап, ара­сында «Дәуірдің» асханасына бізбен бірге барып айран ішіп, орта жолда қайран Әзиз доспен қалжың қағыс­тырып, ес жиып, бір серпіліп алып, қайтадан сол арпалысқа кіріп кетіп, қысқасы, таң қы­лаң бергенде бізбен бірге қайтып, тоғызда жұмыс кабине­тінде отыратын бұл кісінің өмірбақи өзін бастық сезін­ген бір күнін көрмедік десек, тағы да қателеспедік қой деймін. Тіпті, ара-ара­сында бала-шағамыздың да жағдайын сұрап қоятын жанашырлы­ғын айтса­ңызшы.

Ерағаңмен «Егеменде» тоқсаныншы жылдары қайта тоқайластық. Мұндағы қызметім де секретариаттан басталға­нымен, үш айға ғана созылып, Шерағаң көп ұзартпай әдебиет, өнер бөліміне жіберді. Ерағаң Бас редактордың бірін­ші орынбасары. «Лениншіл жастан» желпініп келген екпінімізді «Егемен» басты. Таланттың аты талант, еңбектің аты еңбек. Ерағаң «Егеменнің» де қалыбына түсіп үлгеріпті.

Егер бұл кісінің бойында азды-көпті кемшілік болса, соның бәрін еңбекпен жойған адам. Бұл да өзі адамға қанмен сіңетін қасиет бе деймін. Себебі, Ер­ағаң­ның өмір жолын көктей шолсаңыз, еңбекші әулетінен шыққанын бағамдар едіңіз. Осы «Егеменде» жүргенде «Парасат» журналына Бас редактордың орынбасары қызметіне ауыстым. Сондағы Ерағаңның «Орынбасардың жұмысы қандай екенін енді білетін боласың» деген сөзін осы ұжымға арқа­лап келгенімде, жанашырлығы да, жан­кештілігі де қатар жүретін, қазақтың көрнекті жазушысы, Бас редакторым Баққожа Мұқаимен қызмет бастағанда айқын сезінгенім рас.

«Қаз орғанына семіреді» деп, бұған дейін өз жазғанымызға ғана мәз болып жүрген маған журналдың жұмысын ұйымдастыру әу баста оң жамбасыма кел­мегенін айтуым керек. Бұл журнал дейік, ал күн сайын шығып жатқан газет­тің орынбасарының шықпай жүр­ген жанын, оның үстіне Шерағаңдай шар­бо­лат­пен жұмыс істеуді айтса­ңызшы.

Фариза апамыздың қайтарынан бірнеше ай бұрын хабарласып, жаңа шыққан сұхбат кітабын алып Алматыға келгенде айтқан бір сөзі есімде қалып қойыпты. «Айналайын, Қали, мен өмір жолымда ағаларымның, апаларымның жақсылығын, қамқор көңілін көп көрдім. Солардың ықыласымен өсіп, өндік. Менің өлең кітаптарым жет­кілікті шықты ғой. Ал мына кітабымды сол жақсы адамдар үшін шығардым» деп еді.

Шынында да егер бұл өмірде бір төбешікке шыққан болсақ, соның бәрі жақсы адамдардың, ағалардың ақеділ көңілінің, пейілінің арқасы екенін қазір шын сезінген халдеміз. Бұған дейін Шерағаңның тиген шарапаты жөнінде жазып едім. Ал сол Шерағаңдардың тасасында жүріп, рухани мұратқа адал болып, еліне еш марапат күтпей-ақ үнсіз қызмет еткен Ерағаңдай ерлердің ерең еңбегін айтуды да көбіне ұмыт қалдыратынымыз жасырын емес қой.

Көк базардағы көп қа­батты көк шынылы үй руханияттың құтханасы, талай мықтылар еңкейіп кіріп, шалқайып шыққан қара шаңырақ еді. Ол жылдарда шығарма­шылықты бағалау, кішкентай бір дүниең шықса соны талқылап, ықылас, ілтипат білдіру осы үйдің ішінде толассыз жүріп жататын. Осындай орта жасауда ең алдымен сол тұстағы басшылықтың рөлі зор болды ғой деймін. Бұл да бір бақыт. Тіпті ең басты бақыт еді. Себебі, бізді жігерлендірген, қанаттандырған сол ағалардың қамқор­лығы, кіршіксіз, пердесіз көңілі. Мысал үшін айтайын, Алтынбек Қоразбаевтың «Қара кемпір» (сөзі Ж.Сәтібековтікі) ән-толғауы қазіргі тілмен айтқанда сол тұста хитке айналды. Бір күні редак­торымыз С.Бердіқұлов осы әннің кейіпкері өмір сүрген Жамбыл облысы, Меркі ауданы Қызылсай ауылына материал жазып келуге мені жіберді. Қысқасы, «Ленин­шіл жаста» «Қайыспас қара кемпірлер» атты мақалам жария­ланып, ол лездемеде кәдімгідей аталып өтті. Сондағы Сейдах­мет ағаның «Мен Қалиды аштым» деп риясыз қуанғанын өмірі ұмытарсың ба?! Ағаларымыздың көңілі осындай риясыз болатын. Жақсы бір дүние шықса балаша қуанатын. Ж.Бейсенбаев, Ж.Аупбаев, Қ.Жиен­баев, С.Сапарбеков, Н.Жүнісбаев, Ө.Оралбаев, Қ.Керейқұ­лов, т.б. (аталмағандар болса кешірсін) тәрізді бірінен-бірі өтетін кіл жүйрік­термен жұмыс істеу зор мақтаныш болатын. Газет шығаруды өнер деп ұққан осын­дай кіл жақсы мен жайсаңға басшылық жасап, жуан ортасында жүретін Ер­ағаң­ның өнегесін тауысып айту да мүмкін емес, әрине. Әдетте, театр, әдебиет жөнінде айтқанда «алтын дәуір» деген ұғым жиі қолданылады. Бұл да бір баспасөздің «алтын дәуірі» дерлік кезең еді. «Қасқыр көп, арлан біреу» демекші, сол «алтын дәуірді» жасауда ақпарат арландарының бірі Ерағаңдай тұлға­лардың шелектеп тер төккенін бүгінде хал-қадірімізше айтып отыру да тағы­лымның бір түріне айналуы керек.

«Менің бизнесім осы кезге дейін жиған абыройым» деп еді бірде Алаш­тың Асанәлісі. Осы ой тұрғысынан келгенде Ерағаңның кәсіпке адалдығына да бас иген болар едім. Оның бизнесі де баспасөз болды, сол арқылы жиған абы­ройы болды. Бизнесті тура мағынасында түсініп, бұл кісі баспасөздің арқасында байшыкеш болған екен деп қалмаңыз. Алайда, Ерағаңда мұндай мүмкіндік те болды. Сол кезде дүрілдеп тұрған «Бутяңыздың» өзі бұл кісіні қиылып қызметке шақырғанынан да хабарымыз бар. Нарықтың әліппесін бәрімізден бұрын біліп, сонау бір жалақыдан қысылған қиын жылдарда да ол бұл қабілетін айрықша көрсетіп, «Егемен­дегі» бір қауым елдің асыраушысына да айналуға ұйытқы болғанын да несіне жасырамыз. Қолында аса жоғары лауа­зымды қызмет тізгіні бола тұра, «Бәрі қолыңнан келіп тұрғанда маған бір кішкентай бизнес ашып бермедің ғой» деп Жақан жеңгеміздің әйел­дікке са­лып айтқан базынасына да бүгінгі күні түсінікпен қарағың келеді. Бірақ біздің ұлық ұстаз үшін бәрін де сол кәсіпке деген адалдық жеңіп шық­қан еді.

Қысқасы, біздің ұлық ұста­зымыз қанша тал­пы­нып көрсе де өтірік өмір сүре алмады. Ең­бек­қорлық, табандылық әркімге де қанмен сіңетін қасиет болар-ау, алайда, Ерағаңның бұл қасиеті артындағы біз секілді шәкірттеріне де жұғысты болды-ау деймін. Таяуда бұл кісінің де, бәріміздің де ұстазымыз Зейнолла Қабдоловтың жары Сәуле апайдың «Көрген түстей, сағымдай…» атты күнделік-кітабын тағы бір мәрте ақтарып отырғанымда Ерағаңның есімін және оған деген академиктің, апа­мыз­дың ыстық ілтипатын көп кезіктірдім. Ермұжан Смайыл деген қазақ баспа­сөзінің тегеурінді, тұғырлы тұлғасының бар саналы ғұмырын айшықтайтын адамгершілік формуласының қыр-сырын шешіп берген мұндай кітап­тардың әлі де жазыла беретініне менің еш шүбәм жоқ.

 

«Мен жақсы ақын болмағанда жақсы оқырман болар едім» деуші еді Қадыр ағамыз. Ержұман Смайыл да қалай болғанда да тегін адам болмас еді. Журналист болмаған күнде де басқа салада да өз ортасын жарып шығып, жақсы оқырман болу өз алдына, жақсы маман, жақсы адам болып шығар еді. Жақсы адам демекші, осындай абырой биігіне көтері­ліп, оны ұстап тұру үшін де ең алдымен басқасын былай қойғанда, адам ретінде де талантты болу керек шығар. Бүгінде қайсыбір тұлға жөнінде айтқанда еңбекқор мен талантты адамды оңай шатастырып жатамыз. Осы екі қасиет те бір бойынан табылатын ұстазымыз Ержұман Смайылды ең алдымен адамдық абзал қасиеті өрнек­теп тұрар еді. Ол өмірбақи қара басы­ның қамын ұмытып, осы елге болсын деп жұмылып жұмыс істеген адам. Ол осы қасиетімен ұлт баспасөзіне қызмет етуден таңбады. Бұл оның ұстанған басты өмірлік қағидасы.

 

Бүгінде жыми­ғаны Джакондадан әрмен Жақан жең­геміз екеуі отбасы­ның алтын қазығына айналып, немере­лерінің қызығын көріп шат-шадыман болып отыр. Бұл да болса сол жылдар бойы жиған абыройдың, адал өмірдің арқасы.

Біз білген, бағамдаған ұстазы­мыз­дың адамгершілік формуласына негіз­делген шағын мақаланың нобайы осылай болып шықты.

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *