Адамгершілік қасиеттерімізді жетілдіре түседі

Әміржан НӘБИЕВ,

Алматы қалалық мәслихатының депутаты

Биыл еліміз ұлы Абайдың 175 жылдығын атап өтеді. Оның бүкіл өмірі адамның адамгершілік және рухани жетілуіне, рухани тазаруына бағытталған. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев ұлы ойшылымыз шығармашылығының маңыздылығын жоғары бағалайды.

«Біз Абай сияқты елді сүюді үйренуіміз керек. Абайдың бай мұрасы қазақ ұлтының жаңа санасын қалыптастыруға қызмет етеді», – деді Президент.

Бұл мақала арқылы Мемлекет басшысы Абай әлеміне жаңаша көзқараспен қарап, оны халқымыздың егемендігі мен тәуелсіздігі тұрғысынан бағалап, ақынның дүниетанымы туралы ой бөліседі. Сонымен қатар, Мемле­кет басшысы ұлы ақынның мерейтойын мерекелеудің негізгі бағыттарын атап өтті. Мерейтойлық шаралар Абайдың рухани мұрасын сақтау, зерттеу және насихаттауға бағытталған. Бүгінгі таңда ұлы ақын, кемеңгер ойшылдың мерейтойын ұлттық және халықаралық деңгейде кеңінен атап өту, сонымен қатар Абай шығармашылығының барлық қырларын жаңа көзқараспен терең қайта қарау бойынша үлкен мақсаттар қойылып отыр.

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында бүгінде ұлттық құндылықтарды жандандыру және байыту, ұлы бабалары­мыздың естелігін мәңгі сақтау, олардың бай мұраларын зерделеу және кеңінен насихаттау, ұлттың «мәдени кодын» сақтау бойынша ауқымды жұмыстар жүргізілуде.

Хакім Абайдың қара сөздеріндегі халық тағдыры туралы ойлары ешқашан күшін де, көкейтестілігін де жоймақ емес, өйткені Абай – қазақ халқы руханиятының сарқыл­майтын мәңгілік көзі.

Абай туғаннан бері 175 жыл өтсе де, оның философиясы, бай рухани мұрасы уақытқа қарамастан мейірімділіктің, ізгіліктің нұрын таратып, адамзатқа шабыт беруді жалғас­тыруда. Абай философиясы көптеген жылдар бойына тек қазақ халқының ғана емес, сонымен бірге бүкіл әлемнің назарын аударуда.

Қазіргі қоғамда Абай шығармаларын зерттеу ұлттың рухани басшылығы ретінде ғана емес, мәдениет пен адамның адамгершілік қасиеттерін жетілдіруде лайықты рөл атқарып келеді.

Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев: «…Абай жырын жаттаған дұрыс. Ал оның терең ойы мен өжет пікірі тек айта жүрер әңгіме болмай, күнбе-күнгі тірлігімізге бір кірпіш боп қаланып жататын нақты іске айналса, тіптен құба-құп. Ол үйреткен тағылым мен ол көксеген мұраттарды шын қастерлей білгеніміздің Әділет пен Абзалдық ұстазы алдындағы перзенттік қарызымызды терең түсініп, өтей алған­дығымыздың бірден-бір белгісі де осы болып табылады».

Абай өз еңбектерінде әрдайым дүниенің теңдессіз жетістігі Адам, сол Адамның жаны мен тәні сұлулық пен келісімнен айнымауы керектігін айтады. Бүгінде барлық мемлекеттік және ұлттық жобалар адамның өмір сүру деңгейін жаңа және сапалы деңгейге жеткізуге бағытталған.

«Адам баласын замана өстіреді, кімде-кім жаман болса, замандасының бәрі виноват»  дейді Абай. Біз алға қойған мақсаттарымызға, әрине, күш біріктіріп, қоғамды біріктіре отырып, барлығы­мыздың нақты істерде жетістікке жетуге дайын болумен ғана қол жеткізе аламыз. Өйткені, еліміздің дамуы жасампаз жұмысымыздың нәтижелеріне байланысты.

Абай жоғары бағалаған әділеттілік, мейірімділік, мұқтаж адамдарға көмектесуге деген ұмтылыс, жас ұрпақты көрнекті тұлғалардың өмірінің үлгісі арқылы тәр­биелеу сияқты қасиеттер еліміздің дамуының қазіргі кезеңінде жүргізіліп жатқан әлеуметтік-экономикалық реформалар мен қоғамдық сананы жаңғырту процесінде өз көрінісін тапқан сияқты.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *