Адамдық факторды қысқарту – жемқорлықты жояды

Әсел ДАҒЖАН

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы дүниетанымды жақсартуға және азаматтардың мемлекеттік институттарға деген сенімін арттырып әрі сыбайлас жемқорлыққа қарсы жаңа инновациялар мәселесі бойынша пікір алмасу үшін Алматыда мемлекеттік және бизнес құрылымдардың, саяси, қоғамдық және халықаралық ұйымдардың 200-ден астам өкілі қатысқан «Adaldyq Alany: сыбайлас жемқорлыққа қарсы қоғам мен мемлекеттің өзара іс-қимылының жаңа форматы» атты республикалық форумы болды. 

Ғасыр дертіне айналған жемқорлық мәселесін талқылауға арналған ашық әңгіме алаңына шаһар басшысы Бақытжан Сағынтаев та қатысып, азаматтық көзқарасын білдірді. Аталған дертпен күресуде Алматының қандай шаралар атқарып жатқандығын баяндады. Сонымен қатар, сыбайлас жемқорлықтың алдын алудың бір пәрменді шарасы ретінде мемлекеттік қызмет көрсетуде адамдық факторды қысқарту екенін атап өтті.

– Алматы цифрлық сауаттылықтың деңгейі бойынша ел көлемінде көш  бастауда, яғни 82 пайызға жетті. Оның үстіне, Алматы БҰҰ-ның азаматтарға арналған онлайн-сервистерді дамыту рейтингіне енген Орта Азиядағы жалғыз қала және 25-орынды иеленген. Smart Cіty концепциясын дамыту аясында қауіпсіздікті қамтамасыз ету, көлік, білім мен денсаулық сақтау салаларында  жобалар  ойдағыдай жүзеге асуда, – деді қала әкімі Бақытжан Сағынтаев.

Шаһар басшысы келтірген мәлімет бойынша ағымдағы жылдың тоғыз айы ішінде мемлекеттік қызметтің 95%-ы электронды форматта көрсетілген.  Барлық мемлекеттік қызметтің 80%-ы автоматтанды­рыл­ған. Open Almaty порталы арқылы қала тұрғындарымен тұрақты кері байланыс қамтамасыз етілген. Онда екі жыл ішінде 195 мыңнан астам өтініш өңделіп, олардың 71%-ы жергілікті жерде шешілген. Түскен өтініштерге талдау жүргізіліп, соның негізінде жедел шаралар қолданылады. Айта кетерлігі, қала әкімі бір айда екі рет, сонымен қатар аудан әкімдері мен басқарма басшылары күн сайын азаматтарды жеке қабылдайды. Мегаполис басшысы проблемалы учаскелерге өзі барып, сол жерде жағдаймен танысып, аудан тұрғындарымен тікелей кездеседі. Осылайша «тыңдай алатын мемлекет» тұжырымы жүзеге асуда.

Форум жұмысына Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқор­лыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаев және БҰҰ Жаһандық коммуникациялар департаментінің өкілі Властимил Самек қатысты. Өз кезегінде агенттік төрағасы Алик Шпекбаев шенеуніктер арасындағы жем­қорлық деңгейін айтып, кімдердің қандай сомада пара беретінін санап берді.

– Соңғы жылдары біз бірнеше шенеунікті жауапкершілікке тарттық. Қудаланғандардың 75 пайызы – ұсақ шенеуніктер, олардың орташа пара мөлшері 83 мың теңге, ал басшылар арасында 820 мың теңге. Бұл 10 есе көп. Сондықтан біз бар назарымызды басшыларда ұстаймыз, өйткені, онда жүйелі ұйымдасқан жемқорлық бар, – деді Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаев.

Форумда сыбайлас жемқорлық көріністерін азайту бойынша іс-қимылды жетілдіру және мемлекеттік органдар жұмысының ашық­ты­ғын арттыру мәселелері, мемлекеттік секторға азаматтық бақылауды күшейту, бюджеттік ұйымдарда жемқорлықты азайту бойынша заманауи шетелдік трендтерді қалыптастыру жайы сөз болды.

Форумның жұмысына сыбайлас жемқорлыққа қарсы Adaldyq Alany және жобалық офистердің өңірлік басшылары да қатысты.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *