Адам және табиғат: ТЕПЕ-ТЕҢДІК ҮШІН КҮРЕСТІҢ ӨРШУІ

Р.А.АЛШАНОВ, Тұран университетінің ректоры, э.ғ.д., профессор

Бүгінде адамның тұтынушылық қарымы мен жылдамдығы Жер-Ананың бүкіл табиғи ресурсына қауіп төндіріп отыр. Табиғи ресурстың сарқылуы халықтарды, мемлекеттерді тіршіліктің жаңа жолдарын іздестіруге жұмылдырып, ғылым мен білім салаларында үнемі технологиялардың инновациялық жаңалықтары мен тың үлгілерін енгізуге, ресурстарды алмастырғыштарды ойлап табуға, адам мен табиғаттың ақылға қонымды теңгерімін сақтауға мәжбүр етеді.

Қазір бүкіл әлемді «адамзатты экологиялық апатқа әкелетін ИКС сағаты соққанша қауіпті де қатерлі жағдайдың алдын алуға бола ма?» деген бір ғана мәселе алаңдататыны сөзсіз. Қоғамда пессимистік болжамдар мен оптимистік үміттер текетіресі белең алып тұр.

Адамзат өз даму тарихында ғаламдық сипаттағы сан түрлі апаттарды басынан талай рет өткерді. Олардың санасында бұл апаттар әлемдік су тасқыны, адам шошырлық қақаған үскірік аяз, отты айдаһарлар шеруі, алапат зілзалалы жерсілкіністер, жан-жақты жаппай от шарпыған тажалды өрт ошақтары, астероидты-метеорологиялық шабуылдар ретінде сақталып қалған. Ежелгі мифтер, эпикалық поэмалар ықылым замандағы халықтардың драматикалық жадының, тарихи жылнамасының жаңғырықтарын жеткізеді. Адамзат түрлі катаклизмдермен, табиғи апаттармен үнемі күресте шыңдалды, бір орыннан екінші орынға қоныс аудара қашты, бейімделді, аман қалды. Егер ғылым Номо sapіens-тің генетикалық тарихы 135 мыңға дейін белгілі деп ойласа және осы мыңжылдықтарда ұрпақтардың орташа жасы 25 жаспен өлшенсе, онда қазір жер бетінде 5,4 мыңыншы ұрпақ өмір сүреді екен. Бұлар тірі қалған, бейімделген, Жер бетінде өмір сүруге үйренген ұрпақтар. Табиғат адамдарды өз заңдылықтарымен санасуға мәжбүр етті, біз оның бір бөлшегіміз.

Ғылым табиғат құбылыстарының даму заңдылықтарын танып-білуде, апаттардың, катаклизмдердің мәнін түсінуде, олардың пайда болу тарихын зерделеуде айтарлықтай алға жылжыды. Кешенді, жүйелі зерттеулер бірқатар шешімдер қабылдауға мүмкіндік берді. Экология саласында түбегейлі шаралар қабылдауға қарсылық бар екені де шындық. Киот хаттамасын алмастырған Париж конвенциясына АҚШ қол қоймады. Трамптың тұжырымдауынша, әлемдік экологияның жағдайы тым драмаландырылып жіберілген, ол техногендік факторлар салдарынан жаппай жылыну болмайды деп санайды. Экологтар ұлғайып келе жатқан озон тесігіне қатысты проблемаларды да тым әсіре далитып жіберген дейді. Бұған оппоненттер ретінде – мұздықтардың тез еруін, табиғи апаттардың өсуін, мәселен, сол Америкадағы – торнадоны, Ресейде – Тайгадағы өртті атауға болады. Маңдайды тасқа соғу деген осы болар.

Біз ашық ғарышта тұрамыз, ғаламның қай алыс бұрышынан күтпеген қонақ келетінін толық біле алмаймыз. Күн жүйесінің өз қорғанысы бар. Жерден біршама қашықтықта – Юпитер, Сатурн, Уран, Нептун сияқты алып планеталар біздің ғаламшарды қорғап келді, негізгі соққыларға төтеп берген де солар. Ғылым мәліметтері бойынша Марс екі мың шақырымдық суперастероидтің алапат соққысынан кейін қызарып кеткен. Ай, әсіресе оның екінші жағы, ғарыштағы көптеген кратерлердің жойқын соққыларынан жырымдалған. Жер бетінде де қазір бағамдасақ, соққы іздері көп. Тек соңғы уақытта ғана Гренландия мұздықтары астынан, болжауымызша бұдан 11,5 мың жыл бұрын, ұзындығы 31 шақырымға жететін алып астероидпен соқтығысудың салдарынан пайда болған көлемі 700 шақырымдық үлкен кратер табылған.

Қазіргі уақытта соңғы 20 мың жыл ішінде орын алған Жердегі апаттарды жалпы сипаттауға мүмкіндік беретін көптеген деректер жинақталған.

Белгісіз құпия туралы белгілі ақиқат:мамонттар туралы шындық

Мәңгілік мұздықта, Аляскадан Енисей сағасына дейін, үш мың шақырым жолақта жүздеген мамонттар дамылдап жатыр. Олар зерттелген және әлі де зерттеліп жатыр. Нью-Мексико университетінің профессоры Хиббен Аляскадағы мәңгілікке қатып қалған сол мамонттардың қалдықтарын талдай отырып, мынандай тұжырым жасайды: «…мұз қатпарларымен және торф пен мүк қабаттарымен араласып, жануарлар мен ағаштардың имектелген, иірілген бөліктері жатыр. Жануарлардың тұтас табыны, шамасы, әлдебір алапат зұлым күш салдарынан бір сәтте қырылып қалғандай… Мамонттар мен бизондар денелері, бейнебір Құдайлар ғаламдық күшпен қаһарын төккендей, бөлшектеніп, бұралқыланып тасталған. Малдардың кейбірінің салмағы бірнеше тоннаға жетсе де, олардың денелері жырымдалып, өрілген сабаннан жасалған бұйымдар сияқты айналада шашылып қалған. Сүйектерге иілген, жұлымдалған ағаштар араласып, бір-бірімен әбден байланып, шатысқан: мұның бәрі ұсақ түйіршікті қорыс топырақпен шыланған және мұздыққа айналып, қатып қалған».

Егер Хиббеннің сипаттамасы бойынша, Аляскадағы мамонттардың алып бес-жеті тонналық тушалары жарылыс эпицентрінде кесектеліп жатса, Сібірде олар тұтастай мұздаққа айналған, 4 қабатты жабынмен (шамалауымызша, жанартау күлі болуы мүмкін)қатталған. Олардың бәрі бір сәтте қырылған. Г.Хэнкок былай дейді: «Мамонттар кенеттен болған суықтан жаппай қаза тапты. Өлімнің тез болғаны соншалық, олар жұтқан азығын сіңіріп те үлгермеген. Өйткені, ауыз қуыстары мен асқазандарынан бізге белгілі түрлі шөп түрлері – қоңыраулардың, лютиктердің, осок пен жабайы бұршақтардың қалдықтары табылған».

Қазіргі кезеңдегі негізгі қорытындылар: Жаңа Сібір аралдарының аумағында, Аляска бағытында триллион­даған магниттік бөлшектерден құралған, ірі астероидтер мен метеоридтер қоса ілескеншаң-тозаң кометасы Жер атмосферасын бұза-жара (Р.Фэйрстоун) кіріп, ұзақ уақыт бойы, 6 айға дейінгі аралықта Жердің солтүстігін атқы­лаған. Жоғары қуатты екпінді толқын (Е.Дмитриев) эпи­кіндікте жүрген мамонттарды кесектей жұлмалап, қалған­дарын ажал толқыны шарпыды. Мұнымен бір мезетте, бәлкім сәл ертерек те болуы мүмкін, «Сириус В – қызыл алып» деп белгіленген (С.Брюшинкин) Сириус серігінің жарылуынан пайда болды деп болжанған екпінді скалярлық толқын салдарынан бүкіл Күн жүйесінде (Э.Халилов) қозғалыстар мен синхронды тектоникалық тербелістер басталып, алыс ғарыштағы үш белбеулі астероидтардың құрылымын біржола сыпыра бұзып өтті.

Б.з.д. ІV мыңжылдықтың бірнеше жүзжылдықтары бойы аспанда бір емес, екі Ай көрінді – көлемі Аймен бірдей аспандағы екінші шамшырақ Жерге жақын келген Сириус (оның жүйесіндегі жарылыс 6 мың жыл бұрын болған) еді.

Ежелгі Шумер аспанында 5000 жыл бойы түннің өзі күндізгідей жарық еді, өйткені сол заманда екінші Күн сәуле шашып тұрды. Клинопистік жазба талдамасында «екінші Құдай-Күн» туралы әңгіме айтылады. Ғалымдар оны ғаламат жаңа жұлдыздың жарқылы болды деп тұжырымдайды.

С.М.Брюшинкиннің тұжырымы бойынша, Сириус жарқылы б.з.д. 20000-3114 мың жылдар бойы бойы жалғасқан. Ғаламат жарылыспен қоса ғарышқа қызыл Сириус В-ның қуатты күшті скалярлық толқыны тарады.

Шайқалыс қатты болғаны сондай, ол Жер бетіндегі көптеген жанартауларды оятты. Тынық мұхиттық өрт сақинасында барлық әлемдік жер сілкіністерінің 90%-ы орын алды және зілзаланың ең қуаттыларының 80%-ы да осы аумақты қамтыды. Жер планетасындағы белгілі деген 540 жерүсті жанартауларының үнемі қозғалыстағы 328-і осы аймақта орналасқанын айта кеткен жөн.

Осы кезеңде бұл сақинадағы белсенді жанартаулардың төрт мәрте толқуы қырылған мамонттарды түгел күлге орады. Қуатты толқын мамонттарды солтүстік мұхит суларының астында қалдырды. Одан кейінгі мезосферадан келген, минус 123 градусқа дейін жеткен алапат үскірік аяз мамонттарды мәңгілік мұздақтың тұтқынына айналдырды.

Мамонттың денесін тез мұздату үшін (кейбірінің салмағы сегіз тоннаға жетті) минус 100–130 градустық (А.В.Колтыпин) аяз қажет екендігі сынақпен дәлелденген. Ал денесі қоңды, қалың қабатты май мен жүннен тұратын мамонттардың жылы денесін (пілдерде – 35,9°C) лездемде мұздату үшін олар өте төмен температураға (-115°C) тап болуы тиіс еді. Мұндай температура мезопауза деп аталатын мезосфераның жоғарғы деңгейінде ғана бар, ондағы температура – минус 138 градус.

Алты ай бойы барлық Сібір өзендерінің сағасын қатты сұрапыл аяз (суық қатты болды – үндістер) басты, айналада бірнеше қабатты мұзды бөгеттер пайда болды. Олардың іздері әлі күнге дейін Карскіде және басқа да солтүстік теңіздерде (С.В.Томирдиаро) сақталған. Негізінен Батыс Сібірдегі барлық ойпаттар су астында қалды. Мансий, Енисей, Ленск-Вилюй, Витим көлдері пайда болды. Мансий сулары Обаған-Торғай сағасы арқылы Арал теңізіне қосылып жатты. (И.Волков, С.Казьмин. AfterShock.news).

Жарты жыл бойы теңіз-көлдер табиғи жолмен Торғай сағасы арқылы (Торғай сағасының ұзындығы – шамамен 630–800 шақырымдай, ені – 20–75-тен – 300 шақырымға дейін) (А.Бобоедова) толып, қазіргі Дариялық тақыры бойымен Арал теңізіне құйды. Геологиялық зерттеулер Торғай сағасы арқылы үш рет тасыған Сібір суларының апатты сипатын дәлелдеп отыр (А.Г.Илларионов). Олар Аралдың үш негізгі трансгрессиясымен сәйкес келеді.

Тасыған судың басым бөлігі Аралдың ернеуінен асып, Сарықамыс ойпатын, Сарықамыс көлін (Чайчасты, Шайшасты) толтырып, Узбой арқылы Каспий теңізіне жетеді. Тасқынды ағын сулар Каспийге Узбоймен қатар Жайық пен Еділ арқылы да құяды. Каспий сулары тасыған сайын Қума маныша ойпаты арқылы Қара теңізге құяды.

А.Л.Чепалыга «Апатты «Топан су» оқиғаларының нәтижесінде ішкі Еуразияда өзара бір-бірімен байланысты бассейндер жүйесі қалыптасқанын» атап өтеді. «Бұл Арал-Сарықамыс бассейнін, Узбойды, Хвалын теңізін, Маныч-Керчен бұғазын, Жаңаэвксин теңізін, Босфорды, ежелгі Мәрмәр теңізін қамтитын Еуразиялық бассейндердің Каскадын жаңғыртуға мүмкіндік береді. Одан әрі бұл Каскадтың сулары Дарданелланың бұғазы арқылы Жерорта теңізіне құйған». Оның айтуынша, Еуразия бассейндерінің Каскады ежелгі эпос пен мифологияда, «Авестада» — Ворукаш теңізі ретінде көрсетілуі мүмкін.

Батыс-Сібір, Тұран топан суларының каскадынан (А.Чепалыга), 1 млн. ш. шақырым аумақты қамтыған дала мұхиты – Тұран теңізі (Көкше теңіз – С.Қондыбай) пайда болды.

Қатты үскірікті аяз өз алдына, жапалақтап жауған қалың қардан Памир, Алатау, Тянь-Шань, Қаратау тауларының шыңдары, дала мен өзен алқаптары ақ ұлпаға оранды. Кейіннен осы мол қардың еруі салдарынан Әмудария мен Сырдария сулары көтеріліп, адам бойынан асып (1,7 м.), төңіректі топан су толқыны басты. Соның салдарынан азық-түлік дағдарысы басталып, тайпалар отырықшы жерлерін тастап, азық пен жаңа жайылымдар іздеп, өмір көші басталды.

Міне, осындай экстра төтенше оқиғалар халықтардың тарихи жадында, мифтерде, эпикалық ертегілерде, фольклорда қалмауы мүмкін емес еді.

 

Ақырзаман: қайшылықтар кезеңі

Қазақ тілінде апаттар мен катаклизмдерді сипаттайтын ұғымдар – топан су, зілзала (жер сілкінісі), алапат аяз, жұт және т.б. сөздер сақталған. Ол шумерлік мифтерде «ақырған айдаһар» жылымен тұспа-тұс келеді. Апаттың қасіретін нақты айқындайтын ұғым – дәуірдің күйрегенін, уақыттың тоқтағанын білдіретін ақырзаман сөзі. Бұл шумерлік аңыздардағы «ақырған айдаһар жылымен» үндес ұғым.

Қазақ мифологиясындағы айдаһар, аждаһа – көбінесе жын бейнесіндегі жеті басты жалмауыз жылан, көп басы бар зұлым айдаһар кейпінде аталады. Айдаһар – бәлкім, Айдан ақыр ұғымымен сипатталып, осынау сөздің шығу төркінін білдірсе керек. Сириус В-дағы жарылыстан соң бұл жұлдыз аспан әлеміндегі екінші Күн сияқты ерекше жарқырап, ғарыш кеңістігінде екі Ай пайда болды. Сол кездегі қатты жаңғырықтың себеп-салдарын адамдар осы екінші Айдың көрінуімен байланыстырған. Сондықтан ол адамдар санасында Айдың ақыруы, Айдан келген жаңғырық, ақырған дыбыс ретінде қалыптасып кеткен, сөйтіп, Айдаһар ұғымына трансформацияланып кеткен. Жарылыстан кейін 250 жыл өткен соң адам көзінен тасада қалған Сириус серігі (Сириус В) бертін келе қазақ тілінде серігі жоқ Сыңарсыз Сүмбіле деп аталып, сақталып қалды. Сол кезде жайылған судан «Көкшетеңіз» (С.Қондыбай) пайда болып, ол Тұран ойпатының барлық алқаптарына жайылды. Су тасқынынан қашып құтылуға ұмтылған аттар қазақ фольклорында теңіз жылқылары, су (өзен) биелері деп аталды (С.Қондыбай).

 

 

Авеста: экологиялық апаттың алғашқы шежіресі

«Авеста» (О бастан Т.Еңсегенұлы, С.Оспанов) зороастрийлердің бас кітабы деген тұжырым бар. Ол көптеген діни ілімдер мен сенімдердің бастауы болған діни шығарма ретінде қарастырылады. (Мэри Бойс). Бірақ мәтіндерді мұқият талдау көрсеткендей, шығарманың шынайы мазмұны көлеңкеде қалып қойған, оның есесіне экстраординарлық оқиғаларды түсіндіруге, олардың діни тұрғыда сипатталуына баса маңыз берілген. Бұл көп қырлы шығарма жүзжылдықтар бойы жазылып, діндарлар оның мазмұнын ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіп отырған. Заратуштраның (Зар айтушы) өзі атап өткендей, ол тек ежелгі байырғы ақын Баири Акунның дұғаларын жеткізуші ғана. Бұл тілдің қалыптасу, ақпаратты тарату тәсілдерінің дәуірі еді. Діндарлар көшпелі тайпалармен үнемі үзеңгілес болды. Мұның бәрі әрине өшпес із қалдыратыны сөзсіз. Қазір бастапқы мәтінді абайлап және ұқыпты қалпына келтіру уақыты келді. Бірақ бұл үшін мәтіннің пайда болу себептері мен шарттарын түсіну маңызды. Еуразия даласында тұңғыш қалыптасқан (Ә.Марғұлан) осынау ең ұлық, ең ежелгі туынды өмірге қалай келді деген сауалға жауап іздеп көрелік.

Біздің ойымызша, «Авеста» бұдан 6–4,5 мың жыл бұрын Орталық Азия аумағында, Тұран жерінде болған экологиялық апаттың поэтикалық көрінісі болып табылады. Шын мәнінде, ол әлемдегі табиғи катаклизм­дерді тізбектей сипаттайтын ең алғашқы шығарма, олардың бірінші тарихи жылнамасы. Экстра ерекше оқиғалардың қуатты импульсы адамдарға ұмытыл­мастай күшті соққы болып тиді, олардың санасында қалыптасқан сенім-нанымдар сол табиғи оқиғалардың рухани көрінісі іспетті.

«Авестада» оқиғаларды тізбектей қайта жаңғыртуды, факторлар мен олардың әсерін шектеуді қажет ететін бірқатар катаклизмдер бейнеленген.

«Авестада» катаклизмнің басты себебі нақты белгіленген: Тиштар (Тиштрия, Сириус), қазақша Сүмбіле және оның серігі – Сатаваэс (мүмкін Сатылы басты метеориттер соққысы) жұлдызы (сөзбе-сөз аударғанда – «жүз күйеудің күші бар»).

Бастапқыда, жұлдыз жарығы «алысқа бұралаңдаған жолмен жарық шаша» 30 түн ішінде ұшып келеді. Дала астрономдары, Авестаның авторлары Тиштардың (Сириустың) жұптас жұлдызының спирал тәрізді орбитасы туралы білген деген тұжырым бар.

Отыз күн мен түн бойы Тиштарды «оның жарқылынан-ақ зерделеуге болар еді» және оның әрбір көрінісі 10 тәулік бойы күні-түні жаңбыр себелетті. (Үнді аңыздарында жаңбыр он үш ай бойы жауған. Дүниежүзілік су тасқыны кезінде жаңбыр күні-түні 40 тәулік бойы жауды).

«Және Тиштар жаңбырының әрбір жеке тамшысы қауыз сияқты үлкен болды және су бүкіл жер бетіне адамның бойымен бірдей биіктікке жайылды; Және жердегі зиянкестердің барлығы осы жауынның құрбанына айналып, жердің қуыс-қуысына кіріп, жоқ болды». (Месопотамиядағы су деңгейі 15 шынтаққа – шамамен 1,9 метрге, Сырдария мен Әмудария өзендерінің аралығында – адам бойына – 1,7 метрге көтерілді). Аңызда айтылатындай: «Жел рухы суды таратқан кезде кең алқапты мұхит пайда болды». Суды жан-жаққа таратып, оны мұхитқа айналдырған сол жел рухы сібір цунамиі болуы әбден мүмкін.

Осылайша кенеттен пайда болған ғаламдық мұхит «жер бетінің үштен бір бөлігін алып, барлық «арий емес елдерді» кейін ығыстырып тастады, тасыған Воурукаш суы «шеттегі адам аяғы баспаған алты кешварлардан» (алты каршавр, алты көрші ел) қашықтай берді». Мамандардың пікірінше, су тасқыны алаңы 1 млн. шаршы шақырымды қамтыған.

Келесі кезең: Тиштрияның толқынды соққысы. Бұл соққы он аттың, он бұқаның, ондаған тау мен өзендердің күшіне тең. Теңіз суының қуаты осындай. Бейнебір, қара, жүн-жүні шыққан, айдарсыз, құлақсыз, құйрықсыз, қорқынышты ат кейпіндегі «дэв Апошамен» Тиштрия үш күн, үш түн алысып, бақытсыздық пен қайғыны жолат­пады. Тиштрия Воурукаша теңізінің (Арал теңізі) барлық жағалауын толқындатып, көтеріп, төгіліп, жуып-шайды.

«Воурукаш» теңізінің атауының өзіндегі «Каш» сөзінің мәні – жиі тербелісті білдіреді. Бәлкім, Воуру каш Бауру каш болуы да мүмкін. Қазақшада баурау – тартылуды, тартуды білдіреді. Бауырлау – жерге жабысу. Арал теңізінің құмды, таяз жағалауларының сулары аса терең болмаған. Балқаш – бал қаш, керісінше, жағалауды бал сияқты баяу шаяды.

Артынша биіктігі «он таудай», көлемі «он көлмен» тең, тасқыны мен қуаты «он жүйрік аттай, желісі жылдам он атан түйедей, он алып бұқадай» су орамы (Хаэтумант) жетті. Тасқын су «хварно» деп белгіленген. Хаэтумант қуатты су орамының күші мен сапасы түсінігіне жақын, ал хварно су көлемінің үлкен массасын сипаттайды.

Хаэтуманттың күші арий емес барлық елдерді жер бетінен сүріп тастайтындай хварноға ие. Олар су тасқыны кезінде температураның күрт ауытқуынан да, азық-түлік дағдарысынан да, аштық пен шөлден де апыл-тапыл көшуге, қашуға, «кері шегінуге» мәжбүр болған. Бұл жерде әңгіме су тасқыны кезінде неарий елдерін (угор тайпалары – ханты және манси) отырықшы жерлерінен қозғап, Орал таулары шатқалына кері жылжытқан, Мансий теңізінен Торғай бүгілімі арқылы аққан уақытша көл, тұманды су орамы (Хаэ тумант) жөнінде болып отыр.

Қуатты күші бар, «тасқын суымен қауіпті» Хаэтуманттың екі түрлі сипаты Әмудария мен Сырдарияда жиі болып тұратын тасқындарға да немесе бүгінгі Дариялық тақырының орнын көлге айналдырған Мансы теңізінің су орамдарына да байланысты болуы мүмкін.

Келесі оқиға – Ажи-дахактың пайда болуы. «Сол кезде Хварноға қарай бағыт алды. Үш аранды қатыгез әбжылан былай ойлады: «Хварно қол жетімсіз, оған қалай қол жеткізуге болады?». Артынша от шықты. Ахура-Мазданың (ұлы) жалыны». Үш аранды әбжылан – аузынан от шашатын, жерді балқыған металмен суарған айдаһар Ажи дахака. Ол үш аранды, алтыкөзді, аранынан жалын атып, бүкіл әлемді жоюға ұмтылған жылан. Бұл әбжылан – Ажи дахаканың (Айдаһар) артында Ахура Мазданың ұлы – от оранған шлейф жатты.

Осылайша, Авестада айдаһар су тасқыны орамының артынан іле-шала келетін алапат от ретінде сипатталған. Сириустың жарылысынан жердің атмосферасын бұзып өткен толқынды соққы салдарынан алып цунами пайда болды. Ал астероидты белдеулерден ыдыраған орасан үлкен метеоритті масса 10000-2000 градусқа дейін қызып, айдаһар кейпінде от ағынына айналып, өз жолында кездескеннің барлығын қырып-жойды. К.Г.Залеманның аудармасында: «1. Солтүстік елден, солтүстік елдерден (каршварлардан) өлім арқалаған Анхра-Манью келді» деп көрсетілген.

«Аспанмен шайқаста жеңіліске ұшыраған зұлымдық бар қаһарын Жерге төкті. Оны тесіп өтіп, Ахур-Мазданың тағы бір жаратылысы – суды жоюға шешім қабылдады. «Зұлым желмен ол жерді құрғатып, құрғақшылық жыны – Апаошты жіберді». Бұл жерде әңгіме Үстірттің осы аумағына құлап, Маңғыстау мен Копет-Дагтың иридиялық аномалиялары бейнеленген темір метеорит, құрамында темірі бар метеорит туралы болуы мүмкін.

В.Клименконың қорытындысы бойынша, б.з.д. ІV мыңжылдықтың соңына қарай Арал-Каспий су бөлінісінің, Орта Азияның апаттық құрғақшылыққа тап болуы дәл осы кезеңге сәйкес келеді.

Сириус серігі жарқылдаған кезде, аспан мен жер арасында жұлдыздар құрт сияқты құлаған, бәлкім бұл астероидтардың, метеоридтердің құлауының сипаттамасы болар. «Авестада» синхронды күн, жер, вулкандық тектоникалық белсенділікке себепші болған Сириус В жарылысынан кейін пайда болған скалярлық толқын соққысы күшінің әсері туралы гипотезаның маңызды айғақтамасы берілген.

Алдымен Жерге зұлымдық рухы – алапат толқын қаһарын төкті, оны тескілеп (кратерлер), үлкен зілзала әкелді. Өрт семсері, отты кометалық, метеорлық ағындар, толқынды соққылар табиғи катаклизмдерді – жер сілкінісін туғызды. «Зұлым желдің» отты жалынынан жер отқа оранды, содан кейін «зұлым желдің» әсерінен Жерде құрғақшылық орнады. Үстірттің ғарыштық пейзаждары – осы катаклизмнің сарқыншақтары болуы әбден мүмкін.

Ең бірінші ақырған отты әкелген қаһарлы, ашулы метеорит Вэртрагн жөнінде айтылады: «Алғашқыда Ахура жаратқан Вэртрагн ұшып келеді. Қабандай ашулы, зұлым, жолындағысын шайнап тастап, құлататын өткір тістері мен мүйізтұмсықтары бар… Алдыңғы және артқы аяқтары да, тамырлары да, құйрығы мен жақсүйектері де темірден».

Бірінші жағдайда әңгіме «жынданған», құрамында темірі бар метеорит жайлы болса, екінші жағдайда Тиштрия жарығымен қоса Варукаша (Арал) теңізі маңында пайда болған метеорит ағыны әңгімеленеді: «Ворукаша теңізі маңында, аспан мен жер арасында құрттар сияқты түсіп жатқан жұлдыздардай сиқыршыларды не жеңеді».

Атмосфера қақ айырылғандай серпілістен алапат ақырған дауыс естіліп, жер бетіндегі бүкіл тіршілік атаулыны тітіркендіріп, шошытты. Бәлкім, Анхра Майн – қансыраған қой дәуірі болар. «Шахнаме» поэмасында Фирдоуси: «Кеңістікті қасқырдың ұлыған үні басты» деп жазды. Ахура Мазда мен Анра Май – «Авестаның» базалық түсініктері мен категориялары. Ирандық мәтіндерде Ормузда, Анрамайн ұғымдары беймәлім символдарға, салттық құдайларға, беймәлім аспани күшке айналады.

Алма Қыраубаева тұжырымдағандай, «мазда» ұғымы қазақ тілінде «баяу жалын» дегенді білдіреді, демек, Ахура Мазда Ақырып мазда – лаулаған жалын деп жаңғыртылуы мүмкін. Бұл қазақтың «ақыр заманымен», шумерлік «ақырған айдаһар жылымен» үндес. Осы бір-бірімен өзектес ұғымдар бір мезетте пайда болған деуге әбден болады. Олар жер атмосферасын күшті акустикалық толқынды алапат гүрілмен қоса қуатты тозаңды кометалар бұзып-жара кірген кезеңнің елесіндей. Ажи дахака, айдаһар – от құбыжықтар, олар аспанды жарып, өз жолында күллі тіршілік иелерін жайратып салды. «Ажи Дахака» қарақалпақша – «Аждахар», қазақ тілінде – «Айдаһар».

Атмосферадағы жарылыс алты ай бойы мезосферадан қатты аязға жол ашты. 900 қыс арқылы келген қорқынышты, күшті аяз туралы Авестада да айтылады.

22-шумақ

«Ахура Мазда Йиме және былай деді: Йима әдемі, Вивахванттың ұлы! Тірі жанға зұлым қыс келе жатыр, ол үсік шалар аязды өлімтікке душар етеді. Тірі жанға зұлым қыс келе жатыр, соның салдарынан қарлы боранды бұрқасыннан зәулім таулар мен Арэдвидің (Әмударияның) аумағын қар басып қалады».

23-шумақ

«О Йима, тау шыңдарындағы қауіпті жартастардағы, дала кеңістігіндегі мықты үйлердегі малдың үштен бірі ғана аман қалады».

 24-шумақ

«Осы қыста ел жайылымды көбейтеді. Көптеген су оны жуып-шайып кетеді. Қар ерігеннен кейін, о Йима, тірі жан қой ізін көріп таңқалатын болады».

Бұл жерде әңгіме климатолог В.Клименко тұжырым­дағандай, біздің дәуірімізге дейінгі 3800 жылдан кейін іле-шала келген, шарықтау шегіне біздің дәуірімізге дейінгі 3200 жылда жеткен, 5200 жыл бұрынғы Жерге қатты суықтық әкелген мұздықты аяздар туралы болса керек.

Мәтіндерді талдау көрсеткендей, сипатталған оқиғалар үздіксіз қар жауғанға дейін, қатты аяз болғанға дейін, содан кейін еріген қардан су тасқыны болып, бүкіл мал қырылып қалғанға дейін 900 жыл бұрын болған.

Палеонтологтардың деректері бойынша, Еуразия далаларында, «Ариана Ваэжа» (дала кеңістігі) кеңістігінде аумағында қойлар мен жылқылар 7–9 мың жыл бұрын қолға үйретілген.              Бұл кезең Д.Мартыновтың 7,5 мың жыл бұрынғы кезеңдегі Сириус В-ның жарылысы туралы болжамдарымен сәйкес келеді. С.Брюшинкиннің Сириус В-дағы жарқыл б.з.д. 3114 мың жылға дейін жалғасқаны туралы тұжырымы Авестада көрсетілген.

Климатологтардың айтуынша, б.з.д. ХV-ХІV ғ.ғ. кезеңінде Еуразия далаларында экологиялық жағдай айтарлықтай нашарлап, құрғақшылық азық-түлік дағдарысын туындатқан, соның салдарынан тайпалар күн-көріс қамымен қоныс аударуға мәжбүр болған.

«Авестадағы» оқиғалар табиғи катаклизмдер салдары­нан халықтардың қоныс аударуының маңызды кезеңдерін бейнелейді. Біздіңше, Ариана Вэйжа (Жайы) даласы болды деп есептелетін үлкен кеңістікті – Каспий маңындағы ойпаттарды, Еділ мен Жайық жағалау­ларындағы жайылымдарды Сібірдің тасқынды суларының басып қалуы арийлерді отырған жерлерін тастап, көшуге мәжбүр етті (М.Бойс). Анатолий Клесовтың мәліметінше, ДНК-генеалогияға сүйенсек, арий тайпалары төменгі Поволжье аудандарынан, Башқұртстаннан, Батыс Қазақстаннан, Қазақстанның солтүстігі (Сарыарқа) арқылы оңтүстік Орал асуларынан, шығысқа, Алтайға, Алатау тауларының етегіне, Ыстықкөл маңына, Талас алқабына, Ферғана алқабына осыдан 5000 жыл бұрын миграциялауды бастап, Әмудария мен Сырдария аралығына 4500 жыл бұрын жеткен екен. Және осы аймақта кейянидтермен, тұрандық­тармен, дахтармен (адайлықтармен), сайримдармен және басқалармен күрделі, қарама-қайшылықты қарым-қатынаста өмір сүрген.

«Авестадағы» экологиялық апаттар сипаттамаларының бұл маңызды дәйектері басқа да осы мазмұндас бағдарлар сияқты зороастризм ілімінің көлеңкесінде қалып келеді. Зерттеушілердің міндеті – ата-бабаларымыздың осынау сан  қырлы күрделі еңбектерінің ақиқатын толық әрі дәйекті зерттеу арқылы оларды қалың жұртшылықтың, ғылым мен білімнің игілігіне айналдыру.

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Оқи отырыңыз!

Close