АДАМ МЕН ЗАМАН ЖАЙЛЫ

(қысқа қайырым ой-толғамдар)

%d0%b0%d0%b4%d0%b0%d0%bc-%d0%bc%d0%b5%d0%bd-%d0%ba%d0%be%d0%b3%d0%b0%d0%bc

Мұқағали  ақын бір жолы өзінің қаламдас дос ағасы — Тоқаш Бердияровқа: «…Адам мен Заман жайлы ойлаған­да жаныңа маза бермейтін және әлгі ойларды өлеңнен гөрі, қарасөзбен жазған жөн болатын тақырыптар болады. Сондай толғаныс сәттерінде айтарыңды түйіндеп, ел ұғатындай, қысқа- қайырыммен жазуға тырысу керек», — деп ішкі сырын ашып еді…

Аға аманатын орындауға ұмтылып, ел кәдесіне жараса, әсіресе, жастардың жадында жүрсе деген үмітпен Адам мен Заман жайлы көңілге түйген қысқа-қайырым ой-толғамдарды назарларыңызға ұсынып отырмын, қадірменді оқырман!

 

Өмір – дәптер. Адам – қалам. Қызмет – көрініс. Уақыт – жойқын, бірде алдап кетеді, бірде жоқ етеді, —деген екен өз заманында Козьма Прутков деген ойшыл. Осы сөз рас-ау. Өкініштісі, біз соны түсіну былай тұрсын, ойлап та қоймаймыз. Бәрін кеш ұғамыз, сосын өкінген боламыз. Пендеміз ғой…

 

***

…Мына заман – елдің байлығын қара басының қамына қалауынша пайдаланған кейбір тойымсыздарға майдай жағып-ақ тұр?! Заманың – мынау… Адамың – анау… Қайтпек керек?! Данышпан Абайды да күңіренте күйзелткен осындай ит тірліктер ғой! Өз заманында әділ­діктің туын көтеріп, шындықты бетке айтқан Махам­беттің басын алған, ұлы Абайға у бермек болған қара­ниет пенделердің сарқыты қазір де жоқ деп айта аласың ба?!.

 

***

Қазір елді сорған обырдың баласы – «Мерспен» зулатып жүрсе, отты жылдарда қан кешіп, елін жаудан қорғаған, кісі ақысын жемеген ардагер ағалардың балалары – трамваймен итеңдеп бара жатады… «Ақшаң болса қалтаңда…», «Тіреуің болса арқаңда…» деген сол енді?!.

 

***

Өмір дегеніміз  —  адамдардың  өзін  әлдебір  алда­ныш­пен  өткізетін ұзақ  әрі қысқа уақыты ғана секілді көрі­неді маған. Мәселен, біреулерге қорасындағы  бес-он малы,  келесі біреуге әупірімдеп әрең  жеткен қызметі  және біреуге әдемі жас тоқалы, тағы біреуге ұрлап-бөр­леп жиған  дүниесі мен тыққан арам ақшасы — алданыш!?.

Кейде өзімнен-өзім сұраймын: «…Мына өмірде осы менің алданышым не?» — деп…

Мүмкін, біріне-бірі жалғасып, ешқашан  таусыл­майтын ойлар ма екен?.. Әлде ойым жеткенімен, осы жасыма дейін  қолым жетпей  келе жатқан ақ қанатты армандар ма?..

 

***

Таяу күндердің бірінде  қызметтегі билігін асыра пайдаланып, көп адамды жылатқан бір кісінің жаназасына қатыстым. Оның мәйітін қабірстанға  қарай алып жүрерде жаназасын шығарған имам:

— Бұл кісі қандай адам еді? — деп үш рет дауыстап сұрады.

Әлгі  кісіні ақтық  сапарға шығарып салуға жиналған барша жұрт марқұм болған жанның тіршілігінде  талай­ларды жылатқанын біліп тұрса да, амалсыздан:

— Жақсы адам!.. Жақсы адам!.. Жақсы адам!.. — деп үш мәрте дауыстап айтты…Шын көңіл хошымен емес еді бұл…

Иә, мына өмірден   шын жақсы адам атанып, мансап пен байлықтың құлы болмай, өзінің ғана емес, қара ормандай халқының, ұлты мен ұрпағының қамы үшін адал ғұмыр кешіп   өткенге не жетсін, шіркін?!..  Мұны да ойлап қойғанымыз жөн секілді…

 

***

… Әнебір жылғы асығыс жекешелендіру саясаты – қолында билігі, сейфінде мөрі барлардың өздерін де, бала-шағасын да аяқ астынан байытып, әйдә бір қарық қылды… Ал, сол кезеңде тиесілі үлесін де әділдікпен ала алмай, далада қалғандарды ойлаған адам болды ма !.. Әлді мен әлсіздер арасындағы әділетсіздік әлі де жалғасып келеді. Шерхан ағамызша айтсақ, «бұл да бір кем дүние»…

 

 Айтақын  Әбдіқал,

Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын,

Мұқағали Мақатаев атындағы сыйлықтың лауреаты.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *