АДАМ ДАМЫМАЙ, ҚОҒАМ АЛҒА БАСПАЙДЫ

4-%d0%b1%d0%b5%d1%82%d0%ba%d0%b5

Мемлекет басшысының «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Қазақстан халқына Жолдауы біздерге, білім саласының адамдарына, нағыз прагматикалық, нақты әрі түйінді, еліміздің болашағы үшін тағдыршешті мәселелерді көтерген атаулы құжат болып отыр.

Кез-келген қоғам өмірдің талап­тарына сәйкес өзгерістер жасап отыруы заңды құбылыс. Бүгінгі таңда барлық салада  қазіргі жаһан­данған заманның талаптарына сай әртүрлі өзгерістер жүріп жатыр. Бұл – өмірдің өзіндік заңы, әлеуметтік прогрестің ішкі қисыны. Бұл – тек жаһандық үрдіске ілесу ғана емес, сонымен бірге, Қазақ­станның тұрақ­тылығына, келешек өркендеуіне тікелей әсер ететін оң өзгерістер бағдарламасы.

Жолдаудағы негізгі алты басым­дықтың бірі – адами капитал сапасын жақсарту екені белгілі. Мұнда, ең алды­мен, білім беру жүйесінің рөлі өзгеруге тиіс екендігі айтылған. Осы­ған байла­нысты оқыту бағдарлама­ларын сыни ойлау қабілетін және өз бетімен іздену дағдыларын дамытуға бағыттау қажеттігі көрсетілген.

Кез-келген елдегі білім беру жүйесі ұлттық мәдениеттің және та­нымның көрсеткіші ретінде эко­номика, саясат, мәдениет салаларын­дағы өзгерістерге де әсер ететіндігі анық. Білім бүкіл әлемде тұлғаның әлеуметтік-экономикалық үдеріске тиімді қатысуын қамтамасыз ететін негізгі фактор болып саналады. Сондықтан, Елбасы төртінші басым­дықта білім беруді экономикалық өсудің жаңа моделінің орталық буынына айналдыру міндетін қойып отыр. Бұл бағытта оқыту бағдарла­малары білім алушылардың сыни ойлау қабілетін, өз бетімен іздену дағ­дыларын дамытуға бағыттау, ұлтжан­дылықты, ІТ-білімді дамыту жұмыстарын жүргізу қажеттілігіне басымдық берген. Сондай-ақ, ғы­лым-білімнің негізі ағылшын тілінде екен­дігіне баса  назар аударған Елба­сы­мыздың оқыту жүйесіне ағылшын тілін кезең-кезеңмен енгізу керек­тігін де атап өтуі аса маңызды болып отыр.

Жоғары білім беру мәселесі де назар­дан тыс қалмаған. Әсіресе, білім сапасы, білім беру бағдарла­малары, жоғары оқу орындарында қызмет атқаратын кадр құрамы, оқу орны­ның материалдық-тех­никалық база­мен жабдықталу деңгейіне қа­тыс­ты бақылау мен талап күшей­тілетіні көңіл қуантады.

Ел дамуының стратегиясын дұрыс таңдап, оны әрі қарай жүзеге асыру бі­рін­ші кезекте адами капи­талға байла­нысты. Сондықтан, кез-келген елдің бүкіләлемдік жүйедегі болашақ орны мен рөлі адами капиталдың сапасына қатыс­ты болғандықтан, Мемлекет басшысы бұл мәселеге терең мән беріп отыр.

Адами капитал – негізгі байлық. Өйткені, ғылыми үдерісті, тілді, ғылым­ды, қоғамды дамытатын – адам. Сон­дықтан да барлық бағдар­ламаның бас­тауында адам капиталы тұруы қажетті ұғым.  Жоғары  техно­логиясыз өркениет­ке қадам басуың неғайбыл. Сондықтан әлемнің 30 дамыған еліне қосылу жолында, біріншіден,  технологияны  дамытуы­мыз қажет, онсыз даму жоқ. Мәсе­лен, Израильді алайық, жері шөлейт­ті құм, табиғи байлығы да жоқ. Соның өзінде сүт өнімін шығарып, одан 40-тан аса тағам жасап, ауыл шаруашы­лығындағы ең жоғары технологияларға қол жеткізіп отыр. Мұнайы да, түсті металы да жоқ Жа­пония адам капита­лының арқасында дамудың  шарықтау шегіне жетіп отыр. Сондықтан адам капиталы бірінші орында тұруы қажет. Бұл орайда белгілі  ғалым­дардың ой-пікіріне де жүгінген жөн сияқты.

«Егер адамдардың мүддесі үшін адамдар құрған қоғам және оны құрайтындар эмоциялылық тұрғы­дан адам деңгейіне жете алмаса, ол қоғам өмір сүруге қабілетсіз. Егер қоғам мүшелерінің көпшілігінің жүректері қоқыстан тұратын болса, онда апатты күте беріңіз…», – депті белгілі зерттеуші О. Хаксли.

Хакслидің айтқанындай, біздің жүрегіміз қоқысқа айналмауы үшін не істеуіміз керек немесе қоғамда жүрегі кең, көңілі дария жандардың үлесін еселеу үшін қандай жәйт­терді ескерген абзал?!  Негізінен, бұл тұрғысында ғылыми дәлел­ден­ген пәлсапа бойынша адамның өзгелерге жақсылық істеп, қоғамға пайдасы тиюі үшін кез-келген мемлекеттің адами капиталы берік, ұлттық қауіп­сіздігі мығым, халқы­ның мемлекет дамуына деген сенімі нық болуы қажет. Бұған қоса адам капиталын құру үшін материалдық қаражат жет­кіліксіз, ол үшін капи­талды иеленушінің еңбегі, сонымен қатар отбасы мен қоғам­ның рухани және мәдени салымдары да аса  қажет.

Жалпы, қазірде әлемдік ғалым­дар адам капиталын дамыту тура­сында әрқилы идеяларды ортаға салуда. Қайсыбір сарапшылардың пайымдауын­ша, кез-келген мемле­кетте адам капи­талы 60 пайыздық межеге жеткенде ол мемлекет өзі­нен-өзі дамымақ. Ал бұл тұрғыда біздің көрсеткішіміз қандай?! Адам капиталын дамыту мақсатында отандық идеялар қоры  қалай жасақ­талуда?! 60 пайыздық межені бағын­дыруға ықылас-пейіліміз қаншалықты дәрежеде?!

Адами капиталды дамытудағы ең бірінші қадам, ол – адамның өмір сүру ұзақтығы және мемле­кеттің жас ұр­пақпен толығып отыруы. Сауатты адам капиталын жасау үшін ең маңыздысы осы.

БҰҰ сарапшылары Қазақстанды тез қартаюға бейіл мемлекеттер қатарына жатқызып отыр. Олардың болжамы бойынша 2050 жылы республика тұрғын­дарының 25 пайызын қарт адамдар құрайтынға  ұқсайды. Ал мамандар «қар­тайған  ұлт болудан қорыққан абзал» деседі.

БҰҰ тегіннен-тегін Қазақстан­ды қартаюға бейіл  мемлекеттердің қатарына қосып отырған жоқ. Ре­сурстық қоры мол Қазақ елі үшін адам капиталын сауатты қалыптас­тыру идеясының бір бөлігі – бала туу көрсеткішін көбейту. Егер БҰҰ мамандары болжап отырғандай, 2050 жылы елімізде қарттардың көр­сеткіші 25 пайызға жетсе, онда бұған шынымен алаңдауымыз керек.

Жалпы, дамушы елдердің дені адам капиталын дамыту үшін алдымен ғылы­мына, денсаулығына қаражатты мықтап бөледі екен. Мысалы, БҰҰ даму бағдар­лама­сының (ПРООН) дерегі бойынша, Еуропаның экономикасы дамыған елде­ріндегі денсаулық пен білімге жұмса­латын қаржы ЖІӨ-нің 8,1 пайызын және 8,5 пайызын құрай­ды. Еуропа елдеріндегі денсаулыққа бөлінетін орташа қаржы АҚШ-пен (6,5 пайыз) шамалас – 6,44 пайызға тең. Әлемде денсаулыққа орташа ЖІӨ-ге шаққанда 5,5 пайыз қаржы бөлінеді. Соңғы кезде бұл көр­сеткіш өзгеріске түскен.

АҚШ, Жапония, Швейцария­дағы жалпы капиталдың 80 пайызы адам капиталының үлесінде. Қазіргі кезде дамыған елдердегі экономи­кадағы белсенді азаматтардың 50 пайызы, АҚШ тұрғындарының үш­тен екісі ой еңбегімен айналы­сады. Оған тиісті жағдай жа­салған.

Дамыған елдердегі барлық капи­талдың ішінде адам капиталы­ның үлесі орташа 75 пайыздан ар­тық болса, біздің елдегі бұл көр­сеткіш 8-10 пайыз. Сон­дық­тан бізге адам капиталы үлесін 5-6 есе өсіру міндеті тұр.

Бұл айтылғандарға қоса дамыған елдер өздерінің қарттарына да барынша жағдай жасауға, олардың да адами капи­талды өсіруге ынта ықыласын арттыруға ден қойып отыр. Мысалы, Шығыс Еуропа мемлекеттеріндегі бағаның өсуі мен өмір құнының артуы зейнетақының нақты деңгейіне байла­нысты қарас­тырылады. Мәселен, Поль­шада орташа зейнетақы 200 еуроны неме­се орташа жалақысының 45,9 пайызын құраса, Венгрияда зейнет­ақы орташа жалақының 40 пайызын құрайды. Чехияда орташа жалақы 680 долларды құраса, ал зейнет­ақы 600 долларды құрайды.

Міне, адам капиталын дамытуда өзге елдердегі идеялардың өзегі алдымен – денсаулыққа, бұдан соң ілім-білімге, одан соң зейнетақыға назар аудару керектігін айқын­дай­ды. Бұл елдердегі  халықтың белсен­ділігі, білім алуға деген құл­шынысы, іскерлік қарым-қаты­нас­тардың нығаюы артуда. Демек, қарттар­дың орнын үнемі жастар басып оты­ратын болса, бұл да бір құнды­лықтың сақталуы іспетті дүние. Сондықтан  қазір біз үшін өмірге бала әкелу көрсеткішін  өсі­ріп, өмір сүру  деңгейін  жақсартқан  абзал.

Негізінен, адам капиталына қа­тысты тағы бір ескерілуі тиіс дүние, бұл – еңбек өнімділігі. Сарапшы­лардың пайымдауын­ша, адам капиталының 1 пайызға өсуі еңбек өнімділігін 3,81 пайызға өсіреді. Ескеретіні сол: соңғы онжылдықта әлемдік экономика адам ресурсы есебі­нен дамуда. Бұл ретте мамандар «Шығыс­тың тез қарқынмен дамыған елдері адам ресурстарын дамыту мен компа­нияны және жалпы эконо­миканы тиімді бас­қарудың  жаңа механизм­дерін дайын­дауға тұрғы­лықты халықтың мәдениетін (тіл, дәстүр, менталитет) кеңінен пай­далану арқылы қол жеткізді. Мы­салы, Батыстың индивидуализміне кере­ғар, Шығыс халықтарының мен­тали­тетіне тән Жапонияның «Z тео­риясы», яғни, компанияны ұжым­дық басқару жүйесі әлемдегі ең тиімді экономиканы қалып­тас­тыр­ды» деген  қорытындыға келген. Елі­нің ешбір ресурссыз алып дер­жаваға айналуы бізді  ойлан­дыруы тиіс. Ал бұл ел мұндай әлеуетке қалайша қол жеткізді дегенге келсек, мамаңдары­мыздың дені «Жапонияның өндіріс­ті басқарудағы «Z теориясы» кез-келген ел үшін сабақ бола алады» дейді.

Бізге Тәуелсіздік ала салысы­мен адам капиталын дамытатын инс­титуттар құрып, бұл бағыттағы шар­уаларды жедел қолға алу керек еді. Ана бір жылы елімізде «Халық­аралық адам капиталы институты» ЖШС-н құру  қолға алынып еді. Сол институттың   ықпалы арқа­сын­да «Адам капита­лын дамыту бағдар­ламасы жол картасы» жобасы даяр­лануы тиіс болатын.  Бірақ,  ол инс­титуттың  жұ­­мысынан  хабары­мыз жоқ. Алайда, Білім және ғылым ми­нистр­лігі, Ұлттық Ғылым акаде­миясы бірлесіп  Халықара­лық адам капи­талын дамыту институтын ашты. Енді Жолдауға  байланысты  жоба­ланған  бағдарламаларды жү­зеге асыру үшін осы инсти­туттың жұ­мы­сына барын­ша қолдау  біл­діріп,  қомақты  ресурс­тармен қам­та­масыз  ету керек.  Дамуы­мызға  сон­да ғана  жол ашылмақ.

Әділ  ӘБІЛТАЕВ,

Қазақстанның  еңбек сіңірген  мұғалімі,

академик Ш.Смағұлов атындағы дарынды балалар мектебінің директоры.

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *