АДАМ БОЙЫНДАҒЫ АСЫЛ ҚАСИЕТ

19Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстан – 2050» Стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауында ХХІ ғасырдың он жаһандық сын-қатері қатарында «азық-түлік қауіпсіздігіне төнетін қатерге», «судың тым тапшылығы» болатынына, «жаһандық энергетикалық қауіпсіздікке», «табиғи ресурстардың сарқылуына» және басқаларға ерекше тоқталып, «Бізге өз табиғи байлықтарымызға деген көзқарасымызды ой елегінен өткізудің приципті маңызы бар… еліміздің табиғи байлығын орнықты экономикалық өсуге барынша тиімді кіріктіруді үйренуіміз керек» екендігін қадап айтқандығын ешқашан жадымыздан шығармауға тиіспіз.

Табиғат – барлық тіршілік атаулының құтты қоныс-мекені, алтын ұя – бесігі, бар байлықтың ырыс, қазынасы. Ал, адам үшін табиғат – ең қасиетті де, қастерлі ұғым!  Өйткені, адамның өзін дүниеге алып келген аяулы да ардақты Анасы, сондықтан да адамның табиғатты Ана деп құрметтеуінде де өте терең танымдық та тағылымдық және тәрбиелік мәні зор ұғым жатыр. Қазақ халқы өзі туып-өскен жерін ерекше қастерлеп, «атамекен», «атажұрт» деп атауында қордалы қорытынды жатқандығы белгілі. Адамның бойындағы асыл қасиет өзінің атамекеніне, атажұртына деген шынайы сүйіспеншіліктен басталады.

Халқының азаттық алуына бар саналы өмірін арнаған Алаштың айбынды қайраткері әрі жетекшісі Мұстафа Шоқай өз еңбектерінде «атамекенді сүю – оның тұтас мүддесіне қызмет ету, осы жолда әрқашан қызмет етуге, керек болса, жанпида қылуға дайын тұру болып табылады», – деп айтуы қазіргі ұрпақтар үшін өнегелі өсиет…

Ал халқымыздың біртуар асыл перзенттерінің бірегейі, тұғырлы тұлға Мұхтар Әуезов өзінің 1918 жылы жазған шағын мақаласында табиғаттың адам өміріндегі маңызын ерекше бір шабытты сезімімен толғана отырып жазып қалдырған: «Адамға қорек беретін – табиғат; адамның тұрмы­сын, кәсібін, жан сипаттарын һәм түрлі түрге салатын – табиғаттың шарт­тары; әр халықтың мінезі, қылығы, салты, пейілі, талабы, жігері өз маңайындағы табиғат әсерінен пайда болады», – деп, дөп басып айтқан. Заманымыздың заңғар жазушы­сының бұл түйінді тұжырымы ақиық ақынымыз Қадыр Мырза Әлінің жүрегінен жарып шыққан жыр жолдары­мен де үндесіп жатыр:

Табиғаттан бабамыз ала берген секілді,

Дархандықты қазаққа дала берген секілді.

Еркелікті ерікті желден алған секілді,

Мөлдірлікті көгілдір көлден алған секілді.

Халық ұғымында «табиғат» деген ұғым «туған жер» деген сөзбен мағыналас әрі мазмұндас айтылады. Мысалы, «туған жерге туыңды тік», «туған жердің түйе аунайтын топырағы да киелі, туған жердің түйе жейтін жантағы да киелі», «жері байдың – елі бай», «қара жер қарыз арқа­ламайды», «Жер – ана, ел – бала», «тозған жерде тоқшылық болмайды», «күте білсең – жер жомарт» және т.б. Бұл арада асқан ақыл иесі Абайдың төмендегі өсиетін келтіре кету өте орынды деп есептейміз. «…әуелі Құдайға сыйынып, екінші өз қайратыңа сүйеніп еңбегіңді сау, еңбек қылсаң, қара жер де береді, құр тас­тамайды» (Абай. «Төртінші қара сөзінен») деген даналық тұжырымы ойға оралады. Ата-бабаларымыз туған жерін жауға да, дауға да бермей, көзінің қарашығындай сақтай білгендігі жайлы аңыз-әңгімелер көптеп кездеседі.

Ал халқымыздың қайсар да қажырлы ұлдарының бірі, көпшіліктің көңіліндегі ой-толғаныстарды дөп басып, өз шығар­маларына арқау ете білген жазушы ағамыз Шерхан Мұртаза өмірден көрген, көңіліне түйген, көпшілікке ой салар жәйттер туралы түйінді тұжырымдамалар топтамасынан тұратын кітабында: «…құ­мырсқа екеш құмырсқа да өз илеуін қорғайды. Ал адамдар өз үйін (табиғатты) қорлайды», – деп, ойланарлық қортынды жасайды.

Халқымыздың қажырлы да қайсар, батыр ұлдарының бірі Бауыржан Момышұлы «сұлулық дегеннің тамыры табиғаттану деген нәрседе жатыр. Мысалы, гүлді алайық. Сол гүлдерге біз сұлу емессің деп айта алмаймыз. Ол табиғаттың жасаған сұлулығы. Аңдардың ішінде де сұлуы аз емес. Құстарды алып қарағын. Олардың ішінде де қаншама сұлулық бар. Сол себепті, қарағым, сұлулық деген нәрсенің өзі табиғаттың жасаған шеберлігі (твор­чествосы). Осы күнде ғалымбыз деп  жүрміз, бірақ, табиғатқа қарсылық ету күнә», – деп, табиғат сұлулығын сезіне білуге және оны аялы алақанмен аялай түсуді кейінгі ұрпаққа аманат етіп тапсырған.

Қорыта айтқанда, табиғатты жанындай жақсы көріп, аялау – біздің халқымыздың қанына да, жанына да Анамыздың ақ сүтімен дарығандығын мақтан етеміз.

 

Рысбай СӘТІМБЕКОВ,

Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің Құрметті профессоры.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *