Адам баласының ризығы

 

Он сегіз мың ғаламның иесі Алла Тағала адам баласын Хауа ананың құрсағында бір тамшы судан жаратқанда, бір періштеге әмір беріп: «Мен ұлық қып, ерекше саналы ғып топырақтан жаратқан адамның ұрпағы анасының құрсағында жатқанда, жын-пері иектеп, мүгедек, кемтар қылып жүрмесін, жарық дүниенің есігін ашқанша күзетіп тұруды саған аманат етемін», – депті.

Айы, күні толған соң да, нәрестенің ана құрсағынан шығатын сыңайы байқал­мапты. Тіпті, күзетші-періштеге: «Мен мына жылы да жайлы жерден ешқайда шықпаймын. Жарық дүниеде не жақсылық бар? Ыстық-суыққа күйіп-тоңып, бір аяқ асқа бола кетпен арқалап, азапқа түскенше, осында жатқаным артық», – деп салыпты. Періште өз қызметін тәмам қылғанын, бірақ нәресте ана құрсағынан шықпай жатып алғанын Жаратушыға баян етеді. Сонда Алла Тағала айтқан екен: «Иә, періштем, өзіңе тапсырған қызметті адал атқардың. Енді пейішке бар да, одан бір уыс дән алып, бір түйірін жаңағы нәрестеге бер. Ол дәннің дәмін татып көреді де, тағы сұрайды, сол кезде дәнді көрсетсең, жарық дүниеге шығуға өзі-ақ әрекет жасайды».

Періште пейішке барып, Алла Тағаланың әмірін орындап, бір уыс дән алып келеді. Бір түйірін нәрестенің аузына салады. Ол тағы сұрағанда, дән ұстаған қолын өзіне қарай тартып, соза беріпті. Осылай амалын тауып, нәрестені жарық дүниеге шығарған періште уысындағы дәнді құлашы жеткен жерге дейін ша­шып жіберсе керек. Сол дәндер – адам бала­сының ризығы екен. Әр пенде сол ризық-дәнді теріп, өмір сүреді дейді.

С.ӘБДІҒАППАРҰЛЫ.

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *