Адамға шудың зияны қандай?

Өнеркәсіптік өндірістерде жұмыс істейтін жұмысшылардың денсаулығына шудың тигізер әсері

Қазіргі заманда экономика­мыз қарқынды даму үстінде. Елімізде көптеген ірі кәсіп­орындар ашылып, жұмыс істеуде. Мемлекет басшысының Қазақ­стан халқына арнаған Жолда­уында: «Бүгін адамзат жаңа өнер­кәсіптік революция дәуіріне аяқ басып отыр», – деген болатын. Яғни  экономикамыз дами береді деген сөз. Сондықтан өнеркәсіп­тік кәсіпорындарда жұмыс істей­тін жұмысшылардың денсаулы­ғына шудың тигізер әсері жөнінде айта кету  артық болмас.

Шу (шуыл) – дегеніміз өнді­рістегі қызмет процесі кезіндегі әр түрлі құрал-жабдықтардың қосыла шыққан дыбыстары. Өндірістік шуылды келесі бел­гілер бойынша классифи­кация­лайды: пайда болу табиғаты, спектр сипаты, шуыл деңгей­лерінің уақыт және жиілік аралығында таралуы бойынша. Пайда болу табиғаты бойынша өндірістік шуыл соққылық, механикалық және аэродина­микалық болып бөлінеді. Соққы­лық шуыл штамптау, шегелеу және соғу кезінде, механикалық шуыл машиналар мен механизм­дер жұмысы кезінде пайда болады. Аэродинамикалық шуыл құрылғылар, құбырлар, турби­налар, желдеткіштер жұмысы кезінде болады. Химиялық өнеркәсіпте механикалық және аэродинамикалық шуыл кең таралған. Спектр сипаты бойын­ша шуылдар кең қуысты және жіңішке қуысты болады.

Әр жабдықтың өзіне тән шу шығарылуы мемлекеттік стан­дартқа сәйкес бекітіледі. Ден­саулыққа қауіпсіз шуылдың деңгейі 80 дБ. Өндірістегі шудың әсері адамдарға есту мүшелері арқылы беріледі. Шу кезінде тіке есту қабілеті төмендейді. Бұл дегеніміз – қан айналымды, жұмысқа деген қаблеттілікті азайтып, шаршатады. Шуыл орталық жүйке жүйесі мен асқазан жолына әсер етеді, қан қысымын арттырады, бас айналу мен аяқ-қолдардың ұйып қалуын тудырады, буындар мен қан тамырларының ауруларына әкелуі мүмкін. Шуылы көп кәсіпорындардың жұмысшы­ларында гипертония ауруы 50 – 60%-ға көбірек байқалады. Мамандар пікірі бойынша қар­қынды шуыл әсерінен жұмыс­шыларда шаршағыштық пен стресс пайда болады, бұл апаттар мен жарақат алудың себепшісі болуы мүмкін. Өндірістік шуыл зиянды химиялық заттардың уытты әсерін күшейтеді және үдетеді. Шуылдың кері әсерінен кәсіби аурулар (құлақ мүкістігі, кереңдік, дірілдік ауру) пайда болуы мүмкін.

Сол себепті, кәсіптік аурулар­мен ауырмау үшін, жұмыс ор­нында жеке қорғаныш құрал­дарын, яғни құлаққаптар, арнайы киімдер, бас киімдерін, қолғап­тарды және т.б. пайдалану абзал. «Денсаулық – зор байлық» деген сөзді ұмытпайық.

 

Жомарт ДҮЙСЕБАЕВ,

Алатау аудандық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы

санитарлық-гигиеналық қадағалау бөлімінің бас маманы.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Оқи отырыңыз!

Close