Адал бол

Білім саласындағы жемқорлықты жүгендейтін «Саналы ұрпақ» өмірге келді

Нұржамал ӘЛІШЕВА

   

Алматы – студенттер мен жастар қаласы деген жоғары мәртебеге ие. Себебі, еліміздің әр үшінші студенті осы шаһарда оқиды.

Қазақстандағы 127 жоғары оқу орны­ның 38-і Алматыда орналасқан. 138 мың­нан астам студент (республикадағы барлық студенттің шамамен 28%-і) жоғары білім алады. Қалада 84 колледж және 245 орта мектеп бар. Сонымен қатар, Алматы қаласы тұрғындарының жартысы 35 жасқа дейінгі жастар.

«Жоғары білім сапасына қатысты шешімдер қабылдау процесіне қатысатын Қазақстан жастарының әлеуетін көтеру» жобасы аясында өзіміздің студенттер арасында сыбайлас жемқорлық бойынша әлеуметтік сауалнама жүргізілгенде, рес­пон­денттердің 55%-і жоғары оқу орын­дарында сыбайлас жемқорлықтың бар екенін раста­ған. Студенттердің айтуынша, емтихан не­месе сынақ үшін пара алу кең тараған көрін­еді. Сондай-ақ, кітап немесе оқу материал­дарын сатып алу, жатақ­ханаларда орын бөлу кезінде де «бармақ басты, көз қысты» оқиғаларға жол берілетіндігі белгілі болған.

Иә, сыбайлас жемқорлықпен күрес бүгінде елімізде мемлекеттік маңызы бар түйткілді мәселеге айналып отыр. Бұл дерт еліміздің дамуына, экономиканың өркен­деп өсуіне өрескел кедергі келтіретіні даусыз. Соның ішінде білім беру саласы да мұндай былықтан таза деп айта алмаймыз.

Кеше Алматы төрінде, ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Алматы қаласы бойынша департаменті өкілдерінің, Алматы қаласы әкімдігінің және әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық универ­ситеті бас біріктіріп, «Саналы ұрпақ – жарқын болашақ» атты республикалық форум өткізді.

Еліміздің барлық жоғары оқу орнынан 2 мыңнан астам өкіл, колледж, мектеп басшылары, қамқоршылық кеңестің мүшелері, мемлекеттік қызметкерлер қатысқан форумда сөз сөйлеген Алматы қаласының  әкімі Бауыржан Байбек:

– Мемлекет басшысы саясатының арқасында Қазақстан сыбайлас жемқор­лыққа қарсы іс-қимылдың түбегейлі жаңа моделін іске асыруда. Елбасы Жолдаулары, 2015-2025 жылдарға арналған ҚР-ның Сыбайлас жем­қорлыққа қарсы страте­гиясы, Бес инсти­туционалдық реформа және «100 нақты қадам – Ұлт жоспары» сынды саяси маңызы бар құжаттар жем­қорлыққа қарсы күресті пәрменді етуде үлкен роль атқаруда. Сыбайлас жемқор­лықтың алдын алу бойынша атқарылатын іс-шаралар Алматы қаласының 2020 жылға дейінгі Даму бағдарламасына енгізілген. Бағдарлама сандық, «ақылды» техноло­гияларға негіз­делген жобаларды іске асырып, айқындықты қамтамасыз етеді және сыбайлас жем­қорлық үшін қолайлы жағдайлардың алдын алады, – деді.

Сондай-ақ, шаһар басшысы жең ұшынан жалғасу сынды заңға қайшы әрекеттердің жолын кесу үшін қолға алынған біршама іс-шараны атап өтті. Мәселен, қаладағы қоғамдық көліктерде жол ақысын қолға емес, терминалға төлеу нәтижесінде «көлеңкедегі» қомақты қаржы мемлекет қоржынына түсе бастаған. Ақылы комиссияларды да адам өзіне ыңғайлы кез-келген жерде терминалға төлеп жүре береді. Енді  биыл жол полициясы айыппұлдарды қолма-қол емес, төлем жасайтын аппараттар арқылы қабылдайтын болады.

– Өткен жылы мемлекеттік қызмет­тердің сапасын арттыру және жылдамдату мақсатында «Оpen Almaty» қоғамдық қабылдауы ашылды. Қалалық басқармалар, аудандық әкімдіктер, құқық қорғау органдары да «Бір терезе» қағидаты бойынша қызмет көрсете бастады. Биыл әкімдіктің аса маңызды он қызметі «paperfree» принципіне, электрондық форматқа көшеді. Бұл жұмыстың барлығы сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға және азаматтардың ашық ойлай білу, құқықтық және қаржылық мәдениетін қалыптас­тырады, – деді Б.Байбек.

ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаев та біраз мәселені тарқатты.

– Бұған дейін еліміздегі жалпы білім беретін мектептер мен колледждерде сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру мақсатында құрылған «Адал ұрпақ» еріктілер клубы (950 мыңнан асып жығылатын мүшесі бар), барлық жоғары және орта арнайы (кәсіптік) білім беру мекемелері қол қойған сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы хартиялар шеңберінде де тың бастамалар көтеріліп, білім беру мекемелеріндегі оқу бағдарламаларына аталған тақырып бойынша жекелеген тақырыптар енгізілді. Білім беру саласындағы мемлекеттік қыз­меттерді автоматтандыру, мәселен, бала­бақшаларда кезекке тұру мен бос орын­дарды анықтаудың тәуелсіз автоматтан­дырылған жүйесі іске қосылды. Барлық бакалаврлар дайындайтын мамандықтар мен бағыттар бойынша «Сыбайлас жем­қор­лыққа қарсы мәдениет негіздері» пәнінің үлгілік оқу бағдарламалары енгізілген. Осындай ауқымды іс-шараларға қарамас­тан бұл салада жемқорлық ауыздықталмай тұр. Әсіресе, оқу гранттары мен бөлінген бюджеттерді игеру, білім саласының басшыларын тағайындау, мұғалімдердің санаттары мен сағаттарын бөлу кезінде сыбайлас жемқорлық көріністері етек жайған. «Саналы ұрпақ» – бәріміздің мақсат-мүддемізді бір арнаға тоғысты­ратын, жемқорлыққа қарсы белсенді­лігімізді біріктіретін және жоғарыда аталған келеңсіздіктердің жолын кесетін жоба деп білемін, – деді А.Шпекбаев.

Ел халқының төрттен бір бөлігі (4,5 млн. адам) білім саласында (мектеп оқушылары, студенттер, оқытушылар) екен. Осы саладағы қомағайлығын жасыра алмай жең ұшынан жалғасып, сыбайлас жемқорлыққа баратындардың жолын кесуді көздеген «Саналы ұрпақ» жобасының кеңсесі Алматыда орналасқан. Республикалық форумда «Саналы ұрпақ» жобасының 2018–2020 жылдарға арналған жарғысы және офисі таныстырылып, ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаев, Алматы қаласы­ның әкімі Бауыржан Байбек, әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің ректоры Ғалымқайыр Мұтанов үшжақты келісімге қол қойды.

Жаңа жобаға жеңістер тілейміз.

 

 

Керек дерек

 

Қазақстандағы 127 жоғары оқу орны­ның 38-і Алматыда орналасқан. 138 мың­нан астам студент (республикадағы барлық студенттің шамамен 28%-і) жоғары білім алады. Қалада 84 колледж және

245 орта мектеп бар. Сонымен қатар, Алматы қаласы тұрғындарының жартысы

35 жасқа дейінгі жастар.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *