АБЫЗДЫҢ АРМАНЫ

Дүниежүзілік деңгейдегі дегдар, аты аңызға айналған абыз қаламгер шаһар басшысына сәлем жолдап, Алаш жұртының амандығын тілеп, бата берді.

 

Қали СӘРСЕНБАЙ

 

Әбең – Әбді-Жәмил Нұрпейіс «Алма­ты ақшамына» телефон шалып тұрады. Газетіміздің тұрақты оқыр­маны. «Ақшам» қолына тимей қалса, кәдімгідей абыржып қалады. Осы күн­дері газеттің бірнеше санын қазіргі жағдайға байланысты пошта­шылар бір-ақ мәрте қатынап апарып жүр. Соның өзінде бұл кісі оқып үлгеріп жатыр. Кеше телефон шалған әдебиетіміздің абыз-аңызы бірнеше жарияланымдар жөнінде ой бөлісті. «Қарап жүрмей бірдеңелерді тауып жүресіңдер» дей келе, алдымен «Пре­зидент үйден шықпа деді ғой» атты шағын мақаладан бастаған қа­ламгер Абай жөніндегі тың дерек­терге толы мұрағаттан алып жария­ланған мақалаға («Абай қан майданда да қазағымен бірге болды» (16.04.2020) айрықша назар аудар­ды. Тұңғыш «Халық Қаһарманы», Кеңес Одағының Батыры, армия генералы Сағадат Нұрмағамбетовтің Абай жөніндегі пікіріне ден қойып, ол кісіні сағынышпен еске алды. Ертеде өткен қолбасшыларға теңеді. 1967 жылы Францияда композитор Фи­липп Жерармен, Булат Окуджавамен өткен кездесуін сағынышпен еске түсіріп, тіпті сондағы «Абай» опера­сынан Абайдың ариясын айтқанын тәптіштеп әңгімелеп, телефоннан шырқап жіберді. Осы мақаланың ой салғаны соншалық, бұл кісі жүзге жеткен жасына қара­мастан мына індет тарқаған соң сол Францияға барып, қазақ халқын шек­сіз сүйген Филипп Жерардың басына барып тағзым етуді армандап отырғанын, оның жарын іздейтінін айтты.

Не деген асқақ арман! Әрқай­сымыз осындай жасқа жетіп, осын­дай арманмен өмір сүрсек арман бар ма!?

– Әрине, ғұмыр жетсе арман көп қой. Менің басты арманым, ең алды­мен, мына пәлекеттен халқым аман өтсін деп тілейік! Амандық болса, жаман­дық болмайды. Қазақ өзі жау­гер­шілікті, шапқыншылықты аз көр­ме­ген, аз қырылмаған халық. Бұдан да өтерміз! Жігіттерге, Бақытжанға сәлем айт! Бақытжан көргені бар, қазақы, намысшыл, елге болсын деп, жаны ашып тұратын жігіт қой. Оған жақсы қосшы болыңдар! Оған да оңай емес. Иненің үстінде отыр ғой. Атқарылып жатқан жанкешті жұмыс­тарды көріп отырмын. Жақсы күнде бір хабарласармын. Алматының жөні бөлек, айналайын. Бұл кешегі Алаш ардақтыларының табанының ізі қалған қасиетті, байырғы интелли­генцияның отаны ғой. Алматы аман болса, Алаш аман! Сенің журналистік жилкаң жетеді ғой. Осыны жақсылап жеткіз қарағым, – деді Алаш абызы.

Біз бұны абыз-аңыздың халқына арнаған батасы деп қабылдадық. Аман болыңыз, абыз!

Франция сапары сәтті болсын!

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *