АБЫСЫНДАР АЙҚАСЫ

Жеңіс ШЫНЫБЕКОВ

Қатира мен Зағира абысын-ажын. Көктөбе саяжайындағы үйлерінің арасын тауық қора ғана бөліп тұрған құдайы көршілер. Қатира тілі удай ащы, бейауыз, екі иығын жұлып жеп, жанжал іздеп тұра­тын ашушаң әйел. Ал Зағира керісінше, үстінен «жүз қой айдағанда» мыңқ етпейтін жуас, он сөзге бір сөзбен жауап бермейтін үндеместің өзі. Біреумен жанжалдасып, айқайласып жүрмесе Қатираның ішкен асы бойына тарамайды, асқазаны ас қорытпайды. Соңғы кезде тиісерге қара таппай іші әбден пысып жүр еді. Анда-санда абысыны Зағираға барып айғай шығарып тұратын. Анау кескен томардай мыңқиып бұған жауап бермейді. Бала сияқты көзі бақы­райып отыра береді. Қарсыласың да баж-баж етіп ұрыс көрігін қыздырмаған соң оның да сәні кетеді екен. «Қарыз қайта­рымымен көрікті» демекші, ол қарымта қайтармаған соң бұл жалықты. Езуі көпіргенше сөйлеп-сөйлеп шығып кетеді. Үндемес абысынға қатты «өкпелеген» Қатира оның үйіне біраздан бері бас сұқпаған.

Бүгін Қатираның көктен сұрағанын Құдай жерден берді. Зағираның қызыл қоразы мұның ауласына басып кіріп, енді бойжете бастаған шібилерін тырқырата қусын-ай кеп! Онысы аз болғандай арашаға түспек болған кәрі қоразының айдарын жұлып алып бездіріп жіберді. Мынандай басқыншылыққа, көрген­сіздікке төзіп тұратын Қатира ма, қолына таяқ алып қызыл қоразды сойылдап қоқылдатып қуып келді.

– Әй, аңқиған аузыңның ішіне.., – деді есік алдында күнестеп отырған абысынға. – Сенің қызыл қоразың менің шібилерімді некелеп алып па еді? Бас-көз жоқ қораға кіріп, қырғидай тиіп бей-берекетін шығарды. Мына жүгенсіз кеткеннен қорқып шұбар шібиім мезгілінен бұрын жұмыртқа тастады. Кәрі қара тауығым жүрегі жарылып өлді. Сен маған қастандық істеп бұзақы қоразыңды менің аулама қасақана кіргізіп жібердің. Алла-ай, мұн­дай сұмдықты кім көрген? «Үндемегеннен үйдей пәле шығады» деген сөз ып-ырас.

Қатира жауап тосып аз-кем мүдірді. Анау сәл аузын ашса сөз тасқынын селдете жөнелмек. Бірақ Зағира тіл қатпады, дым естімеген меңіреу адамдай шемішкесін шағып отыра берді.

– Сендей салақ, қолынан боқ келмейтін, ақыл-есі ауған әйелді қатын қылып жүрген менің қайным оңбайды. Сен жүзі қара салдақы, үндемей жүріп оның басын дуалап алғансың. Есек қылып мойнына мініп алғансың. Сенің істеген тамағыңа осы уақытқа дейін неғып уланып өлмей жүр? Анада сенің жуындыңды ішемін деп біздің үйдің күшігі жиренгеннен ерніне ұшық шығып, ұшынып өліп қала жаздады. Сен үндемей ішіңе у жинаған қара құртсың. Жо-жоқ әбжылан, кобра­сың. Бір күні шағып бәрімізді қырып саласың. Осы оңбаған мінезіңмен анау жаңа түскен келініңе қандай тәлім-тәрбие бересің? Ол да өзің сияқты топас, намысы жоқ ез болсын дейсің бе?

Осылайша жарты сағаттай шаптығып сөйлегенде ана «топас, томар» бір ауыз тіл қатпады. Қарсы жақтан жауап болмай жалғыз сөйлей беру қиын екен. Өзі де жалықты. Ең соңында баспасөзде жария­лауға жатпайтын біраз сөздерді лақылдата құсып тастап үйіне қайтты.

Осының бәріне куә болып тұрған жас келін:

– Апа-ау, ана кісі сондай жаман сөздер айтқанда бір ауыз тіл қатпағаныңыз қалай? – деді намыстанып.

– Е-е, балам, мен де оның сазайын бердім ғой, – деді Зағипа жайбарақат.

– Қалай бердіңіз, дым айтқан жоқсыз.

– Итке ит қана үріп жауап береді. Сөз түсінбейтін адамға сөз қайтарудың қажеті жоқ, шырағым. Ол алғаш шаптығып сөйлей бастағаннан мен бас бармағымды екі саусағымның арасына шығарып тұрдым ғой. Оның сазайы сол.

Мән-жайдың мағанасын енді түсінген келіншек сақылдап күліп жіберді.

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *