ҚАБЫЛАН

Боксшы, шығыс жекпе-жек шебері, актер Әбдірашит Әбдірахманов туралы

17 мамыр күні өмірден Қазақстан мен Кеңес Одағы боксының аңыз адамы Әбдірашит Әбдірахманов озды. Ол 1946 жылы 19 маусымда дүниеге келген болатын. Өмірінің соңғы күніне дейін Қазақстанына, Алматысына, Алатауына адал болған Әбдірахманов шын мәнінде аңызға айналған, Хантәңірінің қар барысындай болған жан еді. Бокста жасындай жарқылдаған Әбдірашит кино өнерінде де есте қаларлықтай рөлдерде ойнап, шығыс жекпе-жек түрлерінің бірнешеуінен тамаша шәкірттер дайындаған шебер болатын.

Әбдірашит Әбдірахманов Кеңес Одағы кезінде бокстан Халықаралық дәрежедегі спорт шебері атанған тұңғыш қазақстандық былғары қолғап шебері. КСРО-ның екі дүркін чемпионы (1970–1972 ж.ж.), V КСРО халықтары спартакиадасының жүлдегері (1971 ж.), КСРО Кубогі жеңімпазы (1961 ж.), бокстан Америка, Еуропа, Африка елдерінде өткен халықаралық жарыстардың жеңімпазы.

 

Қасым МӘУЛЕНОВ, заң ғылымының докторы, профессор, Шоқан Уәлиханов атындағы ғылым саласындағы сыйлықтың лауреаты, ҚР Бокс федерациясы атқару комитетінің мүшесі

Жеті өнерді меңгерген

Әбдірашит Әбдірахманов тамаша боксшы, мықты жаттықтырушы болуымен қатар, кино әлемінде де қаһармандық образдарды жасап із қалдырған. Қайсар тұлғалы, келбетті азамат көршілес елдердің де киносында сұранысқа ие болды. Әбдірашит актер жиырма шақты фильмде басты рөлдерде ойнады.

Қазақстан киногерлер одағының мүшесі (1996 ж.), Қырғызстанның еңбек сіңірген әртісі Әбдірашит Хакімұлы Әбдірахманов Қазақ ССР Жоғарғы кеңесінің Құрмет грамотасымен марапатталған.

Әлем жазушысы Шыңғыс Айтматовтың «Боранды бекет» романы бойынша түсірілген көркем фильмде басты рөлді сомдады Әбдірашит аға. Фильм 1996 жылы Берлинде өткен кинофестивальда «Алтын камера» жүлдесін жеңіп алды, «Әлемдік киноөнердегі жоғарғы жетістігі үшін» атауымен. Әбдірашит актердің сомдаған көптеген мінезді образдары арасында ерекше бір рөлі бар. Ол «Қазақфильм» киносту­диясында, қазақтың бірегей әйел режиссері Ләйла Араны­шева түсірген «Қабыланның үш секіруі» («Тройной прыжок «Пантеры» (1986 ж.) фильміндегі әскери капитан Қады­ровтың образы. Деректі оқиғаға негізделген сценарийдің фильмге айналуы шытырман оқиғалы фильмдегі керемет образдар көрерменді еріксіз 1942 жылғы қазақ даласына алып келеді. Ләйла Аранышева фильмінде соғыс жете қоймаған қазақ даласына түсірілген неміс диверсиялық тобын жоюдағы капитан Қадыровтың жеке дара ерлігі (Әбдірашит Әбдірах­мановтың орындауындағы) фильмді осы жанрдағы мықты деңгейге көтерді.

Әбдірашит Хакімұлы бұдан басқа рөлдерде де, Ресей, Орталық Азия, т.б. елдерде талай образды сомдады.

Әбдірашит Әбдірахманов тәуелсіздік тұсында кеңес кезеңінде тыйым салынған шығыс жекпе-жек өнерінің түр­лерін меңгеріп, талай шәкірт дайындады. Ушу-саньда, кик-боксинг, тай-боксы, т.б. жекпе-жек түрлерінен дайындаған тамаша шәкірттері халықаралық, әлемдік рингтерде жеңістерге жетіп, талай дүбірлі додаларда атағы шықты.

«Жігітке жеті өнер де аз» деп жатады халық. Әбдірашит ағаның сымбатты тұлғасының, талай өнерді меңгерген шығыстық мінезінің бастауы қайда жатыр деген сұрақ туындайтыны сөзсіз. Сірә, бұл өзі туып-өскен жер жанаты Жетісуында, өмір бойы сүйіп өткен асқар Алатауында, тамырын тереңнен тартқан туған ұйғыр халқының негізінде болар…

«Отанымды ештеңеге айырбастай алмаймын»

Әбдірашит Әбдірахманов Кеңес боксына найзағайдай жарқылдап кірді. Кейінгі буын ол жылдардан хабарсыз әрине.

Оның бокс әлемін мойындатуы көз алдыңа кешегі марқұм Бекзат Саттархановты әкеледі.

Рашит та міндетті жаттығулардан бөлек өзіне-өзі салмақ салып, небір жаттығулар жасап,  тұлғасын сымбатты қылып «өзін-өзі» жасаған екен…

Ол кезеңде он бес одақтас республиканың ең мықты спортшыларынан жасақталатын КСРО құрамасына кіру қиямет-қайым болатын, кірген жағдайда да Ресейден басқа республикалардың өкілдері «мәңгілік екінші нөмірде» еді. Ал КСРО чемпионы болу әлемде, олимпиадада чемпион болумен пара-пар. Осындай жағдай Әбдірашиттің басынан да талай өткен. Тіпті, тамаша спорттық формада жүргенде басқа республиканың атынан шығатын, халықаралық жарыстарда жасындай жарқылдағанда шет елге шақырылған кездер де болған. Жеке бапкері, тамаша маман Меңгерей Хайрутдинов 60-жылдардың аяғында Қазақстаннан көшіп кетіп, бұл ермей, жалғыз қалып, жаттығуларын жалғас­тырған кездері болған.

Барлық жағдайда да Рашиттың жауабы біреу болатын – «Отанымды ештеңеге айырбастай алмаймын…».

Рашит (бәрі оны осылай атайтын) бокс секциясына қаланың әлжуаз, кішкентай баласы болып келді. Мақсаты жалғыз, өзін-өзі қорғай алатын болу…

Ол ұйқыдан ерте тұрып, күніне 3-4 шақырым жүгіруді әдетке айналдырды. Есейе келе «күш жинайтын» жұмыс­тар – тас қалаушы, жүк тасушы, т.б. болып еңбек етті. Еңбекақы тапты және атлет болып қалыптасты. Шынында да кейін құрамадағылар Әбдірашиттің бітіміне қызығатын. Ал бокстағы өміріне «жолдама берген» атақты қазақстандық бапкер Меңгерей Хайрутдинов болатын.

Кейін, Әбдірашит өзінің балалық, спорттық өмірінің қазіргі Орталық стадионда өткенін еске алады. Орталық стадионның қалай салынғаны, сол құрылыстың жанында бұлардың ойнайтын, кейін балалар болып сол стадион маңында бос бөтелкелерді жинап, буфетке өткізіп, түрлі тәттілер алатыны… бәрі-бәрі есінде.

Сол буфет сатушысы көзінде оты бар осы қара баланы байқап қалып, күйеуі Меңгерей Хайрутдиновқа айтады ғой. Сол сәттен досы екеуінің бокстағы өмірі басталды. Рас, досы «Спорт шеберлігіне кандидат» болып, боксты тастап кетті. Рашит болса жаттығуын жалғастырып, бокстың арқасында өмірдегі бар жетістікке жетті. Өзі де әзілдеп, еске алады. «Бәрі де осы жұдырықпен келген, жақсылап тұрып ұрасың – отбасындағы бір мәселе шешіледі» деп.

Ол негізінен тауда жаттығатын, арқасына құм салған 10–15 келілік қапты іліп алып, тауға қарай жүгіретін. Мықты жаттығулардан кейін оның тұлғасы спортшының эталонына айналды. Барлығы қызығатын… Әбдірахмановтай болғысы келетін.

Әбдірашиттің тағдырында, танымал спортшы болып қалыптасуында, әрине, оның жары Людмила Александров­наның орны ерекше. Рашит пен Люда жарты ғасырға жуық уақыт қол ұстасып, отбасылық өмір сүрді. Екеуі қалыңдық пен жас жігіт кездерінде сол кездегі чемпион Ригардас Тамулис жайындағы мақала қолына түсіп, соны Рашитқа әкеп көрсеткен Люда болатын. Қайсар чемпион туралы мақаланы оқып, қайтсем де КСРО чемпионы болам деп мақсат қойған сол кезде Рашит.

Ричардас Тамулис – Кеңес Одағы чемпионы, Еуропа біріншілігінің жеңімпазы ауыр жарақаттан, үзілістен кейін рингке қайта оралып, чемпион болған тағдырлы боксшы еді. Әбдірашит те Ричардас чемпионға ұқсағысы келген, тіпті КСРО чемпионатында кумирімен қолғап түйістірген.

«Рингте республика намысын қорғап жүріп, бірде КСРО чемпионатында атақты Тамулиске қарсы рингке шықтым. Алдымда аңыз адам, кумирім. Қандай сезімде болғанымды жеткізу қиын. Қысқасы, өте мықты спорттық бабымда болсам да, үлгі болған аңыз спортшыға қарсы қолғабымды көтере алмадым. Әрі оның спорттың мансабының соңғы жылдары болатын. Сонымен алғашқы раундта жеңіске жететіндей мүмкіндігім болса да, қолым бармады. Жеңіс оған берілді. Десе де, Еуропа чемпионатына мені жіберді, себебі, жоғарыда айтқандай мен спорттық бабымда едім», – дейді Әбдірахман Әбдірашитов.

Людмила Александровнаның естелігінен:

– Әбдірашиттің анасы жағынан аталары Жетісудың кәсіпкер де күйлі кісілері болған екен. Туған нағашы атасы Верный қаласында ет саудасын дөңгеленткен, дүкен ұстаған саудагер болыпты. Пугасов көпеспен тамыр болған. Ал Рашит анасына тартқан екен, сабырлы да салмақты. Еш­қашан да барымен, атағымен мақтанбайтын. Анасы – Саламат апа, байдың қызы, сондай сабырлы болған екен. Кәсіпкер байдың қызы болса да, ата-анасының қалама­ғанына қарамастан, жақсы көрген кедей жігітке тұрмысқа шығыпты. Және ешқашан шыққан тегін, байлығын мақтан еткен емес. Әбдірашиттің әкесі Хакім болса майданға аттанып, мерген (снайпер) болып ерлікпен соғысады. Үйіне екі рет «қара қағаз» келсе де Саламат сенбей, азаматын күтумен болады. «Ол ақымақ емес шиеттей бала-шағамен мені тастап кетіп, өлетіндей…» дейді. Сенімі алдамапты, азаматы 1945 жылы майданнан аман оралып, дүниеге Әбдірашиттей шекесі торсықтай ұл келді ғой…».

Алпысыншы жылдардың соңында рингте жақсы жетістіктер мен жеңістер көрсетіп жүрген Әбдірашиттің жеке бапкері, мықты жаттықтырушы Меңгерей Хайрутдинов Қазақстаннан Новгород қаласына, одан Ленинградқа қоныс аударады. Болашақ чемпион бапкерсіз қалады. Бұл Әбдірашит Әбдірахмановтың мықты спорттық мүмкіндігінде жүрген кезі болатын.

Сол кезде «Динамо» спорттық қоғамының бокстан Бас жаттықтырушысы болып Станислав Михайлович Болдырев жұмыс істейтін. Әбдірашит Болдырев бапкерге келіп, «Динамо» боксшыларымен жаттығуға рұқсат сұрайды. Жас жаттықтырушы сол кездегі жарқылдап шыққан қабылан боксшының өз жігіттерімен жаттығуына қуана келісім береді. Әбдірахмановтың он жылдан бері айналысатын өзінің бөлекше жаттығу жүйесі, методикасы болатын.

Қазақстандық жанкүйерлер нокаутер-боксшы Әбдірахмановтың рингтегі әр кездесуін, тіпті жаттығуларын да қалт жібермейтін. Сүйікті боксшылары Рашиттің жарыстарына жүздеп, мыңдап келетін.

Боксшы Әбдірахманов рингте қабыланша қозғалып, шаршы алаңда еркін ойқастап, қарсыласына бір сәтке де тыным бермей, ыңғайсыз, «солақай» бокстасатын. Аяқ астынан қарсыласының басынан, иек астынан оқыс соққы жасап, нокдаун, нокаутқа жіберетін. Оның «ұпай санымен» жеңуі сирек болатын.

Нокаутер-боксшы Әбдірахмановтың «феномені» әлі күнге зерттеуді қажет ететін дүние. Меніңше, «Әбдірашит фено­менінің» негізі жоғарыда айтылғандай, өзін-өзі «жасаған» боксшының туған топырағында, тегінде жатса керек.

Негізінде Әбдірашит-әка тұйық адам болған екен. Алатаудың қар барысындай, Медеу шатқалында, Көктөбеде өмір сүруді жақсы көрген оны жалғыздықтан тау аралау, талдан түрлі мүсіндер ойып жасау құтқарғандай. Жалпы, боксшыларға жарыстар арасында, психологиялық жеңілдеу үшін кино, театр, музейлерге баруға, шахмат ойнауға кеңес берілетін. Жарыстар кезінде мидың тынығуы үшін басқа да түрлі тәсілдер ұсынылатын.

Бірде Рашит командалас досы Станиславқа тауға барып, ағаш діңгек, бұтақтарын іздеп, олардан түрлі ертегілік мүсіндер жасауды ұсынады. Осылай Әбдірашит ағаштан мүсін жасау өнерін шыңдай түседі. Және табиғатпен бітісіп кетеді. Өзі сурет салмаса да, таулардан бір нәрсеге ұқсас бейне бай­қаса, суретін салып беруді сұрайтын. Бірте-бірте өзі де сурет салып, мүсін ойып, кәнігі шығармашылық адамына айналды. Кейіннен түрлі көрмелерге қатысқан Әбдірахма­новтың қолынан шыққан мүсіндерге көпшілік таңқалатын.

 

Әбдірашит – Қабылан феномені

Әбдірашит Әбдірах­манов өмірде солақай болмаса да, рингте қарсы­ласқа қолайсыз «оң стой­када» бокстасып, сол қолымен жойқын соққылар жасайтын. Және солақай соққылары көбіне нокдаун, нокаутпен аяқталатын. Не­гізінен сол қолын жаттық­тырып, күшейткен Рашиттің оң қолы одан да күшті және әрдайым соққыға дайын болатын. «Әбдірах­манов феномені» деген осы. Оның осы қимылдары сол кездегі мамандар арасында «кескен соққы» (рубящий удар) аталатын, КСРО-да ондай соққыны тек Әбдірашит жасайтын.

Бұл әдіс Әбдірашит Әбдірахмановқа 1970 жылы Вильнюс қаласында КСРО чемпионатында жеңіс әпер­ді. Финалда «ескі қарсы­ласы», КСРО-ның үш дүр­кін чемпионы, Олимпиада ойындарының жүлдегері (Мехико, 1968 ж.) Владимир Мусалимовтан басым түскен.

Әбдірашиттің, әсіресе, бокстан КСРО–АҚШ кез­дес­уін­дегі біздің коман­даның жеңісіндегі еңбек-үлесі ерекше. Құрамадағы қазақ­стандық екі боксшы Жандос Көкімов пен Әбдірашит Әбдірах­манов осы екі дер­жаваның тарихи текетіре­сінде жасындай жарқыл­дады.

Бұл туралы екеуміздің бір достық әңгімемізде Әбдірашиттің өзі айтып берген болатын.

Әбдірашит чемпионның әңгімесінен:

«Екі супердержаваның бокстық кездесуіне (1969 ж.) дайындық жаттығулары Кисловодск қаласы маңын­да, таулы-қыратты жерде жа­салды. Жаттығушылар әдейі осындай жерді, физи­калық дайындық үшін таңдаған. Алатауда жат­тығып үйрен­ген Жандос екеумізге онша қиын болмады. Бізден тек жеңіс талап етілді, сол кездегі саяси жағдайдың да ықпалы болар. Кездесуді «Ғасыр матчы» деп жатты…

Жарыс Лас-Вегас қала­сының бір мейрамхана­сында, қазіргі кәсіпқой бокстағыдай шоу түрінде өтті. Біз бұрын бұндайды көрмегенбіз. Үстел­дерде қымбат билеттерді талап алған американдықтар жайғасқан, демалуда. Ринг­тегі әр минут миллиондаған доллар тұратыны, матч сол сәтте бүкіл әлемге таралып жатқаны, әр билеттің құны аса қымбат, «форс-мажор» жағдайы болса миллион­даған шығын болатыны да айтылған. Қазір біліп жатырмыз ғой, бизнес-шоу, жарнама әлемінің осындай болатынын. Мен өз кез­десуімді айқын басымды­лықпен жеңдім, десе де, үш төрешінің екеуі американдықтар жеңісті американдыққа «жұлып алғандай» алып берді. Бұндайды да көрдік, тек «құлатып» жеңу керек екен деп түйдім…

Екінші кездесу Канадада өтті, бұнда да қарсылас команда американдықтармен «күшейтілген». Мен өз жекпе-жегімде, бірінші раундта қарсыласты бақылап жүріп, айқын басымдылықпен ойын көрсеттім де, екінші раундта нокаутқа жібердім. Жойқын соққы жасадым. Секундантыма жақындап, «қолымнан жарақат алған сияқтымын» деп, төрешілердің шешімін күттім. Ол болса «мазаланбай-ақ қой, ол енді тұрмайтын шығар» деді. Айтқанындай, қарсыласты рингтен зембілмен алып кетті. Кейін білдік, америкалық көрермендерге керегі де осындай сәттер екен ғой…

Осы кездесуде «аңыз адам» Мұхаммед Әли де көрермен ретінде келген болатын. Даңқты боксшының Жандос екеумізге көмегі де тиген. Мейрамхана тамағы доңыз етінен жасалған екен. Ал біз Жандос екеуміз, мұсылмандар оны жемейміз ғой. Сол кезде Мұхаммед Әли ұйымдастыру­шыларға шығып, ас мәзіріне қой, сиыр етін қосуды талап етіп, біздің «сауабымызды» алған… Осылайша ұлы боксшы Жандос екеумізді Америкада «аштықтан» құтқарып қалды. Және ұлы Әли өзінің қарапайымдылығымен таңқалдырды. Бірде біздің жаттығуы­мызды көруге келген Мұхаммед Әлиге мен рингке шығып спарринг жасап көрейін деп ұсыныс жасадым. Ол болса жымиып, басын шайқады… Матч кезінде мейрамхана-залда Әлиден басқа да небір атақты «жұлдыздар» көп болды. Мен атақты боксшы Сонни Листонды таныдым.

АҚШ-қа сапар біздің команданы талай тамашамен таңқалдырды. Біз тұрып жатқан қонақүйде казино бар екен, елдің соған келіп, миллиондаған доллар ұтылып жатқанын жиі көретінбіз. Бұл, әрине, біз, кеңес адамы үшін таңсық дүние».

Әбдірашит Олимпиада ойындарына қатысуды арманда­ды, соған жетуге мақсатты түрде бет бұрды. Тіпті, Мюнхен Олимпиадасы (1972 ж.) қарсаңында Әбдірахманов олим­пиадалық куәлік те алған, КСРО құрамасының сапына кіргізілген. Бірақ Мәскеу аяқ астынан  шешімін өзгертіп Мюнхенге мәскеулік Хохловты алып кетті. Ол болса бірінші жекпе-жекте-ақ жеңілді. Ең қызығы, сол Олимпиададан кейін, 1972 жылы күзде Алматыда КСРО–Батыс Германия матчтық кездесуі ұйымдастырылды. Осы кездесуде Әбдірахманов су жаңа Олимпиада чемпионы, неміс боксшы­сын нокаутқа жіберді…

Өткен ғасырдың 70-жылдарының ортасында Әбдір­ахманов Ортаазиялық әскери округтың боксшыларын дайындаумен айналысты. Жаттықтырушының таулы жерде дайындық жасатқаны көп ұзамай өз нәтижесін берді.

Сол жылдары Әбдірахмановтың алты бірдей шәкірті КСРО құрамасына шақырылды. Әбдірахманов мектебінен өткендер арасында Әлем чемпиондары – Орзубек Назаров, Андрей Курнявкалар бар.

Зейнетке шыққан соң, Әбдірашит Хакімұлы табиғатпен біте-қайнасып, сүйікті істерімен айналысты. Алма ағаштарын күтіп, жемістерін ағайын-достар мен көршілерге тарататын.

Жан жары Людмила Александровна екеуі  үш бала тәрбиеледі. Эля, Гуля, Назым. Назым – Әбдірашиттің ата-анасыз қалған жиені болатын. Жас бала Рашит нағашысының үйінде алаңсыз, баршылықта өсті. Рашит пен Люданы ата-ана деді. Әбдірахмановтар отбасы жарты ғасырға жуық, немере, шөбере көріп бақытты ғұмыр кешті.

Әбдірашит әка «Басқалардың өмірі туралы әңгіме айтуға құқым жоқ, өз басым осының бәрі үшін Аллаға шүкіршілік етемін» дейтін.

Қазақстан боксының «Қабыланы» Әбдірашит Хакімұлы Әбдірахмановтың есімі миллиондаған бокс жанкүйерлерінің жүрегінде мәңгі сақталмақ. Себебі, ол бокс тарихына өз есімін алтын әріппен жазған адам. Спорттық мінездің, еңбекқорлықтың үлгісі.

Бақұл бол, бокс қабыланы, аңыз адам!

 Р.S. Қазақстанның спорттық қауымдастығы Әбдірашит Хакімұлы Әбдірахмановтың есімін есте қалдыру мақсатында, боксшының есімін Алматының бір көшесіне, оңтүстік астанадағы спорттық мектептердің біріне беруді сұрайды.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *