Қабыл болған дұға

 

Қайбір жылы қажылыққа барған бір кісінің басынан өткен осы оқиғаны естіп, таңқалдым.

Орта жастағы бір әйелдің мінезі өте қиын екен. Ашуы тез тұтанып, лап ете түсетін, сондай «күшейген» күйінде кісіге талай ауыр сөз айтып тастайтын аузы жеңіл, тілі ащы адам болса керек. Әрине, қайтымы тез деседі, бірақ ашуы құрғыр «қайтамын» дегенше де бұ кісі шайпау тілімен талай адамның жүрегін шаншып, жанын жаралап үлгеретін көрінеді.

Күндердің күнінде перзенттері анасын Меккеге – қасиетті қажылық сапарға жібермек болады. Әйел жолға шығар алдында Құдайға жалбарынып, қайта-қайта дұға жасайды: «Е, мейірімді Жарат­қан, мен құрысам тілімнен, мінезімнен құримын. Киелі жерге табаным тиіп, ұлы парызды орындау үстінде де біреулермен ұрсысып, жанжалдасып қалмайтындай бір ғаламат халге түсірші! Маған сол күндерде сабыр бере гөр, төзім бере гөрші!». Ақыры қажылық сапар басталады. Алғашқы күндер сәтті өтеді (бара салып кіммен ұрыссын, оған шамасы да болмаған шығар). Меккеден шығып, Мина жазы­ғына аттанар тұста апамыз… адасып кетеді. Миллиондаған адам құмырсқаша құжына­ған сапарда жүріп, Қазақстаннан өзімен бірге барған топтан көз жазып қалады. «Үйірінен ажырап», сенделіп жүрген бейта­ныс әйелдің жағдайын түсінген пәкістан­дық қажылар оны өздерінің әйелдер тобы­на қосып алады. Апамыз күнде солармен бір шатырда тынығады, бірге құлшылық қылады, бірге ас-су ішеді. Әйтеуір ым-ишара арқылы ғана ұғысады. Өйткені, сөй­лесейін десе, олардың тілін бұл білмейді, мұның сөзін олар түсінбейді. Ұрсысу тіпті мүмкін емес!

Тек елге қайтар күн таяғанда ғана апамыз әлдебір мешіттен бір топ қазақ көріп қалып, құшағын жая ұмтылады. Солардан сұрастырып жүріп, өз тобын тауып алады. Сөйтіп, ешкіммен ұрыспай, ешкімге ауыр сөз айтпай, керемет көңіл­мен, қажылық парызын орындап, елге қайтады.

 

С.ӘБДІҒАППАРҰЛЫ.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Оқи отырыңыз!

Close