Ғабит САДЫРБАЕВ, қаланың бас сәулетшісі: Қала құзырына қосылған кейбір елді-мекендерде жарық та жоқ

568Өткен бейсенбіде Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығына сәйкес, Алматы қаласының құзырына Алматы облысының шаһарға іргелес Талғар, Қарасай, Іле аудандарының 23 мың гектар жер телімі қосылған болатын.Кеше ғана қала әкімдігінде қаланың бас сәулетшісі Ғабит Садырбаев пен қалалық Жер қатынастары басқармасының бөлім басшысы Андрей Яковлев қалалықтар үшін осы маңызды мәселе төңірегінде баспасөз брифингін өткізді.

Бас сәулетшінің мәлімдеуінше, қала көлемінің іріленуі – шаһар шаруашылығының жылдан-жылға ұлғайып, шағын және орта бизнес нысандары етек алып, өндіруші кәсіпорындарының жедел қарқын алуына тікелей байланысты. Оның үстіне экономикасы тұрақты әрі табыс табу мүмкіншілігі де мол болғаннан кейін соңғы 5-6 жыл ішінде қалаға адам капиталының шоғырлану процесі де күрт артқан. Сол себептен Үкімет қала көлемін іргелес жатқан елді-мекендер есебінен кеңейтуді қолға алып отыр. Үш ауданнан қала құзырына жалпы саны 27 елді-мекен өтетін болады.

Қазіргі таңда жыл басынан қолға алынған жер телім­дерін инвентаризациялау, яғни, түгендеу, реттеу жұмыстары мәресіне жетіп те қалған. Алдағы уақытта қалаға қосылатын елді-мекендерге инфрақұрылымдар жүйесі мен коммуникация желілері жеткізілетін болады. «Өздеріңізге белгілі, кейбір ауылдарда керек болса, электр қуаты да жоқ», – деді Ғабит мырза брифинг барысында. Оның айтуынша, қаланың Бас жоспарына сәйкес түгендеу, зерттеу шаралары аяқталған соң мектептер, ауруханалар, тағы да басқа елді-мекендерге өте қажетті әлеуметтік құрылыстар жедел қолға алынады. Жаңадан бой көтеретін Жаңа Іле, Гейт-Сити қалаларының жобалары қарастырылуда. Сондай-ақ, Ұзынағаш, Қапшағай, Тау-Түрген сияқты инфрақұры­лымдары қалыптасқан ірі елді-мекендердің өнеркәсіп орталықтары ретінде дамуы көзделген. «Осы жобалар іске асқанда мыңдаған жаңа жұмыс орындары ашылатын болады. Ең бастысы, күнкөріс көзі көбейіп, табыс табу тетіктері молайғанда, қаладан іргелес аймақтарға кететіндер де көп болатыны белгілі. Біз қала мен іргелес аймақтарға қатынайтын көлік қатынасын реттеуді де назарда ұстап отырмыз», – деп хабарлады бас сәулетші. Ғабит Садыр­баевтың мәлімдеуінше, шығыстан батысқа қарай Райымбек даңғылы мен Сәтпаев көшесі бұрғыланып, шығыс айналма жолына қосылатын болады. Сондай-ақ, жеңіл рельсті көліктер (ЖРК) де аудандар арасын жалғастыратын болады. «Біз қала ішіндегі біршама кәсіпорындар мен жоғары оқу орындарының кейбірін де сол аймақтарға көшіргенді жөн санап отырмыз. Мысалы айтсақ, Аграрлық университетті Ұзынағашқа көшірсек, өздеріне де тиімді болмай ма?» деген сәулетші мырза инфрақұрылым нысандарын жүргізу барысында тұрғын үйлердің сүрілу мәселесін де жоққа шығармады. Барлық іс-шаралар тек заңнама аясында жүзеге асатындығын, ол үшін әлі де көп уақыт бар екендігін ескерте кетті.

– Біз қала көлемін ұлғайтудағы қолға алынатын мәселелер шеңберінде тұрғындармен кеңесіп, алдын-ала хабардар етіп отырмыз. Бастысы сол, іргелес елді-мекен тұрғындары әлеуметтік жағынан болсын, жәрдемақы, зейнетақы жағынан болсын, көп қиыншылықтан арылатын болады, – деді сөз соңында қаланың бас сәулетшісі Ғабит Садырбаев.

Осы жерде құлағы түрік жүрген қалалықтардың қаперіне салар бір жағдай, ол бас сәулетшінің айтуынша, қосылған жер телімдері есебінен жеке тұлғаларға жер босатылмайды. Өйткені, тоқымдай да бос жер телімі жоқ екен ол аймақтарда.

Берік СӘДУАҚАС

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *