ҚАБДОЛОВТЫҢ ҚАСИЕТІ

Әдебиет пен өнер қайраткері, халық мүддесін, қоғамның келелі мәселелерін өз уақытында көріп, оның халық талабына сай шешілуіне үн қосып өткен халқының қадірлі тұлғасы, жазушы, ғалым, ұстаз Зейнолла Қабдоловтың туған күніне орай әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде «З.Қабдолов және ғылыми тұжырымдар дискурсы» атты халықаралық ғылыми конференция болып өтті.

Сөз зергері З.Қабдоловтың республикамыздың ең үлкен, беделді білім ордасында білікті профессор болып бірнеше жылдар бойы өнімді еңбек еткені белгілі. М.Әуезовтің ақыл-ой дариясымен сусындау арқылы өзінен кейінгі бірнеше ұрпақтың, шәкірттердің, елі­міз­ге танымал азаматтардың тәрбиеленуіне мол үлес қосқан қасиетті шаңырағы да жыл сайын Қабдоловтың туған күніне орай әр түрлі іс-шара­ларды ұйымдастыруды мінде­тіне алған. Университеттің кафедра меңгерушісі, ф.ғ.д., профессор Алуа Берік­бай­қызының бастамасымен өткізі­ле бастаған «Қабдолов оқу­лары» биылғы жылы да онлайн байланыс арқылы еліміздің түкпір-түкпіріндегі беделді ғалымдарымен, шәкірттерімен ғылыми тұжырымдардың ала­ңын жасады. Конферен­цияның ашылуында сөз алған факуль­тет деканы, ф.ғ.д. профессор Ө.Әбдиманұлы онлайн конфе­ренцияның жаңа форматта өтіп жатқанына мән бере отырып, З.Қабдоловтың туысы Күләш Дәрібаева мен немересі Арай Қабдо­ловты таныс­тырды. Жиын барысында ф.ғ.д., про­фессорлар Д.Ысқақ­­ұлы, А.Ісі­мақова, З.Бей­сен­ғали, З.Қабдо­ловты әдебиет­танушы, теоре­тик ретінде ғана емес оның өзіне тән аудито­рияны баурап ала­тын шешен­дігіне, дәрісті өткі­зе білу тәжірибесіне, терең пәл­сапалық ойлары мен адами-азаматтық істе­рін жан-жақты талдады.

Осы конференция ба­ры­­сында Түркияның Ела­зиг қаласындағы Фыырат университетінің про­фес­соры Ерджон Алкаяның Зейнолла Қабдоловтың Назым Хикметтен аудар­ған аудармаларына тоқта­лып, оның түркі ауди­то­риясында, әдебиетші ма­мандарды даярлауда тап­тырмас еңбек екенін атап өтті. Ғалымның туған жері Атырау қаласының Х.Досмұ­хамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің профессоры, ф.ғ.д. Қадыр Жүсіптің терең талдауы мен мазмұнды пікіріне тебіренбеген тыңдаушы қал­мады. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық уни­верси­тетінің кафедра меңгеру­шісі, ф.ғ.д. профессор Рақым­жан Тұрысбектің З.Қабдолов­тың әдебиет туралы теориялық пікірін жалқыдан жалпыға, нақты құбылыстан абстрак­тылы ұғымға қарай дамыта оты­рып түйіндеуі әлемдік әдебиет­танудағы қазіргі қол­данылып жүрген тәсіл екендігі туралы тұжырымы да көптің көңілінен шықты. Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университе­тінің профессоры, ф.ғ.д Араб Ісләмұлының: «З.Қабдоловтың ғұлама ғалымдығын, терең жазушылығын, өнегелі ұстаз­дығын біріктіріп тұрған бір ғана нәрсе – ол әдебиет деген әдемі құбылыс екені рас. Осын­да ол тең басқан жорға, тең басқан жүйрік, оза шыққан тұлпар екенін мойындатты» деуі арқылы тұтас бейнесін жасауы тыңдаушылардың жүре­гіне нұр болып құйылды. Қорқыт ата атындағы Қызыл­орда мемлекеттік универси­тетінің профессоры, ф.ғ.д. Бағдат Кәрібозұлы ұстазының лирикалық жанрларға байла­нысты айтқан тұжырымда­рының қазіргі әлемдік әдебиет­танушы көтеріп отырған мәсе­ле­лерге мазмұндас келуі тура­лы толғамды пікірі ойымыздан шықты. Дәл осындай пікірді шәкірттерінің бірі Жолдас Мәмбет «Рухани жаңғыру» бағ­дарламасымен жарық көр­ген 4 томдық «Әдебиет теория­сының мәселелері мен толғам­дары» З.Қабдоловтың қара­пайым да, нақты тұжырым­дарына жете бермейтінін ашық айтты. Олай дейтініміз сөз өнерінің ұлттық сана – сөзде, тілде оның ауырлығы мен ардақтылығы жатыр.

Қайталанбас Қабдоловтың адам бойындағы жақсы қа­сиетті, жақсы сипатты, ерек­ше­лікті, адамгершілікті көре білетін талғампаздығы мен ішкі рухани әлемінің бай­лығы, сезімталдығы мен жанының нәзіктігі өмірдің бар құбы­лы­сын жанымен қабылдап қана қоймай ең зәру деген мәсе­лелерге жұрттың назарын аудартып, шешіп те отырған төрелігіне де тәнті болға­нымыз рас. Қазіргі уақытта да әдебиет пен өнер, сын мәселелерінде күрделі ой қозғалса ұстазы­мыздың тұ­жы­рымымен санасып жата­мыз. Сондық­тан ғалым З.Қаб­доловтың үлкен та­ным­дық ғылыми тұжы­рым­дары мәдени-әдеби, рухани өміріміздің діңгегіне айнала бермек.

 

Асқар тауды кӨремін

иықтаған…

Жылылықтың жарығы оттай екен,

Көкіректе тереңдеп, шоқтай бекем.

Ұлылықтың іздерін іздеп жүріп,

Боталаған жанарға тоқтай кетем.

Маған үнсіз қарайды, үндемейді,

Сол баяғы қалпы шын, күн деңгейлі.

Уақытқа бағынбай, болмысыммен

Портреттік бейнеде тұрмын дей ме…

Сол шаңырақ, сол бітім бұзылмаған.

Жаныңызда жайдарман »құзырлы» адам.

Жайсаңдардың жалауын желбіреткен,

Соңғы көшті өзімше түзіп алам.

Биіктік пен Кеңдікке иіп ғалам,

Асқар тауды көремін иықтаған.

Елестерге елігіп, тұлпарлардың,

Шаңы қалған сағымдарға тұйықталам…

Сәуле ЕРЖАНОВА,

әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық

 университетінің профессоры, ф.ғ.д.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *