ҚАБДОЛОВ АЙТҚАН ХИКАЯ

%d0%ba%d0%b0%d0%b1%d0%b4%d0%be%d0%bb%d0%be%d0%b2

Әнуарбек ӘУЕЛБЕК

Біз оқыған қазіргі әл-Фараби атын­дағы Қазақ Ұлттық университеті бұрын да еліміздегі ең мықты, ең үздік жоғары оқу орны болатын. Ал ондағы журналистика факультеті Қазақстандағы жалғыз факуль­тет еді. Бұл факультеттегі студент­терге сабақ беруге өз саласын жетік біле­тін, еліміздегі ең озық ойлы, аса талантты, кемеңгер кісілерді тарту байқалып тұратын. Біз дәрісін алу бұйырған Тауман Амандосов, Темірбек Қожакеевтен бастап, Қадыр Мырза-Әлі, Сұлтанғали Садырбаев, Алма Қыраубаева сияқты кіл мықтылардың әрқайсысы бір-бір тау болатын. Айтары бар еді, берері бар еді олардың. Сонда да болса, іштей бәсекеге түсіп жүре­тін қатарластарымыз –  фило­логия факультетінде оқитын достары­мызға көз қиығымен ұрлана қарап, қатты қызыға­тынбыз. Оларға жоғарыда айтыл­ған кісі­лермен қатар, Зейнолла Қабдолов, Рымға­ли Нұрғалиев, басқа да мықты тұлғалар дәріс оқып  жүрді. Өз басым, әсі­ресе, алып кеудесі алтын сандыққа айнал­ған, әрі қарапайым, әрі заңғар биік Зей­нолла ағамызға қатты қызығушы едім…

Бағыма қарай, маған еліміздегі ең беделді басылымдарда, біршама жылдар бойы телеарнада да қызмет ету бұйы­рыпты. Бұған мақтануға да болады. Себебі, мұндай бұқаралық ақпарат құрал­дары еліміздегі ең мықты деген зиялы қауым өкілдерімен тығыз байланыста жұмыс істейді. Бұрын-соңды көріп, тілдесудің сәті түспеген аға буынның қайсысымен болсын хабарласып, жүзде­сіп тұруға мүмкіндік болады. Тілшісін танымаса да, басылымды сыйлағандық­тан, ол кісілер­дің бәрі хабарласқан жур­налисті жассын­бай, терезесі тең адамдай қабылдап, ашық-жарқын әңгімеге көшеді.

Студент кезімізден сырттай қызықтап, кездесуге құмартып жүретін асыл ағала­рымыздың бірі — Халық жазушысы, ҚР Ұлттық Ғылым академиясының акаде­­мигі, Қазақстан және Қырғызстан ғылы­мының еңбек сіңірген қайраткері, фило­логия ғылымының докторы, про­фессор Зейнолла Қабдолов болатын.

Алып таудай көретін ағаларға майда-шүйде мәселелерге бола хабарласуға болмайды. Тақырыбың тиянақты, білгің келер дүниеңнің басы ашық және ауқым­ды болып, маңызды әңгімелер қозғалуы тиіс. Осыған алдымен өзің дайын болма­саң, үлкен кісілердің уақытын алып босқа мазалаған орынсыз. Біз осылай өстік, осы күнге дейін сол үрдіспен өмір сүріп келеміз.

Менің бір байқағаным, Зейнолла ағамыз өзі туралы көп айта бермейді, қашан көрсеңіз де өзгелер туралы әңгі­мелеп жатады. Ең қызығы, белгілі бір тұлға жайында әңгіме айта бастаса, кейде бір ауыз сөзбен-ақ сол кісінің бар бейне­сін ашып көрсете салатыны бар. Мысалға, елді ұйқыдан оятып «Аттандап!» жүретін Амантай қажы туралы: «Амантай қажы бірде – үрей, бірде – мерей!» деген бір ауыз сөзі ойыма түсіп тұрғаны. Бұл жәй ғана, сөз реті келіп қалған соң айтқаным ғой, тумысынан суреткер адам не жайында айтса да, әдіптеп, әдемілеп тұрып, көзіңіз­бен көріп отырғандай етіп жеткізуші еді.

Бірде, «Хабар» телеарнасында жүрген кезімде белгілі қаламгер, сайыпқыран журналист Қайнар Олжайдың тапсыр­масы бойынша ұлы Мұхтар Әуезов жайында деректі дүние әзірлеу қажет болып, «Менің Әуезовімнің» авторына – осы Зейнолла ағамызға хабарластым. «Бұл қай бала?» деп сұрайтын ағалары­мызға алдымен мықты деген курстастары­мызды айта жөнелетін дағдымыз бар еді, бірден: «Мен Бауыржан Омаровпен бірге оқыдым, курстаспыз, менің досым», – дедім мақтаныш тұтып, курсымыздағы мықтылардың бірі де бірегейі болған соң әрі филология ғылымының докторы, профессор Бауыржанның ғылыми жетекшісі болғанын да жақсы білемін. «О, Баукеңнің досы болсаң, жаман жігіт болмадың!» деп, мені бір көтеріп тастады.

 

Келісім бойынша ол кісімен Жазу­шылар одағының фойесінде кездестік. Сонда Зейнолла ағамыздың ұқыптылы­ғына тағы бір тәнті болдым. Не ерте емес, не кеш емес, тұп-тура келіскен уақытта келіп, түсіру тобының әзірлеп қойған орнына жайғасты да, әдемі әңгімесін әріден бастап кеп жіберді. Айтпақшы, сөзін бастамас бұрын бір ауыз сөз айтып, бәрімізді ду күлдіріп алды, бізді еркіндеу болсын деген болар.

 

– Аға, Әуезовтің басынан өткен, біреу біліп, біреу біле бермейтін қызықты оқиға­ның бірі туралы айтып берсеңіз, дұрыс болар еді, – дедім, тағы да бір рет керегімді есіне салып қойғым келіп.

– Е, Мұхаңның басынан не өтпеді. Мен көп айтыла бермеген оқиғаның біріне тоқталайын, Мұхаңның кім екендігі осы кішкентай эпизодтан-ақ аңғарылады, – деп, Зейнолла ағамыз толғақты бір әңгімесін бастап кетті.

 

Қазақстанда 1954 жылы басталған тың және тыңайған жерлерді игеру мәреге жетіп, 1956 жылы елімізде ұлан-асыр той болды. Бұл үлкен оқиға деп танылып, оны сол уақыттағы он бес республикадан тұратын бүкіл Кеңестер Одағы бірге атап өткен. Оның ауқымды болғаны соншалық, Тың игерудің осылай нәтижелі біткенін, тіпті, Ұлы Отан соғысынан кейінгі Ұлы Жеңіс деп бағалайды. Алайда, бұл қуанышқа әркім әрқалай қуанған болатын. 

 

Базбіреулер «нан болса, ән де болаты­нын айтты». Айтып қана қойған жоқ, кеуделеріне сол үшін орден-медаль қадады. Ал Кеңес Одағы бойынша дегені жүріп тұрған Никита Сергеевич Хрущев бастаған зымиян саясаткерлердің қуанышы олар­дікінен маңыздырақ болды. Бір бармағын ішіне бүккен олар отаршыл патшалы Ресейдің 300 жыл бойы қантөгіспен жүріп орындай алмаған ісін екі жылда бейбіт түрде жүзеге асырғанына қуанған. Қазақстанда бұл оқиғаның түпкі мәніне назар аудара, қатты күйзеліп, жаны ауырғандар да болды. Солардың бірі — Мұхтар Әуезов еді.

Байыпты әңгімесін айта отырып, ашыла түскен Зейнолла аға сол замандағы хал-ахуалдың жағдайын сипаттап кетуді де ұмыт қалдырмады. Қай нәрсеге де сол уақыт­тағы көзбен қарап, сол мезгілдегі оқиғалармен сабақтастырып отырмаса, кейінгілерді үлкен қателіктерге ұрындыруы мүмкін. Өткен тарихқа тек бүгінгі көзбен қарап қана баға беру кейінгі ұрпақтың таным-түсінігін басқа бағытқа біржақты бұрып әкетеді. Ол үлкен күнә, өткен тари­хы­мызға, тұлғаларымызға обал жасауға болмайды. Сол кездегі саяси жағдайларды ескере отырып, ішкі, сыртқы жағдайларға көңіл бөліп, жан-жақты саралай білген жөн. Зейнолла ағамыздың айтып отырған әңгімесінен осыны ұққандай болдым.

Қазақстанда дүркін-дүркін жүргізілген саяси қуғын-сүргін зиялыларымызды абайлап сөйлеуге мәжбүр етті. Ол кезде жеке басқа табынушылықтың шідері үзіл­ген­мен, коммунистік идеологияның тоқпағы мықты болатын. Әуезовтің басына да қайта-қайта қара бұлт үйіріліп жүрген шақ. Партия қатарынан шығарылды. Абақтыға жабылды. Тіпті, өзі мақсат еткен ұлттық идеологиямыздан бас тартуға мәжбүр болған еді.

Негізі, тың игеру біткен соң, Қазақстан басшылығында біраз ауыс-түйіс болады. Сол жылдары елімізді басқарып келген Леонид Ильич Брежнев Мәскеуге кетті. Оның орнына бірінші хатшылыққа Иван Дмитриевич Яковлев тағайындалады. Мамандығы мұғалім еді. Түсі игі, жүзі жылы жан бір күні бір топ қазақ қалам­герлерін қабылдайды.

– Ол кезде қабылдауында болатын кісілердің алдын-ала тізімін жасайды. Мұхтар Әуезовті, Сәбит Мұқановты, Ғабит Мүсіреповті, Ғабиден Мұстафинді, сосын Орталық Комитетке барғыштап жүретін кезім еді, мені тізімге қосыпты, барлығы сегіз адамның тізімін жасап қабылдады. Қандай ойлары бар, не айтқысы келеді, соны білгісі келген болар. Өзі мына ұстаз болу, сабақ беру адамның мінезін соншама жібектей етіп жұмсартып жібереді. Бірінші хатшы да бұрын мұғалім болған екен ғой, қаламгерлерді өте жылы қабылдады, – деді, сөз арасында Әуезовтің шәкірті, академик-жазушы Зейнолла Қабдолов.

Бұл кез Кеңес Одағының коммунизм іргетасын қалап жатқан уақыты болатын. Оның қарышты қадамы Қазақстанды да таптады. Әкелгенінен әкеткені көп. Тапқа­нынан батқаны мол. Екі ортада сорлаған қазақ халқы болды. Бұрын жерімізге қару асынып келген басқыншы қолына гүл ұстап, күліп келіп қоныстанып жатты. Шұрай­лы жерінен айырылған қазақ мал қамын ойлап, амалсыз, шөл аймақтарға ығысты. Ол кезде талай қуғын-сүргін көрген халқымыздың үштен бір бөлігі шет елдерде тұратын.

Жалпы, біз айтқалы отырған бұл оқиға былай басталған еді. Әуезовтің шәкірті Зейнолла Қабдолов ол уақытта «Жұлдыз» жур­налының Бас редакторы болатын. «Әдебиет және искусство» деген атын «Жұлдызға» енді алмастырып жүрген кез. Осының құжаттарын реттеу үшін қызмет бабымен Орталық Комитетке жиі барып тұрды. Соның орайын пайдаланып қалғысы келген Қазақстан Жазушылар одағының бірінші хатшысы Ғабит Мүсірепов өзіне шақырып, Қабдоловқа ұсыныс айтады. «Анау, Яковлев деген жақсы кісі көрінеді, соған айт бізді қабылдасын. Біз тілегімізді айтайық, іште жүрген ойымызды айтайық» деген соң, Зейнолла ағамыз  Жанділдинмен бірге барып өтініш жасайды. Яковлев сөзге келместен, белгілі бір уақытта қабылдайтын болып уәде береді.

Бірінші хатшының қабылдауында болу оңай нәрсе емес. Істің көзін білетін жас Қабдоловтың осы тұста кәдімгідей септігі тиген. Ал бірінші хатшыға қазақ қаламгер­лерінің айтары көп еді. Уақыт ыңғайына қарай әрқайсысы өз көңіліндегін айтқан. Бірінші хатшы әбден зәбір-жапа шеккен, партия қатарында жоқ Әуезовтің сөзін бар ықыласымен тыңдайды. Зиялы қауымның қайта-қайта қуғынға ұшырай беруі оны да қызықтырған болар.

Шынында да, Әуезовтің басынан талай зобалаң өткен еді. Бұл жайында арнайы әңгіме қозғаған сәттің бірінде тарих ғылы­мы­ның докторы, профессор Мәмбет Қой­гелдиевтің:

– Бірде ашық, бірде жасырын, құпия, әйтеуір қуғын-сүргін саясаты ХХ ғасырда ылғи да жүріп отырды. Бұны ғылыми тілмен айтсақ, қуғын-сүргіннің пермагенттік сипаты деп есептейміз. Үзіліссіз жүріп отырған. Алғашқы қуғын-сүргін 20-жыл­дары басталған. Алаш зиялыларын қуғын­даудың соңы ату жазасына тіреліп отырды. 1932 жылғы Ермеков пен Әуезовтің хаты осындайдан, амалсыз жазылған нәрсе еді. Олар Алаш идеологиясынан бас тартуға мәжбүр болды. Бұл зиялылар үшін үлкен соққы еді. 40—50-жылдарға келсек, бұл кездегі қуғын-сүргіннің де өз ерекшелігі болды. Бұл кездегі саясат қазақ зиялы­ла­рын біржолата тұқырту, рухани еркінді­гінен айыру, езіп-жаншуды көздеген қитұрқы саясат болды, – деп ашына айтқаны бар еді. Қанша дегенмен, билік басында жүр­ген кісі ғой, Яковлевтің де осы жәйттер­ден хабардар болғысы келді ме, кім білсін… Мұхаңды жақсы біледі, қанша соққы жесе де, ұлтын сүйген жанның қарап жата алмайтынын жанымен түсі­нетіндей. Әуезов қаламынан туған көркем дүниелері мен ғылыми зерттеулері өз алдына, ол сонымен бірге жүрген жерінде ел болашағын ойлап, ылғи да келелі мәселелер көтеретін болған. Ол дүние астаң-кестең болып жатқанда, Қазақстан Компартиясының бірінші хатшысы Яковлевке де осы мақсатта барған еді.

– Мұхаң ойын керемет шебер айтып жеткізетін. «Менің бір жаныма бататыны – тың көтеруге екі жылда келген 3 мил­лион келуші 70 пайыз қазақты 7 пайызға түсіріп тастады. Бұл бір жағынан жақсы, бір жағынан халқымызға қиын болды ғой. Ал біздің халқымыздың үштен бір бөлігі шетте жүр. Әр жылдары қуғын-сүргін көріп кеткен осы қазақты туған Отанына қайтару тек қана Хрущевтің қолынан келеді (әрине, көпшік қойып айтып отыр). Сол қазақты туған Отанына қайтарып, біздің бір елдігімізді ойласа қайтеді», — деді ғой, шіркін Мұхаң.

Академик Зейнолла Қабдолов сол қабылдауда Әуезовтің сөзіне ерекше риза болғанын мақтанышпен еске алды.

М.Әуезов, сонымен бірге, бірінші хатшыға таяуда Тәжікстанға барғандығын айтқан. Бадахшанның басында тұрып жатқан қазақтардың хал-жайы мәз емес болатын. Балаларын мектепке бере алмай, мал соңында жүрген қандастарымыздың тұрмысы оны қатты күйзелтеді. Барлық ұлтқа теңдік әперетін Компартияның осыған көңіл бөлуін жөн санаған.

– Олардың туған Отаны, атамекені осында, елімізге алып келіп мәдениетін көтеруге болады ғой. Анау Астраханьда, Сарытауда да біздің қазақ жүр, мал бағу­дан басқаны білмейді. Оларда қайдағы еркін­дік, соларды әкеліп үлкен адамдар қатарына қосуға болады. Ал одан қала берді, әріге баруымыз керек, мына Қы­тайда 2 миллионға жақын қазақ тұрады, ана Моңғолия мен Түркияда да солай. Солар­дың бәрін елімізге әкеліп басын қосу осы Хрущевтің қолынан келетіндігін қайта-қайта ескертіп, жоғары жаққа жет­кізе бар­сын деген ниетпен өз ойын айтып шықты, – деді академик-жазушы З.Қабдолов.

 

Шынында, Компартияның мақсаты тың игеру ғана болса, оны шетте тұратын қазақтарды әкеліп те атқаруға болар еді. Әуезов бірінші хатшыға осыны ашық айтқан. Хрущевті мақтай отырып, өзінің осы сәлемдемесін жеткізуін сұраған. Басқалар үй-жай, көлік, қаламақы сұрай­тын кез еді, Мұхаң арадан суырылып шығып, қашанғыдай өзінің мықтылығын көрсетеді. Соның бәрін байқап, көріп отырған Зейнолла ағамыздың көңілінде көп ой қалады. Оны Әуезовке бұрынғы­дан да жақындата түскен, бәлкім, осын­дай себептер шығар, кім білсін. Әйтеуір, Әуезов десе, ішкен асын жерге қойып тұрып әңгімелей кететінін талай байқа­ғанбыз.

 

Өзі ұлы Мұхаңнан дәріс алған, талай рет оның ыстық ықыласы мен аялы алақанының жылуын көрген Қабдолов бар саналы ғұмырында Әуезовке адалдығын танытып өтті. Бүгінде, туғанына 90 жыл толып отырған тұста Зейнолла ағамен болған осы сұхбат қайта ойға түспесі бар ма. Шындығында, бұл өзі айта жүретін әңгіме.

 

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *