Абайтану ғылыми сипатта зерделену керек

Күнде барып, күнде айқай салса да, жартастай мелшигендерге жетім қозыдай тасбауырланбай, ыстық жүрегінің тереңінде күрсінген, соқтықпалы жерде өсіп, мыңмен жалғыз алысқан жұмбақ адам – Хәкім Абайды бүгінгі қазақ толық түсіне алды ма? Абайтану ғылымы да діттеген межесіне жетіп, ұшпаққа шықты деп айта алмаймыз ба? Біз бүгін Абайтану атты айсбергтің су бетіндегі бөлігін ғана көріп жүрген сыңайлымыз? Ал, негізінен, Абайдың жауһар жұмбағы мен Абайтанудың інжу-маржандары тереңде, тым тереңде жатқаны айдай ақиқат.
Әдетте біз Абайдың өлеңін жаттамаған, Мұхтар Әуезов жазған «Абай жолы» роман-эпопеясын оқымаған қазақты қатты сынайтынымыз бар. Тіпті Абайды білмеген қазақты қазақтықтан да шығарып тастауға дайын тұрамыз. Не үшін? Себебі, біз Абайдың жаны мен қазақтың жанын екі жарты бір бүтіндей сабақтастыра қараймыз.

Бүгінгі қазақ үшін Абайдың жаны ғана емес, қазақ үшін қазақ ұлтының жаны да жұмбақ әм қызықты көрінеді. Ал, мұндай күрделі мәселенің күрмеуін шешіп, бұл үддеден шығып жүр деп отандық Абайтанушы ғалымдарымыз бен Абайтану институттарымыз айта аламыз.
Біз бұл ретте отандық Абайтанушылардан бұрын, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың жанынан құрылған, 10 жылдық тарихы бар Абай иснтитуты туралы сөз қозғасақ дейміз. Әрине, Абайды тану, ең алдымен, ғылыми сипатта орын алу керек. Сондықтан бұл институттың Абайтану ғылымындағы алар орны ерекше.


2009 жылы 24 наурызда ұлттық университеттің профессоры, Халықаралық жоғары мектеп ғылым академиясының академигі, филология ғылымдарының докторы Жанғара Дəдебайұлының басшылығымен ашылған Абай институты осы жылдарға дейін қыруар шаруалар атқарып, Абайтану ғылымының жүгін бір кісідей көтеріп келеді.
Аталмыш институттың негізгі мақсаты – əлеуметтік жəне гуманитарлық ғылымдар саласында іргелі жəне басым бағыттағы қолданбалы ғылыми зерттеулер жүргізе отырып, оқыту, насихаттау жолымен білімді сақтау, жасау жəне тарату бағытындағы ғылыми, ғылыми-ұйымдастырушылық жұмыстарды үйлестіру болып табылады.
Бұл институт құрылған сәттен бастап алты жыл қатарынан Абай институтының хабаршысы ғылыми журналы жарық көріп отырды. Ол ғылыми басылымда, негізінен, Абайтану мен әдебиеттану саласының кешенді зерттеу жұмыстары жарыққа шығып тұрғаны көзі қарақты оқырманға жақсы таныс.
Ауыз толтырып айтарлығы, аталмыш институт соңғы жылдары Абайтанудың көп томдық (36 т.) таңдамалары еңбектерін «Қазақ университеті» баспас-үйінен басып шығарды.
Сонымен қатар, Абай институтына қарасты abai-inst.kz сайтында ғылыми жаңалықтар мен әдебиеттану, Абайтану бағыттары бойынша жасалып жатқан еңбектердің қортындылары беріліп отырады.
Жалпы, елімізде Абайтану ғылымымен айналысып жатқан басқа да ғылыми институттар мен әдеби мұражайлар, оқу орындары бар. Олардың бәрі де елдің рухани толысып, рухани жаңғыру жолында еңбектеніп келеді.
Тоқ етері, келешек ұрпақтың кемелдікке жетуі үшін Абайдың толық адам ілімі мен ар түзейтін, адамгершілік пен ілім-білімге бастайтын өлеңдері мен қара сөздерінің алар орны үлкен. Ал осы тұрғыда ғылыми институттардың үлес салмағы да аз емес.

Аққибат АҚЖІГІТОВА,
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың
филолгия және әлем тілдері
факультетінің оқытушысы

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *