Абайтану курсы енгізілді

Рая ЕСКЕНДІР

Қазақ ұлттық Қыздар педа­гогикалық университетінде Абайтану курсы енгізілді. Оқу орнының студенттері Абай­танудың бастаулары, ақынның өмірі мен шығармашылық жолы туралы дәріс алатын болады.

Бұған дейін Қыздар уни­вер­ситетінің Қазақ филологиясы және әлем тілдері факультетінің білім­герлеріне Зәки Ахметов, Тұр­сын­бек Кәкішов, Мекемтас Мырзах­метұлы сынды ғалымдар Абайтану курсын жүргізген болса, өткен оқу жылынан бастап барлық факуль­теттерде оқытыла бастады. Дәл қазір болашақ педагогтар курс ба­ры­сында Абайтанудың даму бағыт­тарымен, оның ақындық мектебімен, хакімнің «Толық адам» филосо­фиясымен танысуды бастап та кетті.

Сонымен қатар, Қыздар уни­вер­ситетінің профессоры, фило­логия ғылымының докторы Руда Зайкенованың «Абайтану» атты оқулығы жарық көрді.

Кітапта ақынның шығыс, батыс және орыс әдебиеттерімен байла­нысы, ғұлама ойшылдың ғылым, білім, өнер, ел билеу, тарих, махаб­бат, діни таным жөніндегі және сыншылдық көзқараста жазылған философиялық қара сөздерінің, өлеңдерінің, поэмалары мен аудар­маларының мән-мағынасы кеңінен түсіндірілген.

– XІX ғасырдың екінші жарты­сында киіз туырлықты шаңырақ астынан қарап-ақ, әлемдік деңгейде шеберлік нақыш туғызып, өрелі ой айтқан қазақ халқының ұлы ақыны, хакім Абай даналығына жаңа заман биігінен қарап, көңіл аударудың маңызы зор. Абай – ғаламдық тұлға. Абайтанудың бастауы XX ғасырдың бас кезіндегі Алаш арыстары мен сол тұста өмір сүрген оқымыстылардың таным-білігінен басталады. Құнанбай­ұлының даналығын жете меңгеру арқылы бүкіләлемдік гуманистік және ұлттық өлшемдердің адам тұлғасын қалыптастырудағы орнын бағамдап, өмірді және адамзат құпиясын тануға болады, – дейді оқулық авторы, профессор Руда Зайкенова.

Абай аманатын арқалаған ұрпақтың жаңа легі ұлы ғұламаның ілімін болашаққа жеткізу үшін Абайды тануға кірісіп те кетті.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *