АБАЙША СЫНАП,

кемшілігімізді көзімізге көрсетті

Адамзаттың, қазақтың ұлдары, үш жұлдыздарының бірі де  бірегейі Тұрар Рысқұлов, Бауыржан Момышұлы және Шерхан Мұртаза еді. Енді ол да арамызда жоқ. Бұл қайраткерлердің қай-қайсысы болса да – қазақ үшін жанын пида еткен, қасқайып күрескен нар тұлғалар.

Оразалы СӘБДЕН,академик

Ш.Мұртаза өз ғұмы­рында, қазақ халқы үшін не жазбады,  не айтпады дей­сіз. Парламенттің екі рет депутаты болған кезең­дерде, әсіресе, тіл тағдыры шешіліп жатқанда, асқан батылдықпен«тек жылан ғана айыр тілді болады», – деген еді. Оны да жүре тыңдадық. Жер мәселесіне келгенде жер анамыздың мәңгілік екендігін, жерді сатуғада, шет елге жалға беруге де болмайды деп кесіп айтқан. Шерханның бұл сөзіне де құлақ  аспадық.

БАҚ саласындағы қыз­метінде қашан да ұлттық мүддені бәрінен жоғары қойып, өткір мәселелерді төтесінен көтере білді. Мәселен, Камал Смайы­лов­пен бірге екеуінің  халықтың мұңын – мұңдап, жоғын – жоқтаған ашық әңгімелері дүйім жұртқа аян. Философиялық иірім­дерге толы «Бір кем дүние» еңбегінің өзі қазаққа қаншама ой салды, сыни ойлауға тәр­биеледі. Бұл шығарма қазіргі заман бренді болып,  бүкіл қазақ халқының бойына жаңалық болып ене бастады. Шерхан Мұртаза – ұлы Абайдан кейін қазақтың да, биліктің де теріс мінін – міндеп, түзетуге, тура жолға салуға атсалысып, ашық айтқан бірегей тұлғаның бірі.

Біз әлемде 6 цивили­зацияның, оның ішінде Рим империясы сияқты жарты әлемді бағындырған жой­қын күші бар Түркі им­пе­риясы болдық. Қазір қайда сол тек? Сол тектің сыны­ғы, батырлығы, ұстанымы Шерxан ағаның бойында болды. Біз соны жандан­дыруымыз қажет, әсіресе жастардың бойында.

Шерханның өмірден озуы бүгінгі қазақты оятуы керек деп ойлаймын. Жаһандану заманында ертең не болары белгісіз, әлем астаң-кестең түрлі дағда­рыстарды басынан кешіруде. Әсіресе, рухани дағдарыс белең алды. Осы тұста әлемді құтқаратын, соның ішінде қазақты жаңа өркениеттерге бастайтын, кешегі түркі өркениетінің «сынықтары» деп мен Абай мен Шәкәрімді, қала берді Шерхан Мұртазаны айтар едім. Себебі, ол халқы­мыздың өркениетке ұлттық тамырымызды сақтай оты­рып қадам басып, еліміздің жаңа белеске көтерілуі жолында аянбай еңбек етті, өшпес мұра қалдырды. Абайша сынап, кемші­лігімізді көзімізге көрсетті. Бүгінгі ұрпақ және билік тұтқасын­дағылар осы Абайды және Шерханды тереңіне үңіле оқыса деймін, сонда алма­ғайып заманда адаспай­тынымыз анық. Себебі, Шерхан Мұртаза «Абай кітабынан ерекше сәуле шашып тұрады» десе, ол өзі де халықтың шамшырағы бола білді.

Шерхан ағаның ұлт­жандылығының негізінде терең білім бар. Танымы кең, өресі биік еді. Халық қазынасынан сусын­дап, төл тарихымыз бен әдебие­тімізді жан-жақты мең­герген. Ол Мәскеу мем­лекеттік университетінде оқып жүріп В.Вернадский, М.Ломоносов, Д.Мен­делеев, Л.Толстой, А.Пуш­киннің еңбектерін танып білді. Әрине, бұл әлемдік деңгей. Қазір түрлі диплом­дарымыз көп, алайда біліміміз таяз болып тұр. Кітап оқитындардың қа­тары сиреп барады, бәріміз «интернеттің құлы» болып бара жатқан сияқтымыз. Үкімет пен Парламент бүкіл қазақтың бетін кітап оқуға бұру туралы бір кешенді қадам жасау керек. Керек болса, саясаттың ең үлкені осы.

Кейінгі кезде қазақтың ар-ұяты болған С.Зиманов, Т.Кәкішев, Г.Бельгер сияқты абыз-зиялы­лары­мыздан  айырылған едік. Енді олардың қатарына Шерхан аға да қосылды. «Шерханнан кейін енді «қара­қылды қақ  жарып» кім айтар екен?!» деген халық­тың көкейінде сауал тұрған сияқты…

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *