АБАЙДЫ ОҚЫҒАН ВИКТОРИЯ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мектеп оқушысы Ләйлім Ерланқызынан қабылдап, көпшілікке жолдаған хакім Абайдың 175 жылдығына арналған ақын өлеңдерін оқу эстафетасына Қазақстан халқы Ассамблеясы қызу қолдау білдіруде.

Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары Ж.Түйме­баевтың тапсырмасымен барлық өңірдегі этно-мәдени бірлестіктер бір­ден атсалысып, эстафетаны жұмыла жалғастырып әкеткен болатын.

Қатысушылардың арасынан Тараз қаласының тұрғыны Виктория Вячеславовна Трегубова Абай Құнан­баевтың «Өлең – сөздің патшасы» өлеңін оқып, көпшілік көзайымына айналды. Әлеуметтік желіде жоғары танымалдыққа ие болып, ҚХА Баспасөз қызметі таратқан бейнежаз­баға 1500-ге жуық репост жасалып, көрушілер саны 65 мыңнан асты.

Белгілі ақын, Мемлекеттік сый­лық­тың иегері Тыныштықбек Әбді­кәкімұлы, ақын, «Платиналы тарлан» сыйлығының иегері, Исраил Сапар­бай, көрнекті күйші, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жанғали Жүзбаев, кинорежиссер, Қазақстан­ның еңбек сіңірген қайраткері Сатыбалды Нарымбетов, дүлдүл әнші, Қазақстанның еңбек сіңірген қай­раткері Ерлан Рысқали және басқа ақын-жазушылар мен БАҚ өкілдері, сондай-ақ, әлеуметтік желі қолдану­шылары Викторияға қазақ тіліне деген құрметі үшін ерекше алғыс айтып, зор ризашылығын білдірді.

– Өзімнен үш жас үлкен ағам Владислав та қазақ мектебін бітірген. Анам Светлана Степановна – метео­ролог, әкем Вячеслав Александрович – Жамбыл облыстық обаға қарсы күрес станциясының қызметкері. Нағашы жұртым – Жамбыл облысы­нан, анам Ұланбел ауылында (Жам­был облысы, Мойынқұм ауданы) туып-өскен. Ресейге қыдырып барып, әкеммен танысып, екеуі шаңырақ көтерген. Арада 6-7 жыл өткенде анам әкеме туып-өскен жерін көрсет­пекші болып, екі баласымен төркініне қыдырып келеді. Әкеме Қазақстан­ның ұнағаны соншалық, біз Ресейге қайта оралмадық, – дейді Виктория Трегубова.

1998 жылы Ресей Федерация­сының Ульяновск облысында дүниеге келген Виктория орта мектепті қазақ елінде бітірді. 2015—2019 жылы М.Х.Ду­­лати атындағы Тараз мемле­кеттік уни­верситетінің Журналистика фа­куль­­тетін тәмамдаған. Қазіргі кезде Жам­был облыстық телеарнасының «Tuskі tіme» бағдарламасының тәлім­гер-жүргізушісі. Жамбыл облыстық Қа­зақстан халқы Ассамблеясы «Рада­­неж» орыстар қоғамы бірлесті­гінің мүшесі және ҚХА Жаңғыру жолы жастар қозғалысының белсен­дісі.

 

Нұр ЖАМАЛ.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *