Абай жаққан бір сәуле

Орысбай ӘБДІЛДАҰЛЫ,

Халықаралық Жамбыл атындағы сыйлықтың иегері, Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері, өнертанушы

 

  Гоголь көшесінде көп жүрген ақын

 

«Махаббат қызық, мол жылдар» деп Абай атамыз күрсінетіндей, сонау бір жылдарда Алматы аспаны өлеңге де, әнге де бөгіп тұратын еді-ау, әттең, дүние! Әрбір жоғары оқу орнының акт залдарында қала студенттері ағылып келіп, жарыса жыр оқитын. Ол тұста  жыр тыңдайтын дәстүр бар болатын. Әсіресе, ЖенПИ-дің бас корпусы құс базарындай қызық-думанға айналып кететін. Бақыт іздеген бозбалалардың көпшілігі болашақ сыңарын сол қасиетті мекеннен тауып, көше бойлап, қолтықтасып кетіп бара жататын…

Аққудың көгілдіріндей ақүрпек қыз Ақұштап Бақтыгерееваның үлбіреген өзі қандай, мөлдіреген сезімге толы өлеңдері қандай десеңші! ЖенПИ-дің ақ қанат қыздарын бастап, шағаладай топтанып, көздің құртын алатын кез қалай ұмытылсын, құдай-ау! Сол Ақұштап бүгінде қоғам қайраткері дәрежесіне көтерілген қазыналы, қабырғалы ақын атанды емес пе! Сол дүрмекшіл жырқұмар марқасқалардың ішінде Қазақ университетінің (ол тұста бір-ақ университет еді) де албырт та алғыр қаламсілтерлері жыртылып-айырылатын. Көмейлерін жырдың шоғы күйдіріп бара жатқан Марат Отаралиев, Өмірбай Өмірзақов, Қажытай Ілиясов, Оңғарбай Шайымқұлов, Әбдібай Қорғанбаев, Жұматай Жақыпбаев, Нұрлан Оразалин, Жарасқан Әбдіра­шев, Шөмішбай Сариев, Бекділдә Алдамжаров, Зейнолла Тілеужанов, Кеңшілік Мырзабеков, Рафаэль Ниязбеков және тағы басқалар «барын киініп, бақанын сүйретіп» дегендей, ЖенПИ-ге сүрініп-қабынып жететін-ді. Тегінде қыздар оқу орнына СХИ, ЗООВЕТ, СКИФ (физкультура инс­титуты) дейсің бе, әйтеуір барша оқу орындары­ның жігіттері сол төңіректі торитын. Жалпы, алдыңғы буын, орта буын, кейінгі буынның бәрі де ЖенПИ деп елеңдеп тұратын. Ғафекеңнің –  Ғафу Қайырбековтің «Көшесінде Гогольдің» деп келетін әйгілі өлеңі кейінде әнге ұласқанын жұрт әлі ұмыта қойған жоқ…

Ауылда туған Рәпілбектің он жылдық мектепті бітіріп, аудандық газетте екі жыл қызмет істеп, қаламы төселіп, көкірегін өлең кернеп, Алматыға Рафаэль атанып келген кезі еді. Бұлқынып, жұлқынып, екі иығын жұлып жеп тұрған тарпаң мінезінен қатарының көбі қаймығатын әрі тіксінетін. Бір нәрсені бүлдіріп қоятындай мазасыз кейпінен отты өлең шығады-ау деп ойлайтындай емес, осқырыңқы одағай болмысы қолды-аяққа тұрмайды. Қыр гүліндей жайнаған қыздардың алдында:

ЖенПИ жақтан таң күлімдеп ататын,

Кешке қарай күн қызарып бататын.

Түні бойы сайран салған жігіттер,

Таң сәріде қайтып келе жататын, –

деген экспромт өлеңін өршелене оқиды-ай келіп…

Университетті әр түрлі себептермен ұзақ жылдар оқығаны бұрынғы дайындығына үстемелей үйіп-төгіп білім-таным олжалағаны айдай анық нәрсе. Әдеби әлем көкжиегін кеңіткен кең қолтық ұстаз-профессор, академиктер, құдайға шүкір, көп болды. Бейсенбай Кенжебаев, Ханғали Сүйіншәлиев, Зейнолла Қабдолов,  Мырзатай Жолдасбеков, Сұлтанғали Садырбаев, Темірбек Қожакеев және басқалар оқыған дә­рістер далаға кеткен жоқ. Университет қабырға­сындағы М.Әуезов  әдебиет үйірмесі, Бақтажар Ме­кішев жетекшілік еткен «Жеті муза» эстети­калық клубы қаншама әдеби-мәдени қазынаға қанықтырды. Әр ұстаздың да өзіндік сабақ оқыту тәсілі болды. Бәрі де қайтсек шәкірт санасына бі­лім-ғылым дәнін егеміз деп ертелі-кеш сөз сабақ­тады, дауыс кенеді. Өте-мөте заңғар Зекеңнің –  кәдімгі Зейнолла Қабдоловтың лекция оқу үрдісі естен кетпестей еді-ау, дариға шіркін! О баста инженер болсам деген арманын ұлы Мұхтар Әуезовтің ғаламат лекциясы әдебиет ауылына кілт бұрып әкеткен еді. Әуезовтің әуезді үні жүрегіне сіңген Зекеңнің  қоңыр қаздай үні де көкірегіңе сәуле құйып, бүкіл дүниенің інжу-маржанына терең бойлатып, жаныңа қанат байлайтын. Сөз соңында  қазақ қаламгерлерінің шығармаларына да кеңінен тоқталып, жіліктеп талдап, келе-келе қайта қызып, көкірегі буырқанған ағысқа толып, өзінің сүйікті тақырыбы – Әуезов әлеміне ойысатыны әсте ойдан кетер ме!

Зекеңнің ағып тұрған ақын жаны қиялға қанат жалғайтын. Абайды, Мағжанды, Қасымды, Сұл­танмахмұтты, Тайырды, Ғалиды, тағы сол сияқты ақындардың өлеңдерін жатқа айтып, сорғалата сөйлегені сүйегіңе сіңіп, сол бойда ақындықтың асау ақ арғымағына тәуекел деп ер салғың келеді. «Ақын дегеніміз тұтасқан творчест­волық тұлға, – дейтін Зейнолла ұстаз Қабдолов. – Нағыз ақын – бүтін бір дүние, әлем – планета! Демек, ол – хаос емес, хаосты гармонияға көшірген құдіретті күш!».

Әне, сөйтіп сүре жол салып берген ұстаз біткенге қалай ғана қарыздар емессің. Солардың үні құлақта, ақыл-кеңесі көкіректе тұнып жатыр. Былайғы жұрт: «осы Рафаэль отқа-суға түсіп кетпей сонау Қырғыз бен Қазақты жалғап жатқан тарихи өзен Таластан Алматыға қалай аман-есен жеткен» деп те ой кешетін. Ұрма-перме мінезі, бетің бар, жүзің бар демей періп кеп қалатын қорғасын сөзі соны еске салатын. Қай жерде болса да, қай ортада жүрсе де ойып айтатын, қиғыр қылыштай мінез-құлқынан қауіптеніп жүретіндер өте көп болатын. Сол өжет мінезінен талай таяқ жеген, талай сыбағасынан айырылып, пұшайман хал кешкен. «Құлагердің құлыны бәйге ала ма, Батыраштың тұқымы жүрген елде» деп талай күйінген. Бірақ жасымады. Қайғының өзін де қайрақ етіп, соған жігерін жанып, өткірленіп, ұштала түсті.

Ол Расул Ғамзатовты, Қайсын Құлиевті, Мақ­тымқұлды қалай көкке көтерсе, Олжас Сүлей­меновті солардың бәрінен жоғары қойды. Лер­монтовтың, Пушкиннің, Блоктың, Пастернактың, Ахматованың жырларынан, тағы сол сияқты ұлылардан үйренуден жалықпады. Соның арқасында талай асу-белдерден абыройлы асып келе жатқаны өтірік емес.

 

Мұңсыз өмір сүру мүмкін бе?

 

Арғы-бергіні көп оқитынын, көкейге көп түйетінін танытып, қолын сермеп сөйлейтін әдеті қызық. Сағидан, Жұмекеннен, Тұманбайдан, Қадыр мен Мұқағалидан мысқалдап жыр үйірген­де бар дүниені ұмытып, бұл өмірде тек ақындар ғана ғұмыр кешіп, сайран салатындай салтанат құрып тұрғанын көресің… Әсіресе, өзі көп қасиеттерін бойына сіңірген Қадыр Мырзалиевтің тапқырлығын, ұшқырлығын ұрма-перме болмы­сына бағып, тамсанып, таңырқап, талдап кететіні нағыз таланттарды құрметтегені болар. «Қадыр өйдеді, Қадыр бүйдеді» деп сөйлеу оның қанына сіңген қасиет еді. Бұның өзі, сайып келгенде, хас талантты танып, жоғары бағалағандық емес пе!

Сол таланттардың тасасында қалмау үшін ол да намысын жанып, өзін үнемі қамшылаумен болды. Халқының қамын жеп қайғырған кезі бар шығар, бірақ ешуақытта қалғып көрген емес. Алыптардың артынан ерді, ағалардың алдын көрді, інілерге ілтипат білдірді. Әйтеуір поэзия айдынын лайламауға жан-тәнін салды.

Тау төсінде жайқалып тұрған шынар,

Ұл таптың дер сан қилы сынға шыдар.

Қанды соғыс өртінде анам мені,

От  ауызды ақын қып туған шығар! –

дегеніне қарап-ақ оның алған беттен қайтпайтынын, хас шындықты қасқайып тұрып бетке басатын бірбеткейлігін аңғару қиын емес. Қилы-қилы жолдан өтіп, қым-қиғаш өмір кешіп, ащы-тұщыны татқан ақын нағыз көк бөрі болып алғандай. Әр түрлі талас-тартыстан, пікір қайшылықтарынан ой-пікір көкіректе қорытылып бекиді, буырқанған ашу-ыза ақылға көшіп, арнаға түседі, артық кетсе артынан түсінеді, кем соғып жатса талаптанып, ізденіп, толысуға тырысады. Өмірдің жолы, өсудің жолы осылай арна тартады. Әлбетте, ақын жүрек бәрін де аппақ қардай пәк көреді. Тіршіліктің бағамы араласа келе, әр нәрсені көре келе мүлде басқа екенін ұғыну басталады. Осы турасында Алаш арыстарының бірі Ахмет Байтұрсынұлы айтқан мынадай бір тәмсіл сөз бар: «Қайғы-қасіретсіз, уайымсыз, мұңсыз, қатерсіз, қауіпсіз, шаттықпен тыныш өмір сүретін адамдар тіпті болмайды, – дейді ғұлама Ахаң. – Өмір жолы мұратқа тура жүргізбейді. Тура жүргізбесе, көңілге реніш, шер пайда болады. Сондай өмір жүзіндегі түрлі опасыздық ақынды да ренжітеді, мұңайтады, ықыласын қайтарады. Ренжу, мұңаю, ықылас қайту ақынды көңілсіз күйге түсіреді, шерлендіреді. Шерлі күйден шыққан сөз мұңды болып шығады».

Рафаэльдің өлең ұшқындары, көбіне, міне, соған саяды. Түйгені, жанының күйгені түйдек­теліп келіп:

Қысастығын мен жаққа аттандырып,

Кім бөгейді жолыма қақпан құрып.

Көк бөріге айналып кетем ылғи,

Көк бөрі жыр ішімде жатқанда ұлып, –

деп, ішқұсасын төге салатын сәттері аз емес. Көбіне өз қара басынан гөрі ел қамын, жер жағдайын жасырмай жайып салатын өжеттігі жан шырылы арқылы сыртқа теуіп шыға береді. Әшейінде ауылдан шықтық деп үзеңгі бауын алты қарыс қылып шіренетіндер жылы орынға жай­ғасып алған соң, құдайын  да ұмытып, басындағы бағы мен астындағы тағын ойлап, күнкөрістің қамына көшкен жоқ па, түге! Ендеше, ауыл азып, жұрты тозбай қайтеді. Бұған қай ақын ашын­басын.

Азғын барда жылатқан өз анасын,

Неге жаным шоқтанып қоздамасын.

Қалаға ауып ауылдар,

Жұртқа тастап,

Боздатқаны бұл қалай боз даласын?! –

деу үшін де ауыл деп соққан жүрек керек! Ақын­ның жан жүрегі егіле отырып көк сиясын көз жасындай төккені кім-кімнің де құйқасын шы­мырлатары сөзсіз. «Ауыл жылы» деп айқайла­ғанмен, жол-жөнекей қаражатты жырымдап алып, барар жеріне жеткізбей құртып тынғанын ақын көзі көрмей отырған жоқ. Сосын жан даусы шығып, шырқырамай қайтеді.

Ел жайын дейсің сөз етпе,

Мезгілде тастан жас шығар.

Ауылды тепкен өзекке –

Ауылда туған басшылар!

 

Басшылар –  бай да, ел – кедей,

Бөлшектеп сатқан даласын.

Арлы ауыл – құнсыз теңгедей,

Қаңтарған арба, шанасын.

 

Ауылдан безсе қарамай,

Жазады қалай жарасын?

Бір күні жетер…

Жерлеуге келген анасын!..

Міне, осындайда лирик ақын Мағжан Жұма­баевтың: «Өмірді өлеңмен ғана емес, өзінің өмірімен суреттей білу ірі жанды адамның ғана қолынан келмек» деген сөзі ойға оралады. Рафаэль де баяғы төрт малын өргізген Талас бойының талшыбығы. Талма жері де ауыл, ауыл мәселесі, ауылдың тіршілік-тынысы. Сондықтан да ол:

Жұрттың бәрін ұстаған шаңға қамап,

Қай басшыны көтерем Арға балап.

Жетім бала сияқты ауыл кейде

Жалаңаяқ жүгірген жар жағалап.

 

Шырғалаңның көп түскен әуресіне,

Ақша бұлттар тауының сәлдесі ме?

Қайран ауыл қалтылдап тұр ілініп,

Үмітінің жалғыз тал сәулесіне… –

деп беймаза ой кешіп, түн ұйқысын төрт бөліп, құс төсектің үстінде аунақшып, дөңбекшіп шығады. Егінін баптап, төрт түлік малын бағып, өсіру тек ауылға тән құбылыс. Ендеше, астық жиналмаса, ет өндірілмесе зәулім-зәулім үйлері көк тіреген қала тұрғындары топырақ асап, тас жұта ма?! Сол үшін де байтақ дала, айдын көл, арынды өзен аман болсын деп тебірене жырлаған ақын көңілін құп көресің, құзырына бас иіп, үстіне алғыс жаудырғың келеді. Ақынның:

Шеттен келген шендіні бұла көріп,

Жұрт та жаман үйренген бұға беріп.

Жер сатқанды астына жөнелтсе ғой,

Жер астынан бабалар шыға келіп, – 

деген өлең жолдарын оқығанда сенің де өзегің өртеніп, көкірегің қыж-қыж қайнайды. Бірақ артынан ашу-ызаң сабасына түсіп, білектің күшімен, ақ найзаның ұшымен ата-бабаларымыз қорғап қалған жер қадірін қалай қастерлеп жырлаған деп тіпті айызың қанады. Іле-шала сол шабысынан танбай жер қожасы қаламгер:

Ата жұрттың көзінде күн күлгелі,

Жүргендер көп ел ішін бүлдіргелі.

Ат айналып қазығын тапқандайын

Жер де иесін табады бір күндері, –

деп толғанады. Тәуелсіз елдің болашағына сенеді. Іле көтеріңкі күйге түсіп, қайта қайраттанады. «Сайра да, зарла қызыл тіл, Қара көңілім оянсын. Жыласын, көзден жас ақсын, Омырауым боялсын» деп күңіренетін ұлы Абайдың рухымен суарылған бүгінгі заман ақыны қолында билігі барларды бірауық қамшымен жасқап, қалам-қылышымен кескілейді. Ақынның бұл шамырқанып жазған жырлары ат үстінде жүрген азаматтарды  тұқырту емес, намысын ояту; қорқыту емес, елдікті  есіне салу болатын.  Өйтпесе, отыз шақты жыр кітабын, бірнеше повесть, роман жазып, жұртқа ұсынған арлы да арынды ақын атана ма, тәйірі.

 

Шешендер де мәрт халық екен!

 

Соқталы, салмақты шығармалары талғампаз оқырманның торқа елегінен өтіп, кезінде өз бағасын алғанын бүгінде кім білмейді. Бәлкім, соның жемісі шығар, Қазақстан Жазушылар одағының І.Жансүгіров атындағы сыйлығын қанжығаға байлады. Аты аңызға айналған батыр Бауыржан Момышұлының тоқсан жылдығына орай өткізілген республикалық ақындар мүшәй­расында Бас жүлдеге лайық деп табылды. Тараз қаласының екі мың жылдығына бағыштал­ған Қазақстан ақындарының бәйгесінде жұлдызы жарқырап бірінші жүлдені жеңіп алды. Дауылпаз ақын Қасым Аманжоловтың 100 жылдығына арналған ақындар мүшәйрасында екінші орынды иеленді. Ал оның өміріндегі ең елеулі оқиға – Шешен Республикасының ең жо­ғары Мемлекеттік «Ұлт намысы» орденін омы­рауына қадап, Шешенстан Мемлекеттік сыйлығы­ның лауреты болғандығы. Сонау шет жатқан, сырт елдегі шешен халқына қалқан болып, қазақ­тың қаһарман ақыны қаламын қару етіп, мұсыл­ман еліне ара түсіп, қанды қасаптың қасіретті сұмдығын ашына жырлады. Сосын да намысшыл нар тұлға:

Қазақтың өжет ақыны,

Халықтың нағыз жақыны.

Азамат ермін бүгінде,

Атанған шешен Батыры.

 

Бұрқаған боран ақпанда,

Бұлақтар жылап аққанда.

Ақырып теңдік сұрағам,

Қырылып шешен жатқанда!

 

Тауда өскен қайсар шынармын,

Ажалым жетсе – сынармын.

Егемен Елді қорғайтын,

Егеулі найза шығармын! –

деп жар салады. Әлбетте, бұл әлемдік оқиға! Бүкіл Қазақстан Жазушылар одағының мүшелерінің, қала берді, барша қаламгердің намысын оятар оқшау ерлік! Жалғыз шешен халқы емес, зайырлы мемлекетпіз деп Көк байрақты көтеріп отырған Алаштың алтын қазығы – тәуелсіз Қазақстанның мерейін көтерер төтен ерлік! Бұл дегеніңіз – тау-тасты, көк жапырақты, тал-қарағайды жырға қосу емес, елдік, халықтық қасіретті, мұң-қайғыны бөлісу, мұсылман мемлекеттер арасына алтын көпір салу, қала берді, бүкіл адамзаттың басына түсер қантөгісті қазақтың қара өлеңімен көздің қарашығындай қорғау. Олар да мәрт ХАЛЫҚ екен, қарапайым қазақ жыршысын жалаулатып, еліне шақырып, омырауына орден тағып, Мемлекеттік сыйлық беріп, айдынын аспанға шығарды.

Ауыл-аймақ емес, өңір-өлке емес, қызыл қыр­ғынға ұшырап жатқан жазықсыз Құдайдың пенделерін –  Шешен Республикасын өлең өзегіне айналдырған Рафаэль Ниязбектің ылғи ар-намыс­тан тұратын, ашу-ызадан тұратын, қоғамның қамын ойлап, ҚАҒАНАТ  жұртын – Мемлекет іргесін тілге тиек қылып, түтіні түзу шықсын, шетжұрттықтар жерімізді таптап, тайраңдамасын, еліміз бен жеріміз Тәуелсіз ҚАҒАНАТТЫҢ қолында гүлденсін деген ақындық айбары мен айбынын терең түсіне білгенге не жетсін! Оған қараусыз қалған Ауыл да қымбат, балықсыз қалған көл мен өзен де қымбат, өсіп-өнбей қалған төрт түлік мал да қымбат, ашылып-шашылған ұл-қыздарымыз да қымбат. Қысқасы, Егемен еліміздің игілігіне жарайтын құндылықтардың баршасы да алтындай ардақты, күмістей салмақты!

Солардың қараусыз құлазып қалуы, ар-намысымыздың тапталып қалуы жыр құдіретімен қамшының өріміндей өріледі, өрмектің адырна­сындай тартылады, текеметтің гүліндей құлпы­рады. Мұның бәрі шеберліктің ісі, таланттың күші! Қай  өлеңде болмасын, Рафаэльдік өрнек, Рафаэльдік салмақ, Рафаэльдік қуатты сарын бар. Соның бірін оқиықшы:

Жаралған жанмын өр кеуде,

Жүретін өжет от өріп.

Шығамын жауды көргенде,

Бөрілі Байрақ көтеріп.

 

Кім жатсын аңдып жолымда,

Көзіме ыза тұнғанда.

Сескенем неден

Қолымда

Бөрілі Байрақ тұрғанда!

«Ішігімді сілкісем, өңірімнен өлең төгіледі» деп Жамбыл ақын айтқандай, Рафаэль де жан-дүние­сін жыр кернеп, ақ маржандай ақтарылып жүр­гені. Ол әсте жеке шауып, елден оздым демейді. Оның бір қасиеті: «Алуан-алуан жүйрік бар, әліне қарай шабады»  деген қазақы сөзді ұстанады. Тө­ңіре­гін түгел оқып, өз пікір-пайымын жасырмай айтқанды жаны жақсы көреді. Темірше, Нұрлан, Ұлықбек, Ғалым, Темірхан, Жәркен, Бауыржан, Жүрсін, Несіпбек, Серік және басқа да тасжарған таланттарды көзден таса қылмайды. Бәрін де бауы­рына жақын тартады, құшағына қысқысы келеді. Қайқайғандарына кінә артпайды, шал­қайғандарына сөз шығындамайды. Қазақтың қабырғалы қара өлеңіне үлес қосып жүргендердің бәрі де оған дос, замандас, тағдырлас…

 

Ащы айтса – жаны ашығандығы

 

Әйгілі қаламгер, қара сөздің де, қара өлеңнің де түбін түсіре талдайтын Әбіш Кекілбаев тұ­жы­рымдағандай: «Поэзия болмыстай ересен, бол­мыс­тай тұңғиық. Оны аңғарып, оны жүзеге асыру са­наулы саңлақтардың ғана қанжығасына бұйырған қазына… Талант – қоғамдық қазына, аса сирек кез­­десетін асыл мүмкіндік». Ал сол мүмкін­дікті мо­лы­нан пайдалана білген санаулы саңлақ­тардың бірі әрі бірегейі Рафаэль Ниязбек десек, оған оның, әсіресе, Мемлекеттік сыйлыққа ұсыны­лып отырған «Қағанат» кітабы куә. Отыздан астам кітаптары­ның жөні бір бөлек болса, мына «Қаға­нат» тың дүниелердің, тым күрделілердің құйылы­сы секілді көрінеді. Мұндағы шоқтығы биік туын­дыларды маңдайдан басып, шіркін-ай, басқа тіл­дерге ау­дар­са, алтын қорға қосылған асыл қазына болар еді. Бірақ оған дәрмен қайсы?! Алайда, ақын­ның әбден піскен, кемеліне келген, дәні то­лыс­қан дүниелері бүгінгі поэзия өрісін, өлең әле­мін ажарлы ашып, айқын көрсетіп тұрғаны айқын. Барды жоғалтып алмайық, қолда барды қожырат­пайық деген перзенттік ақ ниетін өткір-өткір ой арқылы алға тартатын авторға кім-кім де өкпе арт­пауы керек. «Сын түзелмей – мін түзелмей­тінін» жіті аңғарған ақынның  айтары, сайып келгенде, Егемен Еліміздің болашақ, келе­шек қамы. «Түйе баласын қарпып сү­йеді» демей ме, қазақ атамыз. Ол ұлы Абайша шыж­­­ғырып, ащы айтса да,  оқушы қауымды отан­шыл­­­дыққа, ұлтшылдыққа үндеп, рухтандырып отырады.

Көсегесі көктемде көгергелі,

Өрге жүзген қазақтың өнерлі елі.

Бір Алатау кеудемде түрегелген

Менің асқақ рухымды көтергелі.

 

Сезімімді қайтейін іркіп кейін,

Туған елден жасырып сыр бүкпейін:

Кейде өзімді сезінем

Алатауды

Айналып ұшып жүрген бүркіттейін!

Әлбетте, бәрекелде дейсің! Елбасы мәдени ор­та­лық деп мәртебесін жоғары бағалап, туған хал­қына аманаттап табыстаған, небір тарихи оқи­ға­лардың алтын бесігі, Алты Алаштың асылдары ұрпақ жайған жасыл қала – Алматы шіркін қазақ барда көсегесі көгере бермек, көрпесі ұзара бер­мек! Ақын соны айтып, Қазақстанның картасында үлкен орны бар аяулы Алматының қадір-қасиетін ел құлағына әдемі салады. Сосын барып былайша үстемелей түседі:

Көңілімнің көзіне нұр тұнғанда,

Ұран салмай тұрам ба ұлтым барда!

Астанада бұтағым гүл жарады,

Алматыда тамырым бұлқынғанда…

Тұла  бойында қазақтық қаны ойнаған Рафаэль ақын егемендік мінберінен бөлекше шабыт шақы­рады. Шамшылдықты қойып, жер-жаһанға даңқы кең жайылған егеменді ел – Қазақстанды алда күтіп тұрған игі шарапатқа шаш-етектен батқанын тілейді. Бойдағы барын, асыл сөздің нарын төгіп, жұлдызды жырлар шоғырын жамыратады. Өзге­ше әуен, бөлекше шаттық екпін алады:

Ізгілікті көп көрген ізетті елде,

Қаңтарылып тұра ма кісі өткелде.

Отанымның кім бұзсын тыныштығын

Менің сардар жүрегім күзеткенде! –

деген көтеріңкі леп, айшықты айбар тіл ұшына оралады. Ілкідегі «көздің нұры тайғаны», «әкенің соғыс құрбаны болғаны», «Аралдың тұзды шаңға ай­налғаны», «сыбағадан талай құр қалғаны», «Жам­­­былдың жолбарысы жетпей тұрғаны», «же­тімдіктен жаутаңдағаны», «мылтықтың аузында жүргені», «ракета сынығының у шашқаны», «жат­жұрттықтың жайлағаны», қысқасы, әрқайсысы бір қаралық қарақордалы қорғасындай ауыр ай­бар­лы жырлар сарыны ет қыздырар, жүрек лүпіл­детер, жан жылытар Егемендік деген тақырыппен тұтасып, тұлғаланып кетеді. Яғни:

Мынау арсыз тірлікте құрамалы,

Тұрған тамға ұқсаймын құлағалы.

Мен де анадан туғанмын,

Үкі таққан

Үкіметтен сыбаға сұрағалы! –

деп өкпе-наз айтуы да қандай жарасымды. Бұнда қырандай қалықтау бар, шалдықпай шарықтау бар. Бәрі де бәсі жоғары жоталы жырлар. «Жа­рал­­ған асыл тегінен, Қырағы көзбін шынында. Елім­нің қорған – шебінен, Өте алмас ұшып шыбын да!» деген сайын елдік жыр, егемендік сыр қоздана түседі.

Қамшы ұстаған қолына бүлдіргелі,

Іргелі елдің бірімін бұл күндері.

Елін жаңа белеске бастаса егер,

Елбасының бар шығар бір білгені, –

деген ақын жүрегінің лүпілі патриоттық, ұлттық  ұраны екеніне имандай сендіреді.

Ұлы Абай жаққан сәуленің нұры қай ақынның жүрегіне түспеді. Ол сәуленің бір ұшқыны Ра­фаэльдің кеудесінде де жанып тұрған шығар, кім біледі?! Ендеше, айбоз ақынның «Қағанат» кітабы Мемлекеттік мәртебеге әбден лайық жыр жиһазы, нағыз қазақы өлең-өнер қазынасы!

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *