АБАЙ ТАҒЫЛЫМДАРЫН ТАЛҚЫЛАДЫ

К.Байсейітова атындағы дарынды балаларға арналған арнаулы орта мектеп-интернат ұжымы Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласын талқылап, арнайы дөңгелек үстел өткізді. Алғашқы сөз кезегін мектеп басшысы Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Оқан Абдуллаев алды. 

Рая ЕСКЕНДІР

– Біздің өткізіп отырған іс-шарамыз ұлы Абайдың 175 жылды­ғына арналып отыр. Жақында ғана ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев­тың «Абай және ХХІ ғасырдағы Қа­зақстан» атты өте маңызды мақаласы жарық көрген еді. Өз басым бір сәтте оқып шықтым. Үлкен ой түйдім. Қазір мерзімді бұқаралық ақпарат беттерінде осы мақалаға қатысты құнды пікірлер айтылып жатыр. Біз музыка мектебі болғанымен Абай баршамызға ортақ. Ұлтының мұңы мен мұратын жырлап кеткен ұлы ақын қазақ үшін өте маңызды. Біздің ұжым да осы мақаланы қызу талқылап, қолдау білдіріп жатыр. Білім саласында еңбек етіп келе жатқан барша педагогтар үшін Абайдың өлеңі, қара сөздері тәрбие құралы іспетті. Біз өте дарынды ұлтпыз. Төрінде домбыра ілулі тұрады. Мен қазақтан басқа аспабын төрге іліп қоятын ұлтты білмеймін. Әрбір екінші қазақ әу деп ән салады. Осыдан 175 жыл бұрын Абай қазақ­тың болашағын көріп, дәлелдеп кетсе, оған өзіміз де куә болып отырмыз.

Абайдың мұрасын сақтап, оны ұрпақтан-ұрпаққа жеткізу – біздің басты мақсатымыз. Біздің мектептің халық аспаптар оркестрі ұлы Абай­дың шығарған күйлерін орындап жүр. Бәлкім, Абай шығарған күйлер өте көп болған шығар. Бізге жеткен күй­лерін бар ықыласымызбен орындай­мыз. Өте кәсіби деңгейдегі шығарма­лар. Соған қарағанда Абай қара сөздің ғана емес, музыканың да биік шыңы. Ұлы адам қай жағынан да ұлы болады. Абайдың «Айттым сәлем, Қаламқасын» талай өнер шеберлері орындады. Әлі де орындап жүр. Шет ел сахналарында Абай әні шырқалса, тыңдаушылар ұзақ қол соғып, қошемет көрсетумен болады. Ұлы Абай біздің мақтанышымыз. Оның атын терең таныта беруіміз керек. Өткен жылдың желтоқсанында біз өте үлкен, бір жарым сағаттық концерт қойған едік. Абайдың өлеңдері, қара сөздері оқылды. Абай шығарған әндер шырқалып, күйлер орындалды.

Балаларымыз өнер бәсекесінде ғана емес, республикалық «Абай оқуларына» да тұрақты қатысып, жүлдемен оралып жатады. Мектебі­міздегі дәріс қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде жүрсе де, Абай өлеңдері барлық тілдерде оқылады. Көп тіл демекші, осы мақалада Абайдың көп тіл білгені туралы да айта келе, бүгінгі ұрпаққа шет тілдер үйрену керектігі баса айтылады. Сондықтан ұлы Абайдың тойын тойлауда Абайдың мұрасы жан-жақты жаңғырады деп ойлаймын. Осы жиынымызға арнайы шақырылған танымал қонақтардың пікірін тыңдасақ дей келе, сөз кезегін атақты ақын, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Иран-Ғайыпқа берді.

– Осыдан 36 жыл бұрын, яғни 1986 жылы не болғанын білесіздер ғой. Алаңда жастарымыз таяққа жығылып, итке таланып, сойылмен соғылып жатқанда біз де сол жерде болдық. Көзімізбен көрдік. Ол кезде мен «Қазақ әдебиетінде» қызметте едім. Бас редакторымыз Шерхан Мұртаза бастап барлық ұжым сонда бардық. Сол алаңда тұрғанымызда, маған тура Абайды ұрып жатқандай болды. Сол желтоқсанның 16-сы күні болған оқиғадан соң мен жаңа жылға дейін «Мен ішпеген у бар ма?» деген Абай туралы пьеса жазған едім.

«Абай тегін айтпаған екен-ау. Бұл таяқ Абайдан бері келе жатқан екен-ау» деген ой келді. Содан сол таяқ менің де басыма сарт етіп тиді. Мені түсін­гендер де болды. Мұхтар Әуезов­тен кейін Абайды жазуға қандай құқығың бар. Ондай құқықты кім саған берді? Ол Әуезовтің тақырыбы дегендер де болды. Талай мәрте жиналыстардан шығып кеткен де кездерім болды. Біздің Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев үлкен мақала жазып, халқының қамын ойлап жатқаны үшін алғысымды айтамын. Біз Абай айтып кеткен «Толық адам­ды» тек қана жазушылардың арасы­нан іздесек, қателесеміз. Біздің «Толық адамымыз» сіздердің арала­ры­ңызда, сосын сіздер тәрбиелеген талай-талай шәкірттеріңіз дер едім. Абайдың әруағы жар болсын деген ақын «Абай туралы» деп өзінің екі өлеңін оқыды.

«Құнанбайдың монологын» оқы­ды. Келесі кезекте мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Зәмза­гүл Құдайбергенқызы: «Еліміздің Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев­тың «Егемен Қазақстан» газетінде жарық көрген «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақала­сын зор ықыласпен оқып шықтым. Аталмыш мақалада Президент ең өзекті ойларды атап көрсеткен екен. Біз Абайымызбен қалай мақтансақ та жарасады. Абай мың жылда бір-ақ рет туатын ұлы тұлға. Абай – халқы­мыздың дара тұлғасы, әрбір сөзі даналықтың үлгісіндей болған ұлы ақын, ойшыл, философ, аудармашы, композитор. Ол өзінің құдіретті талантымен, көреген ойшылдығымен қазақтың жазба әдебиетінің іргесін қалаған еді. Сонымен қатар, өзіне ғана тән қаламының қуатымен бүкіл қазақ қоғамын тәрбиелеген еді. Осы мақаладағы ілгерлеудің негізі білім мен ғылымда деп өте керемет көрсеткен.

ХХІ ғасырдағы ғылымның мақсаты алысқа құлаш сермеп, биікті бағындыру екенін көріп отырмыз. Ол үшін білім беру жүйесін заманға сай дамытуымыз керек. Оны жетілдірудің жолдарын жан-жақты зерделей келе, Ұстаз мәртебесін айшықтап алу екендігін де баса көрсеткен еді. Интел­лектуалды ұлт қалыптасты­рудың да Абайдан бастау алатынын жақсы білеміз. Өйткені, ұлы ойшыл әрбір сөзімен ұлттың өресін өсіруді көздеген еді. Сондықтан Абайды терең тануға баса мән бергеніміз жөн. Абайды тану – адамның өзін-өзі тануы. Ал өзін-өзі тану арқылы дамып отыруы, ол білімге, ғылымға басымдық беруі – кемел­діктің үлгісі. Егемен ел болған соң, өсіп-өркендеу мемлекеті­мізді нығай­туымыз керек. Ол үшін халықтың үніне құлақ салып, санасу қажет екендігі мақалада баса көрсе­тілген.

Толық адам болу үшін – адал, еңбекқор, іскер, ізгілікті, иманды, мейірімді болуы керек екендігіне жан-жақты тоқталып өтеді. Ұлы Абайдың «Толық адам» тұжырымын зерделеп, біздің ұрпақтарымызға айтып отыр­мыз. Мұны тәрбиенің негізгі көзіне айналдыруымыз керек», – деген ұстаз сөзін танымал жас ақын, Халық­ара­лық «Шабыт» фестивалінің Гран-при иегері Батырхан Сәрсенхан жалғас­тырды. Жас ақын ұлы Абайдың «Есіңде бар ма, жас күнің» атты өлеңін оқып берді. Осыдан соң белгілі дәстүрлі әнші Ержан Қосбармақов, танымал журналист Ришат Асқарбек­ұлы сөз кезегін алып, ХІХ ғасырдың екінші жартысында өмір сүрген қазақ данагөйінің және оның мұраларының бүгінгі тәуелсіз Қазақстан үшін аса маңызды екендігі туралы айтқан тұшымды пікірлерін көпшілік ыстық ықыласпен мақұлдады. Жиын соңын­да музыка мектебінің ұлт-аспаптар оркестрі орындаған Абай шығарма­ларын тамашалады.

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *