АБАЙ ТАҒЫЛЫМДАРЫН БІРІНШІ ОРЫНҒА ҚОЮ КЕРЕК

Cәбит ОРАЗБАЕВ,
Қазақстанның халық әртісі,
Мемлекеттік сыйлықтың
лауреаты.

Әлемнің өркениетті елдері шоқтығы биік тарихи тұлғаларымен: саясаткерлерімен, мемлекет және қоғам қайраткерлерімен, қолбасшыларымен, ақын-жазушылары, мәдениет қайраткерлерімен мақтанады. Бұл заңды құбылыс.
Осындай тарихи тамаша тұлғалар біздің халқымызда аз ба? Әрине, жеткілікті. «Қазақ жұрты да біртуар перзенттерден кенде емес. Солардың ішінде Абайдың орны ерекше. Бірақ біз ұлы ойшылымызды жаһан жұртына лайықты деңгейде таныта алмай келеміз», –деді Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Egemen Qazaqstan» газетінің жуырдағы санында жарық көрген «Абай және XXI ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласында.
Президент мақаласында қазақ ұлтын, руханияты мен мәдениетін әлемге Абай арқылы таныту керектігін, Хакім Абайдың әлемдік мәдениеттің тұлғасы болуға әбден лайық екенін ерекше атап жазды.
«Мен көп жылғы дипломатиялық қызметімде басқа елдердің саясаткерлерімен, түрлі сала мамандарымен жиі кездестім. Шетелдіктермен адамзатқа ортақ көптеген түйткілді мәселе туралы пікір алмасып, ой бөлістім. Жалпы, олар Қазақстанның саяси және экономикалық жетістіктері жөнінде жақсы біледі. Ал рухани және мәдени құндылықтарымызбен жете таныс емес. Осы орайда «Неге қазақтың бітім-болмысын, мәдениетін Абай арқылы танытпаймыз?», деген сұрақ туындайды. Ғұлама Абай – қазақ топырағынан шыққан әлемдік деңгейдегі кемеңгер. Ол күллі адамзат баласына ақыл-ойдың жемісін сыйлады» делінген мақалада.

«Абай айрықша дәріптеген игілікті істің бірі – тіл үйрену. Ақын жиырма бесінші қара сөзінде өзге тілдің адамға не беретініне тоқталып: «Әрбіреудің тілін, өнерін білген кісі оныменен бірдейлік дағуасына кіреді, аса арсыздана жалынбайды», – дейді. Демек, өзімізден озық тұрған жұртпен деңгейлес болу үшін де оның тілін меңгерудің маңызы зор» делінген Президент мақаласында.
Бір ғасыр бұрын халқымызға жөн сілтеген Абайдай тұлғаның тағылымы бүгінгі күнде де маңызын жоймады. Білім мен ғылымға шақырған оның өлеңдері мен қара сөздерінде ұлт болмысы айқын көрініс табады. Осы орайда Мемлекет басшысы «Абай және XXI ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласында Абай мұрасының елімізге тигізер пайдасы зор екенін айтты.
Қасым-Жомарт Тоқаев мақалада Абайдың көп тіл білгенін айта келе, бүгінгі ұрпаққа шет тілдерді үйрену керектігін сөзіне арқау етекен. Дамыған елдердің тілі мен мәдениетін білу үшін, оның қыр-сырын ұғыну үшін ең әуелі оның тілін меңгеру керек. Алдағы уақытта Абайдың қара сөздері мен шығармалары он шақты тілге тәржімаланатыны ерекше қуантты. Бұл арқылы өзге мемлекеттер де Абай мұрасымен таныса алады. Шетелдіктер бізді Абайдың елі деп танып жатса нұр үстіне нұр болар еді. Сондықтан Абайдың тағылымдарын бірінші орынға қою керек.
Сондай-ақ мақалада Абай шығармалары арқылы сананы жаңғырту керектігі жазылған. Абайды тереңдеп білу әсіресе жастар үшін қажет екенін баса айтқан. Президент мақаласында бірқатар мемлекеттегі Қазақстан елшіліктері жанынан «Абай орталықтарын» құру жоспарланып отырғанын жазды. Бұл да қуанарлық мәселе. Данышпан ақынды дәріптеудің бір сенімді жолы.
«Атады таң, батады күн, толады ай,
Күмбірлейді күнде саба толағай.
Бірде барды, бірде жоқты армандап,
Пенде шіркін болды неге қомағай?
Нәпсі сол ғой ныспың адам болған соң,
Өмір талқы, өмір тартыс додадай.
«Өмір – өшпек, өлең – қалмақ» дейді дос,
Қөңілді аулап айтқан сөз ғой о да жәй.
Білем талай даналардың данасын,
Олар тау да, мен кішімін обадай.
Алтынсын деп мақтағандар тірімде,
Көзім жұмсам көрмес мені қоладай.
… Адамзатқа соның бәрін ұқтырған,
Аруағыңнан айналайын, о, Абай!»
Сөзімді қазақтың тағы бір тамаша ақыны, Қазақстанның халық жазушысы Қуан аға Шаңғытбаевтың осы ғажайып өлеңімен аяқтағалы отырмын. Абайды сүйген, таныған, поэзиясын құрметтеген бір адам Қуан ағадай болсын! Сонда хакім Абайдың, ақын Абайдың саф алтындай ойлы жырлары санамызда, хадистей қара сөздері жадымызда болары сөзсіз. Біздің Президентіміздің де айтып отырғаны осыған саяды…

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *