Абай шыққан биікке талпыну – парыз!

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Абай және XXІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласында: «Абайды тану – адамның өзін-өзі тануы. Адамның өзін-өзі тануы және үнемі дамып отыруы, ғылымға, білімге басымдық беруі – кемелдіктің көрінісі. Интеллектуалды ұлт дегеніміз де – осы. Осыған орай, Абай сөзі ұрпақтың бағыт алатын темірқазығына айналуы қажет» деп орынды айтылған.

Абай өсиеттеріне адалдық біздің қай ісімізді болсын өрге бастырады. Егерде біз ұлы ұстазымыз айтқандай, «талаптың мініп тұлпарын» тас қияға өрлегіміз келсе, «Ондай болмақ қайда?» деп, өзгенің өнегесінен қашпай, ғылымды сүйсек, «басқа­лармен қатар тұруға» үйренсек, «Өсек, өтірік, мақтаншақ, еріншек, бекер мал шашпақ» секілді «бес дұшпаннан» қашық боп, «Талап, еңбек, терең ой, қанағат, рақымдай» «бес асыл іске» асық бола алсақ, өзгені көп жазғырудың орнына өзімізді-өзіміз жазғырып, өзгеге шамданудың орнына өзімізді-өзіміз шыңдай білсек, әрқайсымыздың күнкөрісіміз де, еліміздің эконо­микасы да түзелері анық.

Жер жүзі мәдениетінің асыл қазыналарын өз жұртына ашу арқылы Абай қазақ елін дүниеге зер сала қарауға үйретті. Данышпандықпен айтылған, әрі жүректің  түкпірінен жарып шыққан ащы да асыл сөз халқымыздың аумалы-төкпелі тар кезеңдерде замана көшінен кейіндеп қалмай, күллі адамзат қауымымен бірге өсуіне ықпалын тигізді. Бүгінгі заманға ол осындай асыл үлгісімен жетті, келешекте де солай болады. Абай тұлғасы Уақыт пен Кеңістік әлемінде ешқашанда ескіріп, төмен­демек емес!

Абай адамдар мен халықтар арасындағы татулықты дәріптеді. Тек татулық бар жерде ғана әділет болады, ал әділдік үстем болған кезде адал да білікті, білімді де жаңашыл жандар көбейіп, ізгілік пен іскерлік алға шығады. Сондықтан да ақын өз халқын өнер-білімді үйренуге, адал еңбек пен ыждағатты іс жасауға шақырды.

Қазақ елі барда Абай есімі асқақтай береді. Оның асыл сөздерін рухани байлығымыз ретінде жоғары ұстасақ, туған еліміздің әлем алдындағы абыройы арта берері сөзсіз.

Ең алдымен, Абайды ұлтымыздың мәдени капиталы ретінде насихат­тауымыз керек. Өркениетті елдер қазақтың болмыс-бітімін, мәдениеті мен әдебиетін, рухани өресін әлемдік деңгейдегі біртуар перзенттерінің дәрежесімен, танымалдығымен бағалайтынын ұмытпайық. Сондықтан Абайды жаңа Қазақстанның бренді ретінде әлем жұртшылығына кеңінен таныстыру қажет. Бұл – бүгінгі ұрпақтың қастерлі борышы» делінген.

Орыс қауымы А.С.Пушкинді кемеңгер ұлы ақын еткен Михай­ловское селосы, Л.Н.Толстойды ғажап ойшылдыққа жеткізген атамекен – Ясная Поляна деревнясы, ал дүние жүзінің зиялы әлеуметі Иоганн Гете үшін немістің Веймар қалашығы, ағылшын жұртының жыр дүлдүлі Джордж Байронға – Лондон емес, Еуропа төріндегі Женева мен Италияның Пизе қалалары шабытын ерен тасытқан құтты қоныс болғанын баяғыда мойындаған. Осы тұрғыдан келгенде Жидебай да қазақтың Абайын кемеңгер етіп, дүние жүзі ұлыларының санатына жеткізген, оның өлмес есімін жер жаһанға таратқан ең асыл һәм ұлы шығармаларын туғызған, олай болса адамзат қауымы үшін де қасиетті ауыл атануға толық қақысы бар ерекше мекен екені сөзсіз.

Қазақ әдебиетінің даңқты классигі Әбіш Кекілбайұлы: «Абайды түсінетін кез енді келді. Абайды ұлықтайтын заман енді туды. Зады, Абайды туған халықпыз деп масаттанған әбден дұрыс қой. Алайда, Абайды ұққан, Абайға құлақ асқан ұлтпыз деп мақтана алсақ, қандай ғанибет болар еді…» деген еді. Осы орайда, Қазақ ұлттық Қыздар педагогикалық университетінде «Абайтану» курсы енгізілді. Бүгінде оқу орнының студенттеріне абайтанудың бас­таулары, ақынның өмірі мен шығармашылық жолы кеңінен оқытылуда. Бұған дейін Қыздар университетінің Қазақ филологиясы және әлем тілдері факультетінің білімгерлеріне Зәки Ахметов, Тұрсынбек Кәкішев, Мекемтас Мырзахметұлы сынды ғалымдар «Абайтану» курсын жүргізген болатын. Ал өткен оқу жылынан бастап бұл пән  университеттің барлық факультеттерінде оқытыла бастады. Болашақ педагогтар курс барысында абайтану мәселелерінің даму бағыттарымен, оның ақындық мектебімен және хакімнің «Толық адам» философиясымен танысады. Айта кететін мәселе, Қыздар университетінің профессоры, филология ғылымының докторы Руда Зайкенованың «Абайтану» атты оқулығы да жарық көрді. Кітапта ақынның шығыс, батыс және орыс әдебиеттерімен байланысы, ғұлама ойшылдың ғылым, білім, өнер, ел билеу, тарих, махаббат, діни таным тақырыбында және сыншылдық көзқараста жазылған философиялық қара сөздерінің, өлеңдерінің, поэмаларының, аудармаларының мән-мағынасы мен маңызы кеңінен түсіндірілген. Иә, Абайымызды әуелі өзіміз танысақ, оның мол мұраларын көкірегімізге тұмар қылып сақтасақ.

Сөз соңында айтарымыз, Қазақ­стан Республикасының мемлекет және қоғам қайраткері Иманғали Нұр­ғалиұлы Тасмағамбетовтың «Абай – біздің ұлттық мәдениетіміздің ұлы шыңы ғана емес, ол біздің ар-намысымызға, өмірлік өлшемімізге, ұлттық идеологиямызға айналған рухани абызымыз. Пікіріміздің пірі, рухымыздың туы. Әрбір қазаққа шама-шарқынша Абайды тану – мұрат, Абай шыққан биікке талпыну – парыз!..» деген ойы ұлы Абайдың рухына тағзым етумен бірге, оның өсиетін орындауға қосылған зор үлес.

Мақалада: «Ғұлама Абай – қазақ топырағынан шыққан әлемдік деңгейдегі кемеңгер. Ол күллі адамзат баласына ақыл-ойдың жемісін сыйлады» деп өте орынды айтылған. Бүгінгі күннің тұрғысынан қарағанда, Абай қазақ халқының ғана ақыны емес, әлдеқайда кең ауқымда қабылданады. Ол – көркем ойдың әлемдік тұрғыдағы құдіреті! Күн сәулелі Қазақстанның атақ-абыройы Абай сынды ұлылардың жарқын бейнесімен нұрлана берсін!

 

Айгүл СӘТБЕКОВА,

педагогика ғылымының докторы, профессор.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *