АБАЙ СӨЗІНІҢ СӘУЛЕСІ

Болат ЖҮНІСБЕКОВ,

Абайдың «Жидебай-Бөрілі»   

Мемлекеттік қорық-музейінің директоры

 

  1. ЛЕГЕН/ДІ

Соңғы аптада Төкен Ибрагимұлы Абай мен Шәкәрімге қатысты естеліктерді тағы бір қайтара қарап шықты. Ғылыми-зерттеушілік мақалалар да назарынан тыс қалмады. Ел аузындағы ұлылар айтыпты деген ұлағатты сөздерді де зердесінен қайта өткізді.

Бәрібір болмады.

Нығыз тапсырманың желге ұшатын түрі бар. Абай төңірегіндегі аңыз жалынансипатпай-ақ қойды. Санасынан бір сәуле жарқ еткендей болады да, іле-шала көзден де, ойдан да бұл-бұл ұшады.

Жоқ, әйтеуір.

Әуелден-ақ пәлендей үміті болмаған. Өйткені, елу жыл бойы ақтарғаны Абай мен Шәкәрім қазынасы болса, аңыздың көкесін өзінен артық кім білмек. Өйткен күнде, жаңағы жарты ғасырдың сыбағасының арзан болғаны да.

Төкең өзіне сенімді-ақ еді.

Ләкин, осы бір «легендісі» ойын шырмап, қиялын тұсау­лай берді. Легенді… «аңыз» дегендері ғой, баяғы. Әкімдікке Абай мен Шәкәрімге қатысты жұрт қызығарлық «легенді» керек көрінеді. Егер сондай ақиқатқа бергісіз аңыз табылса, Абай мұрасына қызығушылық артады. Ұлылар еліне жұрт нөпірі бұрынғыдан да мол ақтарылады-мыс.

Түсінеді.

Абай мен Шәкәрімді, әсіресе шет елге таныстыруда ойластыратын жайлар баршылық. Оны былай қойғанда, алаш баласының өзі ұлылар мұрасына енді ғана бет бұра бастағандай.

Қиын-ақ.

Кей-кейде, тіпті өзін Абай шаңырағының шырақ­шысы емес, ұлы ақынға қатысты барлық шаруаға жауапты жандай сезінеді. Бұл, әрине рухани ерекше хәл. Бірақ аса ауыр жүк. Ұлы ақын мұрасына бас-көз болу үшін өзі басқарып отырған музейдің мүмкіндігі тым шектеулі. Кадрлардың біліктілігі, қаржы  жетімсіздігі…  әлі де болса қасаң ойлаудың өкшелеп қалмай отырғаны.

Хакім Абай.

Ұлы ақынға қатысты аты аталған шаруаның бәріне атсалысамын деу бекер әурешілік. Тіпті, сырттай жанашыр болуының өзі жүрекке салмақ түсіретін кездер аз емес.

Жүрек.

Зейнет жасына баяғыда толған жанға тірліктің от пен суының «сыбағасы» да жеткілікті. Бас ауырып, балтыр сыздайтын кездері көп. Жұмыс уақытында келімді-кетімді музей достарының әңгімесі де қолбай­лау болады. Бірақ, тап осы «легендіден» тосыламын деп Төкең ойламаса керек. «Оймен оңаша» қалып, ән мен күй толқынында Абай елінің әңгімесін жыр етіп төгілтеді.

Иә, «Жер әңгімеші»– деп толғанар еді ол.

Абай мұрасы шырақшысының аталған кітапта­рының бәрі де талай жылғы ой-толғаныстарының жемісі. Бірақ, «легенді» бәрібір ұшты-күйлі табыл­маған.

Бүгін жұмыстан кейін жары Нүрилә апайдың шәйін әбден қана ішіп алған соң, тағы да үстел басына отырған. Енді қайтсе де, сол өзі бар болса, «легендіні» аң қаққандай, індетіп алуға бекінді.

Телефон шырылдады. Абай ауданының әкімі екен. Оның айтқанынан ұққаны, Астанадан үлкен қонақтар келеді. Солар «Қоңыр әулиеге» барып, суға түсіп, сырқаттарына шипа тілемек  көрінеді. «Е, оның бұған не қатысы бар?»

Бар көрінеді.

Қасиеті жердің суы шипа болуы үшін Абай үйін­дегі жез леген мен жез құман керек көрінеді. Ұлы ақын­ды сол екі ыдысқа құйған сумен қырқынан шығарғаны мәлім.

…!?

Тілі байланып қалғандай. Сөйлесе, сыбағаларын молынан берер еді. Өзін-өзі аяды. Апырмай, Абай заманындағы надандық бұлты қаншалықты бесбатпан еді. Бір жарым ғасыр өтсе де, соңдарынан қалар емес.

Оларға не шара?!

Ашуы тез қайтты. «Легендінің» табылған жерін қарашы… Леген… жез леген мен жез құман. Әрине, киелі адамға қатысты киелі дүниелер. Солай екен деп, қасиетті ыдыстармен су құйыну күнә емес пе?! Шын­дығында, бір Жидебай ғана емес, Абай шығарма­шылығының куәсіндей барша Семей өңірінде хакімнің табанының ізі қалған, алақанының табы бар киелі жерлер көп.

Бұдан артық не керек!?

Алайда, оларға ділгір бір немесе бірнеше аңыз екен. Легенді… Төкен Ибрагимұлының бір сәт санасы сәулеленіп қоя берген. Ол тек сонда ғана барып өзінің қателескенін ұқты. Босқа кеткен уақыты үшін ұялды, өзіне-өзі өкпелі. Абайға легенді іздеу деген не?! Ол бұлқан-талқан болды. Мұндайда үйде мұңын шағатыны тағы сол жан жары.

– Нүрилә, бір минөтке келіп кетші…

Сосын өмірлік серігінің келгенін де күтпестен оңашада легенді қуғандардың аяқтарын бір етікке тығады:

– Әй, сендер өзі не деген жансыңдар?.. Бәсе, бұлар­ды бастық қой, бір білгендері бар шығар деп, құлақ қойсаң осы. Шықпағанды шығарып, Абайға аңыз іздеп не керек. Ол – ақиқаттың өзі емес пе?! Алланың  қараңғылық қапасындағы адам баласының көзін ашып, көкірегін оятсын деген ақиқаты ғой. Анау әлгі бағзы замандардан жеткен аңыз қаншама, соларды түгендеп алсаңдар, аз емес. Ал Абайға легенді іздету деген не?..

Бұл кезде Нүрилә апай да әңгімеге араласады. Ақсақалының неге тулап отырғанын да біледі:

– Қазіргі  жастар қайдан білсін, одан да соны айтып көздерін ашпайсың ба?

Ләкин, оған тоқтай қоятын Төкең бе:

– Соларға сөз шығындап, бәрібір ақпақұлақтар түсінбейді.

– Енді өзіңді-өзің тергегеннен не түседі. Одан да жүр, шәй ішейік.

– Легендісі құрысын, — дейді ашулы Төкен аға, –өздерінің Абай атамның легенінде несі бар? Ақын үйіне шын көңілден барып, рухына тағзым етсе, одан артық не керек. Ол жерде айтылған сөз бен тілек Алла­ның құлағына тезірек жетеді. Ертең, барша жұрт Абай үйінің жез легені мен құманын іздесе не шара?!

– Қазір ақшаның заманы емес пе, пайдасын көресіңдер, – дейді апай.

Төкең жарына жатырқай қарады. Қаттырақ айтқанға жаңағы қою шәй ғана кедергі болғандай:

– Айтып тұрмын ғой, Абай үйіне барып, тағзым жасаудың өзі жетіп жатыр. Ол жерде тілегің Жаратушының құлағына тезірек шалынады. Түу, енді соларды тыңдасам…

– Е, қойшы, сен кімді тыңдап едің, қартаяйын дегенің де, шынында да легендісі не? Абай атамның өзі легенді…

Соңғы сөз Төкеңнің ойын дөп басқандай:

– Қайдағы легенді, өздері ғой жез легенді тауып алып жүрген. Абай кез-келген легендіден артық Ақиқат, міне, қазаққа осыны ұққызу керек.

– Төке, оның рас, Абайдан өткен Ақиқат болар ма, ал енді шәйің суып қалады.

Пікірлес серік пен сүт қосқан күрең шәйден маңдайы жіпсіп, бойы жеңілейіп сала берген.

Ерлі-зайыпты екеуі енді ашық қабақпен жадырай шүйіркелеседі.

Абай… шынында да Абай ақиқат нұры, оның бір ғана сәулесін сезіне алсаң, кеудеңде шамшырақ орнағандай. Тұңғиық… ол тереңге шындап сүңгісең, кері бұрылу қаперіңе де кірмейді.

Шың…

Көз түгілі көңіл жетпес асқар. Талпынасың, бәрі­бір жету қиын, хакім өзі айтпақшы …оның етегінде тұрып-ақ биіктен ескен самалға желпінесің.

Бұл енді ерекше хәл.

Рахат.

(Басы өткен санда. Жалғасы бар).

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *