Абай мен Мұхтарды французша сөйлетіп еді…

Жан-жақты білімдар, дарынды сөз зергері, марқұм Ғалымжан Мұқанов жеке басының бақыты үшін өмір сүрмеді. Адамгершіліктің ұлы заңын  түсініп өмір сүрді

Ермек  ЖҰМАХМЕТҰЛЫ

 

«Жақсы  адам  жанып тұрған шаммен тең»  депті даналарымыз. Шын мәнінде жақсы адам шам сияқты айналасына жарық түсіріп, бір қауым елге сәуле шаша жарқырап тұрады. Сондай жайсаң азаматтың бірі – Ғалымжан Мұқанов еді. Ол өзі өмірден ерте өтсе де, соңына өшпестей рухани мол мұра қалдырды. Өмірдің әр түрлі ағыстары адамды шыңдап, алға жетелей  түсетіні бар. Жаратушы біреуді еңіске, біреуді тегіске салып сынайды. Ол осы  сын сәттен кеудесіне адамдық сезім, санасына сәуле қалыптастырып, абырой биігіне көтерілу арқылы елдің  ыстық ықыласына  бөленіп өтті.

Ақын, талантты аудармашы, Қазақ­стан Жазушылар одағының мүшесі, Қазақстан Журналистер одағы сыйлы­ғының лауреаты Ғалымжан Мұқанов­тың 65 жылдық мерейтойына орай әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық уни­верситеті Журналистика факультетінің баспагерлік-редакторлық және ди­зайнер­лік өнер, сондай-ақ,  Филоло­гия және әлем тілдері факуль­тетінің шет ел филологиясы және аударма ісі кафедраларының ұйымдас­тыруымен Сағат Әшімбаев атындағы аудиторияда «Тәржіма тарланы» атты конференция болып өтті. Басқосуға  белгілі ғалымдар, аударма­шылар, жас зерттеушілер мен бұқаралық ақпарат  құралдарының өкілдері қатысты.

Басқосуды Журналистика факуль­тетінің  деканы, профессор Сағатбек Ме­деубеков  жүргізіп отырды. Ғалым­жан  Мұқа­новпен бірге  қызметтес болған ғалым-жазушылар, филология ғылымының докторлары, профессорлар А.Ісмақова, Н.Ақышев, К.Қамзин, жазушы-журна­листер Ш.Құрақбай,  М.Қазыбек, М.Бек­мұратов, т.б. шығып сөйлеп, естеліктер  айтты.

«Әр адам, ерте ме, кеш пе, өзі үшін мынау  менің өмірім деген тарихты ойлап табады» депті Макс Фриш. Жан-жақты білімдар, дарынды сөз зергері Ғалымжан Мұқанов жеке басының  бақыты үшін өмір сүрмеді. Адамгер­шіліктің ұлы заңын  түсініп өмір сүрді. Жазушы  Алматы облысының Райым­бек ауданында дүниеге келді. Орта мектептен соң Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтын, Алматы Шет ел тілдері педагогикалық институ­тының Француз тілі факультетін бітірді. Еңбек жолын  мектепте мұғалім болып бастаған ол кейін Қазақ білім акаде­миясында, Қазақстан Баспа, поли­графия істері жөніндегі мемлекеттік комитетінде, Халықаралық Абай қорында, ҚР БҒМ М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында, республикалық газеттерде еңбек етті.

Өмірдің өзіне қарағанда,  ол кітаптар мен өнер туындыларымен көбірек та­ныл­ды. Жазушы өз еңбектерін қазақ, орыс, француз тілдерінде жазып, негі­зінен көркем аударма саласында еңбектенді. Француз ақыны Клер Клермонттың Парижде жарық көрген «Владимир мен Зара немесе қазақтар туралы» дастанын 1988 жылы француз тілінен қазақшаға тәржімалады. 1994 жылы қазақшадан француз тіліне Абайдың «Қара сөздері» мен «Ескен­дір», «Масғұт» поэмаларын, 1995 жылы француз ақыны К.Висантимен бірлесіп, ұлы ақынның таңдамалы жырларын, 1997 жылы М.Әуезовтің «Қилы заман» романын аударды. М.Әуезовтің шығар­ма­шылығы жөнінде 1997 жылы Па­рижде ЮНЕСКО аясында өткен халық­аралық коллоквиум материал­дарын қазақ тілінде сөйлетті. 2003 жылы Махамбет Өтемісұлының тандамалы өлендерін компакт-диск түрінде фран­цуз тілінде жарыққа шығарды. Қазақ тілінен орысшаға Ә.Спанның «Нұрлы­хан Бекбосынов» атты деректі-публи­цистикалық эссесін, Ә.Дербі­сә­лінің «Қазақстан Мұсылман­дары діни басқармасы» деген танымдық сипаттағы еңбегін аударды. Француз драматургі П.Корнельдің «Сид» траге­диясын, П.Верленнің, швед ақыны Ш.Бод­лердің өлеңдерін, француз жазушысы Ги де Мопассанның әңгіме­лерін, қазіргі заман ақыны Ж.Жостың туындыларын қазақ­шалады. Өз өлең­дері «Тоғыз перне» атты ұжымдық жинақта, республи­калық басы­лымдарда жарияланды. Қазақ фольклоры жөнін­дегі жұмысы 1999 жылы Францияда жарық көрген «L, һоmmе еtlа stерре» жинағына енгізілді. Оның Махамбетке арналған «Ақтық сәт» атты өлеңі 2003 жылы М.Өте­міс­ұлына арналған термешілер конкурсында республика бойынша бірінші орынға ие болды.

Өзінің ұлы істері  үшін өмірін сарп еткен жанның  адамзат үшін атқарған еңбегі жаңа металл ашқан немесе кө­гілдір отын шыққан жерді тапқан жанға  атын берген  зерттеушіден   әлдеқайда артық  көрінеді. Басқосуға  қатысу­шылар жазушы Ғалымжан  Мұқанов­тың шығармашылығы бойынша Францияда конференция өткі­зілсе, Атырау  қаласында бір көшеге  аты  берілсе деген  ұсыныстар  білдірді.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *