Абай мектебіндегі Абай олимпиадасы

«Абай лебі, Абай үні, Абай тынысы – заман тынысы, халық үні. Бүгін ол үн біздің де үнге қосылып, жаңғырып, жаңа өріс алып тұр» деп Мұхтар Әуезов айтқан еді.

Жалпы білім беру ұйымдары оқушы­ларына ана тілінің қадірін ұқтырып, аталы сөздің парқын сезіндіріп, бабалардан балаларға құнды мұра болып қалған Абай шығармашылығының құдіретін дәріптеу мақсатында Қазақстан Республикасының Білім және ғылым ми­нистрлігі және «Дарын» республикалық ғы­лыми-практикалық орталығының қолдауымен Абай атындағы республикалық мамандан­дырылған дарынды балаларға арналған Қазақ тілі мен әдебиетін тереңдете оқытатын орта мектеп-интернат базасында 9–11-сынып оқушылары арасында тұңғыш рет қазақ тілі мен әдебиетінен Абай атындағы респуб­лика­лық олимпиада болып өтті.

Олимпиадаға еліміздің түкпір-түкпірінен жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар сайып­қырандар келіп, жалпы саны 73 оқушы бағын сынады.

Олимпиаданың салтанатты ашыл­уында алғы сөз сөйлеген «Дарын» РҒПО зерт­хана жетекшісі Зәуре Аманова, Абайтанушы, «Хакім Абай» ғылыми-зерттеу институтының директоры Жабал Шойынбет, Абай атындағы РММИ директоры Роза Сексенова жас қырандарға ыстық ықыластарын білдіре отырып, ақ жол тіледі.

Абай атындағы РММИ түлектері, Қамқоршылық кеңес мүшесі, мектеп-интернат түлегі, КОО «КазКООПТранс» бас директоры Қанат Боранқұлов ІІІ дәрежелі диплом иегер­леріне, Сәнік Зейнолла атындағы мәдениет қорының директоры, Қамқоршылық кеңес мүшесі, мектеп-интернат түлегі, айтыскер ақын Серік ІІ дәрежелі диплом иегерлеріне, «Тас-Кредит» компаниясының президенті, Қамқоршылық кеңес мүшесі, мектеп-интернат түлегі Дулат Тастекеев І дәре­желі диплом иегерлеріне бағалы сыйлықтар тағайындап, демеушілік көрсетті.

Марапаттау рәсімнен кейін мектеп-интернат директоры Роза Ербозымқызы алдағы уақыттарда Абай әлемінен бірге нәр алуға шақырды.

 Қизат ТІЛЕУБЕРДІ,

Абай атындағы РММИ қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *