Абай да жаламен үйқамақта отырған

немесе Ресей архивтерінде өткен 15 жыл

Тәуелсіздік  жарияланысымен  еліміздің  өткен дәуірлердегі  тарихы мен  мәдениетіне  қатысты  деректік құжаттар  мен жәдігерлерді  іздестіру  бойынша  ауқымды  жұмыстар  атқарылды. Шет ел  архивтерінен, ғылыми  мекемелерінен Қазақстанның тарихы мен мәдениетіне қатысты құнды құжаттар тауып, оның көшірмелерін   елімізге әкеліп, көпшіліктің  айналымына айналдырған  ғалымдардың  арасында тарих ғылымының  докторы, профессор Болатбек  Нәсеновтың  еңбегі зор. Біз осыған  орай  редакциямызға  келген ғалымды әңгіме  тартқан  едік.

 

Алғашқы  екі  томды  Новосібірде  бастырған

– Болатбек  аға,  архив  аралауды  қашаннан  бастадыңыз?

– Мен Мәскеу  архивтеріне баруды   ұзақ  жылдар  армандадым. 2000 жылдары Омбының архивіндегі болып, Абылай хан, Кенесары туралы бұрын  қолға  алынбаған,  алынса да,  көптеген  істер толық  мәнінде  қаралмаған көптеген  құжаттарға  қол жеткіздім. Соның  арқасында үш том (X, XІ, XІІ том)  еңбек дүниеге келді. Омбының архивінен соң,  Абылай хан туралы  істердің басы Мәскеу  архивтерінде  жатқанына   көзімді  жеткіздім.  Бірақ қолда бар құжаттар қолдан-қолға  ілесіп кетпесін, өмірдің бір қиындығы кездесіп қалса, еңбегім зая кетпесін деген оймен Абылай хан туралы екі томдық еңбекті ізін суытпай2005 жылы Новосібірдің баспаханасынан шығардым.

– Бұл  жолда  Сізді  қолдағандар  болды ма?

– Менің 1999 жылдан Мәскеу, Санкт-Петербург, Омбы архивтерінде болып, 12  том еңбек жинағанымнан кейін  қазақтың бір топ зиялылары, академиктер Салық Зиманов, Серік  Қирабаев, Рабиға  Сыздықова, Сейіт  Қасқабасов,  халық жазушысы Әзілхан Нұршайықов, Кәкімбек Салықов, Нұрлан  Оразалин, Шот-Аман Уәлиханов Жоғары аттестациялық комиссияға хат жазып, менің еңбегім туралы ашық  пікір білдірді.

– Сіздің  мамандығыңыз экономист-қаржыгер. Әйтсе де, тарих ғылымының  докторы атағыңыз бар. Оны қай уақытта қорғадыңыз?

– Иә, менің негізгі мамандығым – экономист. Экономика ғылымының кандидатымын.  Бірақ  бір кездері  Семейдің  облыстық  газетінде журналист  болып қызмет  еткенім  де  бар.  Рас, тарихқа  қызығушылықпен, жанкештілікпен келдім. Ресей  архивіне  кіру  үшін  тарихшы  болуың  шарт  екен.  Не істеу  керек!? Қолдағы  жинаған   барлық  еңбегімді  ескерген   жоғарыдағы ұлт оқымыстылары  барлық   еңбектерімнің  шынайы архив деректері екенін  айта келіп, қазақ тарихына, әдебиетіне  тың жаңалықтар қосқанымды  атап өтіп, Жоғары аттестациялық  комиссиядан маған  қорғаусыз тарих ғылымының  докторы атағын беруді сұрады. Ол өз  шешімін тапты.

– Кез-келген  істің бастауы болады. Бұл өзі қалай басталып  еді?

– Архивке   қызығушылығымды  Қасым  Қайсенов  ағам   оятты. Бірде  батыр  ағам: – Болатбек, осы  сенің осы іске  икемің  бар,  Омбыға  барып,  Абылай  бабамыз  туралы  архив  аударсаң, қайтеді? – деді. Содан  Мәскеу  архивтеріне  жолды қалай тапсам екен деп, сол тұстағы  Астанаға  барып,  Мәдениет министрлігі  Тіл комитетінің  төрағасы  Бауыржан  Омаровқа  жолықтым.  Ол бір  сөзге келген жоқ,  Ресей Сыртқы істер министрлігінің Ресей империясының сыртқы саясаты туралы архивіне хат  жазып, арнайы  бағдарлама бекітіп берді. Оны  Қазақстан  Республикасының Сыртқы істер министрлігіне жібердік.  Мәселенің  оңай  шешілмейтінін  байқадым. Осылай  ойланып  жүргенімде, сол тұста  Республикалық Архив бас басқармасын басқаратын,  мемлекет қайраткері,  Қазақ КСР Жоғары Кеңесінің хатшысы болған Бижамал Рамазанова апайға  бардым.   Ол өз қолымен  ұсыныс-хат дайындап, Қазақстан  Республикасының сол кездегі Сыртқы істер министрі  Қасым-ЖомартТоқаевтың атына өтініш жазғызды. Онда Ресей Федерациясының Сыртқы істер министрлігінің жанындағы  арнаулы  архивтерге жолдама беруге  ықпал  етуін  сұрадым. Арызға Алматы қалалық Ардагерлер  кеңесінің төрағасы, академик Шайхутдиновке қол қойғызып  алдым.  Біздің арызымызға  министр Қ-Ж.Тоқаев  қолдау білдіріп, департаментке,  көшірмесін   Қазақстанның   Ресейдегі  елшілігіне жіберді. Қатынас  хатта көмек жасау қажеттігі айтылған. Елшілік Ресей Сыртқы істер министрлігіне хат жіберіп, соның нәтижесінде  2007 жылдың 10 сәуіріне   дейін  қажетті архивтерде  жұмыс істеуге  рұқсат алып берді.  Елшіліктің қонақүйінде тұруға дарұқсат алдым. Ақысын 20 пайыз төмен төледім.  Осылайша  елшіліктің    Мәскеу резиденциясында  үздік-созық   6 ай тұрдым. Сенбейтіндер үшін,  ақы төленгенімді растайтын  квитанция түбіртектерін,  қолда бар   қағаздарымның көшермелерін кітапқа тізіп отырдым. Өткен  6 айымда 25 мың доллар жұмсадым (18 мың қонақүйіне, 5 мың  фотокөшірмелерге, 2 мың әр түрлі шығындарымды жабуға). Өткен 6 айда  архивтерден  5000 беттей  құжаттарды  көшірдім. 2000 беттің  фотокөшірмелерін  алдым.

Мен  барған  архивтердің  ішінде ең  қиыны әрі маңыздысы Ресей  Сыртқы  істер  министрлігінің  сыртқы саясаты  жөніндегі  архиві  болды. Жалпы айтқанда, 15  жыл  архивтерде жұмыс  істегенімде   393 істің  270-нің  толық  көшірмесін  алдым.

– Сіз негізінен архивтерден  ескі құжаттарды қарадыңыз. Олар негізінен ескі  старо-славян  тілінде  жазылған емес пе.  Оларды  оқу  мүмкіндігі  қалай  болды?

– Дұрыс айтасың, ол ескі славян тілдерінде  жазылған, оны  оқу мүмкін емес еді. Алғашқы рет  Омбы  архивіне  барып, архив директорына жол тауып,  сый-сияпат, тарту-таралғы  беріп, өзіме  қолайлы  жағдай  жасап  алдым. Алдымен  тіл үйренуге  кірістім. Орыс тілін білу бір басқа, ал славян  тілін  оқу  бір басқа  болып шықты.  Содан «Ваше  Превосходительство!» деген  сөзді  оқып, оны  өз  бетімше  жазып  шықтым. Таңбалардың  орын  алмасуын зерттедім. Талпынған  адамға  қиын емес  екен, тез  үйреніп алдым. Алғашында  құжаттарды бас-көз  демей,   айбақтатып  көшіріп  алдым, кейін  бәрі  орнына келді.

 

Архивке  кіруге  оқырман  билеті  берілмейді

 

– Жоғарыда  тиын-тебеніне  дейін  тіркеп  қойдым дедіңіз.   Әбден  сақтық  шараларын  жасағанда  неден  секем  алдыңыз?..

– «Борсықтың  жек  көретін  шөбі  інінің  аузында  жатады» демекші, сол  тұстағы  менің  әрекетіме  қызғанышпен  қарайтындар  өліп-өшіп  тұрған-ды. Сондықтан сақ болмасқа  болмады.

Мәскеуде  негізгі  деген  6 архивте болдым. Оған мынадай себептер болды. Ресей Сыртқы істер министрлігінің сыртқы саясат жөніндегі архивінің жұмыс тәртібі  де  құрылымы  да  басқа архивтерден бөлек. Оның  ішінде әскери  архивтің  жазылмаған  өз  тәртібі  бар.

Архив – өте құпия  мекеме  саналады. Оған  жарнама  жасай  алмайсың. Бұл  жабық  мекеменің  ауласын аттағаннан  бастап,  сені  дербес  бақылауға  алады.  Оған  оқырман  билеті  берілмейді. Темір қорғанға кірген бетте сені  қауіпсіздік  қызметі  тексереді. Арнаулы тізімде бар болсаң ғана жібереді.

– Кейбір  уақыты  қат адамдар өз  орнына  адам  жалдап құжаттарды көшіртеді дейді.  Сол  қаншалықты  рас?

– Ол  архивте  бір  күн  отырмаған   адамдардың  сөзі  ғой.   Осындай  ойлардан   кейін, тарихымыз сан қырлы  болып жатыр. Жоғарыда  айтып  өткенімдей,  архивтердің  өз  стихиясы  бар. Архив  құжаттарымен  жұмыс  істей  алмайтын  адам  мың  ділдәға  жалданса да,  ол өз нәтижесін бермейді.  Сондықтан  бұл  жерде жалдамалы  болу   деген  мүмкін  емес.  Архивте  жұмыс  істеймін  деген  адам үлкен   ынтамен  бару  керек. Оның  үстіне  үлкен  шыдам  қажет.

Ресей  архивтерінде    2004 жылға дейін   әр тапсырысқа 10-20 істерге дейін беріп келген екен. Кейін 10 істен берді, ал 2005   жылғы 3 қыркүйектен бастап, бір тапсырысқа 5 істен артық  бермейтін  болды. Министрліктің  сондай бұйрығы  бар  екен. Басқа архивтерде қолдағы істеріңді тапсырмасаң да келесі күндерге тапсырыс  бере алатынсыз. Сонда бір күн бос уақытыңыз болмай, барлық жұмыс күндерін толық пайдалануға болатын. Ереже  бойынша алған 5 ісіңді толық  қарап, тапсырмайынша келесі тапсырысты қабылдамайды. Істерді тапсырған соң ғана келесі тапсырысыңды 3 жұмыс күнінен соң береді. Ал сенбі-жексенбі күндері есепке кірмейді. Сонымен есептегенде 5 күннен кейін жаңа істерді аласыз.

– Алда  ұлы  Абайдың – 175  жылдық  мерекесі. Архивтің  шаң  басқан құжаттары  арасынан  ұлы  ақынға қатысты  деректер кездестірмедіңіз бе?

– Иә, ұлы  ақынымызға  қатысты тосын деректер болды. Ол кезінде үлкен шу  туғызып, кейін  мойындалды. Оны мен  Омбы  архивінен таптым. Еңбектенген адам әйтеуір бір жаңалық  табады.  Мәселен, Абайдың 1843  жылы  туғанын,  бірнешежыл  би-болыс болып, билік  еткенін,  3 әйелінен  18  баласы  болғанын және 6  жыл жабылған  жаладан дертті болып, үй қамақта отырғанын  таптым. Оны мен шығарғаным жоқ, архив  құжаттары  айтты.Ділдәнің  азан  шақырып  қойған  шын аты – Тілді екенін де таптым. Абайдың  Санкт-Петербургтен  арнайы Семейге келген  архиереймен  айтысы, оның  осы сапары кезінде  мұсылмандарды  христиан дініне  кіруге және  Ресей империясының заңына  бағынуға үгіттегендігін, оған  Абайдың  тойтарыс бергенін құжаттар  арқылы  дәлелдеп  бердім. Сондай-ақ, Құнанбай бабамыздың Шоқан  Уәлихановтың  кепілдігімен  түрмеден  шығуын да архив  құжаттары  арқылы айтып бердім. Құнанбай бабамыз   1851 жылы   Қарқаралыда – 3  ай, Омбыда – 9  ай  үйқамақта отырғанын біз  кейін айта бастадық. Кезінде  бұл істі  академик  Әлкей  Марғұлан  қараған  көрінеді,  бірақ  неге екенін  білмедім,  құжатқа  қол  қоймай  кетіпті. Омбыдан  Шоқанның  14  жастағы  суретін де ең алғаш рет  мен  таптым.

 

Мыңдаған хаттарды  қолмен  көшірген

 

– Жалпы,  архивтерге сенім  артуға  бола ма?

– Кейбіреулер Ресей архивіне сенуге болмайды деген ойларды да туғызыпжүр. Ол дұрыс емес. Олардың айтып жүргендері Бағдат, Тегеран, Мысыр, тағы басқа да араб елдерін қаралау үшін  және Қытайдан әкелінген архив құжаттарына  ревизия жасату  үшін айтылып  жүрген  әңгіме. Ал қазақ елі туралы Ресейден  әкелінген құжаттарға ешқандай өзгерістер енгізілген жоқ. Тағы  айтам,  мен мыңдаған хаттарды өз  қолыммен  көшірдім. Оны белгілі бір заманнан кейін өңдеп қайтадан жазғызыпты деуге ешбір негіз жоқ. Олар  осыдан 250-280 жылдар бұрын қалай жазылса, сол қалпында тұр. Бұл құжаттардың өтірік жазылуы немесе фактілердіңбұрмалануы мүмкін емес. Өйткені империяға қазақ халқының әдет-ғұрпы, салт-санасы, мінезі,  атақты  тұлғаларының хан, би, ақылды жандары   туралы шындықты білу  қажет болды. Соған байланысты олар өздері жіберген жансыздарының берген баяндамаларын екінші, үшінші адамдарды жіберіп,  үнемі  тексертіп отырған. Сондықтан кейбір тарихшылардың 250-300 жыл бұрынғы хаттарға сенуге болмайды деген байбаламдарында негіз жоқ. Ол адамдар «менің айтқаным шындық» деп өз ойларын халыққа шындық ретінде жеткізіп тарихты бұрмалаулары  да мүмкін  ғой. Демек,  бұл  жерде  «тарих – менен  басталады» дегеніңіз   жүрмейді.

– Архивтерде  көп болдыңыз. Ондағы  құжаттарды қараған адамның  аты-жөні қалатыны белгілі. Қазақ ғалымдарының  архивтерге баруы  қалай?

– Мен барған архивтерден  қазақ  ғалымдарының  арасынан  көрнекті академиктер, ғылым докторларының аты-жөнін  көп  кездестіргенім  жоқ. Жоғарыда  мен  қарап  шыққан  материалдарды  қазақтың  белгілі  тарихшылары  Ж.Қасымбаевтың,  академик  М.Қойгелдінің  қарап  шыққанын  байқадым, бірақ  бәрін емес.   Сонда қазақ тарихын кімдердің  жазғандарын түсінген боларсың. Кейбір тарихшылар бір күнде Омбы, Мәскеу, Санкт-Петербургтың архивтерінде болмай, ешбір құжаттарды өз көздерімен көрмей Абылай ханды, Барақ Батырды   жамандап, өздерін «білгіш» тарихшы ретінде көрсеткісі келеді. Олар Ғылым академиясыныңархивіндегі Сердюк, Матвиевский, Бурковский әкелген микрофильмдерді негізге алып жазды. Кейбіреулері Агюллованың, Басинның кітаптары негізінде мақалалар жазып жүр.

Мен бұл авторлардың   архивтерден  не   қарағанын  кітабыма  түртіп алдым. Олар бір істе 500 бет  болса, соның   50 не 100 бетінің ғана  фотокөшірмесін алған. Және де кеңес заманында өздеріне қажет жерлерінің көшірмелерін микрофильм ретінде алған. Олар өздері бірде-бір бетті қолдарымен көшірмеген. Сол себепті, олардың кітаптары толық шындықты аша алмайды.

Мен олардың еңбектерін жоққа шығарып отырған жоқпын. Олар көп еңбек еткен. Бірақ көп құжаттарды алмаған. Мен 399 істің 270 ісін толық күйінде көшіріп алдым. Оған  өз жанымнан  ештеңеқосқаным  жоқ. Ал қалған 129 іс ол Омбыдағы істердің ішінде қамтылған. Мен архивтерден көшіріп алған құжаттар кітапханалардан алған кітаптардың көшірмелері жалғыз менде ғана деген ойдан да  аулақпын. Оларды менен де бұрын Ғылым  академиясы арқылы (40 пайызын) елімізге алғызған  да болуы  керек. Оларды да елімізге  әкелушілер орыс ғалымдары. Аты-жөндері менің кітаптарымдағы тізімде  көрсетілген. Әйтсе де,  қазақ  ғалымдары  оларды  толық   елге  әкеле  алмаған. Кейбір істерді мүлде   қарамаған.   Архивтердегі құжаттармен  жекелеген   ғалымдар ғана танысқан.  Кейбір  құжаттармен  танысу жабық болған. Кеңес үкіметі  тарап  кетсе де,  кейбір  құжаттар әлі  күнге  дейін   құпиялығын  жойған  жоқ.

– Жол  адамды  қажытумен  бірге  үлкен  қаржыны  да  талап  етеді. Құпия  болмаса, айтыңызшы,  жолға  қаржыны  қайдан  аласыз?

– Алғашында қолда  бар  жеке  қаржымды  жұмсадым,  кейін бұл іске  дос-жарандарымды  қостым. Мен өмірбойы мемлекеттік  қызметте  болған адаммын,  артық-ауыс қаржы-қаражат  жинаған емеспін. Мен  өмірімде  той  жасап  көрген  адам  емеспін. Балаларым 70 жылдық  тойымды  жасап  берейік  деп  ұсыныс  жасағанда, қуанғанымнан балаларыма  тойға деген   қаржыларыңды  маған бере  қойыңдар, мен  оны  өз ісіме жұмсайын,  деп  көндірген  болдым.

– Кітаптарыңызды  қалай  таратасыз?

– Қазақ  қоғамында  кітап  сатып,  тамағын  асырап жүр дегенді  естімеппін. Аяғымнан сарсылып, жер-жерлерде   кітап  өткізген  күндерім де  болды.   Бірақ  оны   айтқым  келмейді,  біреулерді  ренжітіп  алуым  мүмкін. Содан да көп,  кітаптарымды  кітапханаларға  тегін тараттым. Соңғы  уақыттары  жас жұбайлардың  тойында жастарға «Абылай хан» кітабымды  сыйға  тартып  жүрдім.

– Әңгімеңізге  рахмет!

 

Әңгімелескен – Ермек  ЖҰМАХМЕТҰЛЫ.

 

Суретте: профессор   Болатбек  Нәсенов.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *