АБАЙ, АЛАШ ЖӘНЕ АДАЛДЫҚ

немесе біз қандаймыз

Қымбатты  көкірегі ояу,  көзіқарақты   оқырман!

Менің бұл қаратпа сөзіме жартыжылдық сайын бастығының күштеуімен, өзі бетін бір ашып та көрмей, қол сүртетін майлық орнына қолдану үшін,  амал жоқ  жазылатын газет-журналдарының амалсыз «оқырман­дары» емес, санаулы ғана саналылар мен  тұйық мінез­ді, бірақ ішкі тереңдігі тұнық көлдей тұңғиық тұлғалар ғана селт етіп, көңілін бөліп, назарын  аударары  анық. Иә-иә,  «жал­мауыз  несиеге» ай сайын жылап қайта­ра­тын қарызы бастан асып жатса да, «шықпа, жаным, шық­па»  деп өзін-өзі жұбата алатын, ертеңгі күніне ілгергі үмітпен қарап, бір  Тәңі­ріне ғана сенетін, ерік-жігері күшті, қайратты Қауым, бұл  мақаламды дәл  Өздеріңізге ғана  арнап отырмын.

Сонымен, Сіздерден  алдымен сұрайын дегенім мынау еді:

– Абайды соңғы рет қашан оқыдыңыз?

Шынымен ғой.  Мектеп жасында мұға­лімдердің көмегімен танысқан Абай мұралары қай қазақтың болмасын өмірінің мәніне айналғаны даусыз. Қай кезде болмасын Абайдың айтқанына жүгінсеңіз, жүгіңіз жеңілдеп сала берер еді. Бәлкім, кейбірімізге сол балалық шақтан кейін ұлы ақынның кітабын қолға қайта алуға мұрша болмаған шығар. Ал әлсін-әлсін оның ғаламдық философиясына сүйеніп отыратын, әлі күнге, кітабын жүрсе – қолтығына қысып, ұйықтаса – жастанып жата­тын қазақтардың да бізде көп екеніне күмәнім жоқ.

Мен осынау феноменнің табиғаты туралы жиі ойланамын. Абай шын мәнінде біздің барымыз ғой. Бүгінде ол біз үшін бұрын­ғысы­нан да бетер керек-ақ, бұдан бұрын­ғыдан да бетер өтімді, өзекті.

Осыған орай, тағы да заңды бір сұрақ туады:

– Біз «қалың елім, қазағым, қайран жұртым» деп Абай хакім жанашырлықпен заманын сынап-шенеп, өзгеруге үндеген қазақтардан қаншалықты алысқа ұзай алдық?

Бәлкім, біз мүлдем өзгермеген шығар­мыз?

Ал арада 10-20-30-40 жыл өткен соң біз кім немесе не боламыз? Сол кезде біз жаңар­ған динамикалық саяси қазақ ұлты бола аламыз ба?

Әлде, қоғам рухын қақтап, қалбыр қалыпқа, ал ұлттық сананы шым-шытырық шырғалаңға салуды жалғастыра береміз бе?

Жоқ, бұл түңілушілік емес.

Үлкен қаладағы мықты бір қаламгер «мақаланы ертең о дүниеге аттанып кететіндей жазыңдар» дейді екен.

«Ешқашан өлмейтін адамша өмір сүр,

Ертең өлетін адамша ақиретті ойлап жүр» делінбей ме Құранда да.

Дегенменен, мен Мұқағалиша  «болашақ­қа арыз жа­зып кетейін» деп алған жоқпын қолыма қаламса­бымды.

Адам кетуге бір күні қалғанда емес, әр күнін арылумен, адалдықпен өткізсе, кәнеки!

Әрине, уақытында адалдық таныту қиын деп жатады.  Абай «Заманға жаман күйлемек» деп айыптайды.  Абайдың кезіндегі заманға «күйлемей» өмір өткізуге болатын еді.  Қиын,  бірақ болатын еді.  «Күйлемегеннің» бірі – Шәкәрім. Ал  бүгінгі заманға  «күйлемей» өмір сүру мүмкін емес (Қ.Аманжолұлы).  Неге дейсіз ғой?  Өзіміз тәуелсіз азамат болға­нымызбен,  санамыз тәуелді.

Өздігімізбен қимылдап,  қоғамға бейімделіп кетуіміз қиын.  Қалайда,  біреу түртпектеп,  ояту керек. Оған ояна қалсақ жақсы.  Алға тез адымдап басып, көшке ілесе    кетсек,   тәуір.  Сірә, «аюға намаз үйреткен – таяқ»  деген сөз де бізге тиесілі-ау. Содан ғой,  «тек  жоғарының айтқаны – заң». «Төбеден келген нұсқау – мүлтіксіз».

«Дұрыс болсын, бұрыс болсын – орындау міндетті!».

Тоқтаңыз! Тү-у, осы психология бұдан 60-70 жыл бұ­рын­дары да қазекемнің санасын жайламап па еді.  Жайламақ түгілі,  жан жайлауына от тастап, рухани бол­мысын өртке орап,  ұлт зиялыларын «халық жауларына» айналдырмап па еді.  Енді, міне,  алашымыз­дың  алып­тары мен арыстарынан түгел айырылып, өткенімізге өкіне,  бармақ тістеп,  опық жесек те,  голощекиндік асыра сілтеушіліктің кесірінен қуғынға түсіп,  қырғынға ұшырап,  ашаршылыққа ұрынған бабаларымыздың рухына Құран бағыш­тағаннан басқа,  қолдан келер дәрмен жоқ.

Оны қойыңызшы,  ең оңай ұлттық кәсібіміз – «ауыз­бен орақ ору» екен. Өз буынының қайғысын жеткіземін деп қаншама шедеврлер өмірден өтті. «Қазақтың өзге жұрттан сөзі ұзын» деп налыған Абайдың мұңын қайсымыз ұғып жүрміз. Біздің санамыздың сартаптанып,  жүрегіміздің мүйізденгені сонша, «ашаршылық және саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу», оларға «тағ­зым қылу» деген іс-шараның өзін жылдың бір күнінен асырмаймыз. Осының өзі адалдық деген ұғымға қарама-қайшы көрініс емес пе. Адалдық ұғымына толығымен сай келетін адамдар бар.  Көп. Бірақ ондай адамдардың қолында күш, қауқар, қоғамға әсер ете алар құрал-тетік жоқ. Әйтпесе, ондай адамдар қаптап толып жүр.

Қайран қайсы? «40 % қазақ ауылда жа­тыр» дейді ста­тистика. Ғажап адал адамдар – солар.

Кеңестік,  коммунистік принциптерге адал болған, күні бүгінге дейін соны өмірінің мәні деп есептеп келе жатқан ақсақалдарды да білеміз.

Адал адам, ол – кіршіксіз таза адам, дегдар адам. Ол лас дүниелерді таниды, біледі, сондықтан қолын был­ғамайды. Билікке құмартпайды. Мансапқа ұмтылмайды. Ешкімге қолшоқпарлыққа көнбейді. Керемет!  Керемет  әрі… өкінішті. Өйткені, адам тағды­рын шешетін, «қо­лында күш, қауқары, қоғамға әсер ете алар құрал-тетігі» бар билік  басында ұлтына адал сондай жандар  көптеп жүрсе,  еліміз де көп зардап шекпес еді.  Таныс жинау­мен айналысу, ақшаға сатылу, жемқорлық, сыбайластық «дерт» белең алмас еді. «Әр кәлләда бір қиял». Егіннің іші арам шөпсіз болушы ма еді. «Жаман­дардың болғаны да жақсы, жамандар болмаса  жақсылар  бір-бірін айырып біле алмас еді» деген діни ұғым бар.  Тек:

«Жаны  аяулы жақсыға қосамын деп,

Әркім бір ит сақтап жүр ырылдатып», – деп ұлы Абайдың айтқанындай,  жақсы­лардың артынан ит қоса қуатын  жаман­дардың әдетіне тосқауыл қоя алмай, талай тарландарымыз бен тұлғаларымызды саяси репрессияға құрбан қылғанымыз ойымыздан шықпаса болды.

Сонымен, бір ғана қорытынды:  біз Абайдың кейіп­керлерінен өзімізді тауып танымайынша, толыққанды мемлекет, дамыған азаматтық қоғам ретінде ешқашан қалыптаспаймыз. Абайдың кейіпкері емес, оның оқыр­маны болуға ұмтылуға тиіспіз. Тек осы жағдайда ғана біз  таза, адал қазақ ұлты боп қала алармыз.

 

Үміт БИТЕНОВА,

ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *