АБАҚТЫ — ҒҰМЫР

Жазушы Қажығұмар Шабданұлының рухына ас берiлдi

Ардақ НҰРҒАЗЫҰЛЫ

Қабағы қарс түйiлген қыстың күреңiткен күнiнде Алматы қаласының «Пугасов» мейрамханасында ерекше бiр шара өттi. Алтынбек Сәрсенбай атындағы қордың жетекшiсi Айдос Сарым, «abai.кz» ақпараттық порталының деректоры Дәурен Қуат, Ғ.Мүсiрепов атындағы қордың жетекшiсi Ғабиден Жәкеев, «Нұр Отан» ХДП хатшысы Ерлан Қарин бастаған азаматтар зиялы қауым өкiлдерiн шақырып, Қытайда өмiрден өткенiне апта толған қазақ жазушысы Қажығұмар Шабданұлының рухына құран бағыштап, ас бердi.

Жарты ғасыр өмiрiн қытай түрмелерiнде өткiзген қарт жазушы 2005 жылы үй қамақтан босаған соң, туған жерi Қазақстанға жетуге бiрнеше мәрте ұмтылыс жасап көрген едi. Қарт қаламгердiң жүрекжарды соңғы үмiтiн селге кетiрмеу мақсатында қазақтың сорпа бетiне шығар зиялы қауымы қолдаушы болып дерлiк атсалысты. Дегенмен, соңғы тiлек ақыры жүзеге асқан жоқ. Жазушы осы жылдың 15-ақпаны күнi 86 жасқа қараған шағында Қытайдың Шәуешек қаласында өмiрден қайтты.

Қ.Шабданұлы 1925 жылы Шығыс Қазақстан облысы, Үржар ауданында дүниеге келген. 1932 жылы ашаршылық кезiнде бас сауғалаған отбасымен бiрге Шәуешек шекарасы арқылы Қытай асқан. 1940 жылы Дөрбiлжiн орта мектебiн тәмәмдап, 1941—1945 жылдарда Үрiмжi қаласындағы педагогикалық институтта оқыған. Сол кезден әдебиетке араласып, түрлi жанрларда шығармалар жариялай бастаған. 1951 жылы өлке орталығы — Үрiмжi қаласына қызметке шақырылып, Шыңжаң Жазушылар одағында жауапты қызмет атқарады. «Шұғыла» журналының бас редакторы болды. 1958 жылы қуғын-сүргiнге ұшырап, «ұлтшыл» деген айыппен «Тарым» жаза лагерiне жер аударылып, жиырма жылдай тұтқында болды. 1978 жылы Шәуешек қаласына оралып, шығармашылық жұмыспен айналысады. 1986 жылы «Кеңес Одағына тыңшылық еттi» деген айыппен тұтқындалып, тағы 15 жылға кесiледi. Жазушы 2000 жылы кесiмдi мерзiмiн өтеген соң, Шәуешек қаласында тағы 5 жыл мырзақамақта отырды.

Бұлтарысы көп өмiр жолына қарамастан Қ.Шабданұлы — артында мол әдеби мұра қалдырған қаламгер. Жазушының алты томнан тұратын «Қылмыс» романының бiрiншi, екiншi кiтабы 1982—1984 жылдары Қытайда жарық көредi (қатты мұқабамен әсем безендiрiлген мұндай кiтап шығару Қытайда соған дейiн саяси көсем Мао Цзедунның шығармаларына ғана бұйырған болатын.) Романның үшiншi кiтабы жазушының тұтқындалуына орай баспада дайындалып жатқан жерiнде құртылған. Романның соңғы үш томын жазушы түрмеде отырып аяқтайды. Шығарманың бас кейiпкерi Биғабыл белгiлi жақтан жазушының өз келбетiн аңғартып тұрады. Өткен ғасырдың 20-жылдарындағы Голощекиннiң қолдан жасалған ашаршылығы, 30-40- жылдардағы Шығыс Түркiстандағы қым-қуыт саяси жағдайлар, «Үш аймақ көтерiлiсi», 50-жылдардағы қытай коммунистерiнiң Шығыс Түркiстанды бойұсындыру, ондағы қоғамдық-әлеуметтiк саяси өзгерiстер, 60-70- жылдардағы Қытайдың «Мәдениет төңкерiсiнiң» Шыңжаң өлкесiндегi көрiнiсi, 80-90- жылдардағы Кеңес Одағының ыдырауы мен Қазақстанның Тәуелсiздiк алған жылдары қамтылады.

Жазушының бұл романының үзiндiсi алғаш рет өткен ғасырдың 80- жылдарының соңында Қазақстанда «Жалын» журналында жарық көрген.  2009 жылы Дүниежүзi қазақтары қауымдастығының жанындағы «Атажұрт» баспасы кiтаптi толық күйiнде жарыққа шығарды. Бұдан тыс жазушының Шығыс Түркiстандағы ұлт-азаттық көтерiлiстiң қаһарманы Зуха батырдың өмiрiн арқау еткен «Пана» романы, «Бақыт жолында», «Өгейлер», «Жас ұрпақ»,  т.б. драмалық, поэзиялық шығармалары бар.

Қ.Шабданұлы Қазақстан үшiн де, Қытай қазақтары үшiн де соңғы жарты ғасыр бойында, әсiресе, соңғы ширек ғасырда аңызға айналған, жұмбаққа толы тағдыры бар, бiр басына көп сыр бүккен тұлға болды. Жазушының өмiрiн айқын екi кезеңге бөлуге болады. Оның бiрiншiсi 1986 жылға дейiнгi өмiрi болса, кейiнгiсiне одан бергi уақыт кiредi. Алдыңғысында өршiл мiнездi, қайсар, ұлттық дүниетанымын саудаға салмайтын, алған бетiнен қайтпайтын, сондай-ақ асқақ рухын ешкiмге таптатпайтын жазушы қатал заманмен қақтығысқа түскендей. Бұл кезең Қытайда саяси «солақайлық» басымдық алып тұрған тұс едi. Өзi жолыққан тағдырды жазушы да қиындығына қарамастан қасқайып қарсы алған. Екiншi кезеңде мүлде басқа жағдай орын алады. Тосыннан туылған жағдай жазушының қалыпқа түсiп қалған өмiрiнiң ту-талақайын шығарып, тiршiлiк ағысын басқа арнаға бұрып жiберген. Бұл жолы жазушы бұрынғыдай саяси көзқарасы үшiн емес, Кеңес Одағының «тыңшысы» деген атпен ресми сотталады. Осы жолдарды жазып отырған менiң 2001 жылы Қажекеңнiң отбасында отырып «қалайша тыңшы болып жүрсiз?» деп сұрағаным бар. Сонда ол кiсi «мен тыңшы болғаным жоқ. Мен нақақтан сотталдым. Қытайдың заң орындары менiң қылмыссыз екенiмдi бiлдi, бiрақ, оған толық көз жеткiзе алмады. Менiң тыңшы болмағанымды Кеңес Одағының барлау орындары анық бiледi. Бiрақ, олар менi ақтаған жоқ. Кеңес Одағы ыдырағаннан кейiн Қазақстанның ұлттық қауiпсiздiк жүйесi менiң кiнәсiз екенiмдi дәлелдеп, қолдау көрсететiн шығар деп ойлаған едiм, ол ойым да жүзеге асқан жоқ» деген едi.

Қ.Шабданұлы «тыңшы» болуының бас-аяғы былай өрбiген. Кеңес Одағы 1962 жылы Қытайдың Тарбағатай, Iле аймағында қоныстанған қазақтарды шекарасын ашып өзiне кiргiзiп алады. Онсыз да шиеленiсiп тұрған екi елдiң шекара жағдайы осы оқиғадан кейiн тiптi де күрделене түседi. Бұнымен тынбай Кеңес Одағының арнайы қызмет орындары 60-70-80- жылдары Қытайдан қашып келген қазақтарды түрлi тапсырмамен қайтадан Қытайдағы қазақтардың арасына жiберiп отырады. Бұған орай Қытай арнайы қызметi әлгiндей шекара аттап келген «қонақтарды» қарсы алған өз елiндегi қазақтарды тауып, қудалай бастайды. Осы арандатушылықтың салдарынан қытайда сан мыңдаған қазақ отбасы сотты болған, еркектер 5-8 жылды арқалап түрмеге кетсе, олардың отбасы қалыпты өмiрден шеттетiлiп, шекарадан алыс таза қытайлар ғана тұратын өзге мекендерге зорлықпен жер аударылған. Бұл тарих әлi де ашық айтылмай келедi. Қ.Шабданұлын, мiне, осындай арандатудың кезектi құрбандығы деуге болады.

1978 жылы Қытайда саясаттың оңалуымен, Қ.Шабданұлы Шыңжаң Жазушылар одағынның Тарбағатай аймағындағы кәсiптiк жазушысы болып Шәуешек қаласында тұрады. Сол жылдары оның отбасына ұзақтан сәлем алып бiр «қазақ» келедi. Ол адам кеңес қазақ әдебиетiнiң сол тұста көзi тiрi, аты мәлiм бiр классик жазушысының өз қолымен жазған сәлем хатын жеткiзедi. Хатта Қ.Шабданұлының шығармашылығымен қазақ әдебиетi жақсы таныс екенi, өзiнiң де жоғары бағалайтынын жазып, жазушының жаңа шығармаларының қолжазбасын берiп жiберудi қолқалайды. Қазақстанда кiтап етiп шығару ойы барын айтады. Хат-хабар әкелген адам жазушының отбасында бiрнеше мәрте болады, қолжазбаларды әкетiп, жаңадан сәлем хаттар әкеледi. Алғашқы берiп жiберген жазбалардың кiтап болып шығуға дайын екенiн де жеткiзедi. Бұларды жазушы қаламгерлер арасындағы әдеби байланысқа, қалыпты қатынасқа балайды. 80-жылдардың  ортасына келгенде жоғарыдағы «қонақ» Қытай арнайы барлау қызметiнiң қолына түсiп қалады. Оның берген түсiнiктемесi бойынша Қ.Шабданұлы бастаған 5 адам «қонақтың» Шәуешек қаласындағы атын байлайтын сыбайласы болып шығады. Осыдан Қ.Шабданұлы «Кеңес Одағының тыңшысы» деген айыпқа iлiнiп, 15 жылға сотты болып кете берген.

«Ата, алда толық бостандыққа шығасыз. Туған топырағыңызға да жетерсiз» дегенiмде, «Әй, қайдам…» деп едi қарт жазушы жоғарыдағы жағдайды баяндап отырып. Ендi ойлап отырсам, жазушы өмiрiнiң қалай аяқталатынын, өзiнiң саясат құрбандығы екенiн жақсы сезген екен…

Кесiмдi мерзiмiн, 5 жылдық үйқамақты толық өтеп бостандыққа шыққан соң, 2006 жылы ақпан айында Қ.Шабданұлының Қазақстан Республикасы Президентiнiң атына елге оралу туралы жазған бiрiншi ашық қаты «Қазақ әдебиетi»  газетiнде жарық көрдi. 2009 жылы жазушы тағы да қайталап хат жазды. Бұл хаттардың жұрт бiлетiн жарыққа шыққан мазмұнынан бөлек, қосымша нұсқасы болуы әбден мүмкiн. Менiңше, жазушы өзiнiң елге оралатынына толық сенiмде болған жоқ. Есесiне, ол кiсi өзiнiң кiнәсiздiгiне қатысты орындардың адал сөзiн айтуын тiледi-ау деймiн.

Мұрат ӘУЕЗОВ,

мәдениеттанушы:

Қытайдағы қазақ тағдырының бiр көрiнiсi

— Жалпы дүниежүзiлiк әдебиетте Қажекеңнiң тағдырындай тағдыр жоқ. Көп ұшырамайды. Кезiнде жазушылардың халықаралық «Пен клуб» ұйымының аясында Варшава қаласында өткен кездесуде мен дүниенiң төрт бұрышынан келген қаламгерлерге Қажекең туралы айтқанмын. Ендi бiр тұрғыдан келгенде Қажекеңнiң тағдыры — Қытайдағы қазақтың тағдырының көрiнiсi деуге болады. Қажекеңдер бүкiл өмiрiмен, шығармаларымен тiптi түрмеде отырып жазған дүниелерiмен қазақтың бiртұтастығына қызмет етiп кеттi. Ендi, осы бiрлiктi ары жалғаудың мүмкiндiктерiн қарастыруымыз керек. Өзiмiздiң тұтас тұлғалы бiр ұлт екенiмiздi, бөлiнiп-жарылмайтынымызды анықтап, ары жалғай алсақ, сонда ғана мықты қазақ, болашақтан ұлы үмiтi бар ел бола аламыз. Бұндай рухты тұлғалауда Қажығұмар Шабданұлы сияқты аруақты тұлғаларымыздың орны қашанда бөлек.

Қабдеш ЖҰМАДIЛОВ,

жазушы:

Жолбарысты сипасаң да ашуланады

Қажекеңнiң өмiр жолы аса бұралаң, тағдыры қиын, сондай ауыр жолдарды бастан кешкен тағдыр болды.  Жазушы өмiрiнiң 20 жылын Такламакан құмындағы «Тарым» жаза лагерiнде өткiзiп қайтты, кейiн Үрiмжiнiң бiрiншi түрмесiнде ай-күнiн толтырып, 15 жыл отырып шықты. Анау жас шағында екi-үш жылдап отырған түрмесiн жиып қосқанда 40 жылдан асып кетедi. Бұл, ендi, «Қызыл кiтапқа» жазатын рекордтардың бiрi. Дүниеде түрмеге ұзақ отырудың рекорды бiздiң қазақтың маңдайына жазылыпты. Әлем тарихында бiрде-бiр жазушы өмiрiнiң 40 жылын түрмеде өткiзген емес. Қытай империясы Қажекеңдi «ұлтшыл» деп, «жау», «халық жауы» деп әлсiн-әлi түрмеге жапты. Ол жау болғанда, керуен тонап, дүкен жарып немесе кiсi өлтiрген жоқ. Ол: «ұлтым артта қалмасын, қатарда болсын, есесi кетпесiн» дедi. Соны жақтаған шығармалары үшiн «жазықты» болды. Қылышынан қан тамған империя деген солай болады. Жолбарысты сипасаң да ашуланады. Қажекең солардың бәрiн белшесiнен кешiп 86 жыл өмiр сүрдi. Қазақ бұл жасқа келген адамның арманы жоқ деп жатады. Алайда, ол кiсiде арман болды. Ең үлкен арманы — туған жерiме жетiп жантайсам, кiндiк қаным тамған ата жұртыма жетсем деген тiлегi едi. Сол арман, өкiнiшке орай, орындалған жоқ. Қажекеңнiң артында мол мұра қалды, жарық көрмеген шығармалары да баршылық. Қ.Шабданұлы — тұнып тұрған ұлттық рух. Ендi соған ие болайық.

Мұхтар ШАХАНОВ,

ақын, қоғам қайраткерi:

Рух биiгiнен жарқыраған тұлға

— Өмiрде шындығын жоғалтпайтын адамдар болады. Қажығұмар Шабданұлы сондай адам. Билеушiлерге жағымпаздануға, олжа түсiретiн оңай жолмен жүруге ол кiсiнiң де мүмкiндiгi бар едi, алайда, ол оған бармады. Өзiнiң кiсiлiгiн, ұлттық рухын, шындығын бәрiнен жоғары ұстады. Ұлттық рухынан, дiлiнен айрылса, бәрiнен айрылатынын ол кiсi бiлдi. Өкiнiшке орай, өмiрде жоғарыдағы ақиқатты бiлiп тұрып, сол қадамға барып жатқандар қаншама. Бұл тұрғыдан келгенде Қажығұмар ағамыздың рухы ұлтымызға қашанда қажет. Сондықтан осы рух қашанда рух биiгiнен жарқырай берсiн деп тiлеймiн.

Нұрлан ОРАЗАЛИН,

Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы:

Жақынынан жаттай айрылған қазақтың өксiгi

— Қажығұмар Шабданұлының есiмi ғасыр тоғысындағы ширек ғасырда әлемнiң бiраз жерiне тарап кеткен, сирек кездесетiн тағдыр, қазағын, халқын қалтқысыз сүйген және сол халыққа сенген есiм болды. Қажекеңнiң өмiрi мен шығармасы екi алып империя жер бөлiскенде қақ жарылып, жақынынан жаттай айрылған қазақтың өткен ғасырдағы көрген бар ауыртпалығы, қайғысы мен арманының, өксiгiнiң нақ көрiнiсi деуге болады. Ол кiсi бар болмыс-бiтiмiмен, түрмеде жазған шағармаларымен қазақтың айнымас бiрлiгiне, бiртұтастығына қызмет еттi. Алыста жатса да қазақтың Тәуелсiз ел болғанына қуанған саналы, жаны таза, парасатты кiсiнiң бiрi болды. Осы ерекшелiгiмен-ақ ол кiсiнiң тарихта қалатыны анық.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *