АҚЫННЫҢ МИЗАМШУАҒЫ

2456C. Бекмұратұлының егемен еліміздің өткенін, бүгінін, жарқын болашағын паш ететін поэма-дастандардан, толғау-балладалардан, өлең-жырлардан тұратын кезекті жыр кітабы «Мизамшуақ» деп аталыпты

Тәуелсіздікті, жаңа заман адамын, қоршаған ортаның тазалығын, тілімізді, ділімізді, дінімізді, ата салт-дәстүрімізді және Отанды сүюді өз жырларына арқау етіп, үлкен шабытпен жырлап жүрген ұлтжанды ақындардың бірі де бірегейі – Сәрсенбек Бекмұратұлы. Оның рухани құнды­лықтарымызды сақтау мен бағалауға арналған жыр-дастандары, балладалары, оқиғалы өлеңдері ел арасында терме болып айтылып жүр.

Ақынның кезекті «Мизамшуақ» атты жыр кітабын егемен еліміздің өткені мен бүгінін, жарқын болашағын паш ететін поэма-дастандар, толғаулар, балладалар және өлеңдер толық­тырыпты.

Әлімсақтан бері кәрі болсын, жас болсын жылдың жанға да, көңілге де жайлы шағы – мизамшуақты жақсы көреді. Оның ойға да, бойға да әдемі жағымды әсері бар. Бір жағынан көңілің сергиді, ойың өрбиді, жаның жадырап, жайнап кетеді. Осы орайда айта кетуге тиіс бір жағдай бар. Ол – ақын мен табиғат арасындағы ұқсастық. Мизамшуақ – жаз өтіп, қоңыр күз басталған кез. Ал ақын Сәрсенбек болса алпысты алқымдап, оның белортасына шығып отыр. Егер салыс­тырмалы түрде айтар болсақ, бұл адам өмірінің күзгі көрінісі, яғни ақынның мизамшуағы. Жыр жинағының атауын кім қойса да (автор ма, әлде баспа редакторы ма) өте дәл, ақын мен табиғаттың ішкі байланысын, құбылыс көрінісін дөп басқан.

С. Бекмұратұлы өзінің мизамшуақ ырғақ­тарын, еліміздің рухани құндылықтарын, өзге де ынталанып, қызығып оқитын жыр-дестелерін алдыңа жайып тастайды. Тәуелсіздікті, жаңа заман адамын, қоршаған орта тазалығын, тіл, діл, ата салт-дәстүрін жырына арқау етіп, оны нанымды, ащы да болса ашық етіп бар даусымен, жан даусымен жырлайды.

 

Не болды жасарлық асылық,

Өмірге кетті ме ашынып.

Шып-ширақ, шадыман қария

Мерт болды пойызға басылып…

 

Жігіт-ті аршын төс, нар тұлға,

Әйелін, үш ұлын артында

Қалдырып,  атты өзін жүректен,

Құшты ажал сұлқ түскен қалпында…

 

Сүймейтін бос дырду, желікті,

Бойжеткен қыз еді көрікті.

Ешқандай себепсіз,  салдарсыз,

Арқанға асылып өліпті…

 

Осындай хабарды қаралы,

Күн сайын құлағың шалады…

Қазақтың кең байтақ, көл-көсір

Елі де, Жері де жаралы.

 

…Жоғалды көлдерім қоғалы,

Белдерім көмкерді моланы.

Аңыраған ана мен даланың

Кімдерге көз жасы, обалы?!

 

Сәрсенбектің «Қасірет» деген өлеңінен үзінді бұл. Ақын кезеңнің аумалы-төкпелі тыныс-тіршілігін, қарбалас шақтарын, ластанған эколо­гиясын, қасіреті мол көріністерін, қилы-қилы тағдырларды дөп басып, айшықтап, көз алдыңа қаз қалпында жеткізеді.

Қорғасыны көп құйылған сақадай ауыр мінезді Сәрсенбектің жазған жырының айбыны мен уыты күшті, қай тақырыпты қозғап, қаузаса да бетін қалқымай, артық-кеміс ылғалы һәм сылдыр суы жоқ, табиғи түрде дәл өз әлпет-бе­дерімен, айнытпай суреттеуі, бейнелеуі таңдан­дырады. Әсіресе, біздің қазіргі хал-ахуалымыз айна­ның бетіне түскендей айнымай ашық айқындалады, терең сезіммен, үлкен толғаныспен айқара ашып көрсетіледі, шындыққа тура көзбен қарайды, жалтақтамай, тайсалмай, сылап-сипамай, бетке тіке айтады, тіліп түседі. «Балалы­ғын іздеген бала» деген өлеңін оқып көрейік.

 

…Күс саусақ, жұлым-жұлым жең-білегі,

Үздігіп үміт үзбей телміреді.

Елемей қалың нөпір өтіп жатыр,

Тастүйін боп қалғандай ел жүрегі.

 

Келер емес ар-ұят қаперіне,

Жармасып саудагердің етегіне,

Жүгіреді автоның алдын орап,

Қарамай қауіп пенен қатеріңе.

 

Ығы-жығы көп халық қарақұрым

Ұғар емес баланың нала-мұңын…

Нан емес тек,  тұрғандай сол балақай –

Іздеп, жоқтап балшырын балалығын.

 

Сонау тоқсаныншы жылдары егемендікке енді ғана қолымыз жетіп, аяқтан әзер-әзер тұрған кезімізде осындай қораш көріністердің көңілді құлазытқаны шындық қой.

Ақын өмірде көрген қуанышын да, ренішін де бояуын қандырып, нақышын келтіріп, әсіре, жауыр болған, ығыры шыққан жаттанды сөзсіз, арзан ұйқассыз іркілмей жеткізеді, оқыған адамға үлкен ой салады, қатты ойландырады әрі жан күйзелісін туғызады.

«Төбет» деген сюжетті өлеңінің оқиғасы да адамға ой салады. Қойшының мақтаулы қаншық иті аяқасты ауырып, соңына бір күшік қалдырады да өледі. Қойшы күшікті жаңа туған сиырға телиді. Көзін ашпаған қызылшақа күшік сиыр сүтімен қоректеніп лезде төбедей төбет болады. Бір күні ойламаған жерден мал қорасы өртенеді. Сиырды (сүт енесін) төнген қауіптен құтқармақ болған төбет лаулап жанып жатқан от-жалыннан қаймықпастан қора ішіне секіреді…

 

Беу, оқушым! Сүйін, мейлі сүйінбе,

Қалған ойды қалауыңша түйінде.

Босатпақ боп төбет сиыр бас жібін

Мерт болыпты шайнап жатқан күйінде.

 

Ақын балладасын осылай аяқтайды. Мал тұрмақ, адамның қолынан келе бермейтін ерлік қой бұл. Анаға деген адалдықты ит екеш ит те сезініп, сол үшін жанынан безініп тұрған жоқ па?

Бір ғұлама өмірден өтерінде шәкірттерін жинап, «Мен өмірден озған күні қабірімнің басында ашыңдар» деп теріден жасалған тұмарды аманат етіпті. Кешікпей ол қаралы күн де туады. Бұл әңгі­мені есіткен есепсіз ел тұмар ішінде не барын білмек болып, зират басына жиналады. Қабір басында бір шәкірті тұмарды ашып қарайды. Ішінен бір уыс топырақ пен тілдей қағаз шығады. Қағазда: «Бұл – қасиетті Отырардың топырағы, қабірге бірге салыңдар» деп жазылыпты.

 

Неткен ғажап данышпандық,  мықтылық,

Орындады ел өсиетін тік тұрып.

Өліп жатып кейінгіге кетіпті ол

Туған жердің қасиетін ұқтырып.., – деп егіледі ақын, төгіледі жыр.

 

— Бұл ғұлама кім болды екен? – деп оқырман да елеңдеп отырған болар. Оны ақын былайша таныстырады:

 

Ізгілікке бөлеп елдің санасын,

Ұлы жолда сан талдырған қанатын,

Сол ғұлама  аты мәлім әлемге –

Әбу Насыр әл-Фараби болатын! – дейді.

 

Осы сияқты Отанды, ел мен жерді сүюге, қастерлеп-құрметтеуге баулитын, мейірімділікке үндейтін тағылымы мол, өнегесі зор жырлар Сәр­сенбектің «Мизамшуағында» шүкір, жетіп- артылады.

Ақынның бұл кітабына бес поэмасы мен он-нан астам толғауы енген. Қай-қайсысы болсын өмірдің ащы шындығын көз алдыңа әкеледі. Бұл тұста ақынның «Бала-балық» поэмасын әңгіме өзегі етсек те жетіп жатыр.

 

…Басы бар, балтыры жоқ, нанасың ба,

Қосасың қалай адам санатына?

Белінен төмен қарай анық балық,

Бар тіпті, қабыршағы, қанаты да.

 

Өн бойы ойдым-шойдым құрамалы,

Түкті бешпент секілді қынамалы,

Іңгәләп, не шырылдап дауыс қылмай,

Бұлқынып қырылдайды – жылағаны…

 

Осылай келді өмірге бала-балық,

Өзгеріп, ділі, тіні, қаны ағарып…

Ұрпағың болып кетті-ау бақа-шаян,

Жойылып кетермісің, дана халық!..

 

Дастан осылай аяқталады. Ұлы қыршынынан қиылған қарттың жалғыз немересінен өмірге осындай «бала-балық» келеді. Неткен аянышты да өкінішті жағдай. Бұл бір әулеттің ғана емес, бір халықтың, тіпті, бір ғасырдың қасіреті емес пе?

Осы жылдың мамыр айында «Қазақстан» ұлттық телеарнасы Сыр өңірінде 5 жасар ер балаға балықтың қабыршағы сияқты жара шығып, бар денесін тұмшалап тастағанын көрсетті. Хабарды көріп отырып Сәрсенбек ақынның осы өлеңі есіме түсті. Осыдан көп бұрын жазылған өлеңнің айна-қатесіз өмірде қайталануы еріксіз таңқал­дырды. Ақын көрегендігі деген бәлкім, осы шығар!

Жыр жинағы Алматыдағы «Арна» баспасынан «Алматы ақшамының» кітапханасы» айдарымен жарық көріпті. Жоба жетекшісі — Қали Сәрсенбай.

Ұлттық нақышқа толы, қазақы бояуы қанық жырлар кім-кімнің де жүрегіне жол тапқандай. 20 баспа табақтан тұратын жыр жинағы көлемінің жуандығына өлеңі де сай, жігерлі, отты, шуақты жырларға толы. Оқырманды жалықтырмасы анық.

Итен ҚАРЫМСАҚҰЛЫ, Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты, Қазақстанның Құрметті журналисі.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *