ҚАҒЫЛЕЗ ДЕ ҚЫРАҒЫ ҚАЛАМГЕР

Өтеш ӨТЕУЛІҰЛЫ

Бұл күнде ұзақ жылдық адал еңбегімен абырой-беделге ие болып отырған байырғы көсемсөзші, аудармашы, Қазақстан Журна­листер одағы сыйлығының иегері, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, филология ғылымының кандидаты, мәдениет қайраткері, Кентау қаласының құрметті азаматы  Орынбек Ендібайұлы Жолдыбаймен таныстығымыз Қазақ университеті Журналистика факульте­тінің алғашқы курсында оқып жүрген жетпі­сін­ші жылдардың басында болған еді. Ақкөңіл де ақжарқын, аузын ашса  жүрегі көрініп тұратын жас жігітпен алғашқы сәттен көңіліміз жарасып, жақын араласып кеттік. Қаратау қойнауындағы Ащысай кенішінде орта мектеп­ті бітірген Орекең әскери міндетін атқарып, университетке түскенде біраз жыл өмір көріп келген еді. Алғашқы курста студенттердің құрылыс отрядына бірге барып, жұмыс істе­дік. Ащысай мен Шолаққорғанның арасы қырық бес шақырым болғандықтан, жазғы демалыста ауылға бірге барып, қайтып жүр­дік. Жоғары курста оқып жүргенде Орекең ата-анасын біздің ауылдағы ағайын-туыс­тарының арасына көшіріп алып барды. Орынбек екеуміз екі үйдің арасында жүріп, көп күндерді бірге өткіздік десе болады.  Университетті бітірген соң екеуміз де Алматыда қалып, мен – «Ленин­шіл жаста», ол – Қазақ теледидарында алғашқы журналистік еңбек жолымызды бастадық. Орынбек Оңтүстіктің қызы Бейсенкүлмен көңілдері жарасып, шаңырақ көтерді. Қазақтың небір жайсаңдары жастық кезінде Алматыда пәтер азабын тартқан жолмен Орынбектер де жүріп өтті. Бір пәтерден екіншісіне, қаланың ана шетінен мына шетіне көшіп-қонып жүрді. Көрнекті жазушы Қалихан Ысқақ ағамыздың: «Сүлейменнің Асқарының бес көрпесін көтеремін деп иығым жауыр болған» деп айтқанындай, Орекеңдердің тынымсыз көші-қонының басы-қасында мен де жүрген едім. «Қазақстан коммунисі» журналында қызмет етіп жүргенінде екі бөлмелі жайлы пәтерге ие болып, тұрғын үйдің азабынан құтылды. Өмірге қызы – Құралай мен ұлы – Мақсат келіп, тұр­мыстары бір арнамен өтіп жатты. Тоқсаныншы жылдың ортасында астана Алматыдан Елордаға қарай бет бұрған елдің алдымен бірге қоныс аударып, осында тұрақтап қалды. Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты аппараты Редак­циялық-баспа бөлімінің кеңесшісі, бас кеңесшісі, сектор меңгерушісі, бөлім меңгерушісінің орынбасары лауазымдық қызметтерін абыроймен атқарды. Зейнет­керлікке шыққаннан кейін де Астана медицина университетінің Қазақстан тарихы және философия кафедрасының доценті, Республи­калық ардагерлер ұйы­мында аудармашы қызметтерінде болды.

Орынбек Ендібайұлының мен жақсы білетін қасиеті – оның тынымсыз еңбекқор­лығы еді. Қолына алған қайбір шаруасы болмасын бар ынты-шынтысымен тиянақ­ты атқаруға талпынатын. Осы еңбексүй­гіштігі мен жауапкершілік сезімінің жоғарылығы оны қайда қызмет істесе де, әріптестерінің арасында сыйлы ете білді. Қазақ теледидары Әдеби-драмалық хабарлар бас редакциясында белгілі қоғам қайраткері, көрнекті журналист Сұлтан Оразалиновтың басшылығымен қызмет еткен жылдары «Халық қазынасы», «Шұғыла» бағдарламаларының аясында жер-жердегі халық театрлары, термеші, жыршы-жыраулар туралы тартымды хабарлар ұйым­дастырды. Елге кеңінен танымал өнер саңлақтары Манап Көкенов, Аяз Бетбаев, Әбілаш Әбуов, өзге де халық таланттарының өнері  туралы хабар­лары көрерменнің талғамынан шықты. Ондай хабарларға көрнекті ғалымдар Рахманқұл Бердібаев, Мардан Бәйділдаев, Көбей Сейда­ханов, өзге де ауыз әдебиетін зерт­теуші ғалымдар қатыстырылып, халықтың көкейінде жүрген ойларын ортаға салды. Сол кездердегі қазақ әдебиетінің көрнекті өкілдері Әбділда Тәжібаев, Әзілхан Нұршайықов, Нығмет Ғабдуллин, өзге де мемлекет және қоғам қай­раткерлерінің қатысумен ұлттық руха­нияттың жай-күйі, көкейтесті мәселелері туралы ауқымды хабарлар ұйымдас­тырды. Қазақ эпостық жырларының желісімен телехабар­лардың сценарийлерін жазып, сахнадан көрініс табуына атсалысты. Қазақтың ұлттық қол өнері, ою-өрнектері мен зергерлік бұйымдары туралы жасаған хабарлары көрермен көңілінен шығып жатты. Бұл хабарлардың көпшілігі Қазақ теледидары­ның алтын қорында сақтаулы. «Қазақстан» ақпараттық телебағдарламасында еңбек еткен жылдары да еліміздің өңірлеріне журналистік іссапарларға шығып, науқандық шаралардың жүзеге асуы, жергілікті жердің тыныс-тіршілігі туралы ағымдық хабарларды дер кезінде көрер­менге жеткізіп тұруға атсалысты.

Кезінде Орталық Комитеттің беделді басылымы – «Қазақстан коммунисі» (қазіргі «Ақиқат») журналында еңбек еткен жылдары да Орынбек Жолдыбай өзінің журналистік шеберлігін жетілдіріп, еңбексүйгіштігімен танылды. Беделді басылымда еңбек ететін соғыс және еңбек ардагерлері, қазақтың байырғы журналис­тері – Төлеубай Ыдырысов, Әбиболла Ахметов, Бекмырза Баймаханов, Орақбай Смағұловтармен бірге еңбек ете жүріп, солардың бай тәжірибесінен үлгі-өнеге алды. Партияның қаулы-қарарларынан бастап, келіп түскен материалдардың басым көпшілігі орыс тілінде болғандықтан оларды сапалы да көркем аудару журнал қызметкерлерінің тікелей міндеті болатын. Басылымның ғылым және мәдениет бөлімінің қызметкері болып жүрген жылдары қазақтың танымал азамат­тары, мемлекет және қоғам қайраткерлерімен жақын араласу, олармен тілдесіп, ойларын журнал бетінде жариялап тұруы одан әрі жалғасты. Кеңес Одағының екі мәрте Батыры Талғат Бигелдинов, көрнекті ғалымдар Салық Зиманов, Ғайрат Сапарғалиев, өнер саңлақтары – Ермек Серкебаев, Бибігүл Төлегенова, Роза Бағланова, Құддыс Қожамияров, Ғазиза Жұбанова, Қапан Бадыровтармен сыр-сұхбат жүргізіп, журнал бетінде жариялады. Облыс­тарға журналистік іссапарларға барып, Социа­листік Еңбек Ерлері Николай Головацкиймен, Иосиф Миллермен, Кеңес Одағының Батыры Рақымжан Тоқатаевпен, КСРО-ның Халық мұғалімі Төлеген Қасымовпен сұхбат жүргізіп, мақала дайындағаны Орынбектің журналистік еңбек жолының ұмытылмас сәттері болып қалды. Солардың ішінде Қазақстан Республи­касының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевпен жүргізген сұхбаты «Қазақ­стан коммунисі» журналында «Егемен­дік – елдіктің белгісі» тақырыбымен жарық көрді.

Орынбек Жолдыбайдың Қазақстан Респуб­ликасы Президенті мен Министрлер Кабинеті аппаратының Жалпы бөлімінде мемлекет қайраткері, ана тіліміздің үлкен жанашыры Махмұт Базарқұлұлы Қасым­беков­тың басшылы­ғымен  ресми іс-қағаздарын мемлекеттік тілде жүргізу жұмысымен жүйелі түрде шұғылдануына тура келді. «Қазақстан коммунисі» журналында болған он жыл уақытта аударма ісімен тұрақты түрде айналысуы жоғары жауапты орында өзіне жүктелген міндетті орнықты атқаруына көмегін тигізді. Сапалы аудармалар жасап, мемлекеттік тіліміздің ресми құжаттарда көрініс табуына ықпал етті. Осы Пре­зиденттің және Министрлер Кабинетінің аппаратындағы аудармашылық қызметі Парламент Сенатында одан әрі жалғасты. Парламент алғашқы құрылған кезден бастап он алты жыл бойы тұрақты еңбек етті. Өзі қызмет еткен бөлімнің әр жылдары толықтырып, шығарып отыратын «Заңдарда жиі қолданатын  терминдер мен сөз тіркестерінің қазақша-орысша және орысша-қазақша сөздігін» құрастыруға белсенді атсалыс­қандардың бірі болды.

Орынбек Жолдыбай ұзақ жылдық мемле­кеттік және журналистік қызметі үшін «Қа­зақ­стан Республикасының Тәуелсіздігіне 10 жыл», Қазақстан Парла­ментіне 10 жыл»,  «Қазақстан Тәуелсіздігіне 20 жыл», «Астанаға 10 жыл», медальдары­мен марапатталған. Сенат аппаратындағы үлгілі жұмысы Парламент Сена­тының төрағалары Қ.Тоқаевтың, Қ.Мә­мидің Құрмет Грамоталарымен атап өтілді. 2006 жылы Қазақстан Журналистер одағының сыйлығын алды. Көрнекті ғалым Рымғали Нұрғалиевтің жетекшілігімен «Академик Рахманқұл Бердібай зерттеулеріндегі қазақ-түркі әдеби байланыстары» тақы­рыбында ғылыми еңбегін 2007 жылы қорғап шықты. 2010 жылы «Академик Рахманқұл Бердібай зерттеулеріндегі түрікшілдік сарындар» атты монографиясы жеке кітап болып жарық көрді.

Орынбек Жолдыбай әр жылдары бас­падан жарық көрген кітаптарын қолтаңба жазып, сыйлап келген екен. 2004 жылы «Елорда» баспасынан жарық көрген елі­міздің көрнекті мемлекет және қоғам қайраткерлерімен жүргізген сұхбаттары­ның басын құраған «Замана келбеті» атты кітабы қоғамдағы келелі де маңызды мәселелерді көтере білуімен де тартымды оқылады. «Еліміз тәуелсіз, бірақ тілім тұсауда», «Зиялысы жалтақ елдің болашағы да бұлыңғыр», «Бұра тартқанды бұғалақ­таған жөн болар», «Қазақтарға ұят емес пе?», «Жергілікті билік қандай болу керек?», «Ұжымшарлардың жазығы не?», «Шалағай шешім, шамшыл шағым», «Хатшы қайта оралды»,  «Міндет – жаңа деңгейге көте­рілу», «Нақты іс-қимыл кезеңі», «Аптап және астық», «Жауап­кершілік болмай табыс жоқ» деген мақалаларында қоғам­дағы кеселді мәселелерді батыл көтере білген еді.

2006 жылы «Фолиант» баспасынан шыққан «Дүние – ол бір көлдің қасқал­дағы» атты ХІХ ғасырдың екінші жартысы мен ХХ ғасырдың басында Оңтүстік Қазақстанның Қаратау өңірінде өмір сүрген, заманында аса танымал болған дүлдүл ақын Құлыншақ Кемелұлының шығармалары, бұрын-сонды жарық көрмеген өлеңдерін ел ішінен жинақтап, кітап етіп шығарғанын білемін. Суырып­салма ақындық өнерімен, тақпыр сөздері­мен танымал болған Құлыншақ Кемел­ұлының шығармашылығын кеңінен талдау жасап, бір кітапқа басын құрап шығаруы Орынбектің ерінбей-жалықпай еңбек етуінің жемісі дер едім. Құлыншақ ақын­ның көптеген өлеңдерінің ұзақ жылдар жария болмай, тек ел аузында сақталып қалуына оның Меккеге қажылыққа баруы себеп болса керек. Кеңестік кезеңде қажының жазбаларын жинақтап, елге жариялау қауіпті де еді. Зерттеуші ғалым ретінде Орынбек Жолдыбайдың сол ел аузында жүрген ақын өлеңдерін жинақтап, жазба мұрасын кітап етіп шығаруы – сөз жоқ, құнды еңбек болып шықты, ғалым, зерттеушілердің назарын аударды. Биылғы жылы «Фолиант» баспасынан «Жолдас болсаң жақсымен» атты көлемді мақалалар жинағы жарық көрді.

Орынбек Жолдыбайдың біраз аудар­малары мен төл шығармалары ұжымдық жинақтарға енді («Ислам анықтамалығы», «Ислам энциклопе­диясы», «Жасыл белес», «Маздақ» және тағы бас­қалары). Орыстың белгілі тарихшысы А.Панкратованың «Қазақ КСР тарихы» кітабына байланысты ойларын, этнограф-ғалым Н.Тру­бец­койдың «Орыс мәдениетіндегі тұран нышан­дары туралы» ғылыми еңбегін, шетелдік зерттеуші-ғалым, психолог Стефан Поссонидің В.Ленин туралы тұжырымдарын, публицист жазушы Рой Медведевтің И.Сталин заманында және одан кейінгі кезеңде ел басшылығының төңірегінде болған К.Ворошилов, Г.Мален­ков, М.Суслов, М.Калинин және А.Косыгин жөніндегі тартымды мақала­ларын, Кеңес мемлекетін бір жылдан астам басқарған К.Черненко туралы қызықты материалдарды аударып, қазақ оқыр­манына жеткізді. Оңтүстік Қазақстан облысының Созақ ауданындағы «Созақ» ауылы туралы «Табыс түйіні» деген және Жамбыл облысының Талас ауданындағы «Ойық» ауылы туралы «Талап деңгейінде» деген кітаптар жазып шығарды.

Жетпіс жыл өмірінің жарты ғасырға жуығын баспасөз саласына арнаған, меңгерген маман­дығына адалдық таныт­қан, сөзі де, жазғаны да орнықты Орынбек Жолдыбай Елорданың қоғамдық тыныс-тіршілігіне белсене араласып, өзінің азаматтық көзқарасы мен ой-пікірін еркін білдіріп отырады. Адамның қым-қуыт ғұмыры тез өте шығатынын еске алсақ, Орекең де өткен өмірінде табиғат берген талантымен шама-шарқынша қазақ мәдениетінде өзіндік із қалдыра білген екен.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *